АҒАЙЫНДЫ ЕКІ ЕЛ НЕГЕ АЛАУЫЗ?

13
2694

Мемлекеттің географиялық орналасу жағдайы сол елдің «мінезіне» де ықпал ететін көрінеді. Мұны көптеген халықаралық сарапшылар да айтып жүр. Бұл пікір негізсіз де емес. Өйткені, өзіміздің орналасу жағдайымызға қарасақ, терістігіңде – Ресей, күншығысыңда алпауыт Қытай жатыр. Оңтүстікте қалың өзбек отыр.
Ол да осал «жау» емес…

Сөзімізді әріректен бастасақ. Жуырда Ислам Кәрімов Өзбекстанның КСРО тәріздес одақтарға ешқашан кірмейтінін мәлімдеді. Құдайы көршіміздің мұндай бағытын сарапшылар әртүрлі бағалап жатты. Осындайда, ағайынды екі ел – қазақ пен өзбектің неге ортақ ұстанымдары жоқ деген сұрақтың туындайтыны өз-өзінен түсінікті.
Қазақстан мен Өзбекстан тәуелсіздік алған жылдардың басында бір-біріне үміт артты, сенді. Ол кезде жағдай тіпті басқаша еді, «жау жағадан алғанда, бірімізді-біріміз қорғаймыз» деп те өзара уағда да байласты. «Айтылған сөз – атылған оқ» – жүздеген халықаралық құжаттарға қолдар қойылды. Дәл сол уақыттарда, қазақ пен өзбек жаудан бірге қорғанатын болып келісіп алды. Дегенмен, бәріне төреші – уақыт. Арада жылдар өтті, бірақ жағдай біз күткендей болмай шықты. Шекарадан талай шу шықты, өзбек әскері қазақ азаматына қару кезенді. Осылай күндер өте берді. Екі ел арасындағы жағдай ушықпаса, жақсармады.

«Түркістан шарты» елеусіз қалды ма?

