АҚШ – Ресей шиеленісін Қазақстан шеше ала ма?

1
1656

Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обамамен телефон арқылы сөйлесті. Бұл қадамға Америка жағы бастамашы болған көрінеді. Екі елдің көшбасшылары Украинаның оңтүстік-шығысындағы жағдайды талқылап, Ресейге салынған экономикалық санкциялардың зардабы жөнінде сөйлесті деп хабарлады БАҚ.

Естеріңізге сала кетсек, Нұрсұлтан Назарбаев пен Барак Обама осыдан бір жыл бұрын да телефон арқылы сөйлескен болатын. 2014 жылдың наурыз айында екі елдің басшылары телефон арқылы Украинадағы жағдайды сөз еткен еді. Барак Обама Украинадағы шиеленістің бейбіт жолмен шешілуіне мүдделі екендігін растаған. Дегенмен, араға бір жыл салып, Вашингтон Ақордаға тағы да қоңырау шалды. Әңгіме барысында екі елдің көшбасшылары Украинаның оңтүстік-шығысындағы жағдайды талқылады. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тарапының көзқарасы бойынша Украина, Ресей, Германия және Франция басшылары деңгейіндегі келіссөздер арқылы шешілуі мүмкін, осы мәселемен жеке өзі айналысып жатқанын айтқан. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті америкалық әріптесінен Украина мәселесі бойынша ортақ мәміле жолын іздестіру ісіне мейлінше белсенді араласу жолын сұрап, Ресейге салынған экономикалық санкциялардың Орталық Азия аймағына да әсер етіп жатқандығын сөз еткен. АҚШ Президенті Украинадағы жағдайды дипломатиялық жолмен шешуді жақтайтынына Нұрсұлтан Назарбаевты сендіре отырып, бұл үшін бірінші кезекте Минск уағдаластықтарын орындау қажеттігін атап өткен. Сондай-ақ Барак Обама Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті нығайту ісіне жұмсаған күш-жігерін жоғары бағалады және мемлекет басшысының Украинадағы қақтығысты бейбіт жолмен шешу ісіне белсенді атсалыса беретініне сенім білдірді.

Ресей Минск уағдаластықтарын орындай ма?

Өткен жылдың күзінен бастап, Украинадағы шиеленісті реттеу мақсатында Белоруссияның астанасы Минск қаласында Франция, Германия, Украина, Ресей басшы­ларының қатысуымен бірнеше рет келіссөздер жүрді. Бұл оқиға «Минск уағдаластықтары» деген атпен тарихта қалды. Басқосуда мемлекет басшылары бір-біріне әртүрлі талаптар қойды. Негізгі мәселе ретінде Украинаның оңтүстік-шығысындағы аймақтарда жүріп жатқан қақтығыстарды тоқтату көзделді. Егерде Ресей осы уағдаластықтарды орындайтын болса, Барак Обама ЕуроОдақ пен АҚШ тарапынан салынған санкцияларды тоқтатамын деп мәлімдеді. Дегенмен, Барак Обама Ресейдің мұндай қадамға бара қоюы екіталай деп сенімсіздік білдірген. Естеріңізге сала кетсек, Донецк пен Луганск облыстары өздерін тәуелсіз Республика ретінде жариялап, сол жолда күрес жүргізіп жатыр. Алайда, ресми Киев сепаратистердің бұл әрекетін қолдамай, оларды лаңкестерге теңеп отыр. Әрине, Украинадағы шиеленісті реттеу уақыт күттірмейтін мәселе екендігі шындық. Өйткені, Ресейге салынған санкциялар өз кезегінде Орталық Азиядағы мемлекеттердің экономикалық һәм саяси жағдайына әсер етіп келеді. Сондықтан да Кремль Минск уағдаластықтарын тезірек орын­дауы қажет. Халықаралық қауым­дастықпен санасуы керек деп ойлаймыз. Ал, өз кезе­гінде Қазақстан мен Ресей стра­тегиялық әріптестер болып табы­латындығын атап өткен жөн.

Обама өз дегеніне жетті ме?

Естеріңізде болса, шиеленістің басы осы Ресейдің Қырымды өзіне қосып алуынан кейін басталды. Осыдан бір жыл бұрын АҚШ пен ЕуроОдақ Ресей рублін құлатып, экономикасын қиратамыз деп сөз берген болатын. Сол мақсатта әртүрлі санкциялар салып, шектеулер енгізді. Ресейдің жүзге жуық шенеунігі ЕуроОдақ пен АҚШ аумағына өту құқығынан айырылды. Алайда, рубльді құлатамыз дегенде ешкім сенген жоқ секілді. Путиндей адам басқарған мемлекетке залал келтіру мүмкін еместей көрінді. Бірақ Барак Обама өз дегеніне жетті. Ресей рублін оңдырмады. Кремльдің дәл қазір осы мәселемен басы қатып отыр емес пе? Есесіне, мыңдаған тауарлар Қазақстанға жол тартты. Көлік, техникалық заттардың құны түсті. Қазақстандықтар мұндай мүмкіндікті барынша пайдаланып қалуға тырысып жатыр.

Қазақстан ешкімнің ықпалында емес…

Украина мәселесінде Қазақ­стан­­ның ұстанымы айқын болған жоқ дейтіндер көп. Мысалы, «Қазақстан Ресейдің ықпалынан шыға алмай, Қырым аннексиясын да мойындап жіберді» деген пікірлер де жоқ емес. Орталық Азиядан тек Өзбекстан ғана Ресей­дің бұл әрекетін қатты сынады. Бәлкім, олар да АҚШ-тың айт­қанына көнген болар. Америкадан көп мөлшерде әскери көлік пен әртүрлі қару-жарақ алған олардың басқа қандай амалы қалды? Естеріңізге сала кетсек, АҚШ әскері Ауғанстаннан жартылай шығарда Өзбекстанға біраз дүниелерін қалдырып кеткен еді. Алайда мәселе басқада. Қазақстанның үлкен саяси сахнада балансты реттеуші қызметін атқара алуында болып отыр емес пе? Оған дәлел ретінде Барак Обаманың Нұрсұлтан Назарбаевқа арнайы екі рет қоңырау шалуын келтіруге болады. Демек, Ақорда бұл орайда тәуелсіз ұстанымда отыр деуге негіз бар ма? Әрине бар. Сондықтан, Қазақстан Ресейдің ықпалынан шыға алмай отыр деп айту негізсіз.
Соңғы жылдары Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастар шын мәнінде жаңа белеске шықты. Мысалы үшін бір-ақ дәлел ретінде мынаны келтіруге болады. Орталық Азиядағы мемлекеттер арасында тек Қазақстан азаматтары ғана Америка аумағына 5 жылға дейін қала алады деген қаулы бар. Демек, визаның мерзімі 5 жылға дейін жарамды деген сөз. Бұл қазақстандықтар үшін үлкен қуаныш. Айта кететін тағы бір жайт, «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та оқыған қазақ азаматтарының саны көп. Олар Қазақстан мен АҚШ байланыстары тереңірек болса екен деп тілейді. Бұл орайда, Нұрсұлтан Назарбаев көрегендік танытты. Жас­тарды мұхит асырып шетелге оқуға жіберді. Қазақстанның болашағы жастардың қолында деді. Енді, Құдайға шүкір, мыңдаған қазақ жастары АҚШ пен Еуропаның жетекші университеттерінде білім алды. Осы жастар арқылы Қазақстанның әлем елдерімен байланысын күшейтемін деген Елбасы үміті ақталды десек артық айтқандық емес. Оған қаржы да аз кеткен жоқ. Енді, шетелде білім алған қазақ баласы Қазақстанның мықты елдермен қарым-қатынасын дамытуға үлесін тигізері анық. Баяғыда Ресейде білім алу абырой саналушы еді. Ал, қазіргі жастар Ресейде білім алғысы келмейді. Тіпті, Ресеймен бірге болу дегенді де онша құп көре бермейді. Демек АҚШ-пен тығыз қарым-қатынас орнататын уақыт жеткен секілді. Ал, Шығыс Түркістан Ислам демократиялық мемлекетінің негізін қалаушы батырлардың бірі болған Оспан Сіләмұлы да осы жөнінде аз-кем тоқталған екен. Ол: «Қытаймен ынтымақтассақ, басымызға темір ноқта салады, ол өскен сайын қыса түспек. Орыстыкі ағаш ноқта іспетті күндердің күнінде шіріп түседі. Моңғолдыкі жіп ноқта, кез келген уақытта үзіп кете беруге болады. Бәрінен абзалы – алыстағы Америкамен тамыр болу. Ол мұхит асырып, жерімізді қоса алмайды» деген екен. Жалпы, Қазақстан көпвекторлы саясат жүргізіп келеді. Қытаймен де, Ресеймен де, АҚШ-пен де байланысымыз жаман емес. Қытаймен бірге болу үшін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШОС) кірдік. Ресейдің де «көңілі қалмасын» деп Еуразиялық экономикалық Одақ секілді аймақтық ұйымдардан қашқан жоқпыз. Ал, АҚШ «өкпелемесін» деп НАТО-ға әріптес ретінде тіркелдік. Тағы да көптеген халықаралық ұйымдарға мүшеміз…
Бәрі де дұрыс. Алайда, меймандос қазақты өз қотырын өзіне қасытып тыныш жатқызып қоятын ешбір мемлекет жоқ. Осыны ұмытпасақ дейміз. Нақтырақ айтқанда, қазаққа дос – қазақ қана.
Олай болса, ішкі де, сыртқы сая­саттағы тірлікті реттейтін – тек өзіміз. Бәрі де өз мамандарымыздың білік­тілігі мен ақыл-парасатына байланысты. Сондықтан, әлемдік саясат кеңістігінде балықтай жүзу үшін жан-жақты шыңдалуға ұмтылғанымыз дұрыс-ау деп ойлаймыз. Оңай дүние бар ма…

