Еліміздің солтүстік өңірлерінде халық саны азайып барады

Еліміздің бірнеше өңірінде тұрғындар саны азайып барада. Әрбір шақырымға шаққандағы адамдардың саны жағынан күні бүгінге дейін әлемде кейінгі орындардамыз.

Еліміздің солтүстік өңірлерінде халық саны азайып барады Бұл туралы Алаш айнасы хабарлайды. Кейбір өңірлерімізде тұрғындардың саны өсудің орнына азайып бара жатуы ел келешегіне қауіп. Мәселен, соңғы 10 жылда Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары – 100 мың адамға, Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары – 60 мың адамға, Қостанай облысының тұрғындары – 35 мың адамға, Ақмола облысының тұрғындары – 15 мың адамға азайыпты.

Бір ғана Шығыс Қазақстан облысында соңғы 5 жылда 70-тен астам мектеп жабылған.

Өңірлеріміздегі халық санының мұншалықты азаюы маман жетіспеушілігі, жұмыс күшінің тапшылығы секілді мәселелермен қатар мектеп пен аурухана, пошта секілді әлеуметтік мекемелердің жабылуына әкеп соғуда. Соның салдарынан оншақты жыл ішінде жүздеген ауылдарымыз жойылды. Бір ғана Шығыс Қазақстан облысында соңғы 5 жылда 70-тен астам мектеп жабылған. Бұл осы облыста 70-ке жуық елді мекен жойылуы мүмкін, яғни осы өңірлеріміз бос қалады деген сөз. Ал бос қалған жерлерге басқалардың көз алартатыны айтпаса да түсінікті жағдай. Аймақтардағы тұрғындар санының күрт төмендеуі ауыл тұрғындарының еліміздің басты қалалары Алматы мен Астана қалаларына көшу санының артуымен де байланысты болуы мүмкін. Қалалы жердің тұрғыны болуға жастардың жаппай ұмтылуы жағдайды одан әрмен күрделендіруде. Бұған қоса, ауылды мекендерде жас мамандарды жұмыспен қамту әлі жолға қойылар түрі көрінбейді. Осындай түйткілдердің салдарынан аймақтардағы халықтың өсу қарқыны баяулап, ауылдардың сәні қашуда. Мәселен Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Чапай ауылында мектептің жабылуы салдарынан тұрғындар еріксіз көшуге мәжбүр болған. Ал мектептің жабылуына бар-жоғы 70 үйі бар ауылдағы бала санының жеткіліксіздігі себеп болған.

Кейбір өңірлерімізде тұрғындардың саны өсудің орнына азайып бара жатуы ел келешегіне қауіп.

Шағын қалаларымызға да қауіп төніп тұрғандай. Жақында Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Альберт Рау 2022 жылы Арқалық қаласы мүлдем тоқырауы мүмкін, деген болжам айтты. Арқалықты айтпағанда Үкімет тізімін бекіткен 27 моноқаланың бірде-бірі болашақта өмір сүруі неғайбыл екен. Демек қалаларымыз жойыла бастаса еліміздің картасынан біртіндеп қалаларымыз түсіп қала бермек. Жуық арада ауылдарымыз бен шағын қалаларымызды сақтау бағытында жұмыстар жүргізбесек, сайын даламыз бос қалатын түрі бар.
Источник: NUR.KZ