Әміржан ҚОСАНОВ, саясаткер:Ең бастысы – ұлттық қауіпсіздікті күшейту керек

1 – Санаулы күндерде Еура­зиялық одақ туралы келісім күшіне еніп, жыл басынан бастап нақты іске кіріседі. Бұл жаңа ұйым туралы әлем елдерінің, тіпті өз отандастарымыздың пікірі әрқилы болып отырғаны белгілі. Осы одақтан не күтуге болады, сіздің жеке көзқарасыңыз қандай? – Бұл одақтың болашағына екі түрлі тұрғыдан болжам жасауға болады. Біріншіден, экономикалық тұрғыдан алғанда оның отандық тауар өндірушілерге пайдасынан гөрі зияны көп екендігін кедендік одақ тәжірибесі көрсетіп отыр. Оның ең басты себебі мынада: Тәуелсіздік алғалы біз мұнай мен газға ғана негізделген өндірісімізді диверсификацияламай-ақ қойдық. Енді сол кенжелеп қалған, әлі де аяққа тұрмаған бірен-саран өндірісімізді Ресей мен Беларусь секілді алпауыттармен бәсекеге салып отырмыз. Одан ұтылып та жатырмыз. Екіншіден, геосаяси тұрғыдан алғанда осы одақ ішінде біз дербес сыртқы саясат жүргізу ісінде біраз шектеулерге ұшырауымыз әбден мүмкін. Мәселен, кеше ғана Парламент талқылаған Ресей мен Қазақстан арасындағы келісімшартта «өзара келісілген сыртқы саясат жүргізу туралы» бап бар. Ресейдің сыртқы саясаттағы бет-әлпеті баршаға белгілі. Мәселен, Украина, Сирия, Иракқа тағы да басқа елдерге қатысты өзіндік позициясы бар. Енді, шартта көрсетілгендей өзара келісілген сыртқы саясат жүргізу керек болса, Қазақстан сол позицияны қолдауы керек боп қала ма? Оның үстіне, Еуроодақ, АҚШ, Жапония, Австралия сықылды дамыған мемлекеттер Ресейге қарсы санкциялар жариялады. Бүгінгі халықаралық саяси ахуалды аңдасақ, санкциялар уақыт өте күшейе түспек. Ол санкциялардың салқыны, сөзсіз, Ресеймен бір одақтың ішіндегі елдерге, соның қатарында бізге де тиеді. Оған біздің қалт-құлт еткен экономикамыз бен қаржы жүйеміз қарсы тұруға дайын ба? Ол да үлкен сұрақ... – Бұл кешегі кедендік одақтың жаңа түрі немесе жалғасы десек те болады. Тек қана Украина ғана белгілі себептерге байланысты бас тартты. Ресей мен Украина арасындағы кикілжіңнің бітер түрі жоқ. Онсыз да лаулаған өртке демократияны желеу еткен, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын украиндықтарға кенеттен «жаны аши қалған» Батыс та май құйып отырған сыңайы бар. Бұл жерде демократия емес, әр елдің өз мүддесі анық байқалады. Бұған не айтасыз? – Әрине, әр елдегі ішкі және сыртқы жағдай – әрқилы, сондықтан да мен бір елдегі жағдайды екінші елге автоматты түрде тели салуға қарсымын. Мәселен, Украина жүздеген жыл бойына екі түрлі өркениеттің қақ ортасында тұрып қалыптасып қалған мемлекет. Сол қилы-қилы әрі терең қатпарлы тарихи алғышарттар оның қазіргі ішкі жағдайына мықты әсер етіп отыр. Батыстың да, Ресейдің де Украина секілді геосаяси тұрғысынан алғанда аса «қызықты» мемлекетке өз ықпалын жүргізуге ниетті екені о бастан түсінікті. Әр елдің өзінің ішкі әрі сыртқы мүддесі бар. Ол ақиқатты ешкім де жоққа шығара алмайды. Бірақ, меніңше, басты саяси шешімді Украина халқы ешкімнің ақылынсыз, ешкімнің зорлауынсыз, аса зор жауапкершілікті сезіне отырып, өзі қабылдауы тиіс! Сонымен бірге, Украинадағы соғыстың кім бастағаны да белгілі. Көрші әрі қандас Украина жерінің бір бөлігін, яғни Қырым түбегін, тапа тал түсте тартып алуы қазіргі жағдайдың ең басты себебі емес пе? Сондықтан да Кремльдің тарихи жауапкершілігін естен шығармауға тиіспіз. Және де Ресейдің осынау саясаты оның әлемдік саясаттағы жаңа ролі, яғни неоимпериялық амбицияларының жарқын көрінісі деп білуіміз керек. «Орыс әлемін қорғау» туралы соны ұстанымның ешбір боямасыз бой