Серік Ахметовке не болды?

Ахметовввв ...2012 жылдың күзінде Қазақстан үкіметінің басшысы ауысты. Бес жыл міз бақпаған үкіметбасының түкті табанының тайғанына, күпті көңіл жұрт бір сергіп қалды. Атқарушы билікті басқаруға 54 жастағы Cерік Ахметов келді. Тәуелсіздік қазақ жұртының С.Терещенко, Ә.Қажыгелдин, Н.Балғымбаев, Қ.Тоқаев, И.Тасмағамбетов, Д.Ахметов, К.Мәсімовтен кейінгі сегізінші премьер-министрі Серік Ахметовтің мамандығы инженер-металлург, арнайы жоғарғы оқу орнын емес, Қарағанды металлургия комбинатының жанындағы ЖТОО-ын сырттай оқып бітірген өмір жолы Елбасымыздың өмірбаянына өте ұқсас еді. Секең еңбек жолын Темір­тау­дағы атақты Қараған­ды металлургия комбинатында токарьдан бастап, Теміртау қалалық, Қарағанды облыстық комсомол, партия комитеттерінде хатшылық қызметтер атқарды. Кейінірек Теміртау қаласы мен Қарағанды облысының әкімі лауазым қызметтерінде болған Серік Нығметұлын көпшілік қызметтік мансап­тың тиісті сатыларынан сүрінбей өткен тәжі­рибелі де салқынқанды шенеунік деп танитын. Серік Ахметовтің жеке басының қасиеттері мен оның жетекшілік еткен кабинетінің кәсіптік біліктілігі және іскерлігі қандай дәрежеде болды?.. 1. 2012 жылы қараша айында Серік Нығметұлы: «Бұдан былай үкіметтің барлық жиналыстары мемлекеттік тілде өтетін болады» деп, аталған жиынды таза қазақ тілінде жүргізді. Шалатілді саналатын Қаржы министрі Болат Жәмішев қазақша әуезді сөйледі. Табиғаты салмақты Секеңнің бұл батыл әрекеті жұртты дүр сілкіндірді: қазақтілді басылымдар қуанышын жасырмаса, орыстілділер бөрідей шулап шыға келді. Сөйтіп, Секең туған ұлтының намысын бір қайрады... 2. Cерік Ахметов өзіне дейінгі көптеген әріптестері секілді кеңсесіндегі орынтағына жабысып қалмай, көбірек ел аралады, жұрттың жағдайын өз көзімен көріп, көңілге түйді. 3. 2013 жылғы құрғақшылыққа байланысты тығырыққа тірелген ауыл шаруашылығына сүбелі көмек көрсетіп, қомақты қаржы бөлді. 4. Тәжірибеге енгізіп, өмір­шең етуге кез­ келген кісінің дәті бармайтын «Халықтық ІРО» бағдар­лама­сын нақты бастап, жүзеге асырды. 5. Атқару билігінде айтарлықтай құрылым­дық өзгертулер жасап, лауазымдық міндет­терді мұқият бөліп берді. Аймақтық даму министрлігін құрды. Мұндай министрліктер Ресей мен Қытайда бұрыннан бар еді. Жер көлемі мол біздің елімізде жергілікті билік орындарының жұмысын қадағалап, ширатып отыратын арнайы мемлекеттік құрылымның қажеттілігі сезіліп тұратын. Осының нәтижесінде «Аймақтардың дамуы», «Қолжетімді баспана-2020», «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамту-2030», «Ақ бұлақ» бағдарламалары мен Тұрғын үй шаруашылықтарын қайта жа­рақ­тандыру, моноқалаларды дамыту мәселелерін жүзеге асыру мін­дет­тері жаңа министрлікке жүктелді. 6. Беларусь және Ресеймен бі­рігіп құрған Кедендік одақта есесін жібермей, тиімді жұмыс атқарды. 7. Ең бірінші кезекте министрлер кабинеті азық-түліктің, коммуналдық қызметтің қымбат­тауы­на жол бермеді. Үкімет басшысы инфляцияны ауыздықтап, ЖІӨ-нің өсімін көтеруге бар күш-жігерін салды. 2012 жылы Ұлттық банктің мәліметі бойынша, еліміздің жалпы ішкі өнімі 5 пайызға өсіп, құнсыздану 6 пайызды ғана құрады. Сыртқа тауарлар шығару 69,2 млрд. долларға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,1 пайызға артты. Шетелдерден тауар сатып алу көлемі 24,5 пайызға көтеріліп, 32,1 млрд. долларға жетті. Елімізге келген тікелей инвестицияның мөлшері 11,7 млрд. долларды құрады делінгенімен, кейінірек Елбасымыздың бұл көрсеткішті 20 млрд. доллар деп түзеткені де есімізде. Еліміздің болашақта бірқалып­ты дамуына бағытталған «Қазақ­стан-2050» стратегиялық бағдар­лама­сының әрбір кезеңдері мен жылдарын нақты жүзеге асыру – республика үкіметінің басты мақсаты болды. Серік Ахметовтің Үкіметі кәсіптік біліктілікпен жұмыс істеп, халқымыздың әл-ауқа­тын арттыру үшін елеулі рефор­малар жасауға қадам басып келе жатты... ...2011 жылдың желтоқсанын­дағы қанды оқиғадан бұрын Үкімет басшысының лауазымында Серік Ахметовтің Жаңаөзенге екі рет әдейі ат басын тіреп, мұнайшы­лардың мұң-зарын өз құлағымен тыңдап, ауыр ахуалын өз көзімен көріп қайтуы – нағыз кісілік қасиет, жанашырлық қадам! Кім біледі, сол кезде Серік Ахметовтің сөзін тыңдар құлақ болғанда «Жаңаөзен оқиғасы» болмас па еді?!. ... 2012 жылы Серік Ахметов Шымкентке барған сапарында ұлтымыздың адуынды ақыны, қоғам белсендісі Мұхтар Шахановпен құшақтаса амандасқанда, әрбір намысты қазақ Секеңнің қарапайым­дылығы мен қайы­рымдылығына, бауырмал­дығы мен ұстамдылығына ерекше сүйсінді. Зайыбы орыс Секең кейбір рушыл, жүзшіл басшылар сияқты ағайын-туыс, жекжат-жұрағат, қазақбайшылық былық-шылықтан ада болған деседі. Асығыс әрекет, шалт шешімдер жасамайтын, аса байсалды, мейлінше салауатты Серік Нығметұлы бюджет қаржысын жымқырғыш жемқор­лықпен қатаң күресуге тырысты... Енді, міне, шырмауықтай жайылып, жер-жаһанды «жаулап» алған жемқорлық тізгін бермей, тізеге мініп, төске шапты... Қазақтың қорғаныс қамын (Қорғаныс министрі) күйттеп жүрген қайсар жүрек – бір сәт өз қорғанысында қапы қалып, құрбандық құрығына түсіп қалған сыңайлы... Қажымұқан ҒАБДОЛЛА