ЕУРОПАНЫҢ БАСТЫ УАЙЫМЫ НЕ?

марш Осыдан біраз жыл бұрын Самюэль Хантингтонның «Өркениеттер қақтығысы» атты еңбегіне күмәнмен қарағандар көп еді. Өйткені, әртүрлі өркениеттердің соғысуын ешкім қаламаған. Алайда, әлемге бір назар салып қарайтын болсақ, мәдениеттердің текетіресін ашық байқайтынымыз анық. Жуырда Еуропа әлемді бір дүрліктіріп тастады. Францияда орын алған жағдай бүкіл кәрі құрлықты аяғынан тік тұрғызғандай. Бүкіл әлемнің назарын өзіне аударған атышулы бұл оқиғаны талқыламаған ел де қалмады. Иә, рас, мұсылман әлеміне тағы да қара күйе жақпақшы болғандар табылды. Тіпті, асырып жібергендерін де мойындау қажет. Өйткені, адамзатқа жіберілген соңғы пайғамбарды мазақ ету барлық мұсылмандарды қорлау, мас­қаралаумен тең қабылданды. Осыған орай, Түркия премьер-министрі Ахмет Давутоглу Франциядағы сатиралық «Charlie Hebdo» журналының Мұхаммед пайғамбарды тағы да карикатуралауын «үлкен арандатушылық» деп атады. Ол: «Сөз бостандығы тіл тигізу бостандығы дегенді білдірмесе керек. Біз пайғамбарға тіл тигізуге жол беріп тұра алмаймыз» деді Давутоглу қаңтардың 15-інде Анкарада ақпарат құралдары алдында. Қаңтардың 7-сінде Парижде «Charlie Hebdo» журналы редакциясына қарулы үш адам шабуыл жасап, 12 адам мерт болған. Қаза тапқандар арасында басылымның бас редакторы мен карикатурашылары да бар. Қарулы адамдар шабуылды журналдың Мұхаммед пайғамбарды карикатураға шығарғаны үшін кек алған­дарын айтқан. Шабуылдан кейін Парижде күдіктілерді ұстау операцияларында тағы бес адам қаза тапқан. Журнал редакциясы қаңтардың 14-інде шабуылдан кейінгі алғашқы санында Мұхаммед пайғамбардың кескінін қайта басып шығарған. 3 миллион данамен тараған тираж мұқабасында Мұхаммед пайғамбардың қолына «Мен Чарлимін» деген жазуы бар плакат ұстап, қайғырып тұрған бейнесі басылған. Картина тақырыбы «Барлығы кешірілді» деп аталады. Түркияның оппозицияшыл «Cumhuriyet» басылымы шабуылға дейін журнал карикатуралары мен мақалаларын көшіріп басып келген еді. Бірақ бұл жолы «Cumhuriyet» журналдың шабуылдан кейінгі санын көшіріп баспаған. Ал Ауғанстанда «Талибан» қозғалысы «Charlie Hebdo-ға» жасалған шабуылды мадақтап, журналдың пайғамбарды карикатуралағанын «ерсі әрекет» деп атады. Осы жөнінде пікір айтқан мамандар көп болды. Мысалы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин да осы уақиға жөнінде өз пікірін ортаға салды. Саясаттанушының айтуынша, Еуропада адамдар нәсілшілдік секілді дүниелерді байқап қалса, қатаң сынап жатады. Осыдан үш-төрт жыл бұрын жарияланған карикатураны шынымен де шығармашылықтың көрінісі ретінде қабылдауға болар еді. Алайда, сол кезде де қарсылық акциялар, шерулер өткен болатын. Дегенмен осыншама қарсылықты көре тұра, оны қайта жариялау бұл арандатушылық сияқты қабылданды. Сондықтан да мұны қолдау қиын. Оның үстіне бұлар шағын ғана топ емес» деп мәлімдеп отыр. Журналистердің өлімінен соң Еуропада Исламофобия өршіп кетпей ме? Жуырда Францияның Париж қаласында миллиондар маршының өткенін білеміз. Оған Еуропаның көшбасшылары түгел қатысты. Германияда да исламдануға қарсы акциялардың өтіп жатқандығынан хабарымыз бар. Осыған байланысты телеарна, радиоларда да қызу пікірталастар