АҒАЙЫНДЫ ЕКІ ЕЛ НЕГЕ АЛАУЫЗ?

Мемлекеттің географиялық орналасу жағдайы сол елдің «мінезіне» де ықпал ететін көрінеді. Мұны көптеген халықаралық сарапшылар да айтып жүр. Бұл пікір негізсіз де емес. Өйткені, өзіміздің орналасу жағдайымызға қарасақ, терістігіңде – Ресей, күншығысыңда алпауыт Қытай жатыр. Оңтүстікте қалың өзбек отыр. Ол да осал «жау» емес... Сөзімізді әріректен бастасақ. Жуырда Ислам Кәрімов Өзбекстанның КСРО тәріздес одақтарға ешқашан кірмейтінін мәлімдеді. Құдайы көршіміздің мұндай бағытын сарапшылар әртүрлі бағалап жатты. Осындайда, ағайынды екі ел – қазақ пен өзбектің неге ортақ ұстанымдары жоқ деген сұрақтың туындайтыны өз-өзінен түсінікті. Қазақстан мен Өзбекстан тәуелсіздік алған жылдардың басында бір-біріне үміт артты, сенді. Ол кезде жағдай тіпті басқаша еді, «жау жағадан алғанда, бірімізді-біріміз қорғаймыз» деп те өзара уағда да байласты. «Айтылған сөз – атылған оқ» – жүздеген халықаралық құжаттарға қолдар қойылды. Дәл сол уақыттарда, қазақ пен өзбек жаудан бірге қорғанатын болып келісіп алды. Дегенмен, бәріне төреші – уақыт. Арада жылдар өтті, бірақ жағдай біз күткендей болмай шықты. Шекарадан талай шу шықты, өзбек әскері қазақ азаматына қару кезенді. Осылай күндер өте берді. Екі ел арасындағы жағдай ушықпаса, жақсармады. «Түркістан шарты» елеусіз қалды ма? 1992 жылы Н.Назарбаев пен И.Кәрімов Түркістан қаласында кездесті. Президенттер Әзірет Сұлтан әулиеге тағзым етіп, Тайқазанға байғазы тастап, кесене ішіндегі құдықтан дәм татты. Содан кейін барып тәуелсіз екі мемлекет арасындағы келісім-шарттарға алғаш рет қол қойылды. Құжат енді тарихта «Түркістан шарты» деген атпен қалады деп келісті екі жақ. Осынша аса маңызды құжаттарға қол қою рәсімі неге Алматыда немесе Ташкентте өтпеді деген заңды сұрақ туады. Оған жауапты Қазақстан Президенті Н.Назарбаев берді. «Ежелден еншісі бөлінбеген, іргесі сөгілмеген екі тәуелсіз елдің достығына, ынтымақтастығына берік негіз қалайтын аса маңызды құжатқа қол қойылды. Мұндай тарихи оқиғаның не Алматыда, не Ташкентте емес, киелі Түркістан шаһарында, екі халыққа бірдей қастерлі Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің іргесінде өтуінде үлкен мән бар. Сонау алыс замандардың өзінде де біздің бабаларымыз тарихтың шешуші кезеңдері мен сын сағаттарында осы арада бас қосып, болашақ жөнінде осы арада пәтуаласқан. Күллі шығыс әлеуметі имандай ұйыған ұлы ғимараттың ішінде айтылған серт пен уәдеге болаттай берік болған. Өз кезегінде И.Кәрімов: «Біз бір дариядан су ішіп келе жатқан, тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрлері, мақсаттары ортақ халықтармыз. Ұлы Жібек жолымыз да бір болған. Ән-күйге құштар жүректеріміз де бірге соққан. Тарихтың қиын-қыстау қараңғы түндерінде де, қызығы мол қуанышты күндерінде де бірге болғанбыз. Біз бұдан былай да өз тағдырымызды, бақытымызды бірлесіп жасайтын боламыз. Нарықтық қатынастарға көшуімізге, тәуелсіздікке қол жеткізуімізге байланысты ортақ қиындықтарымыз да, алаңдатарлық проблемаларымыз да аз емес. Оларды біз өзара ынтымақтастықты күшейту арқылы ғана жеңіп шыға аламыз. Біз бір-бірімізге әрқашан керек халықтар болып келдік, қазір де керекпіз, бұдан былай да керек бола береміз. Мұны ұмытуға ешқандай хұқымыз жоқ! Басқаша ойлаған адам қатты қателеседі. Біз, Түркістандағы бес республика, бір-біріміздің өзара көмегімізге, тіпті, өте-мөте мұқтажбыз. Біздің бүгінгі кездесуіміз және қол қойылған Шартымыз сол ауызбірліктің берік іргетасын қалайды деп үміт етуге барлық негіз бар. Қазақ және өзбек халықтары тарихы жағынан да және бүгінгі тағдыры жағынан да жақын, бірінің үйіне бірі барып, тойларын бірге тойласып, құшақтары айқасып, өзара күн нұрындай сіңісіп кеткен» деп ағынан жарылған еді. Екі елдің басшылары бұл Шартта өзара тиімді екі жақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуға айрықша назар аударған еді. Мұның өзі ең алдымен ежелгі Тұран, яғни, Орталық Азия аймағындағы, қала берді Еуропа мен Азия ауқымындағы экономикалық кеңістікті қалыптастыруда шешуші қызмет атқарады. Осы мақсатта біз бір-бірімізге қолайлы жағдайлар жасауға ұмтыламыз. Барлық деңгейде өзара тиімді экономикалық және сауда қатынастарын жолға қойып, біріміздің жоғымызды біріміз толықтырып отыратындай тындырымды істерге кеңінен жол ашамыз» деп уәделескен болатын. Әрине, бұл сөздер сонау тәуелсіздік алған жылдардың басында айтылды. Арада қаншама жылдар өтті. Бірақ екі ел берік байланыс орната алды ма деген сұраққа көпшілік жоқ деп жауап қатар еді. Біздің аймақты зерттеуші ғалымдар қазақ-өзбек қарым-қатынастарында кездесетін негізгі проблема ретінде екі ел басшыларының аймақтық лидерлікке таласуын келтіріп отыр. Біздің ойымызша, бұл қате пікір. Өйткені, аймақта Қазақстан да, Өзбекстан да лидер емес. Олар туысқан елдер. Лидерлік ойдан шығарылған дүние. Мемлекеттерді әдейі бір-біріне теріс қою үшін АҚШ пен Еуропа ғалымдарының ойдан шығарған қауіпті теориялары. Мысалы үшін американдық танымал саясаткер Збигнев Бзежинский өзінің «ұлы шахмат доскасы» атты еңбегінде Өзбекстанды Орталық Азиядағы ең мықты ел, әрі сөзсіз лидер деп бағалайды. Дәл осы еңбектен соң, Орталық Азиядағы көшбасшылыққа бақталастық жайы көп айтыла бастайды. Бұл пікір өз кезегінде американдық профессорлар тарапынан қолдау тауып, батыс баспасөзі әдейі ушықтыра бастағандай. Өз кезегінде, 2000-шы жылдардың басында қазақ және өзбек баспасөздерінде Орталық Азиядағы негізгі көшбасшы немесе ең дамыған ел кім? – секілді еңбектер жазыла бастайды. Мұндай мақалалар мемлекеттер арасына салқындық түсірді. Осындай жалған пікірлерге сенген екі ел бірін-бірі мойындамайтын жағдайға бір-ақ шыққандай болды. Енді олар өздерін аймақтағы негізгі лидер бізбіз деп ойлап жүр. Әрине, құдайы көршіміз Өзбекстан туысқан ел болғандықтан, ортақ тарихымыз бар, мәдениетіміз бір-біріне қатты жақын. Бұл жөнінде жоғарыда Ислам Кәрімовтің сөзін де келтірдік. Дегенмен, бүгінгі таңда ортақ тарихты жазуда екі елдің ғалымдары ортақ ұстанымдарға келуде деген пікірге тіпті сену қиын. Өйткені, тарихты әркім өз қалауынша меншіктеп жатқандай көрінеді бізге. КСРО дәуірін мадақтау фактілері байқалады Екі ағайын ел өз жолын бірге көрмеді. Қазақстан өз болашағын Ресеймен бірге көр­гісі келсе, Өзбекстан өз орнын әлі таппаған секілді. Бұған дейін АҚШ Өзбекстанда өз базасын ұстады. Соңында американдықтарды да қуып шықты. Енді міне, АҚШ-пен бірге болайын десе, опық жеп қалуы мүмкін, Ресейді де жақтырмай отыр. Есесіне, Қытаймен миллион доллар тұратын келісім-шарттарға қол қойды. Көп пайдаға кенелеміз деп отыр. Алайда, біздің айтайын дегеніміз бұл емес. Ислам Кәрімовтің «Өзбекстанның бұрынғы КСРО тәріздес одақтарға ешқашан кірмейді» деген мәлімдемесінде көп сыр жатқандай көрінеді бізге. Өзбек басшысының кімді және нені меңзегенін түсіну қиын емес секілді бұл орайда. Әрине, ол Еуразиялық экономикалық Одақ жайлы айтып отыр емес пе? Бұл одақта Ресейдің пайдасы іске асатынын Ислам Кәрімов бірнеше рет айтқан болатын. «Бізде халықтың арман-мүддесіне жауап беретін өз даму жолымыз бар. Мен ондай өткенге қайта оралу болмайтынын тағы бір мәрте мәлімдегім келеді. Өзбекстан КСРО тәріздес одақтарға ешқашан кірмейді. Қазіргі таңда кейбір елдерде одақтық мемлекеттің кеңестік ескі жүйесіне қайта оралу талпыныстары қабылданып жатқанын және кейбір шетелдік телеарналарда лениндік және сталиндік кездерді, КСРО дәуірін мадақтау фактілері байқалады. Бізге ондай тәсіл тиімсіз» деп ел парламентінің қайта сайланған заңнамалық палатасының бірінші отырысында айтыпты. Әрине, Өзбекстан мен Қазақстанның өз даму жолы басқа. Алайда, тәуелсіздік­тің алғашқы жылдарында екі ел болашағымызды бірге көреміз деп бір-біріне уәде берген еді. Дегенмен әртүрлі себептерге байланысты Орталық Азиядағы басқосуларға Ресей араласа берді. Осы ретте, қазақ-өзбек қарым-қатынастарында Ресей факторының бар екендігін ешкім жоққа шығара қоймас. Өзбекстанның Ресеймен бірге болғысы келмейтінін толықтай аңғардық. Енді, бізге не істеу қажет! Бастапқыда «жау жағадан алғанда» бірге боламыз дедік, бір-бірімізге қажетпіз деп те айттық. Ал, енді отырмыз қарапайым су мәселесін дұрыс шеше алмай. Сөзімізді қорытқанда, Қазақстан мен Өзбекстан бір-біріне бәсекелес мемлекеттер болмауы тиіс деп ойлаймыз. Өйткені, көшбасшылыққа талас ешкімге пайда әкелмейтіні де анық. Қазақстанда өзбек ұлтының үлкен диаспорасы тұрады, ал, Өзбекстанда да қазақ ұлтының үлкен диаспорасы бар. Сондықтан да екі ел арасындағы шекара мәңгілік ашық тұруы тиіс деп ойлаймыз. Сөзіміздің басында мемлекеттің географиялық орналасуы оның мінезін анықтайды дедік. Рас, Өзбекстанға Қытай да, Ресей де қауіпті емес. Жалтақтайтын ешкім жоқ. Сондықтан да кез келген мәселеге байланысты мәлімдеме жасағанда пікірлері бүкпесіз, ашық. Халықаралық ұйымдарға қаласа кіреді, қаласа шығады. Дегенмен де мына заманда түркі халықтарының мақсаттары ортақ, бір-біріне демеу болулары тиіс. Сейілбек АСАН