Саясаттанушы Әзімбай ҒАЛИ: УКРАИНАДАҒЫ ЖАҒДАЙДЫ БАСЫМЫЗҒА БЕРЕ КӨРМЕСІН!

3
2751

 

– Әлем елдерінде орын алып жатқан кез-келген оқиға бізді бей-жай қалдырмайтыны анық. Айтыңызшы, осы, Украинадағы жағдайдың ақыры неге апарып соғуы мүмкін…

– Ол мәселе әуелгіде ішкі дағдарыс ретінде басталғаны мәлім. 2014 жылдың наурыз айында Ресейдің араласуы көбейді де, олар Қырымды тартып алды. Бұл Екінші дүниежүзілік соғысынан кейінгі Еуропадағы ең үлкен агрессия ретінде бағаланды. Сарапшылардың айтуы бойынша, аталған кезең аралығында мұндай басқыншылық болмаған екен. Осы уақытқа дейін Ресей бір емес, бірнеше мемлекеттің территориясына жармасқанын білеміз. Бұдан алдыңғы шабуыларға Батыс төзген болатын. Ал, бұл жолы төзімнің таусылғандығынан да шығар, олар іске сәйкесінше жауап берді. Егер Батыс көмектеспегенде, Украина күйрей жеңіліп, көрген күні қазіргіден де мүшкіл болатын еді.  

Америка президенті Барак Обама өзінің соңғы Жолдауында тиісті түрде «жауап берілуіне» сай Ресей экономикасы күрт  құлдырағанын мәлімдеді. Әрі бұл құбылысты өздерінің жеңісі екендігін ашып айтты. Расында да, аз ғана уақыт ішінде рубль курсы, қор биржасы екі еседей құлады, инфляция 14% жетті. Батыс елдері де Ресейге қарсы санкциялар салды. Орыстардың бұл мемлекеттерден несие алуы қиындад. Бұл жағдайлар мұнай бағасының екі еседен артық арзандауымен сәйкес келді .Бюджетке кіріс күрт азайды. Украина Батыс елдері үшін буферлік қауіпсіздік мемлекетіне айналды. Сондықтан, АҚШ, Германия, Франция, т.б. Украинаға 15 млрд. доллар көлеміндегі экономикалық көмекпен қатар әскери қолдаудан да аянып отырған жоқ.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Барак Обамамен телефон арқылы тілдесу барысында Украинаның Оңтүстік-шығысындағы жағдайларға баса тоқталды. Негізінен, осынау Украина, Ресей, Германия және Франция басшылары деңгейіндегі келіссөздер арқылы шешілуі тиіс мәселеде басым салмақ неліктен біздің  Елбасымызға түсіріледі?

– Елбасының мемлекет аралық байланысқа аса қатты мән беруі, бірінші кезекте, өз елінің болашағы үшін алаңдағаны деп түсінуіміз керек. Өйткені, Ресейге санкция жариялаған АҚШ пен Еуропалық одақ Ресейдің экономикалық-әлеуметтік жағдайына қатты әсер етіп келеді. Батыстың қаһары бізге де төну ықтималдығы жоқ емес. Сондықтан, Америка сияқты алып мемлекетпен саяси мердігерлік пен ықпалдастықты арттырудан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Сол әрекеттің бірі – Ресейдің Украинаға басқыншылығын тежеу және өзара ымыраластыққа шақыру.

Екінші жағынан, жақын көршіміз – Ресеймен тату отырмасақ және болмайды. Ашынған көрші күндердің күнінде өзімге бас салудан тайынбауы ғажап емес…

– Бұл дегеніміз, Елбасымыздың халықаралық саясат сахнасындағы орнын нықтай түсетін көрініс пе?

– Әрине, Назарбаевтың салиқалы саясаты нәтижесінде Қазақ елінің  аты әлемге таныла бастады. Елбасымыздың әлемдің аренада өзіндік орны бар екені даусыз. Мәселен, былтырғы жылдың аяғында Франция президенті Франсуа Оланд біздің елімізге арнайы атбасын бұрды. Кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Ресей президенті Путинмен кездесуге құлық танытпаған Оландтың  біздің елімізге келуінің өзі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем елдері алдындағы абыройын арттырғаны сөзсіз. Оланд осы сапарында Путинмен тек әуежайда ғана аз-мұз тілдесті. Сарапшылар бұл кездесуді Ресейді және оның басшысы Путинді қорлаудың бір түрі деп бағалады.

