ПРЕЗИДЕНТТІККЕ ҮМІТКЕРЛЕР КӨБЕЙЕ БАСТАДЫ

Сайлаудың басталғанына  5 күн болар-болмаста  5 үміткер шықты...

sailau
Орталық сайлау Комиссиясы Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында кандидаттарды ұсыну барысы туралы мәлімдеді.
26 ақпанда Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сай 2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында кандидаттарды ұсыну басталды. 2 наурызда Асқар Жорабайұлы Сырғабаев өзін-өзі ұсыну тәртібімен өз кандидатурасын ұсыну туралы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына өтініш берді. 3 наурызда сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен Сафиолла Қалабайұлы Алдажанов, Лимана Қойшиева, Бақыт Төлегенұлы Абдукаримов және Сухраб Аминжанұлы Мырзашов өз кандидатураларын ұсынды. Осылайша, қазіргі сәтте сайлау науқаны барысында бес үміткер ұсынылды. Олардың біреуі – әйел. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 54-бабы 2-тармағына сай Президенттікке кандидаттың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң қоятын талаптарға сәйкестігін Орталық сайлау комиссиясы өзін-өзі ұсыну туралы өтініш берілген сәттен бастап бес күннің ішінде анықтайды. Сайлаудың басталғанына  5 күн болар-болмаста 5 үміткер шықса, онда алда талай талапкерге куә болатын шығармыз.  Тек олар қанша жерге дейін шаба алар екен?  Қаншасы  жеткілікті дауыс (93 мыңнан аса...) жинап, президенттікке үміткер болып тіркеле алатынын уақыт көрсетеді... qazaquni.kz