Қазаққа қауіп қайдан?

4 Былтыр атышулы НАТО коалициясы Ауғанстандағы жұмысы аяқталып, енді әркім өз еліне қайтады деп мәлімдеген сәтте төрткүл дүние иығынан ауыр жүк түскендей бір сәт еркін тыныстап қалып еді. Алайда, араға біраз уақыт салып, Ақүй өз шешімін қайта өзгерткенін хабарлады. Яғни, НАТО әскері Ауғанстаннан жартылай ғана шығатындығы мәлім болды... Өткен жылы Ауғанстан өзінің жаңа президентін сайлағаны белгілі. Билік басына Ашраф Гани Ахмедзай келді. Ол АҚШ-та оқыған көзі ашық азамат ретінде ауғандықтардың көңілінен шығып, таққа жайғасты. Әйткенмен, ха­лықаралық сарапшылар оның билікте ұзақ отыра алмайтыны туралы да жарыса жазды. Мұның басты себебінің бірі ретінде Ауғанстандағы билікке таласқан түрлі топтардың өзара қақтығыстары мысалға келтірілген еді. Бәрібір, Батыста білімін алған Ахмедзай өзін «түлеткен» АҚШ-пен тез ымыраласа қойғаны да белгілі болып қалды. Енді оның алдында жалғыз-ақ мақсат: Ауғанстанды лаңкес­терден азат етіп, ауған халқына бейбітшілік пен тыныштық сыйлау міндеті тұр. Әйтпесе, оның зардабын ауғандықтар ғана емес, Орталық Азия елдері де тартуы ғажап емес... Еске сала кетсек, 2013 жылдың қазан айында Қазақ­станның Кабулдағы елшісі Өміртай Бітімов «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Ауған проблемасын қарумен шешу мүмкін емес екендігін айтқан еді. Елші 2013 жылдың маусым айынан бастап жағдайдың толық ауған күштерінің ба­қылауына өткендігін жеткізді. Алайда «Ауғанстан тағы да аласапыранға айналуы мүмкін» дейтіндер жоқ емес. Ор­талық Азия елдері үшін бұл қауіптің қандай салдары болуы мүмкін деген сұраққа елші мырза «Ауғанстан қаупі бұрын да бар-тын. Бұл елдегі аймақтар тұрақсыздық ошағына айналғалы талай уақыт өтті. Меніңше, бұл ауғандықтардың ғана кінәсі емес. Сондықтан, әлем қауымдастығы Ауған мәселесін реттеуге қазір көп күш салып жатыр. Бұл процеске Қазақстан да қатысады. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Ауған мәселесіне байланысты әлем жұртшылығының назарын үнемі аударып келеді. Ауған проблемасы біздің елдің бастамасымен 2010 жылдың желтоқсанында өткен ЕҚЫҰ саммитінің күн тәртібіне енді. Кейінірек, 2011 жылдың мамыр айында Шанхай ұйымының саммиті де Астанада өтті. Ауған мәселесі қызу талқыланған бұл саммитке Ауғанстанның бұрынғы президенті Хамид Карзай да қатысқан еді» деді. Өткен жылы Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстаннан төнетiн қауiп-қатер туралы Астанада өткен IХ Еуразиялық медиа-форумда сарапшылар мен журналистердi ауған мәселесiн көпiртiп, тым ушықтыра бермеуге шақырған еді. «Сарапшы журналистер қауымдастығын Орталық Азия ахуалы мен ондағы мәселелерге салмақты және объективтi баға беруге шақырамын. Базбiреулер Ауғанстаннан коалиция күштерi кеткен соң Орталық Азияда тұрақсыздық орнайды деген пiкiрдi қатты ушықтырғысы келедi. Тарих мұндайды бастан өткерген, тәлiптер де бұрыннан бар, бiрақ әлгiндей ештеңе бола қойған жоқ. Ауғанстан маңызды тарихи кезеңге қадам басты. Ауғанстан қауiпсiздiгiне жәрдемдескен халықаралық күштердiң миссиясы аяқталуда. Елдiң басым аумағы Ауғанстан үкiметiнiң қарамағында. Ел үкiметiнiң күшеюiн, ха­лықара­лық қауымдастықтың бұл тен­денцияны бекiте түсуiн құп­таймыз. Бiрақ халықаралық коалиция күштерiнiң бұл елден кетуi Ауғанстанға бағытталған әлем назарының бәсеңсуi деп қарастырылмауы керек» – дедi Елбасы. Президенттің сөзіне қара­­ғанда, Ақорда әзiрге Ауған­станды Орталық Азияны шайқалтатын фактор ретiнде қарастырмайды. Бiрақ ресейлiк және Батыс сарапшылары 2014 жылы халықаралық коалиция күштерi Ауғанстаннан шығарылған соң бұл елдегi ахуал асқына түсуi мүмкiн деген пiкiрде. Мұндай жағдайда терроризм мен экстремизмнiң негiзгi тасымалдаушысы болып отырған Ауғанстан Орталық Азия елдерiне үлкен қауiп-қатер төндiруі ықтимал. Сөзiмiз дәлелдi болуы үшiн Ауғанстан мәселесiмен тiкелей айналысып жүрген кейбір сарапшылар пiкiрiн келтiрсек. Мәселен, бұл елдегi қауiпсiздiкке жәрдемдесу жөнiндегi халықаралық күштердiң басшысы генерал Джозеф Данфорд 2014 жылы Ауғанстаннан АҚШ әскерi шығарылған соң аймақта халықаралық терроризм мәселесi асқынуы мүмкiн екенiн жоққа шығармайды. Ол: «Бiз Ауғанстанға тiкелей терроризм қаупi төнгендiктен кiрдiк. Әзiрге бұл қауiп қайта тумайтындай жағдайға жеткенiмiз жоқ», – деп мәлімдеген еді. Дәл қазiргi кезде Ауғанстан­дағы соғыс қауiптi және белгiсiз кезеңге аяқ басты. Генерал Данфорд мұндай өтпелi кезең ел үшiн ауырға соғады деп отыр. АҚШ әскерi Ауғанстаннан кеткен соң қауiпсiздiктi сақтау ұлттық Ауған әскерi мен арнайы қызметiне тапсырылады. Ал мұндай жағдайда осы елдің ендiгi күнi не болмақ, халық қандай күй кешедi деген сұрақ басы ашық күйiнде тұр. Тәлiптер соғыс кезiнде қаншама әлсiредi дегенмен, олар НАТО әскерiмен күрестi қоя тұрып, негiзгi күштi Ауған үкiметiне қарсы бағыттады. Ендi 66 мың әскердiң жартысы кеткен соң, 2014 жылы тәлiптер мен Ауған үкiметiнiң арасалмағы, екi жақтың күшi өзара теңеспек. Мұндай жерде үкiмет пен ұлттық әскер тәлiптердiң бетiн қайтара ала ма? Мәселе осыған келiп тiрелмекші. Кей сарапшылар АҚШ әскерi шы­ғарылған соң тәлiптер мен үкiмет тартысы құқықтық сипат алады, екi жақ келiссөз жүргiзiп бiтiмге келуi мүмкiн дейдi. Оның үстiне «Талибан» қозғалысы бұған дейiн де үкiметпен келiссөзге баруға дайын екенiн мәлiмдеген. Яғни, Ауғанстандағы постаме­рикандық кезеңде екi түрлi сценарий орнауы мүмкiн. Алғашқысы – екi жақ келiсiмге келiп, соғыс аяқталады. Мұн­дай жағдайда бұл Қазақ еліне тек оң әсер етедi. Ал жағымсыз сценарий бойынша, келiссөздер тығырыққа тiрелiп, текетiрес жалғасады. Бұл жағымсыз болжам расталып, Ауғанстандағы осы статус сақталса, ауған факторы елiмiздi айналып өтпейдi. Осы күнге дейiн Ауған­стан­нан Қазақстанға келiп-кетер қауiп жоқ деп бейқам жүрген сарапшылар өзiн де, жұртты да шатастырды. Ауғандағы ахуал асқынса, бұл ең алдымен Орталық Азия елдерiне соққы болып тимек. Ауғанстандағы соғыстың жаңа эскалациясы миграция, экстремизм және терроризм, қару-жарақ және есiрткi айналымы тәрiздi қауiптi күшейтедi. Оның үстiне