1992 жылы Н.Назарбаев пен И.Кәрімов Түркістан қаласында кездесті. Президенттер Әзірет Сұлтан әулиеге тағзым етіп, Тайқазанға байғазы тастап, кесене ішіндегі құдықтан дәм татты. Содан кейін барып тәуелсіз екі мемлекет арасындағы келісім-шарттарға алғаш рет қол қойылды. Құжат енді тарихта «Түркістан шарты» деген атпен қалады деп келісті екі жақ. Осынша аса маңызды құжаттарға қол қою рәсімі неге Алматыда немесе Ташкентте өтпеді деген заңды сұрақ туады. Оған жауапты Қазақстан Президенті Н.Назарбаев берді. «Ежелден еншісі бөлінбеген, іргесі сөгілмеген екі тәуелсіз елдің достығына, ынтымақтастығына берік негіз қалайтын аса маңызды құжатқа қол қойылды. Мұндай тарихи оқиғаның не Алматыда, не Ташкентте емес, киелі Түркістан шаһарында, екі халыққа бірдей қастерлі Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің іргесінде өтуінде үлкен мән бар. Сонау алыс замандардың өзінде де біздің бабаларымыз тарихтың шешуші кезеңдері мен сын сағаттарында осы арада бас қосып, болашақ жөнінде осы арада пәтуаласқан. Күллі шығыс әлеуметі имандай ұйыған ұлы ғимараттың ішінде айтылған серт пен уәдеге болаттай берік болған.
Өз кезегінде И.Кәрімов: «Біз бір дариядан су ішіп келе жатқан, тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрлері, мақсаттары ортақ халықтармыз. Ұлы Жібек жолымыз да бір болған. Ән-күйге құштар жүректеріміз де бірге соққан. Тарихтың қиын-қыстау қараңғы түндерінде де, қызығы мол қуанышты күндерінде де бірге болғанбыз. Біз бұдан былай да өз тағдырымызды, бақытымызды бірлесіп жасайтын боламыз. Нарықтық қатынастарға көшуімізге, тәуелсіздікке қол жеткізуімізге байланысты ортақ қиындықтарымыз да, алаңдатарлық проблемаларымыз да аз емес. Оларды біз өзара ынтымақтастықты күшейту арқылы ғана жеңіп шыға аламыз. Біз бір-бірімізге әрқашан керек халықтар болып келдік, қазір де керекпіз, бұдан былай да керек бола береміз. Мұны ұмытуға ешқандай хұқымыз жоқ! Басқаша ойлаған адам қатты қателеседі. Біз, Түркістандағы бес республика, бір-біріміздің өзара көмегімізге, тіпті, өте-мөте мұқтажбыз. Біздің бүгінгі кездесуіміз және қол қойылған Шартымыз сол ауызбірліктің берік іргетасын қалайды деп үміт етуге барлық негіз бар. Қазақ және өзбек халықтары тарихы жағынан да және бүгінгі тағдыры жағынан да жақын, бірінің үйіне бірі барып, тойларын бірге тойласып, құшақтары айқасып, өзара күн нұрындай сіңісіп кеткен» деп ағынан жарылған еді.
Екі елдің басшылары бұл Шартта өзара тиімді екі жақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуға айрықша назар аударған еді. Мұның өзі ең алдымен ежелгі Тұран, яғни, Орталық Азия аймағындағы, қала берді Еуропа мен Азия ауқымындағы экономикалық кеңістікті қалыптастыруда шешуші қызмет атқарады. Осы мақсатта біз бір-бірімізге қолайлы жағдайлар жасауға ұмтыламыз. Барлық деңгейде өзара тиімді экономикалық және сауда қатынастарын жолға қойып, біріміздің жоғымызды біріміз толықтырып отыратындай тындырымды істерге кеңінен жол ашамыз» деп уәделескен болатын.
Әрине, бұл сөздер сонау тәуелсіздік алған жылдардың басында айтылды. Арада қаншама жылдар өтті. Бірақ екі ел берік байланыс орната алды ма деген сұраққа көпшілік жоқ деп жауап қатар еді. Біздің аймақты зерттеуші ғалымдар қазақ-өзбек қарым-қатынастарында кездесетін негізгі проблема ретінде екі ел басшыларының аймақтық лидерлікке таласуын келтіріп отыр. Біздің ойымызша, бұл қате пікір. Өйткені, аймақта Қазақстан да, Өзбекстан да лидер емес. Олар туысқан елдер. Лидерлік ойдан шығарылған дүние. Мемлекеттерді әдейі бір-біріне теріс қою үшін АҚШ пен Еуропа ғалымдарының ойдан шығарған қауіпті теориялары. Мысалы үшін американдық танымал саясаткер Збигнев Бзежинский өзінің «ұлы шахмат доскасы» атты еңбегінде Өзбекстанды Орталық Азиядағы ең мықты ел, әрі сөзсіз лидер деп бағалайды. Дәл осы еңбектен соң, Орталық Азиядағы көшбасшылыққа бақталастық жайы көп айтыла бастайды. Бұл пікір өз кезегінде американдық профессорлар тарапынан қолдау тауып, батыс баспасөзі әдейі ушықтыра бастағандай. Өз кезегінде, 2000-шы жылдардың басында қазақ және өзбек баспасөздерінде Орталық Азиядағы негізгі көшбасшы немесе ең дамыған ел кім? – секілді еңбектер жазыла бастайды. Мұндай мақалалар мемлекеттер арасына салқындық түсірді. Осындай жалған пікірлерге сенген екі ел бірін-бірі мойындамайтын жағдайға бір-ақ шыққандай болды. Енді олар өздерін аймақтағы негізгі лидер бізбіз деп ойлап жүр.
Әрине, құдайы көршіміз Өзбекстан туысқан ел болғандықтан, ортақ тарихымыз бар, мәдениетіміз бір-біріне қатты жақын. Бұл жөнінде жоғарыда Ислам Кәрімовтің сөзін де келтірдік. Дегенмен, бүгінгі таңда ортақ тарихты жазуда екі елдің ғалымдары ортақ ұстанымдарға келуде деген пікірге тіпті сену қиын. Өйткені, тарихты әркім өз қалауынша меншіктеп жатқандай көрінеді бізге.
КСРО дәуірін мадақтау фактілері байқалады

Екі ағайын ел өз жолын бірге көрмеді. Қазақстан өз болашағын Ресеймен бірге көр­гісі келсе, Өзбекстан өз орнын әлі таппаған секілді. Бұған дейін АҚШ Өзбекстанда өз базасын ұстады. Соңында американдықтарды да қуып шықты. Енді міне, АҚШ-пен бірге болайын десе, опық жеп қалуы мүмкін, Ресейді де жақтырмай отыр. Есесіне, Қытаймен миллион доллар тұратын келісім-шарттарға қол қойды. Көп пайдаға кенелеміз деп отыр. Алайда, біздің айтайын дегеніміз бұл емес. Ислам Кәрімовтің «Өзбекстанның бұрынғы КСРО тәріздес одақтарға ешқашан кірмейді» деген мәлімдемесінде көп сыр жатқандай көрінеді бізге. Өзбек басшысының кімді және нені меңзегенін түсіну қиын емес секілді бұл орайда. Әрине, ол Еуразиялық экономикалық Одақ жайлы айтып отыр емес пе? Бұл одақта Ресейдің пайдасы іске асатынын Ислам Кәрімов бірнеше рет айтқан болатын. «Бізде халықтың арман-мүддесіне жауап беретін өз даму жолымыз бар. Мен ондай өткенге қайта оралу болмайтынын тағы бір мәрте мәлімдегім келеді. Өзбекстан КСРО тәріздес одақтарға ешқашан кірмейді. Қазіргі таңда кейбір елдерде одақтық мемлекеттің кеңестік ескі жүйесіне қайта оралу талпыныстары қабылданып жатқанын және кейбір шетелдік телеарналарда лениндік және сталиндік кездерді, КСРО дәуірін мадақтау фактілері байқалады. Бізге ондай тәсіл тиімсіз» деп ел парламентінің қайта сайланған заңнамалық палатасының бірінші отырысында айтыпты.
Әрине, Өзбекстан мен Қазақстанның өз даму жолы басқа. Алайда, тәуелсіздік­тің алғашқы жылдарында екі ел болашағымызды бірге көреміз деп бір-біріне уәде берген еді. Дегенмен әртүрлі себептерге байланысты Орталық Азиядағы басқосуларға Ресей араласа берді. Осы ретте, қазақ-өзбек қарым-қатынастарында Ресей факторының бар екендігін ешкім жоққа шығара қоймас. Өзбекстанның Ресеймен бірге болғысы келмейтінін толықтай аңғардық. Енді, бізге не істеу қажет! Бастапқыда «жау жағадан алғанда» бірге боламыз дедік, бір-бірімізге қажетпіз деп те айттық. Ал, енді отырмыз қарапайым су мәселесін дұрыс шеше алмай.
Сөзімізді қорытқанда, Қазақстан мен Өзбекстан бір-біріне бәсекелес мемлекеттер болмауы тиіс деп ойлаймыз. Өйткені, көшбасшылыққа талас ешкімге пайда әкелмейтіні де анық. Қазақстанда өзбек ұлтының үлкен диаспорасы тұрады, ал, Өзбекстанда да қазақ ұлтының үлкен диаспорасы бар. Сондықтан да екі ел арасындағы шекара мәңгілік ашық тұруы тиіс деп ойлаймыз. Сөзіміздің басында мемлекеттің географиялық орналасуы оның мінезін анықтайды дедік. Рас, Өзбекстанға Қытай да, Ресей де қауіпті емес. Жалтақтайтын ешкім жоқ. Сондықтан да кез келген мәселеге байланысты мәлімдеме жасағанда пікірлері бүкпесіз, ашық. Халықаралық ұйымдарға қаласа кіреді, қаласа шығады. Дегенмен де мына заманда түркі халықтарының мақсаттары ортақ, бір-біріне демеу болулары тиіс.

