М.Жолдасбеков: Қайсаров шығарма түгілі өтінішті дұрыс жаза алмады
2015 ж. 09 наурыз
3673
22
Астана. 9 наурыз. Baq.kz – ҚР Президенттігіне өз кандидатурасын ұсынған Уәлихан Қайсаров Орталық сайлау комиссиясына берген өтінішінде бірнеше өрескел қателер жіберген. Бұл туралы ҚР Президенттігіне кандидаттарды мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Уәлихан Қайсаровтың Орталық сайлау комиссиясына берілген өтінішінде «басқа елдің азаматтығында тұрамын» деп сауалға өз қолымен жазған жауабы бар. Сонымен қатар, У.Қайсаровтың өмірбаяндық деректерінде де өте дөрекі қателер көп. Мысалы, «Қазақстан Республикасының аумағында туғаннан тұрамын» деген сөйлемдегі «туғаннан» деген сөзді жаза алмаған. У.Қайсаров бұл сөзді «тұғаннан» деп жазған. Тіпті деректердің толтырған күнін көрсетер кезде «6 наурыз» дегенді «6 науырыз» деп жазған. Мен комиссия төрағасы ретінде мұны өте дөрекі қате деп есептеймін», - деді М.Жолдасбеков.
Айта өтейік, У.Қайсаров бүгін орталық сайлау комиссиясында мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі туралы сынақ тапсырып, аталған сынақтан өте алмаған болатын. Ол өзі жазған шығармада 23 қате жіберген еді. Атап айтсақ, тыныс белгісінен 11, еміледен 5, стилистикалық 7 қате кездесті. Сондай-ақ, І.Есенберлиннің «Алмас қылыш» еңбегінде кездесетін қазақтың әдеби көркем тіліндегі сөздердің мағынасын түсіндіріп бере алмаған болатын.
Естеріңізге салайық, 2011 жылы өткен Президенттік сайлауға қатыспақ болған Уәлихан Қайсаров ол кезде де дәл осы қазақ тілінен сүрінген болатын. Ол жазған шығармадан лингвистикалық комиссия 28 қате тапқан еді. Бүгін таңертең Baq.kz порталына берген сұхбатында Уәлихан Әбішұлы өткен 5 жыл аралығында ана тілін жетік меңгеріп, бұл жолғы емтиханнан қателеспейтінін айтқан. Сондай-ақ, ол өз азаматтығына байланысты шыққан дауды алғашында "техникалық қате" деп, кейін анкетаны өз қолымен толтырғанын растады.