Көптеген мемлекеттердің басшыларымен қатар Еуропаның белді қайраткерлерінің Путиннен  сырт айналуының негізгі себебі – оның  өз сөзінде тұрмайтындығы болса керек. Түптеп келгенде, Путин осы әдеті арқылы дүниежүзі қауымдастығы алдында өз имиджін де қатты түсіріп алған сыңайлы.

– Кейбір саясаткерлер Украинаның Оңтүстік-шығысындағы жағдайды реттеуге  Қазақстан белгілі бір дәрежеде ықпал ете алмайтындығын айтып жүр. Бұл мәселеге сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Осыдан біраз уақыт бұрын Украинаның Оңтүстік-шығысындағы жағдайды реттеу мақсатында Астана Саммитін өткізу жоспарланған болатын. Өкінішке орай, бұл жиын кейінге шегерілді. Басқосу мәселесі қозғалғанда, Германияның мемлекеттік және саяси қайраткері Ангела  Меркель Путиннің өз сөзінде тұрмайтындығын, Минскідегі келісімді орындамағанын тілге тиек етті. Меніңше, жиынның кейінге қалуына да осы жағдай әсер етті. Және бұл – Батыстың Путинге сенбейтіндігін дәлелдеді. Сондықтан, бұл мәселеде белгілі бір тоқтам жасау қиын. Әйтсе де, жоспарланған шаралар өткізілетін болса, Украинаға қатысты мәселеге Қазақстанның ықпалы артатыны даусыз.

– Еуропалық одақ, АҚШ, Жапония сияқты дамыған мемлекеттердің Ресейге жариялаған санкциясының ықпал ету мүмкіндігі жоғары дәрежеде ме?

– Иә, Еуропалық одақ, АҚШ, Канада, Жапония сияқты бірқатар мемлекеттер Ресейге қарсы санкциялар жариялады. Бірақ жұрттың көпшілігі бұл санкциялардың пәрменділігіне күмән келтірді. Бірақ іс жүзінде осы санкциялар Ресейді бірталай сансыратып тастады.

Қарап отырсақ, Ресейдің хал-ахуалы жылдан-жылға төмендеп бара жатқаны аңғарылады. Мәселен, 2013 жылы Ресей экономикасы 1,3 пайызға өссе, 2014 жылы жарты пайызға ғана көтерілген. Ал биылғы жылы Ресей дәулеті 3-4 пайыз құлдырауы мүмкін деген болжам бар. Яғни, бірте-бірте Ресейдің экономикасы стагнацияға, ұшырайды яғни, артқа шегініп бара жатыр. Мұны бір ғана мұнай бағасының құлдырауының салдары деп топшылауға болмайды. Мұны Ресей президенті Владимир Путиннің экономикалық реформаларды уақытында жүргізбегендігінің салдары деп ұғуымыз қажет.

Бірінші «қырғи қабақ» соғыста (1945-1991жж.) Ресей (КСРО) және Варшава пакті елдерімен (Польша, Венгрия, Чехославакия, т.б.) қуатты мемлекеттер одағы  болатын болса, тап қазір «жалаңаш» жағдайда Біріккен Батыс әлеміне Екінші «қырғи қабақ» соғыс жағдайына тап болып отыр. Түптеп келгенде, Ресей өзіне жарияланған санкцияларға қарсы төзе алмауы мүмкін. Кейбір сарапшылар екі немесе төрт-бес жыл көлемінде Ресейдің құлайтындығын айтып келеді. Қалай болғанда да, Ресейдің экономикалық қуаты бәсеңдейтіні  анық. Және бұл – шындық. Сайып келгенде, осындай жағдайлар Қазақстан, Украина сияқты мемлекеттердің толықтай дербестік алуына мүмкіндік туғызады. Ал, дәл қазіргі таңда біздің Ресейге тәуелділігіміз өте биік деңгейде екендігін мойындауымыз керек.

– Жыл басынан бері Еуразиялық одақ күшіне енгені белгілі. Бұл одақ геосаяси тұрғыдан алғанда бізге сыртқы саясатты жүргізуге қандай да бір кедергісін келтірмей ме? 

– Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттер өзге елдермен сыртқы саясатты жүргізу барысында белгілі бір дәрежеде әсер ету мүмкіндігі туындайды. Меніңше, аталмыш ұйым Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымына қандай да бір тосқауыл қойып отырған жоқ. Мәселен, Батыс, АҚШ сияқты елдер бізге Кеден одағына кірмеуге үгіттеді. Еуразиялық Одақ мәселесі қозғалғанда да дәл осындай пікір білдірді. Бірақ біз олардың пікіріне құлақ асқан жоқпыз. Өзге мемлекеттермен экономикалық қарым-қатынас барысында да Ресей де бізге өз «кеңесін» айтып жатады. Қарапайым ғана мысал: кезінде Грузиядан минералды су, шарап сияқты өнімдерді және Украинаның қораптағы кәмпиттерін, мәселен, «Рошен» шоколадын алмауды айтқан. Бірақ біз өз ұстанымымызда қалып, аталған елдермен сауда қарым-қатынасын аздап қысқартсақ та, жалғастыра бердік. Қарап отырсақ, Қазақстан Ресейді бірде тыңдаса, бірде тыңдамайды. Өз кезегінде, бұл біздің шалаегемендік саясатын жүргізіп отырғандығымыздың көрінісі.

Қазақстан Кеден одағына да, Еуразиялық одаққа кіргенде де үлкен үміт күттік. Одақ аясындағы мемлекеттермен қиындықсыз сауда қарым-қатынасын жасау арқылы экономикамыз өрлейді деп ойладық. Алайда дәл бүгінгі күні сол одақтардың тиігізіп жатқан пайдасы шамалы. Бір ғана Ресеймен сауда қарым-қатынасын саралап қарасақ, ұтқан тұсымыздан гөрі ұтылған жағымыз басым. Ресеймен байланыста кейбір қателіктерді қайталап жатқандығымыз біздің сауаттылығымызды көрсетпесе керек. Мәселен, 1998 жылы рубльді құлату арқылы Ресей біздің елімізге экономикалық түрде «сауда экспансиясы»  саясатын жүргізді. Нарық принципінде ол таза сауда ретінде есептелмейтінін ескерсек, Ресейдің тек өз қамын көбірек ойлайтындығын аңғарамыз. Биылғы жылы да рубль құлаған тұста өздерінің өтпей жатқан автомобильдерін, электротауарларын, тері, елтірі бұйымдарын саудалауға көшті. Қазақстандықтар арасында біреудің қаңсығын таңсық көретіндердің қарасы көбейді. Есесіне, бұл жағдай отандық автомобиль өндіруші зауыттарымыздың жұмысының алға жылжуына айтарлықтай кедергі келтірді. Негізінен, Ресеймен саудалық қарым-қатынас біз үшін тиімсіздігін көрсетіп келеді. Өйткені, олар бізге тауарларын қымбат бағада берсе, керісінше, біз арзан бағада шикізат ұсынамыз. Ақыр аяғында қарыз болып қаламыз. Бұл үрдіс қашанға дейін жалғасатынын кім білсін?! Жалпы, біз Ресейдің киносын, кітаптарын, ақпарат өнімдерін, яғни, Ресейдің мәдениет, кинематография, баспасөз, әдебиет салаларын өз қалтамыздан қаржыландырамыз. Ал біздің тауар кеденде өтпей жатады. Ерегіскен орыс кедені бізге кеден соғысын жариялағандай. Біресе «ащы соғыс» –Қазақстанның арағын жібермеу, «қызыл соғыс» – біресе етін жібермеу сияқты… Сөйтіп жүріп біз әлі Дүниежүзілік Сауда ұйымына да кірмеппіз. Бұған келгенде бізге қарағанда, ептілеу көрінетін Тәжікстаннан сабақ алғанымыз жөн сияқты.

Әлемдік саясатқа көз сала отырып, бізге қазіргі таңда қандай бағыт ұстанған жөн.

– Президент Назарбаев алдағы екі жылдың көлемінде түрлі қиындықтардың орын алатындығын мәлімдеді. Кез-келген мемлекетке әлемдегі саясат өзіндік ықпалын тигізетіндіктен, қандай сынға болсын төтеп бере алатындай мүмкіндігіміз болуы керек. Өйткені, алдағы уақытта кейбір әлсіз мемлекеттер жер бетінен жоғалып кетуі де мүмкін деген болжам бар.

Осындай өліара шақта бізге «сен тимесең, мен тимен бадырақ көздің» керімен тып-тыныш отыра беруге де болмайды. Әлемнің барлық елімен тығыз  қарым-қатынас жасау – саған да жақсы, маған да жақсы болғанымен, «жау жоқ деме жар астында» екендігін де естен шығармағанымыз абзал. Сондықтан да, Қазақ елі өзінің қарулы күштер қызметінің қауқарын одан әрі арттыра түскені жөн. Және қару диверсифкациясы керек. Яғни, қару алуды әртараптандыру қажет. Біздің әскерлеріміз дүниежүзілік стандартқа және тәжірибеге сай болуға тиісті. Қандай жағдайға да қарсы тұрарлық пәрменіміз болмаса масқара емес пе. Демеск, біріншіден, әскеріміз далада ғана емес, бүгінгі заман талабына сай қалада шайқасудың әдіс-тәсілдерін жетік меңгеруі керек.

– Қазақстан халқы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуге қызу дайындықты бастап та кетті. Тарихшы ретінде айтыңызшы, айтулы шараны тарихи мән-маңызы жоғары дәрежедегі іс-шара етіп өткізу үшін қандай ұсыныс-тілектеріңіз бар?

– Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту  қарсаңында біз өткенге бір сәт көз жүгіртіп, тарихымызды саралап алсақ артықтық етпес еді. Өйткені біздің тарих Кеңестік тұрғыда жазылғандықтан орысшыл тарих. Біздің Қазақстан тарихы сал ауыруға адам адамның тарихына көбірек ұқсайды. Мәселен, бүгінгі жас ұрпақтың оқып жүрген Қазақстан тарихы оқулықтарында Қазақ хандығының пайда болғаны айтылады да, артынша ыдыраудың белгілері жазылады. Бұл дұрыс емес. Сондықтан да бізге дербес мемлекет ретінде, Ресейді қатыстырмай, тарихымызды өз алдына қайта жазуымыз керек. Ұлтты кемсіту – сол ұлттың шығармашылық мүмкіндігін төмендету болып табылады. Дәл осындай жағдай орыстың өз басында да болған. Көне заманда орысты мемлекет дәрежесіне көтеріп, көгеткен нормандар. Бертініректе орыс мемлекетін дүркіреткен  немістер тіршілігі. Кейін орыс билігінде болған немістер де қарап қалмай, бәрін істеген немістер мен нормандар  деген болатын. Қазаққа келгенде де, орыстар қазақ халқын дәрменсіз ұлт ретінде көрсеткісі келеді. Қарап отырсақ, қазақ тарихында халықты шатастыратын деректер көп. Өз елімізде де қазақтың тарихын кемістетін зерттеушілер пайда болды. Мәселен, кейбір зерттеушілердің еңбектерінде Кенесары жасағының 1200 екені жазылады. Сонда оның 800-і қырылып қалса, 400-ақ адам қалғаны ма?!.

Қазақ хандығының 550  жылдығының қарсаңында өз тарихымызға қатысты біраз әрекеттерді жүйелеп, қайтадан бағалап, салмақтап барып, тарихи көп томдық кітаптар шығаруды қолға алуымыз керек. Биылғы жылы өткізілетін конференцияларда да тарихымызға қатысты тың деректер айтылуы керек. Бізге өз ұлтымыздың төл тарихының бұрмалануына жол бермеу қажет.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚ

 

 

 