Сейілбек АСАН

13 ПІКІРЛЕР

  1. Орыстың бір бірімізге қарсы қоиып жазған тарихын, аитқандарыңды қоисаңдар болареді.Ол бізді біріктірудің орнына,алшақтатып жауластырады.Бізге бөлек бөлек,хандықтың атын емес,Түркі деген бір ұлт ұғымын ұстану қажет.Бірлік қылу үшін.

  2. Оспан мырзаға!Біздің жыл санауымызға дейінгі Арыс тайпаларынан шыққан сақтардың көсемі Афрасиаб патшаның ұрпағы Баязит сұлтанды тұтқында түскенде, зайыбының көзінше қорлауы тектілікке жатпайды. Түркі билеушілерінің кемшіліктерін қаза бергенше, бірігу идеяларын есте сақтап, жас ұрпақтардың құлағына сіңіре берейік.

  3. Ұлтшылдар мен Мүфтият Елбасының Пантеон салу туралы бастамасын қолдаған еді, мына жігіттер қарсы шығыпты.

    Orken Kenzhebek
    ‏@orkenegro
    Астана әкімдігі неткен қатал еді?! Пантеонға қарсылық үшін Колымаға жер аударып жібермессе жарар еді. @astana_gov_kz
    https://twitter.com/orkenegro/status/557808417906384896/photo/1

  4. Бір бірімізді кінәлағаннан паида жоқ.Тұрандағы Түркілер бірігу керек.Рессеиге құл болған себеп,Қазақтардың бізің кінәміз,енді ондаи кемістікке жол бермеген жөн.

  5. ӘмірТемірдің Түркі империясы ыдырауына еш қатысы жоқ.Осман патшасы Баиазит пен тіл табыса алмаған Темір ол елге соғыс ашты,бірақ Баиязиттің өзін кепілге алып,ұрпағына тимеді,бұл Темірдің тектілігі емеспа?Жоғарыда аиттымғои,Тоқтамысты Едіге құртты деп.Едігені темір құртып,Москваныда алды.Шын.Құс.Ханның әруағын силап,өзін әмір дегеніде көрегендік.Оның ұрпағы Индия,Пакистан елдерін алды.Түркі империясының ыдырауына тек Шынғыстың ұрпақтары кінәлі.

  6. Мұқитұлы дұрыс айтады.Темір империясы, Осман және Алтын орда имеприялары ортақ түркі саясатын жүргізе алмады.Темір мен Тоқтамыстың соңғы шешуші шайқасында, қоршауда қалған Темір кездейсоқ сәттілікпен өлім аузынан аман қалып,жеңіске жетті.Алтын Орданың түбіне жетіп, Орыс империясының пайда болуына жойдасыз жол ашып берді.Жалпы тарих сахнасында түркі басшылары өзара бақталастыққа салынып,өзара соғысып халықтарын аяусыз қырғынға ұшыратып отырды. Қытайлар шекарасын бекітіп,халық санын көбейтумен айналысты.Нәтижесін көріп отырмыз.

  7. Оспан, мен сенімен келіспеймін. Рас, Шыңғысхан ұрпақтары арасында алауыздық болды. Бірақ, солай болса да мұсылман мемлекеті болып танылатын, Еуразия кеңістігіндегі ең мықты мемлекеттер – Алтын Орда мен Осман империясы әжептеуір айбынды еді. Осман империясы Еуропаның жартысын жаулап отырса, Алтын Орда да Шығыс Еуропаға билігін жүргізіп отырған. Темірлан сол екі айбынды империяны құлатты. Жер керек болса, Үндістан мен Қытай тұрған жоқ па? Қалай десе де, Осман империясы да, Алтын Орда да өз туыстастары еді – түркілер еді.
    Жарайды, оны да қойшы. Бірақ, Керей мен Жәнібекке айып таққаның мүлде түсініксіз. Керісінше, сол кезде Әбілқайыр хандығы да, Моғолстан да күйреудің аз алдында еді. Керей мен Жәнібек түркі жұртының жаңа мемлекетін құрып, осы Орта Азиядағы ең мықты хандыққа айналдырды ғой. Қасым хан кезінде бұл өңірде Қазақ хандығынан күшті мемлекет болмаған. Яғни, бытырап бара жатқан түркі жұртының басын қайтадан осы Керей мен Жәнібек құрады.
    Менің қырғыздарға ренішім бар. Олар ешқашан біртұтас ел болмаған сияқты. «Қырғыз ханы Пәленше» дегенді естімеппін. Әр ру өзінше болып отырды және өз бас пайдаларын ойлап, бірде қазаққа, бірде жоңғарға бағынып, кейін Хиуа мен Бұқар хандарына қызмет етіп, соңы Ресейдің болмашы сыйы үшін Кенесарының басын алды. Бір туыс халық едік, басынан қырғыздар қазақтарға адалдық танытып, бірге болғанда, бізді Бұқар да, Хиуа да, Қоқан да, тіпті Ресей де ала алмас еді-ау.

  8. Мұқит,Әмір Темірден бұрын Тоқтамысты Едіге құртқан жоқпа?Әмір Темір Шығыстың ұрпағы бір бірімен алауыз болып, ыдыратып баражатқасын барып Империяның басын қаита қосты.Әмір Темірдің ұрпағы империяны әлсіреткенде,Шынғыстың ұрпағы билікті қаита алды.Кеиінгі бұған кінәлілер,Жәнібек пен Кереи,соның сыбаиластары.Темірдеи біріктіретін тағы бір ұлық шықпаи отырған жоқпа?

  9. Түркі халықтарының бастары сонау 15-ғасырдан бері қарай қосылмай келеді.Егер де Ақсақ Темір осман түріктерінің сұлтаны Баязидтің басын шаппаса, ол аз болса Мәскеуді екі рет шауып алған Тоқтамысты өлтірмесе, қазір Түрік империясы болып отырар едік.Сол бақастық,бірін-бірі көре алмаушылық.Міне қанша ғасыр өтсе де сол итжығыс жалғасып келеді.

  10. Түркі халықтарының басын біріктірмеу- бүкіл дүние жүзінің ірі державаларының ежелден ұстап келе жатқан саясаты,ол саясаттары нәтижесіз болған жоқ. Соның салдарынан түркі мемлекеттерінің территория аумақтары ықшамдалып азая берді,тілінен, дінінен, салт дәстүрінен айрылып, басқа халықтарға ассимиляциялану толассыз жүргізілді, әлі де жалғасу да (жұтылып басқа халықтардың санын көбейту). Түркі халықтарының бірігуін ашақтан ашық ту қып ұстап, Ресейдің «бөліп таста да, билей бер» саясатына қарсы болып, «Тұтас Түркістан» идеясын көтерген, 1917 жылдың 22 қарашада құрылған Түркістан автономиялы өкіметінің төрағасы болған Мұстафа Шоқайдың өсиеттерінен білеміз (ӘлөФараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық Университетінің Тарихи-зерттеу орталығы 1999 жылы шығарған «Мұстафа Шоқай» таңдамалы томдарынан). Келешекте, Күлтегін заманынан келе жатқан осы бірігу идеясын іске асыратын, ауыз бірлікті түркі тұлғалары туады.

  11. Қалдансерен аитқан екен,бізің Абылаи екеуміздікі,бақ таластықои деп.Сол Қалдансерен көрегендік қылып, Жоңғар хандығын қосып берді Абылаиға.Бізің басшымыз Рессеиге жүгіріп бара беретіні дұрыс емес.Бұрында Қоқан Хандығынан қашқанда не болды ақырымыз.Негізі Орта Аияны біз жығып бердік Рессеиге.Енді бас қоспасақ, Рессеи Орта Азия халқын Рессеи жоиып жібереді.

  12. Орыспен біріккен халықтардың түбі оңбайтыны тарихтан белгілі.Сондықтан орыстанып кеткен қазекеңнен арасын белгілі бір қашықта ұстау өзекеңнің баяғыдан белгілі саясаты.Біз орыспен әмпәй-жәмпәй болып жүргенімізде Өзбекстан халықының саны екі есеге өсті.Экономикасы еселеп өсіп келеді.Діні, тілі,рухани бірлігі бізден әлде қайда ілгері.Сондықтан өзекең болашағын терең ойлайтын халық.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз