Әділеттілік салтанат құрады деген үміттеміз

2 Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.НАЗАРБАЕВ мырзаға Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің сабырлы әрі салиқалы саясаткер екеніңізді бүгінде бүкіл әлем мойындады. Сіздің қажырлы еңбегіңіз бен сұңғыла саясаткерлігіңіздің арқасында Қазақстанды бүкіл дүниежүзі таныды. Еліміздің ерекше серпінмен дамуында Сіздің жеке басыңыздың рөлі өте зор. Қазақстан халқы Сіздей Көшбасшысы барлығына мақтанады. Айналада болып жатқан сын-қатерлерден елді небір қиындыққа қалдырмай, қанаттыға қақтырмай, тұмсық­тыға шоқтырмай аман-есен бастап келе жатырсыз. Көреген басшы ретінде талай аумалы-төкпелі кезеңдерден дін аман алып өттіңіз. Жақындағы Жолдауыңызда еліміздің дамуындағы басты бағыттарды әйгілеп, «Нұрлы жол» бағдарла­масын жасап бердіңіз. Сіздің бастаған ісіңізді біз де үнемі қоштап, қолдап келеміз. Біз ғана емес, бүкіл Қазақстан халқы Сізге арқа сүйейді. Осы орайда бір мәселеге Сіздің назарыңызды аударғымыз келеді. Әкімдер – Сіздің командаңыз. Сол командаңызда Сізге қалт­қысыз қызмет етіп, сеніміңізді ақтап, ел-жұртқа жаққан әкімдер баршылық. Солардың қатарында Қарағанды облысының бұрынғы әкімдері Серік Ахметов пен Бауыржан Әбдішев те бар еді. Еңбек жолын Қарағанды металлургия зауытында бастаған Серік Ахметов Теміртау қаласы­ның әкімі, Астана қаласы әкімі­нің бірінші орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ұйымдастыру-бақылау және кадрлар саясаты басқармасының Мемлекеттік инспекциясының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрі, Қарағанды облысының әкімі, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, Премьер-министр, Қорғаныс министрі сынды биік қызмет сатыларынан өтті. Ал Бауыржан Әбдішевтің облыс әкімі қызметінде ұзақ отырмағаны да белгілі. Қазір оның үстінен екі бірдей қылмыстық іс қозғалып, құзырлы органдар тексеріп жатыр. Біз ел ішінде жиі боламыз, оның үстіне Қарағанды өңірінің жай-жапсарына қанықпыз. Осы ретте аталған азаматтар нақақ жаланың құрбаны болып отыр­ғандай көрінеді. Екеуі де: «Мен Елбасына, халқыма адал қызмет еттім. Өзіме тағылып отырған айыппен келіспеймін», – дейді. Сіздің адалдық пен әділдік жолды ұстанатындығыңызға, қашан да тура жолдан таймай, елдегі жемқор, парақорлармен аяусыз күрес жүргізіп келе жатқаныңызды жақсы білеміз. Халық та әділет жоқтаушысы. Азғантай уақыт ішінде Серік Ахметов пен Бауыржан Әбдішевтің қалайша жемқор болып келгеніне ел-жұрт та күмән келтіріп отыр. Елбасы командасындағы азаматтардың атына түскен дақ айналып келгенде Сіздің беделіңізге, абырой-даңқыңызға көлеңкесін түсірмесе деп тілейміз ғой. Біздің бұл жанайқайымыз сот ісіне ықпал ету емес. Сіздің командаңызда болған азаматтардың ертеңгі тағдырына тікелей араша түсуді сұрап, тергеу ісінің әділ жүргізілуі үшін жазып отырмыз. Қазақстандағы қаншама адамға шарапатыңыз тиіп келеді. Қалың ел Сізге сенеді. Әділеттілік салтанат құрады деген үміттеміз. Серік ҚИРАБАЕВ, академик, Қайрат БАЙБОСЫНОВ, Қазақстан Республикасының Халық артисі, Темірғали КӨКЕТАЕВ, академик, Жүрсін ЕРМАН, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын, «Құрмет» орденінің иегері, Аманжол ӘЛТАЕВ, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Нұртөре ЖҮСІП, Президент сыйлығының лауреаты, Қасымбек МЕДИЕВ, қоғам қайраткері, Диханбай БИТКӨЗОВ, КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Құлтөлеу МҰҚАШ, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері, т.б.