Депутат ақбөкен етін сатуды ұсынған министрді сөзін қайтып алуға шақырды
2014 ж. 20 маусым
2320
4
Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл ақбөкеннің етін өнім ретінде базарда сату туралы Қоршаған орта мен су ресурстарын қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтың сөзін сынға алды. "Ақбөкен кең жазира қазақ даласының еркесі, сұлуы! Сондықтан халқымыз ежелден ақбөкен мен аққуды қастерлеп, екеуін де кие тұтқан", - дейді халық қалаулысы "Айқын" басылымына берген сұхбатында.
Демек, Қоршаған орта мен су ресурстарын қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтың "таяудағы жылдары ақбөкеннің етін базарға шығарып, бизнеске айналдыруға мүмкіндік туады" деуі табиғатты пір тұтатын әрбір адамның ашу-ызасын келтіретін жайт. Сондықтан мен министрдің мұндай пікірімен келіспеймін.
Басқа ет таппағандай, ақбөкеннің етін базарға шығарып саудалау деген тіпті ұят. Сондықтан Қаппаров мырза, сөзін қайтып алып, керісінше, ақбөкенді сақтап қалуға, оның басын миллионға ғана емес, сан миллионға жеткізуге күш салғаны абзал.
Себебі ақбөкен – қазақ даласына біткен қасиетті де киелі жануар. Оның саны қаншалықты өссе де, бізге көптік етпейді. Ақбөкеннің етін базарға шығарып, пайда тауып, ешкім пәтуа таппайды. Керісінше, бұл – дала еркесіне жасалған қиянат болар еді.
"Адал" тұтынушылар қауымдастығының төрайымы Артық Сейтқалиева: Өз басым ақбөкенді сойып, оның етін базарға шығару дегенді түсінбеймін. Сондықтан мұндай ұсынысқа үзілді-кесілді қарсымын.
Меніңше, ақбөкеннің етін барша жұрттың ас ретінде пайдаланбайтыны белгілі. Оның етін тек кейбіреулер ғана тамаққа қосып пайдалануға немесе асып жеуге құмар. Бұл – дұрыс емес. Өйткені Қазақстанда құдайға шүкір, қой мен жылқы, сиыр жеткілікті. Егер осы малдардың еті жетіспейтін болса, оларды шетелге экспортқа шығармас едік.
Таяуда сиыр етіне айналдырылған "доңыз (шошқа) еті Қытайдан Қазақстанға келе бастады" деген пікірді естідім. Мұндайға тіпті жол беруге болмайды. Өйткені Қазақстан – мұсылман елі! Сондықтан шеттен келетін етке және басқа да тағамдарға – ветеринарлық бақылауды күшейту қажет. Ал ақбөкеннің етін базарға шығаруға жол бермеуіміз керек. Керісінше, ақбөкенді қорғай білейік!
Медицина ғылымдарының докторы, профессор Жәңгетхан Абылайұлы: Біріншіден, Алатаудан Алтайға, Алтайдан Атырауға дейін кең тараған ақбөкен біздің баға жетпес байлығымыз. Байлық болғанда, ол – бизнес үшін жаратылған жоқ. Өйткені ақбөкен – қазақ үшін киелі аң! Сондықтан ата-бабаларымыз о, бастан ақбөкенді атуға тыйым салған.Ал енді одан "бизнес жасап, пайда табамыз" деу үлкен қателік.
Екіншіден, ақбөкен етінің адам денсаулағына қаншалықты пайдалы немесе зиян екендігі әлі күнге дейін ғылыми тұрғыдан зерттелмеген. Сондықтан дәл қазіргі күні "ақбөкеннің еті адамның денсаулығына соншалықты пайдалы, болмаса зиянды" деп айту өте қиын.
Үшіншіден, ақбөкен - Қазақстанның бренді! Әзірге, Қазақстанда менің білетінім, мойындалған екі бренд бар. Оның бірі – көктемде жайқалатын сарғалдақтар мен қызғалдақтар, ал екіншісі – ақбөкен!
Төртіншіден, ақбөкен Қазақстаннан басқа ешбір елде жоқ және кездеспейді де! Сондықтан біз ақбөкенді киелі аң ретінде қастерлей білгеніміз жөн.
NUR.KZ