ҚЫТАЙДЫҢ КӨЗДЕГЕН МАҚСАТЫ ҚАНДАЙ?

пекин Бiр жарым миллиардтан астам тұрғыны бар Қытай – әлемнiң әмiршiсi болуға ұмтылып отырған ел. Бүгінгі таңда экономикалық көрсеткіштері жөнінен АҚШ-пен иық теңестiруге қауқары жетіп отыр. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, олар әскери қуаты жөнiнен Ресейдi басып озып, АҚШ-тан кейiнгi екiншi орынды иемденген. Әлем қаржы дағдарысынан қаусырап қалғанда, мұртын балта шаппаған екi ел болса, соның бiрi – Қытай. Осындай қуатты, алып елмен көрші болу да оңай емес екендігі белгілі. Қазақстан мен Қытайдың шекарасы 1782 шақырымға созылып жатыр. Оның 1215 шақырымы – құрлық, 566 шақырымы су арқылы өтедi. Сарапшылар соңғы кездерде Қытайдың Орталық Азиядағы ықпалы артып бара жатқанын жиі айтып жүр. Олардың ойынша, Қытай бұл аймақты ең алдымен өзінің энергетикалық қауіпсіздігі, сауда-эко­но­микалық экспансиясы, этникалық тұрақтылығы және әскери қорғанысы үшін маңызды аймақ деп біледі. Қытайдың экономикасы қарқынды дамып, адами әлеуетінің артуы шикізат пен отын-энергетикалық ресурстардың жаңа көзін табуға итермелеп отыр. Бұл тұста Қытай үшін табиғи қазба байлықтары мол, халқы сирек қоныстанған Орталық Азия елдері зор мүмкіндік беретіндей. Бұл жайында Қытай армиясының генералы Лю Яжоу америкалық газеттердің біріне «Орталық Азия – құдайдың Қытайға берген үлкен сыйы» деген секілді пікірлер айтқан. Сонымен қатар, шетелдік басылым Қытай билігінің Орталық Азия астаналарында қытай тілін оқытатын Конфуций орталығын ашқанын, Қытай ұлттық компаниялары аймаққа мұнай-газ құбырлары, теміржолдар мен магистральдар салу сияқты ұзақ мерзімді экономикалық жобалармен дендеп кіріп жатқанын айтады. Бұл мақсатта Пекин Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) сияқты аймақтық ұйымды да пайдаланып отыр. Қытай, оған қоса, Орталық Азиядағы қазіргі басты ойыншыларды ығыстыру үшін аянып жатқан жоқ деп жазған. Сонымен қатар, генерал «Қытайдың Орталық Азия мемлекеттерімен энергетикалық ынтымақтастығы 1990 жылдары басталған. Бірақ соңғы жылдары Қытай ұлттық қуатының артқанын пайдаланып, бұл аймақта Ресей мен АҚШ мүддесінің әлсірегенін өз пайдасына асыра алды. Қытай Орталық Азияны игеруге жанталаса кірісіп кетті» деген. Естеріңізде болса, Қытай төрағасы Си Цзиньпин қызметіне кірісе сала, посткеңестік мемлекеттерге ресми сапармен келген болатын. Ол Ресей Федерациясынан бастап, Орталық Азиядағы ірі мемлекеттер – Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Қырғызстанға ат басын бұрған еді. Айта кетсек, Қазақстан мен Қытай басшылары екі күн ішінде 22 келісімшартқа қол қойды. Қытай бүгінде Қазақстанның басты сауда әріптесі. Екі елдің арасындағы тауар айналым 2001 жылы – 1,28 миллиард доллар, 2002 жылы – 1,95 миллиард, 2003 жылы – 3,3 миллиард доллар болды. Ал 2008 жылы – 12,23 миллиард доллар болса, 2015 жылға қарай 40 миллиард доллардан асады деп күтiлуде. Қытай басшысының сол жолғы сапарында «Қашаған» мұнай кен орнындағы Қытайдың үлесі айқындалып, «Бейнеу-Бозой» газ құбырының тұсауы кесілген еді. Экономикалық сарапшылардың пікірінше, Қытайдың Қазақстан экономикасындағы үлесі 30 пайыздан асты. Қытайлық алпауыт «CNPС» компаниясы ең ірі ойыншылардың қатарына қосылды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлімдеуінше, Қазақстандағы Қытай инвестициясының көлемі – 20 миллиард долларға жеткен екен. – Біз ортақ шекарамызды бекіттік, тауар айналымының көлемін ұлғайттық. Бұл біздің экономикаға инвес­тиция құйған барлық шетелдіктердің ішінде үшінші орынды көрсетеді. Осы уақыт аралығында оның көрсеткіші жүз есеге артты. Біз Қазақстан үшін маңызды болып отырған мұнай өңдеу зауыттарының құрылысын салу туралы келісімге келдік. Аграрлық салада ынтымақтастық мәселесі талқыланды. Көлік және коммуникация саласындағы нысандардың құрылысын салу жайында ақылдастық, өзара студент алмасу жайында сөйлестік, – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы, сондай-ақ, Қазақстан Қытайды аймақтық қауіпсіздік, экстремизм, терроризм және сепаратизммен күрес мәселесінде қолдайтынын айтқан. Қытай көшбасшысы «Жібек жолы» керуен жолын жаңғыртудың жаңа принциптерін ұсынды. – Әуелі саяси келісім мәселесін күшейтіп, бірыңғай жол желісін қарқынды дамытып, сауда мәселесін оңтайландыру керек. Сондай-ақ, Қытай төрағасы ұлттық валютаның резервтік құнын арттырып, теңге және юань арқылы сауда жасауға кеңес берді. Сөз соңында осы жоспарлардың барлығы екі елдің ішкі ісіне араласпай, тату көрші жағдайында жүзеге асырылатындығы айтылды. Қытайдың Орталық Азия елдерінің экономикасына қызығуы көптеген сарапшыларды алаңдатып отыр. ҚХР Сауда министрі Цзян Яопиннің мәлімдеуінше, Қытай Қазақстан мен Түркіменстанның ең ірі сауда әріптесіне айналған. Ресей бұл ретте екінші орынға қарай ығыстырылды. Сондай-ақ, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан сауда әріптестерінің арасында алғашқы үштікке еніп тұр. Орталық Азия арқылы Қытай Еуропаға теміржол бойымен тауар тасымалдай бастады. «Достық-Алашанькоу» және «Қорғас-Алтынкөл» теміржолдарының ашылуы әлемдік нарыққа бастаған үлкен көштің іргесінің кеңеюін білдіреді. Әрі мұнай газ саласындағы ынтымақтастық аса қарқынды даму үстінде. Оның ішінде газ және мұнай құбырларының құрылысы да бар. «Орталық Азия елдерінің ішкі саясатына қол сұқпаймыз!» Дәл осы мәселені Астанада Назарбаев университетінде дәріс оқыған Си Цзиньпин қайталаған. – Қытай бейбіт даму жолын қолдайды және тәуелсіз әрі бейбіт сыртқы саясатын жүргізе беретін болады. Біз өзге тәуелсіз елдердің даму жолын құрметтейміз әрі Орталық Азия елдерінің ішкі саясатына қол сұқпаймыз. Қытай тарапы аймақтық мәселеде басқыншылыққа жол бермейді, біз ықпал ету аймағын іздеп жүрген жоқпыз, – деді ол. Қытай Үкіметі ШЫҰ-ға мүше алты мемлекетке Қытайда білім алу үшін жиыны 30 мың шәкіртақысын тағайындады. Яғни, әрбір мемлекетке алты мың білім гранты берілмек. Бұндағы мақсат шет мемлекеттерде қытай тілінің аясын кеңейту. Сол арқылы ықпал ету аясын арттыру Қытайдың басты мақсаты секілді. 2010 жылы Қазақстан билігі қытай шаруаларына 1 миллион гектар жерді жалға беру туралы әңгіме көтерген еді. Алайда қоғам оған қарсылық танытты. Шығыс Қазақстан облы­сының бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаев Астанада өткізген баспасөз мәслихатында осындай идеяны қайтадан көлденең тастағандай болды. Шығыс Қазақстан облысының билігі аймаққа қытай инвестициясын тартуды көздеп отырғанын айта отырып, пайдаланылмай жатқан жерлерді көрші елдің шаруаларына уақытша беру арқылы да қаржы көзін табуға болатындығын айтқан еді. – Біздің адамдардың әл-ауқатын арттыруды көздесек, экономиканы дамыту керек. Ол үшін инвестиция тартқан жөн. Қазір өз қалтамыз көтермейтіндіктен инвестиция тартуымыз керек, соның ішінде, қытай инвестициясын тартқан абзал. Ал пайдаланылмай жатқан жерлерді неге қытайларға бермеске? Онда біздің адамдар жұмыс істейді, қосымша қаржы табамыз, – деген еді. Әрине, әкімнің бұл мәлімдемесі қоғамда түрлі наразылықтар тудырған болатын. Рас, мұнай мен газға, жерасты қазба байлықтарға бай Орталық Азия мен Қазақстан үш ұлы державаның – АҚШ-тың Ресей мен Қытайдың мүддесi тоқайласқан аймақ екенi белгiлi. 2006 жылдары болған әлемдiк экономикалық дағдарыс АҚШ пен Ресейдi өзгеден гөрi өз басының қамын күйттеуге мәжбүр еттi. Осыны пайдаланып, Қытай Орталық Азия елдерiнiң экономикасында басты ойыншыға айналды. Және осы аймаққа өзiн даму үлгiсi, экономикалық локомотив ретiнде көрсеткiсi келдi. Қытайдың Батыс елдерiнен «бiр артықшылығы», әрiптес елдердегi адам құқығы, сөз бостандығы, тағы басқа демократиялық құндылықтардың сақталуына бас қатырып жатпайды. Орталық Азиядағы мемлекеттер үшiн Қытайдың «сүйкiмдi» көрiнуiнiң бiр сыры осында жатса керек. Қазақстанға заңсыз жолмен қоныс аударып жатқан қытайлар қарасының көбеюi бұрыннан жұртшылықты алаңдатып келедi. Қытай мигранттары ешқашан ассимиляцияға ұшырамайды. Керісінше топтасып, қауымдасып жүреді. Осылайша олар өз қалашығын салып, қытайдың ұлттық мүддесін насихаттап жүреді. Онымен шектеліп қана қоймай, Қытайдың экономикасын дамыту үшін шетелде жүргенде де барлық мүмкіндіктерін жұмылдырады. Қытайдың экономикасын көтерген, инвестиция тартқан да осы шетелдегі қытайлықтар деседі. Жалпы, қазіргі таңда Алматы қаласында жүзге тарта қытай кафесі мен мейрамханалары, 270 бірлескен кәсіпорын, 2 банк, 48 жанармай құю бекеті, бір Мәдениет орталығы, ҚазҰУ жанындағы Қытай тілі орталығы, Конфуций институты, Ялянь сауда орталығы, «Барахолка» және «Сауран» сауда орталықтарындағы нүктелерін атауға болады. Ал Қазақстанда тұрақтап қалуға бекiнген қытайдың санын нақты көрсететiн статис­тикалық деректер жоқ. Кейбiр сарапшылардың мәлiметiнше, олардың саны жүздеген мыңнан асып-жығылады. Қазақ қоғамында Қытай ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiредi деген пiкiр басым. Қытай да Орталық Азия елдерiнен қауiп бар деп есептейдi екен. Қытай 2000 жылы жария еткен ұлттық қорғанысы туралы «Ақ» кiтабында Бейжiңнiң Орталық Азия елдерiнен секем алатыны тайға таңба басқандай көрсетiлген. Шығыс көршiмiз «Орталық Азия елдерi Шыңжаң сепаратистерiнiң ордасына айналып кетпей ме?» деп қауiптенетiн көрiнедi. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары Қазақстан мен Орталық Азияға Қытайдың назар аударуына экономикадан бұрын осы «Шыңжаң мәселесi» тiкелей түрткi болса керек. Қытайдың Шанхай ын­тымақтастық ұйымын құруына ықпал еткен де осы жайт емес пе. Екiншi бiр фактор, әрине, Орталық Азияның АҚШ-тың ықпалына түсуіне қарсы тұру. Сарапшылардың айтуынша, ШЫҰ – Қытай үшiн тек аралық құрылым ғана. Осы ұйым шеңберiнде қабылданған келiсiмдердiң мерзiмi 2020 жылдың 31-желтоқсанына дейiн ғана жарамды. Яғни, Қытайдың «Әлем орталығына» айналғанына дейiн. Бейжiңнiң жоспарынша, 2020 жылы Қытай әлемдегi ең мықты мемлекетке айналуы тиiс. «Осы мерзiмнен кейiн аспанасты елi көршiлерiне қатаң шарттар қоя бастайды» деп есептейдi қытайтанушылар. Бұл – «Қытай Қазақстан үшiн қауiптi ме, жоқ па?» деп қоғамда жиi қойылатын сұрақтың да жауабы болар.                                               Сейілбек АСАН