халықаралық коалицияны қолдаған Орталық Азия мемлекеттерi өз бастарына бәле тiлеп алды. 2011 жылы Қазақстан Ауғанстанға НАТО құрамында контингент жiбермек болғанда тәлiптер «мұның салдары ауыр болады» деп ескерткен. Кезiнде Өзбекстанның ислам қозғалысының жетекшiсi Тахир Юлдашев Қазақстанды лаңкестiк ұйымдар нысанаға алатын тiзiмге қосқан. Қауiп-қатердi күшейтетiн тағы бiр нәрсе – Орталық Азия елдерiнiң ешқайсысы Ауғанстанмен ешқандай экономикалық-саяси байланыс орнатпаған. Ауғанстан түгiл, Орталық Азия елдерiнiң өзара байланысы да жолға қойылмаған. Бiрiгiп iс-қимыл жүргiзуде тәжiрибесi жоқ. Ауғанстанмен арада буферлiк аймақ бола алады деген Тәжiкстанды да тұрақсыздық жайлаған. Сондықтан, тәлiптер тәжiк жерiнен берi қарай асып өтпейдi дегенге кепiлдiк жоқ. Ал Қазақстандағы шекараның жай-күйiн бiр ғана Арқанкерген оқиғасы аймандай еттi. Демек, азаматтық соғыс өршiп, тәлiптер күшiне мiнсе, олар аймақтағы террористiк-экстремистiк топтарды қолдайды. Тiптi, Ауғанстан жерiнде арнайы дайындықтан өткен этникалық тәжiк, өзбек, қырғыз, қазақтар туралы емiс-емiс ақпарат айтылып қалады. 2011 жылы Ұжымдық қауiп­сiздiк келiсiмшарты ұйымының бас хатшысы Николай Бардюжа қолында ауған лагерлерiнде дайын­дықтан өткен ТМД елдерi азаматтарының тiзiмi бар екенiн мәлiмдедi. Ал Ауғанстанда дайындықтан өткен жауынгерлер Қазақстандағыдай өздерiн қолдан жасалған бомбамен жаратын немесе қорқытып-үркiтумен шектелетiн шалажансарлар емес, нағыз кәсiби лаңкестер. Ең қорқыныштысы, Ауғанстанда дайындықтан өткен лаңкестер елдегi билiкке таласатын ойыншылардың қаруына айналуы мүмкiн. Билiк үшiн таласта елдiң тағдырынан гөрi, жеке мүддесiн алдыңғы орынға қоятын топтар да жоқ емес. Құлдыраудың аз-ақ алдында тұрған мемлекетке соңғы жылдары көмек қолын созып жатқандардың қатары артып келеді. Соның ішінде Қазақстан Ауған жастарының тегін білім алуына арнайы грант бөлгені белгілі. Елімізде 2010 жылы өткен ЕҚЫҰ Саммитінде мемлекет басшылары мен саясаттанушылар Ауғанстан мәселесіне жеке тоқталған болатын. Сол кезде Ауғанстаннан келген журналистер мен саясаткерлер Қазақстан ұсынып отырған білім грантының ұзақ мерзімге созылуын өтінген еді. Сөйтіп, тығырыққа тірелген елге жанашырлық танытқан Қазақстан үкіметі 50 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы қарастырды. Қазақстан мен Ауғанстан Ислам республикасы арасында білім саласына қатысты арнайы келісім жасалып, онда елімізге 2010-2014 жылдар арасында келетін 1000 ауғанстандық баланың 700 жоғары, ал 300-і кәсіптік-техникалық білім алатыны нақты көрсетілген. Олар журналистика, құқық, инженерлік, педагогика, тағы да басқа салалар бойынша 2019 жылға дейін оқытылса, медицина мамандары білім алуды 2020 жылға дейін жалғастырады. Қысқаша айтқанда, Ауған­стан жақтан келетін өзге де келеңсіздіктер алаңдатпай қоймайды. Есірткі тасымалы, заңсыз қару-жарақ сату секілді жасырын бизнестің қаупі өз-өзінен түсінікті. Қалай болғанда, етек-жеңіміздің жинақы жүргені абзал-ау...       Сейілбек АСАН