көтеруі, Ресейдің сыртқы саясатының басты бағыты ретінде ашықтан-ашық насихатталуы бізді де бейқам қалдырмауы тиіс. – Батыс пен көрінген жерге тұмсығын тығатын АҚШ-тың санкцияларына Ресей басшысы Путин онша бас қатырмағандай болып көрінді. Олардың өздеріне қарсы шаралар пайдаланып, жалын күдірейткенсіді. Ресей әлемдік қауымдастықтан оқшауланып қалудан қорықпайтын сияқты, сонда ол кімдерге нақты сеніп отыр? – Меніңше, Путиннің бұл сөзі шындыққа жанаспайды. Нақты цифрларға жүгінсек, қазір Ресейге санкция жариялаған мемлекеттердің әлемдің ІЖӨ-дегі үлесі 80 пайыз құраса, Ресейге тиесілі пайыз – 3-еу ғана. Бір біріне қатар қойып, салыстыруға келмейтін көрсеткіштер ғой. Оның үстіне Ресейдің банктік жүйесі мен олигархтық құрылымдары Батыстың қаржы институттарынан алып келе жатқан несиесіз күнін көре алмайды. Ресейдің Батыстың жоғарғы технологиясына аса зәру екендігін айтпай-ақ қояйын, әсіресе, олар қазба байлықтарын өндіруде таптырмас дүние. Әрине, Кремль «мұнай мен газды Қытайға және Азияның басқа елдеріне сатамыз» деп, өзін де, басқа жұртты да алдаусыратып жатыр. Бірақ, сол сеніп отырған орасан байлықты өндіретін кен орындары әлі де игерілмеген, құбырлар да салынбаған, оннан бір нұсқасы жоқ. Ол үшін де қыруар қаржы керек. Бюджет болса, резеңке емес. Оның үстіне рубльдің бағамы да күннен күнге құлдырап барады. Иә, сол қаржыны Ресей бұған дейін сары майдай сақтап келген Ұлттық әл-ауқат қорынан алмақшы. Бірақ оның да шамасы белгілі ғой. Жалпы, қазіргі Ресей басшы­лығы өзін бүкіл өрке­ниетті дүниеге қарсы қойып отыр. Ал «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» дегенге ден қойсақ қоғамдық қақтығыста кім жеңетінін білесіздер ғой... – Ресей президентінің соңғы жолдауы халықаралық сарапшылардың қатаң сынына тап болды. Елбасымыз әдеттегідей көршілермен қалыпты қарым-қатынасты қалыптастырып, алпауыт мемлекетпен есептеспеске болмайды деген ойын айтты. Біз Ресейге тым тәуелді болып қалған жоқпыз ба? Басты байлығымыз болып есептелетін тәуелсіздігімізге қатер төнбей ме? – Ресейге қатысты ұстанымда бізде бір қызық әрі түсініксіз жайт бар. Шынымен де 7 жарым мың шақырым ортақ шекарамыз бар көрші елмен біз тіл табысып, тату-тәтті өмір сүруіміз керек. Мүмкіндігінше, қарым-қатынас жақсы болып, сауда-саттығымыз дами түскені де абзал. Әрине, кешегі жетпіс жылдық мәскеулік қып-қызыл большевиктік диктаттан кейін бізде белгілі бір деңгейде антикремльдік синдром сақталып қалған. Аузы күйген үрлеп ішеді емес пе? Кремльдің қазіргі басқыншылық саясаты ол сезімді қайтадан оятып, жандандырып жатқаны да рас. Десек те, көршінің аты – көрші, сондықтан жеке Путинге деген сыни көзқарас қазақ халқы мәңгілік бірге тұратын орыс халқына ұласпауы тиіс. Ауысып тұратын президенттер бөлек, мәңгілік халықтар – бір бөлек! Бірақ, неге біз міндетті түрде нақты құжаттарға негізделіп, дербестігімізді тұсап қоятын бір одаққа кіруіміз керек? Неге өз мойнымызға қосымша экономикалық және саяси міндеттемелер жүктеп, оның бәрін өз еркімізбен арқалап жүруге міндеттелеміз? Мен сол жағын түсінбеймін. Экономикалық ынтымақтастықтың басқа да, салмақты міндет жүктемейтін, басқа да елдермен (соның ішінде Ресеймен қарым-қатынасы онша емес мемлекеттермен) достықты сақтап қалуға мүмкіндік беретін жолдары мен формалары бар емес пе? Путиннің соңғы жолдауына келетін болсақ, ол құжаттың мән-мазмұны Кремльдің басына түскен бүгінгі жағдайдан туындап отыр.Жолдаудың үштен бірі сыртқы саясатқа, соның ішінде, «Украина-Қырым» факторына арналған. Путиннің сөзіне қарасақ, ол алған бетінен қайтпайды, айылын жимайды. Ал мұның өзі Ресейдің халықаралық деңгейде одан әрі оқшаулануына, санкциялардың күшеюіне алып келеді. Адамзат ұмыта бастаған, өткен ғасырда басымыздан өткерген «қырғиқабақ соғыстың» екінші кезеңі басталғаны ап-анық сезіліп тұр. Ішкі саясатына келсек, осы санкциялардан орасан зардап шегіп жатқан ресейлік бизнеске орысша айтқанда «пряник» беріп, тыныштандыру ниеті бар. Мәселен, салықты төрт жыл бойына өзгертпеу, шетелден келетін капиталға амнистия жариялау секілді шаралар сол себептен туып тұр. Бірінші ұсыныс шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталса, екіншісі – қаржысын шетел банктері мен оффшорлық аймақтарға тығып тастаған оли­гарх­тарға деген бір ізет. Бірақ мұндай жартыкеш қадамдар Ресейді қазіргі жағдайда тіреліп қалған тығырықтан түпкілікті алып шыға алатынына мен онша сенбеймін. – Дүние дүбірге толы. Батыс пен Шығыс арасындағы түйін таяуда тарқатылады деуге ешкімнің аузы бармас. Бұл жаңа өзіңіз еске салған бұрынғы екі жүйе арасындағы «қырғиқабақ соғысқа» ұқсап барады. Саяси дүрбелеңнің шаңын қауып, тәуелсіздігімізден айырылып қалмас үшін біз қандай бағытта болғанымыз жөн? – Оның жолдары көп қой.Меніңше, осынау өліара шақта, дүниежүзілік тәртіптің архитектурасы қайта қалыптасып жатқан дүдәмал, болашақ бұлыңғыр кезеңде Қазақстан ешбір саяси одаққа кірмегені жөн. Өйткені бүгінгі басым бағыттар мен қарым-қатынастар ертең басқаша сипатқа ие болып, жаңа, тіпті күтпеген, өзгерістер орын алуы мүмкін. Біз сол геосаяси жаңалықтарға даяр болуымыз керек. Сонымен бірге, әрбір мемле­кеттің аумағының тұтастығына кепілдік беретін халықаралық келісімшарт жүйесін жетілдіру керек. Украинадағы жағдайдың орын алуының бір құқықтық негізі сол болды емес пе, яғни, 1994-жылғы Будапешт шартының сол кепілдікті қамтамасыз ететін баптары жұмыс істемей қалды. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Сондықтан да ұлттық қауіпсіздікті нығайту ісін де жақсылап қолға алуымыз керек-ақ. Оның салалары көп. Әсіресе, шағын да кәсіби, техникалық жағынан мықты жабдықталған, тиімді қарулы күштерді құру ісі аса маңызды. Әйтпесе, әзірше сөз көп, іс аз. – Сонымен бірге, Еуразиялық одаққа мүше елдердің ортақ валютасы болуы мүмкін бе? Бұның біздің елге тиер қандай пайдасы бар? – Өз басым дәл қазіргі жағдайда ЕАЭО аумағында ортақ валюта болуы керек деген пікірге қарсымын. Әрине, Еуроодақ аумағындағы ортақ валюта – еуроның орны бөлек. Ол валюта даму қарқыны біркелкі, ортақ заңнамасы бар, бюджеттік талаптары мен мүмкіндіктері біркелкі елдерде қолданылып жатыр. Ал біздің жағдай бөлек. ЕАЭО-қа кіретін төрт елдің экономикалық жағдайы – төрт түрлі. Сонымен бірге, Ресейдің экономикалық әлеуеті, халқының саны Қазақстаннан шамамен он есе артық. Мәселен, егер де Путинге одан он есе әлеуетті Қытай: «Тең қарым-қатынаста боламыз, бір одаққа кірейік», - деп ұсыныс жасаса, Владимир Путин оны қабылдай ма? Жоқ! Өйткені қайткенде де Қытайдың мысы басатынын ол жақсы біледі. Сондықтан, көре-біле тұра біз неге өзімізден он есе қуатты көршінің қорасына өз еркімізбен кіруіміз керек?! Оның үстіне ортақ валюта айналымға енген күннің өзінде де, ол теңге болмайтыны айтпаса да түсінікті емес пе? Олай болса, басқа тәуелділікке енді валюталық, яғни, қаржылық тәуелділік қосылса, не болмақ? Бұл да алдын ала салмақтап, қаржылық қана емес, сындарлы саяси сараптауды қажет ететін мәселе дер едім. – Еліміздің болашағын айқын­дайтын маңызды мәселеге байланысты өз ойыңызды білдірге­ніңіз үшін рахмет!     Әңгімелескен     Зейнолла АБАЖАН