жүріп жатыр. Мұның арты қалай болмақ деген пікірге саясаттанушы «Осындай шиеленістер орын алған кезде, белгілі бір радикалды топтардың шығатыны белгілі. Өздеріне ұпай жинау мақсатында иммигранттарға қарсы ұрандардар көтеріп, әртүрлі бастамалар, шектеулер енгізіп күш жинағысы келеді. Ал, ол өз кезегінде мұсылмандардың қарсы бастамаларына жетелейді. Бұл жағдай Еуропада талай айтылып келген көпмәдениеттіліктің Еуропалық концепциясының дағдарысқа түскендігін көрсетіп жатқандай әсер қалдырады. Яғни, олар бір жағынан демократия, либерализмнің бәріне тең екендігін жарияласа, екінші жағынан, кейбір азаматтардың іс жүзінде құқықтарының тең емес екендіктерін байқатып отыр. Яғни, саяси риторикада бір жағдай болса, саяси практикада екінші жағдай көрініс береді. Жағдай ушығуы ықтимал Ерлан Қарин Еуропадағы әртүрлі күштер мен саяси тұлғалар осы оқиғаны өз мақсаттары үшін пайдаланып жатыр дейді. «Әрине, бұл жерде бір мүдделілік бар секілді. Осыған дейін мигранттармен ұштасып жатқан кез-келген мәселеде Еуропа үкіметтері жаңа бастамалар қабылдайын десе, қарсылыққа тап боламыз деп қорқып жүрген еді. Енді осы жағдайды олар зор мүмкіндік ретінде қарастырып отыр. Керісінше, олар осы жағдайды ушықтырмауға көп күш салуы керек» деп ойлаймын. Әрине, Еуропаға ағылған мигранттардың келуін шектеуге қатысты заңдар талай мәрте қабылданған. Алайда, мигранттар түрлі жолдармен Еуропаның есігін қиындықсыз ашуда. Сириядағы мәселе де өзекті Сирияға адамдар әртүрлі мақсатпен кетті. Ең бірінші фактор ретінде мен жаһандану үрдісін атаушы едім. Шыны керек, қазір жастарды ғаламтор тәрбиелеп жатыр. Сирияға әртүрлі дамыған елдерден кеткен азаматтар да бар. Сондықтан да көпшілігі Азия, Еуропа, Америка, Канададан кеткендер. Сирия – Ирак аумағына аттанғандардың көбісі ғаламтордағы материалдардың ықпалына түсіп қалғандар. Бір ғана 2014 жылы Франция мен Германиядан 500-600 адам соғысқа кеткен болса, жылдың аяғына қарай олардың саны мыңнан асып кеткен. Шартты түрде біз оларды үш топқа бөлеміз. Бірінші топтағылар көбінесе, қаржылық жағдайларына байланысты қашып, немесе қарызға батып, жұмыс іздеп жүрген азаматтар. Екінші топтағы адамдар олар алданғандар. Діннің жолында жүрген, алайда, терең діни білімі жоқ, басқа адамдардың уағыздарына сеніп барғандар. Олар Сирияны нағыз шариғат жолымен өмір сүріп жатқан мемлекет деп ойлаған. Үшінші топтағы адамдар олар – фанатиктер! Өткен жылы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің өкілдері Қа­зақстан аумағынан 300-ге жуық азамат Сирияға аттанған деген ақпарат берген. Сарапшылар­дың дерегінше, ол азаматтардың 70 пайызы мерт болуы ықти­мал деп отыр. Қалай дегенмен де, ол жақта соғыс жүріп жатыр. 2015 жылдың қаңтарынан бастап, Қазақстанның кез-келген азаматы сыртта жүріп соғысқа араласатын болса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Заң қатал. Сыртта жүріп қолыңа қару алсаң бітті. Сотталасын. Алайда, менің жеке пікірім ретінде мынаны айтқым келеді. Әрине, қолына қару алғандарға емес, алданып барып қалған азаматтар елге қайтып келіп, қателескенін мойындап жатса, оларға рақымшылық жасау керек те шығар деп ойлаймын» деп ағынан жарылды. Сейілбек АСАН