3 ПІКІРЛЕР

  1. Қандай мәселе болсын өз пікірін терең түсідіретін қабілетін ескере отырып,саясаттанушы Әзімбай ҒАЛИ мырзаға тақырыптан тыс Қазақстанға ажал стансасы – АЭС салуға көзқарасын білгім келіп еді.Неге Ресей біздің Екібастуз ТЭСтерімізден алып жатқан электроэнегриямыздың орнына, өз жерінде АЭС салмайды? Біздің энергетиктер көмірді өзіміздің ТЭС терімізге тасымалдау қымбатқа түседі деп қарсылық айтуы мұмкін. Неге біз көмірді байытып тасымаймыз. Тасымалдау шығыны азаяр еді.Басқа да жаңа технологиялар жетерлік қой. Әзімбай ҒАЛИ мырза оқып шығыңызшы:Төменде «Қалам мезгіл» республикалық қоғамдық-саяси газет тінің 22 01.2015 жылғы санында жалияланған, Мадина Жәлелқызының «Чернобыль мен Фукусима Қазақстанда АЭС салғысы келетіндерге неге сабақ болмайды ?!» атты мақаласының қысқартылған мәтіні.
    Өткен аптада қазаққа тағы бір қатерлі жоба, құны 5 миллиард доллар болатын, АЭС салуға парламент келісім берді. Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсығалиевтің мәлімдеуінше Курчатов қаласында салынатын АЭС-тің қуаттылығы 300 бен 1200 МВт аралығындағы ВВЭР типті реактормен жабдықтайтын болды. АЭС-тің қызмет ету мерзімі – 60 жыл. АЭС 2025 жылы іске қосылмақшы.

    Әлем бас тартқан АЭС бізге керек пе?

    Кезінде,Венесуэла президенті Уго Чавес ресейлік атом энергиясынан бастартатынын мәлімдеген. Себебі АЭС-тен халыққа келетін қауіпі тым үлкен.Алайда, біздің билік АЭС салуды еліміздегі электр қуатының тапшылығын болдырмаумен түсіндіреді.
    Біріншіден, халқымыз уранның зардабын әлі күнге дейін сезініп отыр. Екіншіден, бүл станцияны салу шетелдік мамандарға жүктеледі. Басқа елдерді алсақ, Германия үкіметі 2011 жылы 8 ескі атом реакторын жаүып, 2022 жылға дейін атом энергиясынан біржола бас тартады. Австрияда 1985 жылы құрылысы аяқталған АЭС іске қосылмады. Себебі, стансаны іске қосу Еуропаны апатқа ұшыратып, радиоактив араласқан Дунайдың суы тіршілікті жоятыны анықталған.
    Ал бізде, бас атомщик Владимир Школьник «Қазақстанда жарылмайтын станция» салынатынын айтумен келеді.
    Сарапшы Николай Куполаевтың пікірінше АЭС-тердің, қоршаған орта мен адам денсаулығына төндіретін қаупі сол күйінде қалады. «Ең бастысы – мұнда адам факторынан құтылу мүмкін емес. Сондықтан АЭС жүз пайыз қауіпсіз деп ешкім айта алмайды» дейді. Өз жумысын аяқтаған АЭС-ті жай ғана қауіпсіз ұстап тұру үшін жыл сайын миллиардтаған қаржы керек. Ресей мен Қазақстаңның мамандары, АЭС те апатты жағдай болдырмайды, болған жағдайда одан алып шығады деп сене алмаймыз.
    Ал «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізовтің айтуынша, «бізге АЭС салу еш керек емес. Бізде жел де, кун де. жердің астындағы ыстық су да бар. Жел энергиясын дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Оларды пайдалансақ, бізге ешқандай АЭС қажеттілігі туындамайды. Қытайлықтар желді өте тиімді пайдаланып келеді. Тіпті бізге БҰҰ-ның өзі жел стансасын тегін салуға ұсыныс жасаған.
    Атом электр станциясынан келер зиян өте көп. АЭС салу көп ақшаны қажет етеді,оған жемқорлықты қосыңыз. АЭС ке террористер шабуыл жасауы мұмкін. АЭС-тен пайда болатын қалдықтардың зиянын қалай жоюға болатындығы анықталмай отыр. Бірнеше мемлекеттер пайдаланатын, құны өте қымбат-екі миллиард доллар тұратын ядролық отын банкін біздің территорияға орналастыруды мүлде түсінбеймін. Елімізді қоқыс жәшігіне айналдыратын отынды біз мыңжылдықтарға дейін сақтауымыз мүмкін. Бұл өте қауіпті. Бір сөзбен айтқанда, АЭС бізге керек емес» деп түсіндірді.
    Жабылған Семей, Азғыр атом полигондарынан және уран өндірісіміздегі қауіпсіздік шараларының орындамау салдарынан жапа шегіп отырған елімізде, әлгіндей банкті орналастыру қисынсыз дүние емес пе! Экологиялық апатты аймақтарға жататын бұл өңірлерде дауасыз дертке шалдыққандар, кемтар балалар мен түсік тастаған аналардың саны адам шошырлық.

