ӨМІРІ  ҚАЗАҚ БОЛЫП ӨТКЕН ГЕРАҒА МӘҢГІ ҚАЗАҚ БОЛЫП ҚАЛДЫ (фото, толық нұсқа)

14
2882

                                             

Ол өз өтініші бойынша Кеңсайға жерленді

Дарынды  жазушы, көрнекті көсемсөзші, аудармашы, эссеші   Герольд  Бельгер 81 жасында 6-шы рет ұстаған жүрек талмасынан қайтыс болды.

Герольд Бельгер неміс, қазақ, орыс тілдерінде 76 кітап жазған, 2000–ға жуық мақалалары жарияланған дарынды қаламгер еді. Ол қазақ халқының ұлттық ерекшелігін насихаттап, ұлттық мүддесін қорғап жүруімен “ең соңғы қазақ” атанған нағыз қазақ болатын.

Ел есінде қалған ерен істерінің бірін ғана айтсақ, 1987 жылы Мұхтар Әуезовтың 90 жылдығында Семейде барлық қазақ жазушылары бірі қалмай түгел Ресей тілінде сөйлеп жатқанда тек неміс Герольд Бельгер ғана:  “Ұлы Әуезовтың 90 жылдығында Әуезовтың тілінде сөйлейтін бір де бір жазушы қалмапты. Ең соңғы қазақ мен екенмін”-деп, қазақ қаламгерлерінің  масқарасын шығарып, қазақ тілінде қатырып тұрып сөйлеген еді…

Дүние – жалған деген осы! Енді міне, бүгін Алматыда, Мұхтар Әуезов атындағы ұлттық театрда қазақ елі қазақтың көрнекті жазушысы, аудармашысы, көсемсөзшісі, қайраткер азаматы  Героль Бельгермен қоштасты. Сүйікті жазушыларын соңғы сапарға шығарып салуға Қазақстанның көптеген өңірінен ол кісіні қадірлейтін оқырмандары арнайы келді.

Өмірі қазақ болып өткен Гераға өлімімен де қазақ болып қалды!  Өз өтінішімен мұсылмандар зираты Кеңсайға жерленді. Бесінші инфаркт алып, көлікке зорға сүйеп мінгізіп жатқанда рухани баласы Ермек Тұрсыновқа айтқандай, «Егер олай-бұлай болып кетсем, мүмкіндік болса, қолдарыңнан келсе, мені Кеңсайға – қазақ қаламгерлерінің қасына, Асқар Сүлейменов досымның жанына жерлеңдер!» – деген ең соңғы қазақтың ең соңғы сөзі – аманаты орындалды. Герағамыз ел атап кеткендей, «ең соңғы қазақ» деген теңеуге лайық бола біліп, ешкімнің қолынан келмейтін ерлік жасады. Өзі жанындай сүйген Қазағы үшін! Өзі жанындай қорғаған Қазақ мүддесі үшін! Өзі отымен кіріп, күлімен шыққан Қазақ  әдебиеті үшін!

Әуезов театрында да, Кеңсайда да, асы берілген «Жұлдыз» мейрамханасында да жұрт сыймай кетті.  Кеңсайда бейіт басында атақты Амантай қажы аңыратып, құран оқып, дұға жасады. Салтымыз бойынша садақа таратылды.

Герағаң Гетенің ұлтынан болғанмен, Абайдың жұртынан еді…  Ол жеті жасында жерін басқан Қазақ еліне деген перзенттік махаббатынан өмір бойы айнымады. Істеген ісімен де, айтқан сөзімен де, жазған жауһар шығармаларымен де, алапат адал еңбегімен де, азаматтық ұстанымымен де ең соңына дейін айнымай, ақыры – Мәңгілік  мекенін таңдауда да  Қазақтардың ортасына барып жайғасты – жаны жай тапты. Тірісінде қазақтармен, қазақ қаламгерлерімен бірге, қатар жүрген Герағам, о дүниеде де бірге, қатар жатыр!..   ӨМІРІ  ҚАЗАҚ БОЛЫП ӨТКЕН ГЕРАҒА   МӘҢГІ ҚАЗАҚ БОЛЫП ҚАЛДЫ.

