СҚО әкімі СҰЛТАНОВ НАЗАРБАЕВҚА ЕМЕС…  ПУТИНГЕ ЕСЕП БЕРДІ МЕ?

2
2169

6 желтоқсан, 2014 жыл. Сенбі.

Сағат 11:07.

Астана.

“Хабарды” қостым. “Орталық коммуникациялар қызметінде” Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Ерік Сұлтанов есеп беріп тұр екен.

Көрші Ресей Федерациясының мемлекеттік тілінде сөйлеп жатыр. Кейде қазақша бір-екі сөйлемді қыстыра салады да, қайтадан көрші елдің мемлекеттік тіліне көше салады. Шамамен қазақшасы жалпы алғанда баяндамасының көлемінен бірер пайызынан да аспайды.

Қарсы отырған БАҚ өкілдері өңшең қаракөздер. Бір жас қызды орыс па деп қалып едім, жақыннан көрсеткенде ол да өзіміз болып шықты. Тек қана шашы ақ фотограф кісі өзге ұлттан болу мүмкін сияқты. Жо-жоқ, сұрақтың бірін орнынан тұрып бір жастау орыс жігіті (тегі украин, белорус, неміс, поляк, еврей де болу мүмкін, әлбетте) берді… Басқалар жаппай қазекең.

Жарайды, солтүстігімізде қара орманның исі мүңкіп тұр делік. Бірақ, бұл ауылында емес және өз жерлестері арасында емес, Елордамыз Астанада, Қазақстан Республикасының Орталық коммуникациялар орталығында бүкіл елге таратылатын баяндама жасап тұр емес пе?!

Ресми есепті беріп тұр ғой!

Неге мемлекеттік қызметкер мемлекетке берген есебін мемлекеттік тілде жасамайды? Неге көрші шет елдің мемлекеттік тілінде сөйлейді көбінесе?

Сағат 11:47 болды.

Қырық минутта қырық сөзін Қазақстанның мемлекеттік тілінде айтпаған атқамінер кімге есеп беріп тұр сонда, деп, дал болдым?

Қазақ халқына ма, Қазақстан Президентіне ме? Жоқ! Жоқ және жоқ! Ерекең кешірсін, бұндай сын тек өзіне ғана емес, біздің жоғары жақтағы 90 % бастықтарымызға тиесілі ғой. Амал нешік, сіресіп тұрған Астанамызға келіп соларға жаққысы келген де шығар, кім білсін, ол да пенде ғой…

Дегенмен, қарапайым сұрақ қояйықшы өзімізге де, оларға да, ағайын:

“Құрметті біздің мемлекеттік жоғары дәрежелі шенеуниктер, сіздер кімге жұмыс істейсіздер, кімге есеп беріп тұрсыздар, көрші Ресейдің басшысы Путинге ме, біздің мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа ма?

Шетел мемлекеттің иегері орыс халқына ма, өзініздің туған халқыңыз қазаққа ма? Кімге?

Бұның жауабы біреу-ақ.

Қай елдің мемлекеттік тілінде сөйлейсіздер және жұмыс істейсіздер  –  сол елге!

Баяндамаларыңды Назарбаевқа емес  –  Путинге беріп тұрсыздар!

Қытайша сайрасаңыз  –  Си Дзинпинге!

Французша сөйлесеңіз, мына дәл қазір бізде қонақта жүрген  –  Франсуа Олландқа!

Орысша ресми есебіңізді айтсаңыз, еш күмән жоқ  –  Владимир Путинге…

Украиндер де біраз біздің жолымызбен жүріп, енді қатты опық жеп отыр. Есің барда еліңді тап дегенді қашан түсінеді қазақтың министрі мен әкімі?

Қашан олар Путинге емес, Назарбаевқа жұмыс істей бастайды?

Қашан?

Ұлтжан Нығайтаров.

Абай.kz

2 ПІКІРЛЕР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз