ЖАС КЕЛІН... ЖАЛАҢАШ ИЫҚ...
2014 ж. 05 шілде
11457
7
Қазір ақ отауға жаңа түсіп жатқан жас келіннің жан жарының көзі ғана түсуі тиіс жалаң иық, төс кеуделерін жалаңаштап тастап, жалпы халыққа көрсетуін қалай түсінуге болады? Арт жағы тіпті, жауырындары бөлектеніп, беліне дейін жалаңаштанып тұратындары да бар... Бұған оның күйеуі, ата-енесі, әке-шеше, туыстары қалай былқ етпей тұра береді? Оларға бәрібір ме? Орыстың ойына келгенін істегені, батыстың балдыр-батпағы қазаққа қасиетті ме? Жоқ, олардың бәрі "өркендеп," "дамып" кеткен де, мен ғана "қалып" кеткен адаммын ба?
Иық, кеуде түгіл біздің оңтүстікте шашын да көрсетпей ақ жаулық салады ғой... Сол сияқты жас жұбайларды қазақша киіндіру қандай әсем, қандай әсерлі болатынына ұлттық дәстүрде өткен тойларда куә болып жүрміз. Қазақтың ұлттық киіміне, әсіресе қыздардың киімінің әсемдігіне әлемде ел жетпейді!
Сатирик Мұхтар Шерімнің ұлттық дәстүрімізді қорғаштауын құптағандықтан туып жатқан ой ғой бұл... Қыз ұзатудағы қызды әкесімен билететін әумесер асабалардың мисыздығына миықтан қарап қана қоймай, оны тоқтату үшін осылай қоғамдық пікір тудыру да жемісін көрсететіні сөзсіз. Құда мен құдағиды билете қой қалағаныңша... Құдаларға төс түйістір! Ал ұзатылатын қызды әкесімен билетіп, күйеу баланы қайын енесінің белінен құшақтатып қою, асабаның ғана ақымақтығы емес... той иелерінің де бейамал бейшаралығы!
Сол секілді жат жұрттың қаңсығын таңсық көріп, келін мен күйеу торт кесіп алып, ата-аналарының аузына тыққыштап, олардың ұрттары бұлтыңдап шайнаңдап жатуы - тіпті ерсі қылық емес пе? Қазақтың келінге тәтті шәй құйдыратын тәлімді рәсімін жасаған жарасымды тойларды да көріп қалған едік, соны жаппай жалғастыру керек деп білеміз.
Қ.ЖАРЫЛҚАСЫНҰЛЫ
qazaquni.kz