Біздің қазіргі жағымыз талмай жырлап келе жатқан халықтар достығы, ел мен елбасының ерекше екпін беріп айтатын ұлтаралық ынтымақ, бірліктің символы, міне, осылай болу керек! Тек қазақтың  көнбістігінен құрылған, біржақты, жауапсыз, жасанды «бірліктің» тірлігі татымсыз, «ынтымағы» ырыссыз  болады.  Биыл 20 жылдығын тойлап жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясын бар мүшелерімен Ақиқат таразысының  бір бетіне, Герольд Карлұлы Бельгерді екінші бетіне қойсаңыз, Герағаң айқын басып кетеді! Бұған  кешегі кеңестік жалған интернационализмнен әлі арыла қоймаған, ұлттық мүдде десе, ұйқысынан шошып оянатын біздің бишікештер қанша жанталасқанымен, шындық осы! Қазақтың нанын жегенмен, қамын жемейтін, шамасы келсе, шалып қалғысы келетіндер толып жатыр. Ондайлар өз қазағымыздың ішінде де аз емес.

Міне, қазақ халқы ұлты бөтен деген жоқ, жетпіс жастан, жеті жасқа дейін  құрметтеп, қимай шығарып салды. Мұндай елдің ерекше құрметін иеленген қазақ қаламгерлері мен қайраткерлерінің өзі де көп емес…  Елдің алдымен  Елбасының өзі көңіл айтты. Солтүстіктен, Оңтүстіктен, Шығыс, Батыстан, Астанадан ағылған жұрт топырақ салып, қоштасып қалуға, құрмет көрсетіп қалуға асықты. Герольд Бельгердің қызы Ирина аста жылап тұрып алғыс айтқандай, Герағамызбен қоштасуға таяғына сүйеніп, сүйегін сүйретіп зорға келген ақсақал, бірінің аты – Герольд, екіншісінің аты- Бельгер, екі немересін ертіп келген қазақтың қариясы, бүкіл зиялы қауым, ғаламторды жарып жіберген жаны азалы жамағат,  қарақұрым ел, мұның бәрі – Қазақтың өзінің мұңын мұңдап, жырын жырлаған тарлан ұлына деген лайықты құрметі еді.

Мұсылмандар зиратына жерленген Герағамызға арналған астың соңында да Ер Амантай қажы құран бағыштады. Міне, тек ұлтаралық татулық қана емес, дінаралық ынтымақ дегеніңіз де осы – Герольд Бельгер бейнесі!

Менің Кеңсайда тұрып, Фейсбукқа салған жазбама әлеуметтік желіде жаппай көңіл айтып жатқан ел түгел Герағама «Иманды болсын» айтуда. Иә, халық айтса, қалт айтпайды. Мұсылмандық, имандылық Герағаңа жүрегімен,  ісімен, қазаққа деген ақ адал ерен еңбегімен келді!..

Герағамыз  2014 жылы, ең соңғы шыққан “Казахское слово” деген қазағына арнаған кітабында да: “Жаратушы еш халыққа дәл   қазақтардай дарын сыйлаған жоқ. Өкініштісі, қазақтардың өзі мүны  нашар түсінеді және сол дарынын болмашыға шашып, рәсуа етеді”, – деген екен.

Герағамыздың “Қазақ үні” газетінде талай мақала-сұхбаттары жарық көрді. Кезінде “Дат” газеті біраз уақыт жабылып қалғанда, әйгілі “Плетенье чепухи” жазбаларын біздің газетте жариялап тұрды.

Ең соңғы қазақ Герағаңның  ең соңғы мақаласы да  қазақтарға арналды. Қазақ тілінің ауыр  тағдырына арналған  “Тіл туралы тезистерін”  (“Ана тілі” сайты қосымшасы)  “Чего не хватает современным казахам?” деген тақырыппен  орыс тілінде 3 ақпанда жариялаған біздің “Қазақ үні” газеті Герағамыздың көзі тірісіндегі ең соңғы басылған жарияланымы болып қалды…

Бүгін, нағыз нартұлға қазақ, қадірлі Герағамызды қайтпас сапарға шығарып салып тұрғанда,  ең соңғы қазақтың әруағын тербете отырып, ең соңғы сөзін тағы бір еске алайық. Қазақтардың ең болмаса, қаза үстінде сөз тыңдайтынынан үміт етіп, тағы бір қайталап өтсем деймін.  Ал, бүгінгі қазақ тілін таптап, орыс тілінде сарнап жүрген  заманауи қазақтар тыңдаңыздар:

“Тіл өлсе, демек, халық өледі. Аз халықтың тағдыры осы. Тіл тек қатынас құралы емес. Ол – халықтың жүрегі, жаны, ділі, діні, мақсат-мүддесі, ой-арманы, болмыс-тірлігі.

Көптен бері ұлттық идея іздеп келеміз. Бабаларымыз  өсиет етіп қалдырған қазақ тілін  -қазіргі мемлекеттік тілді сақтау мен дамыту біздің  жалпыұлттық идеямыз  болуы керек. Қазақты біріктіретін бірден-бір қасиетті күш ана тілі болуы керек.

Қазақ тілі – жаралы тіл. Оған күн сайын жара салатын өзіміз. Сөйтіп жүріп, атадан қалған рухани байлықты,  жалғыз байлығымыз – тілді құртамыз.

Бүгінгі қазақтарға не жетпейді?  Ұлттық жетістік сезімі жоғалып барады. Намыс, жауапкершілік  жетпейді. Өзінің тілі мен халқына  құрмет жетпейді. Баяғы қазақшылық: «Әй, қойшы! Өзіміздің тіліміз ғой. Қайда қашар дейсің?

Министр, депутаттарды, Президенттің маңайындағы “білгіш-белсенділерді” қазақша сөйлету керек. Сөйлей алмайды екен, кеуделеріне үлкендігі таба нандай «Мылқау» орденін тағу керек.

Тілді зорлап үйрету мүмкін емес. Иә, қажеттілікте үйренеміз (мәселен, бізден Алманияға көшкен немістер қазіргі немістің тілін амалсыздан үйренді, өйткені онсыз күні жоқ). Ана тіліңе зәру болмасаң, қалай үйренесің!?”

Ендеше, ең соңғы қазақтың ең соңғы өсиетін  қаперге алайық, қазақ халқы!..

Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын, қадірлі Гераға!  “Ең соңғы қазақ”  ең соңғы қазақ қалғанша ұмытылмайды…

Кеңсайдағы жатқан жеріңіз кең болып, жаныңыз жәнаттан жай тапсын, асыл ағамыз Гераға! Біз сіздің Асқардай ақиық қаламгер достарыңызбен қатар жүргеніңізге имандай сенімдіміз!

Қош, қазақтың Герағасы!  «Ең соңғы қазақ» ең соңғы қазақ қалғанша ұмытылмайды!

10 ақпан 2015 жыл

Қазыбек ИСА,

qazaquni.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 


 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

14 ПІКІРЛЕР

  1. Күдік: Егер Герольд Бельгер атындағы ұлтаралық келісім медалы шығарылса көлденең көк аттылар омырауына тағып алып құнын қара бақырға татымастай қылып жібереді-ау. Негіздеме бар, Павлодар облысы ішкі саясат басқармасының басшысы, қазақтығы да, саяси біліктілігі де шамалы Бауыржан Капенов және «Лад» ұйымының бір кездегі белсендісі, атаман Ермак атауын қорғаушы Юрий Павленко «Невада-Семей» антиядролық қозғалысына 20 жыл» медалын иемденіп, қозғалыстың нағыз белсенділерін лақтырып кетті…

  2. Ұсыныс: Герольд Бельгер атындағы ұлтаралық келісім медалы шығарылып, елімізде ұлтаралық келісімнің сақталуына елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталсын.

  3. Қазақстанның солтүстік-шығысында орналасқан Павлодардағы маған Алматыға бару, қаралы жиынға қатысу, қабіріне топырақ салу мүмкіндігі тумады, өкінішті! Дегенмен облыстық телевизиядағы азаматтарға мың да бір рахмет, топырақты өлім жайында хабар ұйымдастырып, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалы атынан менің бір-екі ауыз сөз айтуыма мүмкіндік берді. Гераға, Кеңсайдағы қабірің жарық болып, жаның жаннатта жайлансын!

  4. Павлодар облысы Май ауданының Чапаев (қазіргі Саты) ауылында тұрған немістер мен шешендердің барлығы дерлік қазақша судай сөйлейтін. Дик, Бур, Гросс, Отто, Минц, Штифель, Вайзерттердің отбасылары қазақшаға келгенде қазақтардан қалыспас еді. Солар қазаққа қыз берді, қыз алды, әйтеуір түрі бөлек болғанымен, тілі бір, тілегі бір халыққа айналып кетті. Бур Николайды қазақтар «Көлә», Дикті «Әдік» деп атайтын. Сол Бур ұзақ жылдар бойы ферма зоотехнигі болып абыройлы еңбек етті. Дүниеден өтерінде өзін мұсылмандар зиратына, жетім бала кезінде қолына алып жетілдірген өгей қазақ әкесінің қабірінің жанына жерлеуін өтінді. Ауылдастары марқұмның ақтық өтінішін қабыл алып, ақ жуып арулап қойды. Ауылда тұрмыс кешкен Бур мен Алматыда өмір сүрген Бельгердің бойында бір ұқсас сезім барын енді байқап тұрмын. Оның аты – қазақ халқына деген ұлы құрмет!!! Біз осы сезімді өлтіріп алмас үшін олардың ізбасарларын құрметтеуге тиіспіз.

  5. Елбасының ұлтаралық саясатын жүргізуге тиісті Павлодар облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Бауыржан Капенов деген қазақтың қазақшылығы да, саяси біліктілігі де шамалы. Павлодарға Олжас Сүлейменов келгенде «Невада-Семей» қозғалысының 20 жылдығы» медалын атышулы Юрий Павленко екеуі ұялмай омырауына тағып алып, Олжекеңмен бірге фотоға түсті… Ю. Павленко деген 1990 жылдардың басында атаман Ермактың құрметіне қойылған қала атауын қызғыштай қорып, «Азат» қозғалысына қарсы шыққан еді! Өкініштісі, біздің Павлодар облысында Гераға мен Асылы апамыздың ізбасарлары жоқ, Капеновтер мен Павленколар бар!!!

  6. Біздің Ертістің Кереку өңірінде қазақша сөйлейтін өзге ұлттар өкілдері, Құдайға шүкір, бар. Бірақ олар әлі Герағаң, Асылы Осман тәрізді ұлт жанашырларына айнала қойған жоқ, сонда да орыстілді қазақтардан гөрі жанымызға жақындау. Шын мәнінде, осындай азаматтар Қазақстан халқы достастығы мен ұлтаралық ынтымақтың сақталуына Қазақстан Халқы Ассамблеясынан гөрі елеулі үлес қосуда! Керісінше, кеңестік кезеңді көксеуші орыстілділер де бар, солардың біршамасы журналистика саласы мен қоғамдық ұйымдарда жүр. Осындай шовинистік, нигилистік пиғылдағы журналистер, белсенділер мен ұлтшыл қазақтар арасында ұлтаралық тартыс оқтын-оқтын байқалады. Егер біздің өңірде Гераға мен Асылы апамыздың ізбасарлары болса әлгілерге ауыз аштырмас еді!

  7. Қазыбек бауырым,шындықтың терісінің қанын ағызып тұрып жазыпсың !Әсіресе, Герағаңның нағыз интернационалдықтың ЭТАЛОНЫ екендігін көрсетіпсің қазіргі ана жалған «Достық Үйінің» квартиранттарына: » Биыл 20 жылдығын тойлап жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясын бар мүшелерімен Ақиқат таразысының бір бетіне, Герольд Карлұлы Бельгерді екінші бетіне қойсаңыз, Герағаң айқын басып кетеді! Бұған кешегі кеңестік жалған интернационализмнен әлі арыла қоймаған, ұлттық мүдде десе, ұйқысынан шошып оянатын біздің бишікештер қанша жанталасқанымен, шындық осы! Қазақтың нанын жегенмен, қамын жемейтін, шамасы келсе, шалып қалғысы келетіндер толып жатыр.» Міне қазіргі ШЫНДЫҚ!????

  8. Рахмет, бәріңізге Алланы нұры жаусын! Рахмет, Гереке! Рахмет, Секе! Сіздің » Герағаңның кейбір туындыларынан (қазақ үшін жазған) үзбей беріп тұратын басылым табылса. Кітаптары жұрттың бәрінің бірдей қолына тие бермейтінін ескеріп, осындай қадамға баратын газет табылса… «-деген идеяңыз тамаша! Біз біраздан бері беріп келе жатырмыз Герағаны. «Қазақ үні» газетінің бүгінгі қоштасу номерінде Герағаңа 4 бет арналды. Сіздің құнды пікіріңізден соң, алда да үнемі жариялап тұратын боламыз.

  9. Қазыбек бауырымыз жүрек тебірентетіндей, сезім сілкіндіретіндей, ойда орман шайқалтатындай етіп-ақ жазған екен. Осы жазба арқылы-ақ Герольд ағамыздың образын өз қырынан жасап шығыпты. Ал қазақтың қара шалының бір немересіне Герольд деп, екіншісіне Бельгер деп ат қоюының өзі бұл кісіні елдегі қарапайым адамдарға дейін жақсы біліп, қатты құрмет тұтқанын байқатады. Осындай қазақ үшін асыл туған адамның, өзі айтатындай, «нағыз қазақтың» өмірден кетуі (жасы біразға келсе де) үлкен өкініш. Бірақ көнбеске шара жоқ. Енді оның атын қалдыратындай шараларды қолға ала бастаса… Соның бірі Герағаңның кейбір туындыларынан (қазақ үшін жазған) үзбей беріп тұратын басылым табылса. Кітаптары жұрттың бәрінің бірдей қолына тие бермейтінін ескеріп, осындай қадамға баратын газет табылса…

  10. «Герағаң Гетенің ұлтынан болғанмен, Абайдың жұртынан еді». Тамаша айтылған! Түсінген адамға осы сөйлемге барлығы сыйып тұр!

  11. Әй айналайын Қазыбек Иса бауырым, жүрекке жетер етіп, «сойып» жазыпсын, атаңа мың алғыс! Қанатты ақын деген міне осы! Мен бұл тебіреніп жазған постыңды өз парақшамада қоямын.

  12. 28. Х. 2014 ж. Алматы. ГЕРАҒА – Герольд БЕЛЬГЕРГЕ.

    ГЕРА, кімсің осы сен?..
    Жаралсаң да немістен
    Қазақ болып та келесің.
    Құтты болсын СЕКСЕНІҢ!
    80 жасап отырған неміс-қазаққа
    Енді 20 жыл жасау – Чепуха!
    Диваныңнан алыста, бас алға!
    90-ның төбесін ойып,
    100-дің желкесін қи!
    Сонда дейік:
    -Вот это – да-а-а!
    -Вот это – біздің ГЕРА!
    Сәлеммен, – өзіңмен силас, құрдас ҒАББАС.

    Қадірлі қаламдасым ГЕРА, 80-ді ерттеп мінген күніңде осылай деп «жыр» жолдап едім. Мен одан кейін кезектескен бірі сүйінішті, бірі күйінішті жағдаяттармен Өскемен, Кереку, Көкшетау кетіп, үйіңе кіріп-шығудың орайы келмей жүрді. Енді сырқаттанып қалғаныңды гәзет бетінен біліп, тез сауығып шығуыңа тілектес болып отырмын. Қазекең: «Азаматтың ауырғаны – арғымақтың аунап тұрғаны», демеді ме, солай болсын, әкел қолды! ҒАББАС. 05.02.2015 ж.
    ххх

    Гераның қайтыс болғанын «Азаттық радиосының» сайтынан оқыдым… О, жалған-ай!.. Жасының 80-ге толғанын тойлай алмай кетті-ау, тым болмаса!..
    ГЕРА! Бүгінгі қазаққа керек сөзің көп болды, – ертеңгі қазаққа керегі де аз емес. Екінші өмірің ұзақ боларына шүбәм жоқ. Топырағың торқа болсын!.. ҒАББАС.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз