"Боинг" апатына қатысты "лаңкестік" туралы іс қозғалды

Украинаның шығысында малайзиялық "Боинг-777" ұшағының апатына қатысты "лаңкестік акті" бабымен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды bnews.kz Lenta.ru порталына сілтеме жасап.

"Оқиға туралы мәліметтерді Донецк облысы ІІМ Шахтер аудандық бөлімі ММ Сотқа дейінгі тергеу бірыңғай реестріне енгізді", - деп көрсетілген хабарламада.
Фото: РИА Новости. Михаил Воскресенский
Хабарламаға сәйкес, тергеу Қылмыстық кодекстің 258-бабының 2-тармағы бойынша басталған. Сондай-ақ сайт парақшаларында Украинаның қауіпсіздік қызметі өзге БАҚ-тарға берген сұхбатында лаңкестік бойынша іс қозғалғанын хабарлағаны айтылған. Еске сала кетсек, бортында 283 жолаушы мен 15 экипаж мүшесі бар Malaysia Airlines әуе компаниясының ұшағы 17 шілде күні түстен кейін Украинаның Донецк облысында апатқа ұшырады. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмахановтың айтуынша, апатқа ұшыраған Boeing ұшағының бортында қазақстандықтар болмаған. Айта кетейiк, Украинаға ұшатын отандық "Эйр Астана" әуе компаниясының баспасөз қызметі Facebook.com әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында "Эйр Астана" ұшақтары Украина аумағы арқылы ұшпайтындығын хабарлаған едi. "Эйр Астана" компаниясының Лондонға, Франкфурт пен Анталияға және кері қарай ұшатын бағыттары Украина аумағынан өтпейді. Ал Атырау-Амстердам-Атырау рейсінің ұшу бағыты өзгертіледі.