Тасмағамбетов әскердің жауынгерлік әзірлігін кенеттен тексерді
2014 ж. 21 қараша
2052
3
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі елдің оңтүстік өңірлерінің жауынгерлік әзірлігіне күтпеген тексеріс жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"19 қарашаға қараған түнде Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бұйрығы бойынша қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі И.Н. Тасмағамбетов Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетінің жай-күйін күтпеген тексеру жүргізді. Тексеру барысында "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының әскерлері, Аэроұтқыр әскерлер мен ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштері дабыл бойынша көтеріліп, жоспарланбаған аудандарға шығарылды. Барлығы бұл іс-қимылдарға 3 мыңнан астам адам, 400 бірлік әскери техника және 36 авиациялық техника қатысты", - делінген ведомствоның хабарламасында.
Әскерлердегі маневрлерді ҚР Қорғаныс министрі және Бас штабтың өкілдері бақылағаны хабарланды.
"Жасалған екікүндік тексеру барысында құрамалардың ұтқырлығы және олардың алыс қашықтықтарға күштерді жедел жеткізуге қабілеттілігі тексерілді. Полигондарда атыс және тактикалық-арнайы міндеттерді пысықтау жүргізілді", - деді Қорғаныс министрлігі өкілдері.
Бұл іс-шаралардың командирлер мен штабтардың жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейлеріне келтіру, шоғырлану ауданына шығу кезіндегі іс-қимылдарына баға беру үшін өтіп жатқандығы айтылды. Сондай-ақ бұл әскерлерді жедел өрістеткен және жауынгерлік даярлық жоспары бойынша қолданған жағдайдағы материалдық-техникалық құралдардың жай-күйін, жеткілікті бар болуын және мұқтаждығын айқындау үшін қажет екені хабарланып отыр.
"Қорғаныс министрлігі Жоғарғы Бас Қолбасшының тапсырмасы бойынша күтпеген тексерулерге негізделген түрлі іс-шаралардың үлкен кешенін өткізеді. Жоспардан тыс тексерулер бүгінгі таңда армияның жауынгерлік әзірлігін тексерудің ең тиімді әдісі болып отыр", - деді ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қарулы Күштерді осылайша тексерудің қорытындысы ретінде жедел жиналыс өткізіліп, онда бөлімдер мен құрамалар жауынгерлік әзірлігінің негізгі нәтижелері баяндалды. ҚР Қарулы Күштері Жоғарғы Бас Қолбасшысының тапсырмасына сәйкес, оқу-жаттығудың жалпы талдауы мен қорытындысын Бас штаб Қорғаныс министрлігінің алқасында баяндайтын болады.
kaz.tengrinews.kz