    ҚАЗАҚСТАНДА АЭС САЛУДЫҢ ҚАЖЕГПЛІП ЖОҚ

    Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда энергия тапшылығы әр өңірде әрқалай сезіледі. Елдін солтүгінде энергия артык болса, онтустігінде керісінше энергия тапшылығы сезіледі. Қазақстанда барлық элеқтр станциялары 20000 МВт қуат шығарады. Энергияның басым бөлігін жылу электр станциялары береді, тек 12 пайызы ғана су электр станцияларының үлесінде. Елде электр энергиясының 72% – көмірден, 12,3 % – су ресурстарынан, 10,6 % – газдан, 4,9 % – мұнайдан өндіріледі. Саясаттанушы Расул Жұмалының ай-туынша, Қазақстанда АЭС салу біздің экономикалық жағдайымызды, табиғи ре-сурстарымыз, халықтың саны, халықтың орналасу тұрғысынан ескерсек, түкке де қажеті жоқ жоба. «АЭС салатын Жапония,Қытай, Франция, Германия, Ұлыбритания мемлекеттерге қарасақ, олардың жер көлемі аса үлкен емес, халқынын саны көп, Балама электр қуат көздері өте тапшы мемлекеттер. 17 милион халқы бар, халқының орналасу тығыздығы төмен Қазақстанға бұл станцияның қажеті шамалы. Елімізз табиғи қорларға бай мемлекет. Атом мамандары өте мықты деген Жапонияның өзінде Фукусима АЭС інде үлкен апат болды.
    Кезінде Қазақстанда АЭС салу Балқашта, Маңғыстауда. Семейде, Жезқазғанда салу жобалары болған еді. Халық көтеріліп, мораторий енгізілген еді. Бұл мәселелердің барлығын көтеріп отырған Ресейдің «Росатомпромы». АЭС салу арқылы Қазақстанды өздеріне тәуелді ету,әрі өздерінің қаржылық жағдайын көтеру. Бұл көп күдік тудыратын мәселе. Чернобыль апаттарын еске түсіріп, бізге ойлану керек. Дәл қазіргі жағдайда елімізге жақын 50-70 жылдықта АЭС түкке де қажеті жоқ. Ең бастысы, өзіміздің қуат көздерін тиімді пайдалану мәселелерін тиімді жолға қоюымыз керек.
    Ресейде энергия тапшылығы күн өткен сайын артуда. Қазақстанда электр энергиясының жетіспеушілігі бар ма? Әрине, жоқ. Міне, осы жайттарға қарап, атом электр стансасы біздің елге емес, Ресейге қажет екенін көруге болады.
    Халықаралық сарапшылар Қазақстанда» 8 миллион «тонна жоғары регдиоактивті және 225 миллион тонна төмен активті қалдықтар төгілген 529 орын бар екенін айтып отыр. Бул жерде 3 миллионнан астам қазақ өмір сүреді. Оған Арал маңындағы 1 миллион халықты қосыңыз. Яғни 17 миллион халықтың терттен бірі апаттың үстінде. Чернобыль апатынан кейін 600 мың құтқарушының 10%-ы көз жұмған, 165 мыңнан астам адам мүгедекке айналған.
    Алайда, осы айтылған жағдайларды еске ала отырып, АЭС салуға мемлекет тарапынан құлшыныстың қажеті жоқ демекпіз.

  2. Әзімбай ҒАЛИ мырзаның мақаласы байыппен жазылған.Біз үшін ең басты қауіп Ресей болып тұр.Халқының басым көпшілігі шовинизмге шалдыққан.Біздің ішкі жағдайымызға, Ресей БАҚтарының ірітушілік ықпалы күшті.Ресей шамалары келсе экономикамызға отарлық орнатпақшы, аржағы айтпаса да түсінікті.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз