Көшбасшы таңдау – көпке сын

sailau-3

Жақын күндерден бергі ел азаматтарының аңсарын аударған бір-ақ мәселе боп тұр. Яғни Қазақстан Халықтар Ассамблеясы көтерген Кезектен тыс Президент сайлауын өткізу мәселесі. Тойдың боларынан боладысы қызық боп тұр тағы да. Біреу «сайлау өтеді» деп «бал ашады». Әлдекімдер сол сайлаудың «өтпейтінін» «дәлелдеп» әлек.

Ел не деседе, бір анығы – «Бүгін» бе, «ертең» бе, әйтеуір, елімізде Президент сайлауы өтеді. Биылдан қалса, келесі жылы.

Қалай бомасын бір «сайлаудың» тықыры таяп тұрғаны анық. Ендеше, сайлаудың бәрі кандидаттарсыз өтпейтіні тарихтан мағлұм. Сонда, Тұран даласындағы тәуелсіз елдің ендігі көшбасшысы кім болмақ?

Жұртты онан сайын қызықтырып, қызды-қызды әңгімелердің тұздығы болған дәл осы тақырып. Біреулер «Елбасы ізбасарын көрсетеді» деп «жориды». Енді бір білгіштер, К.Мәсімовті, тағы біреулер И. Тасмағамбетов немесе Қ. Тоқаев кандидат болуы мүмкін десіп жүр. Тағы бір «сәуегейлердің» ойынша шетелде жүрген «Ғ.Жақиянов немесе Ә. Қажыгелдин келеді»-мыс...

Әрине, бүгінгі Қазақстанның саяси басшысының кім болуы әлемдік саясат сахнасында да маңызды мәнге ие.

Қазақстан – Орта Азияның териториялық тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да таразы басын ұстап отырған мемлекет. Бұл елдің саяси тізгіні сарабдал тұлғаның қолында болуына Батыс пен Еуроодақ та, Қытай мен Ресей де мүдделі. Себебі, бәрінің жеп отырған «нанын» айтпағанда, Орта Азияның бейбітшілігі әлем бейбітшілігі үшін аса маңызды.

Себебі, Құдай басқа салмасын, мүбәда «бос белбеу» бір басшы келіп, әлемнің басқа аймақтарында жүз берген ұлтаралық, дінаралық немесе әлеуметтік мәселелер бұл өңірде қайталанатын болса, Таяу Шығыс пен Ауғанстан мәселелері түк болмай қалуы бек мүмкін... Яғни әлемдік саясатты теңселтіп кететіні мұнда тұр.

Қазба байлықтарына бай, экономикалық мүмкіндігі жоғары, кең-байтақ жері бар Қазақстанның орнықтылығы бүкіл Орта Азия орнықтылығының кепілі деуге болады. Бұл үшін Қазақ жеріндегі ішкі тұрақтылық та өте маңызды. Көпэтносты, көпконфециялы мемлекеттің тыныштығы үшін халықарада көп тарапты саяси қарым-қатынасты көздейтін, ел ішіндегі саяси күштердің барлығы мойынсал болған, ел экономикасын тұрақты ұстап отыра алатын, әлеуметтік мәселелермен күресуге мейілінше қуатты, халықты артынан ерте алатын тұлғаның билікке келуі елдің іші-сыртына өте тиімді.

Міне, ішкі және сыртқы факторлар біздің ойымызға бір ғана кандидатты оралтып отыр. Ол – елі сүйген, елін сүйген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Елбасының саяси өміріндегі мол тәжірибесі мен бейбітсүйгіш батыл қадамдары, Кашмир, Таулы Қарабақ, Қырым мәселеріндегі халықаралық ірі араағайындықтары, алпауыт елдердің әлденеше ұрпақ басшыларымен болған әріптестігі, «ешкімге тәуелді болмайтын» және «ешкімнен алшақтамайтын» бейтарап саясаттың тізгінін берік ұстаған саяси майданы мен салмақты саясаткерлігі оның саясат сахнасынан кетпеуінің әлемдік геосаясаттың мүддесі екенін дәлелдейді.

 Енді елдің ішкі жағдайына бір назар аударып көрейікші...

Әлемдік экономикалық дағдарыстың кезекті күшті толқыны басталып келеді. Демек, елге экономикалық өсім қажет. Бұндай кезеңде жаңа басшы келіп, әр дәрежелі басшылық құрлым су жаңа жасақталып, құрлымдар ауысып, өзімізбен өзіміз аласапыран болғаннан гөрі осы қалпымызды сақтап дами бергеніміз абзал.

Қазақ жеріне көзін тігіп көршіміз отыр. Демек, оның тілін табатын саяси тұлға керек. Жаңа басшы келіп, көршілермен «танысып-білісіп», тамыр басып болғанша, кейбір мәселелерде уақыттан ұттыруымыз мүмкін.

Көпдінді, көпұлтты мемлекетпіз. Біздің өсіп өркендеуіміз үшін тыныштықтың мәні өзгеше. Ол үшін тәжірибесі мол, сарабдал, салмақты ұстанымдағы басшы керек.

Ұлттық идеялогия бірізділенуі керек. Бұл іс қалай айтсақ та, бір тұлғаның қолымен жасалмақ. Ендеше, бастаған іс соңына шығуға тиіс.

Басталған бірқатар әлеуметтік, экономикалық бағдарламалар өз жемісін беруі керек. Жаңа басшы келіп, жаңа бағдарламалар түзіп, жаңғырту жасап, уақыт пен қаржыдан ұттырғанша, басталған бағдарламалардың сапалы өтуін қадағалап, жемісін жеген әлде қайда абзал.

Осындай ірі әлеуметтік-саяси мәселелер Елбасы өкілеттілігін ұзартудың ел экономикасы мен қоғамдық-саяси өмірімізге әлдеқайда пайдалы екенін көрсетсе керек.

 Сондықтан, мемлекетсүйгіш қарапайым журналист ретінде өз басым Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ҚР Президенті міндетін жалғасты атқарғанын қалаймын. Әрі көптеген қоғам мүшелерінің қолдайтынына сенемін. ҚР азаматы ретінде ел тағдырындағы азаматтық жауапкершілігімді сезіне отырып, Елбасының қайтадан сайлауға түсуін қолдаймын.

Оразбек САПАРХАН

 "Қамшы" сілтейді