                             Сейілбек АСАН

 

1 Пікір

  1. КАЗАХСТАН — может решить ситуацию по противоборству между США и РОССИЯ,НО оно мне не нужно — ? В Казахстане точно такая ситуация как на УКРАИНЕ ,КТО может гарантировать на завтра ,что в КОСТАНАЙЕ КНР ,в Северо Казахстанской области ПНР , в Павлодарской области ПаНР , Восточном Казахстане УстьНР , В основном причина была на Украине это ЯЗЫКОВОЙ барьер ,русскоязычное население вовсе не хотел переходить на ГОС ЯЗЫК Украины. Я лично — » ЗА » — ,того что бы между США и РОССИЯ была все таки конфликт.Казахи говорят: пословица — «Сенген малым сен болсан ,куйсегенинди ураиын» ,»ХАННЫН басын ХАН алады ,КАРДЫН басын КАР алады»— Когда Наш Президент Н.А. Назарбаев передал по договору все имеющиеся ЯДЕРНЫЕ оружия в КАЗАХСТАНЕ ,под гарантией России и США ,ФРАНЦИЯ ,ВЕЛИКОБРИТАНИЯ ,КИТАЙ ,после того как Россия один из ГАРАНТОВ по Ядерной безопасности, «аннексировал» Крым ,восток УКРАИНЫ , Я начал беспокоится о том ,что будет или что ждет КАЗАХСТАНА.Как сказал АЛЛАХ ,береженого бог бережет .Если ситуация будет продолжатся так, МИР будет искать причину как избавится от русскоязычного население ,даже в СНГ. В США живет более 20. млн китайцев ,проблем в языковом барьере НЕТ .

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз