Иманғали Тасмағамбетов тілшілермен селфиге түсті
2014 ж. 08 шілде
2685
0
Астана күнін жоғарғы деңгейде өткізген Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов велосипедке отырып соңында тілшілермен селфиге түсті деп хабарлайды КТК арнасы.
Скриншот: КТК арнасы
Мереке күндері еліміздің бүкіл өнер жұлдыздары жиналып, ерке Есілдің жағасын бұлбұл бақшасына айналдырды десе болады. Астананың аспанында үш күн бойы ән әуеледі.
Сондай тамаша кештерінің ішіндегі ерекшесі - "Ән жүрегім, Астана!" концерті. Мұнда жиырмадан астам жас орындаушы Елорда туралы ең әдемі шығармаларымен сайысқа түсіп, жеңімпаздар анықталды. Биыл Оралдан келген орындаушы Нұрсұлтан Қарабалиевтің "Елордам"әні үздік деп танылды. Астананың туған күніне жыл сайынғы дәстүрлі тәтті тарту да бар. Алып торттан биыл да жүздеген адам ауыз тиді. Жарты тонна ұн, 200 жұмыртқа жұмсалған тағамды ондаған аспаз жасапты. Мерекелік шаралар қас қарайғанша жалғасты. Соңы отшашуға ұласып, ол тұрғындар мен меймандарды таңғалдырды. Ал бірнеше күнге созылған қала күнін абыроймен өткізген Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қолы қарбаластан енді босағандай. Демалысты пайдаланып, велосипедке мінді. Сөйтіп велосипедке арналған арнайы тұрақтың ашылуына қатысты қаланы аралап шықты.
Соңында мерекеге орай тілшілер шаһар басшысынан соңғы уақытта көп тараған селфиге түсуін өтінді. Ұсынысты қуана қабылдаған Тасмағамбетов тіпті журналистерді ұялы телефонға өзі де түсіріп алды.