Түркі әлеміндегі ділгір мәселелер қалай шешілмек?

0
1950

Кейбір ғалымдар қазіргі дәуірді «Түркі әлемінің алтын ғасыры» деп атап жүр. Әйткенмен, бір ғана жүзжылдық көлемінде күллі түркі жұртының бас біріктіре қалуы оңайға соқпасы анық.Бұлай деуімізге себеп жеткілікті. Айталық, аймақтық деңгейде Орталық Азиядағы мемлекеттердің Одағын құра алмай жүріп,Түркілер Одағын құра салу мүмкін бе?!
Осындайда жалпы түркі әлемінің болашағы туралы толғанбай отыра алмайсың.

Түркі жұртының бірігу мәселесін кезінде Алаш арыстары көтергені белгілі. Мұндай бірігудің нәтижесі бізге саяси-экономикалық, тарихи-мәдени тұрғыдан орасан зор ұпай алып келетіні сөзсіз еді. Алайда, сыртқы күштер бұл мақсаттарымыздың жүзеге асуына барынша тосқауылдар қойып келді. Кеңестік идеология салтанат құрып, түркі ұрпақтарының арасына іріткі салып, оларды бір-бірінен алшақтатып жіберді. Дегенмен, бүгінгі таңда түркі елдерінің көпшілігі өз тәуелсіздіктеріне қол жеткізді. Енді, бұрын қол жетпеген құндылықтарымызды жандандыра түсуге, түркілер тарихын қайта парақтауға мүмкіндіктер туды.
Түркия Республикасының негізін қалаушы Ататүрік 1933 жылы Түркия Парламентінде: «Күндердің бір күнінде КСРО коммунистік жүйесі ыдырайды, сол елде құндылықтары бізге ортақ бауырларымыз бар. Сол күн келгенде біз оларға қолдау көрсетуіміз керек» деп мәлімдеген еді. Ал халқымыздың ардақты перзенттерінің бірі Мағжан Жұмабаев Ататүрікке жазған «Алыстағы бауырыма» атты өлеңінде сол кезеңдегі түркі елдерінің мүшкіл ахуалы, әсіресе, Еуропалық отарлаушы күштердің Түркияға шабуылы мен қысымын пессимистік сарында айта келіп, Қазақ елінің аяусыз «Қызыл империя» тарапынан толығымен жаулап алынғаны, қазақтың болашағына деген үмітінің үзілуге шақ қалғандығы туралы сыр шерткен екен. Бұл кезең бүкіл түркі елдері үшін аласапыран да қасіретті тарихи кезең болғаны мәлім.
Тоқсаныншы жылдардың басында түркі елдері КСРО құрамынан шығып, өздерінің бар-жоғын түгендеп, өздерінің түркі екендігін ұғынып, өзін-өзі тану кезеңін басынан өткеріп жатты. Соған орай түркітілдес мемлекеттерінің басшылары да бір-бірімен жиі кездесіп тұрды. Дәл сол уақытта түркілер интеграциясы жөнінде көптеген мақалалар жазыла бастады. Түркі елдері басшыларының алғашқы саммиті 1992 жылы Анкарада ұйымдастырылды. Ал келесі саммиттер 1994 жылы Стамбулда, 1995 жылы Бишкекте, 1996 жылы Ташкентте, 1998 жылы Астанада, 2000 жылы Бакуда, 2001 жылы Стамбулда, 2006 жылы Анталияда, 2009жылы Нахичеванда, 2010 жылы Стамбулда, 2011 жылы Алматыда өтті.
Байқағанымыздай, бастапқы кезеңде ұйымдастырылған іс-шаралардың көбісі Түркияның мұрындық болуымен жүзеге асып жатты. Қазіргі таңда Түркия экономикалық қуаты мен жалпы ішкі өнімі жөнінен әлемдегі 15-ші ел. Ал, түрік ағайындар 2023 жылға қарай әлемнің ең қуатты 10 мемлекетінің тізіміне кіруді жоспарлап отыр. Ал, Қазақстанға келсек, түркітілдес мемлекеттер ішіндегі аумағы жөнінен ең ірі мемлекет болуымен қатар, табиғи қазба байлықтарының қоры, халықаралық саясаттағы беделі мен тәжірибесі, экономикалық жетістіктері жөнінен аймақтағы дамушы елдердің бірі болып отыр.
Саясаттанушы Жанат Момынқұлов «түркі елдерінің интеграциясын екі кезеңге бөліп қарастырамыз. 90-шы жылдардың басында интеграциялық байланыстарды ұйымдастыруда Түркия жетекші роль атқарса, 2000-шы жылдардан бастап Қазақстанның саяси, қаржылық, ұйымдастырушылық, мәдени-гуманитарлық ролі арта түсті» деп жазады. 90-шы жылдардың басында түркілердің ортақ экономикалық кеңістік құру идеясы жиі айтылатын. Ол қазіргі Еуразиялық экономикалық кеңістік идеясына қатты ұқсайтын. Алайда, Қазақстан өкінішке орай, түркі елдерімен емес, славян әлемімен экономикалық интеграциялық Одақ құруға белсене кірісіп кетті. Бұл саяси шешімнің астарында экономикалық мүдделердің жатқаны айқын. Себебі, Түркия Республикасы бұрынғы кеңес­тік түркітілдес мемлекеттерден жылдар бойы бөлек, жеке дара дамыды. Экономикасының құрылымы мен ұйымдастырылуы, кәсіпкерлік және шаруашылық жүйелерінің өзгешелігі, географиялық алшақтығын ескерсек, Түркияның Қазақстаннан біршама бөлек мемлекет екендігін аңғарамыз.
Сонымен қатар 90-шы жылдардың басында түрік идеологтарының белсенді ықпалымен іске асқан жобалардың бірі – Әзірбайжан, Түркіменстан және Өзбекстанның кириллицадан латын әліпбиіне ауысуы еді. Бұл түркі халықтарын жақындастырушы және интеграцияның бірінші сатысы деп түсіндірілді. Қазақстан да латын әліпбиіне көшу жөнінде мәселе көтеріп келеді. Алайда, ол тек уақыт еншісінде қалып отыр. Жалпы, түркі интеграциясының негізін ортақ мәдени-идеологиялық фактор құрап отыр. Өзбекстан мен Түркіменстанның түркі саммиттеріне әдейі қатыспауын әрүрлі себептермен түсіндіруге болады. Дегенмен, Ташкент пен Ашхабадтың бұл ұстанымдары саяси басшылықтың алмасуынан кейін өзгеруі мүмкін. Өзбекстан 1995 жылдан бері түркітілдес елдердің басқосуларына қатыспай келеді. Ислам Каримовтың бақталасы «Эрк» демократиялық партиясының жетекшісі Мухаммед Салихтың Түркияға барып паналауынан кейін Өзбекстан басшылығы елдегі өзбек-түрік лицейлерін бірден жауып, түрік кәсіпкерлері мен дипломаттарын өз аумағынан шығуды қатаң талап еткен еді. Саясаттанушылар Өзбекстанның мұндай әрекетін Ислам Каримовтың жеке мінез-құлқымен байланыстырды. Бәлкім, Өзбекстан түркі интеграциясы аясында көшбасшылық рөлге ие болмайтындығын білген соң, Ислам Каримов осындай шешімге келуі мүмкін.
Түркия Еуроодаққа қабылданбай келеді. Сондықтан да ол өзбағытын шығысқа қарай өзгертугемәжбүр болды. Дәлірек айтсақ, Түркия Еуразиялық Одақты жағалай бастады. Тіпті, саясаттанушылардың арасында Түркияның да Еуразиялық кеңістікке енуі жайлы түрлі пікірлер айтыла бастады. Түркияның бұрынғы сыртқы істер министрі Ахмет Давутоглы «Еуразия келешекте әлемдік экономиканың басты қозғаушы күшіне айналуы мүмкін» деп мәлімдеді.
Түркі интеграциясының басты қарсыласы – Ресей. Өйткені, ол өзінің ықпал ету аймағынан айырылғысы келмейді. Түркия мұны өте жақсы түсінеді. Қазақстанның Түркиямен жақындасуы Ресейдің мүдделеріне қарсы келеді. Ресей ақпараттық, экономикалық-саяси мүмкіндіктері арқылы Қазақстанға айрықша ықпал етіп отырғаны мәлім. Ресеймен бұл тұста бәсекелес бола алмайтынын түсінген Түркия енді онымен жақындаса түскендей.
Еуразиялық экономикалық Одақ туралы айта бастасақ, көбіне, Еуроодақмысал ретінде аталады. Еуроодақ бейресми түрде «христиан елдерінің клубы» болып табылады. Түркияның ол одаққа кіре алмауының бір себебі осында. Еуроодаққа мүше елдер географиялық, діни, тілдік және нәсілдік жағынан бір-біріне жақын германтілдес ұлттардан құралған бірлестік. Яғни, Еуропалық интеграцияның екі басты біріктіруші факторы – экономикалық және дүниетанымдық принциптер құрап отыр. Ал, Еуразиялық Одақта экономикалық принциптер негізге алынады. Еуроодақтың қозғаушы күші Германия мен Франция болса, түркі әлемін алға бастайтын күш Түркия мен Қазақстан болмақшы. Сонымен қатар Қазақстанның Еуразиялық экономикалық Одаққа кіруі оның түркі интеграциясына қатысты ұстанымдарына қайшы келмей ме деген сұрақ көптеген мамандарды мазалайды. Ресейлік сарапшылар түркі интеграциясының келешегі жоқ деген пікірде. Мысалы үшін, егер түркітілдес елдердің Одағы құрылса, оның ортақ тілі қандай болмақ деген сұрақ туындауы мүмкін. Ол өз кезегінде Еуразиялық экономикалық Одақтың ортақ валютасы қандай болады деген сұрақпен пара-пар екен.
Жалпы, түбі бір болған соң түркі халықтары әрқашандабір-біріне қажет. Түркілердің Одағы күндердің күнінде ірі халықаралық ұйымдардың қатарында болады деп сенеміз. Сондықтан да оған күш пен жігер және талай уақыт қажет.

              Сейілбек АСАН

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз