Кейінгі оқиғалар тәуелсіз елдерді қатты алаңдатады
– Украинадағы жағдай, шынтуайтына келгенде, әлемдегі геосаяси жағдайды күрт өзгертіп жіберді. «Екі саяси лагерь арасындағы жетпіс жылға созылған текетірес жойылды» деп әлем саясаткерлері жар салған еді ғой. Ал, соның барлығы жоққа шықты. Бүгінгі таңда әлем қайтадан екіге бөлініп отыр. Бұрынғы жағдай қайта орнайтын түрі бар. Бұл осынау үлкен ғаламдық тарихи оқиға кез-келген адамды ойландырады. Әсіресе, біз сияқты халқының саны аз, жерінің көлемі үлкен, жас тәуелсіз қазақ халқы сияқты елдерді қатты алаңдатады. Мысалы үшін, Ресейдегі Жириновский сияқтылар жеке-дара әпербақан деп жүрсек, Кремльдің дені осы Жириновскийлер екендігіне көзіміз жетті. Яғни, Ресей саясаты империалистік, озбыршыл, агрессиялық саясат екендігін, ал қалғаны Жириновкийді аңқылдатып, соның көлеңкесінде тұрғандығын көрсетті. Сонымен Ресейдің беті – Жириновскийдің беті екендігіне көзіміз жетті. Ал енді оның не деп жүргендігінен хабарыңыз бар ғой. Ол «Орталық Азия Ресейдің бір губерниясы болуы керек, оның орталығы – Алматы қаласы болуы керек» деген сияқты пікірлер айтып жүр. Қысқасы, барлық аймақтарға қатысты сондай содырлық ой айтып жүрген «дарақы тұлға» осы болып тұр. Ресейдің жалпы басшылығы да сол «дарақы тұлғаға» қатты ұқсап кетті. Міне, осындай жағдайда Қазақстандағы кез келген адам үйінде алаңдамай, қалайша тыныш отыра алмады. Бұл сұраққа бәріміз де өзімізше жауап іздеп жүрміз.
Орталық Азия Одағының құрылмауы – өкінішті
– Кедендік Одақ дегенді экономикалық интеграция деп, соған көнгендей болып едік. Оны ақпарат құралдары пайдалы деп зар қақсап жатыр. Ал, жарайды, пайдалы болса, пайдалы да шығар. Ал, мынау Еуразиялық экономикалық одақ деген Кедендік Одақтан да тереңірек жақындасу болып отыр. Шекаралардың барлығын сыпырып тастап, араласу ғой. Мұны да ақпарат құралдары экономикалық одақ деп, күні-түні зар қақсап құлағымызға құйып жатыр. Ал, осыған сенейік пе, сенбейік пе деген бір жағы үміт, бір жағы күдікті ойда отырғанымыз рас. Үмітімізден гөрі, күдігімізді көбейткен соңғы екі-үш айдың төңірегіндегі Украинадағы оқиға болды. Тәуелсіз елдің тұтас бір жерін, Қырымды Ресей өз құрамына «анау-мынау» деп қосып алды. Ол Ресей «сценарийі» бойынша болған оқиға деп білеміз. Ал енді ол «сценарий» қалай жүзеге асты дейтін болсақ, Қырымда орыс диаспорасының саны көп. Мінекей, солар арқылы Ресей өзінің басқыншылық, озбыр миссиясын демократиялық желеу қылып, референдум өткізген сияқты болды. Сол кезде, Ресей басшылығы «біз өз отандастарымызды қорғаймыз, олардың дауысын құрметтейміз» деп айқайлап жатты. Ал, Қырымдағы отандастары орыс болатын болса, жер бетінде орыс тұрмайтын жер бар ма? Мысалы үшін, Еуропаның кез келген жерінде орыс бар, Азияның, ТМД елдерінің кез келген елдерінде орыс көп емес пе? Оның ішінде ең орысы көп елдің бірі – Қазақстан. Ендеше, ертең тұрмыстық деңгейде екі адам төбелессе, отандасымызды қорғаймыз деп Кремль қоқаңдап шыға келмесіне кім кепіл? Ал, осы уақиғадан соң, халықаралық заңдарды құрметтеуді ұмытқан Ресейге күмәнмен қарау табиғи құбылыс болып қалды. Украина уақиғасы Қазақстанда қайталануы мүмкін деген күдіктің шындыққа айналуы бекер емес болып қалды. Оның үстіне, осыдан жиырма жыл бұрын Жириновскийлер Қазақстанның солтүстігі Ресейдің жерлері деп қалай кеңірдек жыртқанын білеміз. Тіпті, Ресейдің ең «демократ» басшысы болған Горбачевтің өзі де Қазақстанның солтүстігіне ауыз салғандығы есімізде. Міне, осындай жағдайда, иманы ұйымаған, басқа саясат ұстанатын Кремльмен одақтасып, араласудың түбі қалай болады деген сұрақ бәріміздің көкірегімізде тұр. Дәл осы мәселеде тағы бір проблеманың басы қылтияды. Халқыңның азғантай болуы – өкініш. Кремльдің саясатымен Голощекин қырып берген қазақтың саны 45-50 млн. болуы тиіс қазақ бүгінде әрең дегенде 11 млн. болып отырмыз. Сондықтан, біздің кешіп отырған күніміз – әлсіздің күні дегім келеді. Осындай жағдай кезінде Әбілқайырдың да басына туған болатын. Ол Ресеймен одақтас болғысы келді, ал олар оны сыпырып тастады да, Батыс Қазақстандағы жерлерді тартып ала бастаған кезде, Әбілқайыр Ресейге қарсы соғыс ашқаны белгілі. Мінекей, осындай да тарихи мысалдар еске түседі. Ал, енді бір одақ болып үлкенге арқа сүйемесең, көбеймесең, «бөлінгенді бөрі жейді» деген тағы да сөз бар. Ол жағын да ойламасаң бола ма. Біз «Аю» мен «Айдаһардың» ортасында отырған елміз. Осындай да бір өкінішті жағдай еске түседі. Мынау Орталық Азия елдері кезінде Мұстафа Шоқайдың бағдарламасының астына бірігіп, бір одақтас ел болған кезде, біз мұндайды басымыздан кешпеген болар едік деп ойлаймын. Дәл қазір бес республика бес жерде, бесеуі де осындай күйді кешіп отыр. Осының бәрі бөлінгеннің кесірі. Яғни, «саусақ жұмылса – жұдырық, жұмылмаса қылдырық» дегеннің кебін киіп отырмыз. Сол кезде Мұстафа Шоқайдың идеясы іске асқан кезде, елу миллион халық болып отыратын едік. Тіпті, кешегі Кеңес Одағы құлағаннан кейін, бес республика бірден одақ құруы керек еді. Терезесі тең, ортаазиялық одақ құрып алуы керек еді. Сүйтіп барлық жағынан шекараны ашып тастап, тұтас мемлекет болып отырған жағдайда, біз бүгінгідей бүкіл әлемдегідей «әлділер әлсізді екі бүктеп, бір шайнап жатқан» заманда кәдімгідей тыныш, бекем, «мұртымызды балта шаппай» отырған болар едік деп ойлаймын. Міне, осы мәселеге қазір өкініп отырған жайымыз бар. Ал, енді осындай «арқа сүйерің жоқ» жағдайда Еуразиялық экономикалық одақ туындады деп білемін. Яғни, бірнеше мемлекетпен одақтасып күн кешу керек болады. Еуропалық Одақтың өзі осылай туған. Оның құрамында қаншама әлсіз елдер бар. Франция, Германия секілділер мықты да, қалғаны әлжуаз болатын. Енді солар бірігіп, әлемдегі шешуші, саяси-экономикалық күшке айналып алды. Міне, осындай жағдайда, кезінде біз арман еткендей, Ресей демократиялық жолға түсіп, ТМД-ға «әкірегенді» қойып, «шоқпар» ала жүгіргенді қойып, «терезесі тең ел» деп қазақты да, түрікменді де, өзбекті де сыйлап, тең саясат жүргізетін болса, шынымен де, ол экономикалық тұрғыдан сөзсіз пайдалы одақ болар еді деп ойлаймын. Қанша айтқанмен, экономикалық тұрғыдан жаман болмаспыз. Өйткені, Қазақстан жер байлығы жөнінен орасан бай ел. Мыңдаған жыл біздің аумақтан өткен «Ұлы Жібек жолын» да алыңыз. Сол жол қазір қайтадан тас жолы болып қалпына келіп жатыр. Бұл сөзсіз Қазақстанның маңдайына жазылған бақ деп айтуға болады. Қазақстанның осы жолдың бойында тұруы, үлкен бақ. Өйткені, ертең бұл жолдар табыс әкелетіні сөзсіз. Демек, экономикалық тұрғыдан ақырындап көтеріле беретіндігімізге үмітіміз жоқ емес.
«Мәңгілік ел» идеясына қауіп төнуі мүмкін...
– Алайда, ұлттық құндылықтарымызға келгенде, жан қиналады. Тіліміздің, мәдениетіміздің, діліміздің бейшара күйге түсіп отырғандығына не дейсіз?! Жоғары лауазымды тұлғаларымыздың өздері орыс тілінде шүйіркелеседі емес пе? Осы арқылы бүкіл елді теріс тәрбиелеп отыр. Өздері қабылдаған «мемлекеттік тіл туралы» заңды аяқасты етті. Сонымен қатар, «Мәңгілік ел» туралы айтпайтын шенеунік жоқ. Бес қазақ жиналып алып, орыс тілінде «сайрайтын» болса, сен қайдағы «мәңгілік елсің», сен жойылып бара жатқан елсің ғой! Осындай мәселелерді біз қалыпқа келтіріп алсақ, біз сонда ғана «Мәңгілік ел» боламыз деп ойлаймын. Ал, бағана айтқан интеграция сонда ғана қауіпсіз болады. Экономикалық тұрғыда дамыған жағдайда, рухани тұрғыда кері кетпес үшін, бұрынғымен салыстырғанда, үш есе көбірек рухани мәселелерге ден қоюымыз керек. Сонымен қатар мемлекеттік тетіктерді іске қосуымыз қажет. Мысалы үшін, кеше ғана мен ашық сотқа қатыстым. Қазақтың жігіті қазақша сөйлеп жатса, «сен қазақша сөйлеме, орысша сөйле» дейді. Сонда отырған адамдардың бәрі қазақ. «Соттағы протокол орысша жүреді, сондықтан орысша сөйле» деді. Ал, осыған не дейсің? Демек, бүкіл сот жүйесі өзге мемлекеттің тілінде сөйлеп жатыр деген сөз. Егер осындай түйткілдерге тосқауыл қойылмайтын болса, онда шын мәнінде, «Мәңгілік ел» идеясына қауіп төнеді. Жалпы, ол одаққа кірмеген жағдайда да, мемлекеттік тіліміз оңып тұрған жоқ еді. Кірген жағдайда, тіліміз «сүмірейіп» қалмас па екен? Егер осындай жағдай туатын болса, онда қазақ арманы, Алаш арманы жүзеге аспай қалуы әбден мүмкін. Мінекей, осыны ойлағанда түн ұйқымыз төрт бөлінеді.
Зиялының еңсесі түсіп кетті...
– Егер жазушылардың бетін қайтара беретін болсақ, оның жиырма жыл зарлаған мәселесіне пысқырып та қарамайтын болсақ, ол да шаршамай ма? Зиялы да – адам ғой. Кейде қоғамда жазушылар «ондай-мұндай» деген пікірлер бар. Ой, айналайындар-ау! Жазушылар адам емес пе, оның бала-шағасы жоқ па?! Мысалы үшін, жазушылар жиырма жыл бойы қаламақысыз, айлықсыз жұмыс істеп келе жатыр. Мұндайға кім көнеді? Көбі – зейнетте. Сол азғантай зейнетақысына ғана күнелтеді. Ондай адамның еңсесі қалай көтеріледі. Қоғамда оны сыйламайтын болса, табыссыз болғаннан кейін, бала-шағасының қасында да қадірі жоқ болады ғой! Оны өзіміз қайыршылық жағдайға жеткіздік. Мәдениет саласының айлықтарын есептеп көріңіздерші. Әлі күнге дейін, елу мың теңгемен өмір сүріп келе жатыр. Содан артық алады деп ойламаймын.
Жазып алған
Сейілбек АСАН