Мәслихат депутаты мәжілісмендерді "аспанға ұшпай, жерге түсуге" шақырды

Шымкентте облыстық мәслихат депутаты автокресло туралы заңды қабылдаған Мәжілістегі әріптестерін аспаннан жерге түсіп, халықтың қамын ойлауға шақырды.

Мәслихат депутаты мәжілісмендерді Бұл туралы ТВК арнасы хабарлайды. 20 қаңтардан бастап Оңтүстік Қазақстан облысындағы жол полицейлері автокреслосы жоқ көліктерге айыппұл сала бастады. Осыған орай, облыстық ІІД басшысымен кездесу өткен болатын. Жиын барысында генерал-майор Асқар Оспанов автокреслоның болуы өте дұрыс екенін айтты. "Автокресло дамыған және дамушылар қатарындағы 80 мемлекетте қолданылады. 1 қаңтардан бастап біз Еуразиялық Одаққа мүше болдық. Наурызда одақ құрамына Қырғызстан қосылады. Ал олардың автокресло пайдаланғанына 4-5 жыл болды. Қазақстанда 4 миллионға жуық жеңіл автокөлік бар. Солардың 1 миллионға жуығы автокресло орнатуға міндетті!", - деді Оспанов. Алайда, басшының бұл пікірімен Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Өмірзақ Мелдеханов мүлде келіскен жоқ. "80 елге жетуге тырысамыз ба? Біздің менталитетімізді ұмытпаған жөн. Еуропада бір отбасында әрі кетсе 2 бала болады. Ал бізде көпбалалы отбасылар көп. Немесе шетелдік көлікті алайықшы: қымбат көлікте автокреслоға арналған орын қарастырылған, халықаралық стандартқа сай бәрі. Бірақ, елде барлығы да осындай қымбат көлік мініп жүрген жоқ", - деді Мелдеханов. Мәслихат депутатының пікірінше, қазақстандықтарға миллионға жуық автокресло сатып алу керек. "Осыдан кейін халықтың қалтасынан қанша ақша кететінін ойлаңыз! Ел арасында нанға ақша таба алмай жүргендер қаншама! Сондықтан, Парламентте отырып, осындай заң қабылдайтын депутаттарға сәлем жолдаймын. Аспанда ұшып жүре бермей, халықтың қажетіне жарау керек", - деді ол. Сонымен қатар, Өмірзақ Мелдеханов мемлекеттік бюджеттен ақша бөліп, облыстағы әрбір көпбалалы отбасыға бір автокресло алып беруді ұсынды.

Источник: NUR.KZ