Апта ішіндегі жаңа кадрлық тағайындаулар

Рубрика Саясат

Осы аптада еліміздің мемлекеттік мекемелері мен бірқатар қауымдастықтарында кадрлық ауыс-түйіс орын алды.

Апта ішіндегі жаңа кадрлық тағайындаулар Сонымен осы аптада Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің бұйрығымен Инвестициялар және даму министрлігі "Халыққа қызмет көрсету орталығы" РМК-ның бас директоры болып Әсемгүл Серікқызы Балташева тағайындалды. Әсемгүл Балташева Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін "Бухгалтер-аудитор" мамандығы бойынша және Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін "Экономика-Заңтану" мамандығы бойынша бітірген. Тағайындалғанға дейін "ХҚКО" РМК бас директорының қызметтерді автоматтандыру және ХҚКО қызметін ұйымдастыру жөніндегі орынбасары, "ХҚКО" РМК Павлодар облысы бойынша филиалының директоры болып жұмыс атқарды. 1997-2011 жылдар аралығында "Қазақтелеком" АҚ Павлодар облыстық телекоммуникациялар дирекциясында түрлі лауазымдарда жұмыс жасаған. Заңғар Мақсұтұлы Ноғайбай "KAZENERGY" қауымдастығының атқарушы директоры болып тағайындалды.  1999 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін аяқтады, 2000 жылы - магистратура, 2005 жылы Бременск университетінің докторантурасын бітірген. Әр жылдары ҚР БҒМ "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ Іріктеу және ақпараттық сүйемелдеу департаменті директоры, МҚІА мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы жетілдіру бөлімінің бас сарапшысы, бөлім меңгерушісі, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ Нормативтік және құқықтық жұмыстар департаменті директорының орынбасары болды. 2008-2009 жылдары "KEGOC" АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, ЭМРМ заң департаментінің директоры, сондай-ақ заң компаниялары мен жеке коммерциялық құрылымдарда басшылық лауазымдарда жұмыс істеген. 2013-2014 жылдары Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының мүшесі, басқарма төрағасының орынбасары. "KAZENERGY" қауымдастығының директоры болып тағайындалғанға дейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының кеңесшісі, ҰКП Төрелік және аралық талқылау орталығы басқарушы кеңесінің мүшесі болған. Қазақстанның Ұлттық энергияны үнемдеу және тиімді энергия технологиялары Қауымдастығының атқарушы директоры болып 33 жастағы Сырым Әбдірахманов кірісті. Бұған дейін ол "Нұр Отан" партиясының орталық аппаратында, ішкі саясат, білім, ғылым, активтерді басқару және технологиялық дамыту салаларында жұмыс істеген. Әбдірахманов Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын тәмамдап, Германияда машықтанған. Қазіргі кезде Қазақстан әуесқой триатлон федерациясын Астана қаласы бойынша басқаруда. Алматыда Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында есепті-іріктеу конференциясының кезекті отырысында Ат спорты федерациясының президенті болып бір ауыздан парламент мәжілісінің депутаты, Ұлттық Олимпиадалық комитеттің президенті Темірхан Досмұхамбетов сайланды. Осы федерацияның бұрынғы президенті, бизнесмен, спорт меценаты Александр Машкевич бұл қоғамдық ұйымның құрметті президенті атанды.
Источник: ИА "Казинформ"