БІРІНШІ...және НӨМІРІ БЕСІНШІ ҮКІМЕТБАСЫ һәм одан соң...
2014 ж. 14 мамыр
14257
5
...Тоқсаныншы жылдары Халықаралық
қатынастарға «Нағыз хаос» қағидалары
әсер етті, дәлел де, дәйек те мол...
Самуэль П.Хантингтон
Бүгінгі Қазақ әлемі күрделі жолға қарай ойыса түсуде. Құрлықтағы державалардың геостратегиялық аңысы да өзгешелеу. Қалайда Қазақстанның (Қазақ елінің) бүгінгі қадамы, халықаралық қатынастағы орны оқшауланатын осы тұс – алашапқын, қызықты. Жалпылама дәуір тынысы өзгешеленді деген сөз. Бұрынғы 100 млн адамның басын жұтқан 70 жылдық тарихы бар «Ұлы қазан төңкерісі» - Кеңестік, ежелгі Ресей патшалығынан қалған «соңғы бекінісі» мен геосаяси ауаны бізді шыт жаңа сүрлеуді таңдаудың қарсы кеңсірігіне келтірді. Азия кеңістігіндегі Кеңестік ескі кеспір - яки Жаһандану атты жаңа бет-бейненің айырымында біздің тағдыр да көрінетін болды. Бұрынғыдан көп айырмашылығы жоқ «Неоевразинизм» сұлбасы қазіргі Қырымның жағдаятынан кейін тіптен анық белең беретіндей. Орта Азия кеңістігіндегі ендігі «бос орын»-да (вакум) ендігі кезекте Қазақ Өкіметіне аса маңызды, қырағы іс, әрекет жүргізуді нұсқайтын секілді. Ендеше ескіше «үкіметбасшысы» жаңаша премьер - министр лауазымына қандай тұлға келсе де осынау ұлы мехнаттарымен жанталаса күресетіні айтпаса да түсінікті.
Бір тұстары тек Ресейдің ғана «измшіл» көз қырының нұсқау, ықпалымен орындалатын бюджеттік қаржы секілді аса маңызды науқанды шаруаны бүгінгі жағдаймен бүтіндей салғастыруға келмейтіндігін де ескертеміз бе, қайтеміз?..
Әуелі 1993-1996 жылдар арасындағы мемлекеттік бюджеттің көлемі долларға шаққанда қанша еді?! - Қазір ше? Жер мен Көктей...
«Құрсақтағы құлақ пен мидың...» желеуі һәм кесірі қаймана халықтың ашу-ызасымен көрініс табатын да соған негізделген «спектакль» қойылатын. Кешегіні аңсаушылық, өткеннің дәмі кеппеген керіезулі еріндерден «қымбатшылық» атты реніш, айқай-шу саулай жөнелетін. Өтпелі сәттің лаңы...
Екінші жағында Қазақ жеріндегі табиғи ресурстардың орасан молдығы, әлемдік нарықтағы шикізаттың өнімінен келетін ризық, кіріс мөлшері «бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрықтың» аш көзді кебін келтіретін еді.
Тұлғаға үнемі кінаратты күмәнмен тек шүбә келтіру ғадетімен өмір сүрдік. Сол идеология індетінен арыла алмаудың салдарынан біз үнемі оқшау тұрғандарға «пияз турап тұрып ашыған көзбен» қарауды ғана өзімізге мақұл көрдік. Иманғали Нұрғалиұлының тұсында коммунистік ішірткіге әбден уланған ішкі есепті дүбәрә топ «ішкі жалпы өнімнің өсімі күмән тудырады...» деп айқайға басты... Тінсіз ағайынның нілсіз «пиары» әм «жең ішіндегі жұдырықтың» бас көтерген сиқы.
Қазақ болса – ғасырдың біртуар тұлғасы бола алмайды?! Адам Смиттің қолындағы «әлемді қозғаушы күштің іліми механизмінің кілтін» сілекейімізді шұбырта тамсана аударып, төңкеріп отырып, тек утопизмді сыпырмайым баяндайтын профессордың тозығы жеткен конспектісіндегі сілікпесі ғана қалған қисынға сүрініп жығылып жаттық. Олардың әсіреқағидасы бойынша Үкімет шаруашылық ісіне «былығумен» бірге, көп тұрпатты жекеменшік секторларға сыпырмайым «шабуыл» жасау керек екен?!
Иманғалидың 1993 жылы Елбасы әкімшілігінің көмекшісіне барған тұсы – осындай күрделі саяси текетірестіктің өршіген кезіне дөп келді. Сонау бір «неолиберализм» дауагерлеріне ұқсайтын дімкәс билікке келген тұңғыш жедел жәрдем дәрігері секілді...
Иә, бір дімкәсты дәуірдегі экономиканы құлантаза сауықтыруға Рональд Рейганның «темірқазығы әм сәуегейі» Милтон Фридманның (1912 ж.т) құдіретті қисындары арасынан табылғанындай. Сол секілді ең күрделі тұста мемлекеттің «компостық құрылғысын» алақанда ұстап жүру «космостық қарқында» зымырап бара жатқан ескі, жаңа құрылымға тізгінші болу Имекеңнің маңдайына осылай жазылған.
Қазақстан Республикасы Президентінің бірінші көмекшісі, Атырау облысының әкімі, Қазақстан Премьер-министрі, Мемлекеттік хатшы, Президент әкімшілігінің жетекшісі т.с.с. лауазымдар оны оңға бір, солға екі лақтыратын.
Социализмнің тайғақ соқпағымен мимырттап келе жатқан үкіметтің тозығы жеткен мәшинесін бір бағыттан тайдырмай, «қайта секіруге оңтайлы жаңа сүрлеу» таңдауды, сол бір ескі «казарманың» терезелерінен таза леп енгізуді бірінші рет қолға алған сол Имекең, һәм нөмірі бесінші Үкіметбасы.
«Жел бағыты өзгереді...» - деген Милтон Роз Фридман қисыны Қазақ дәуіріне де өз кебімен жетті, келісе кетті, әлде басқа ма кім білсін, әйтеуір «керуен көшті...»!?
Әрине бір тұлғаның күллі дәуір тынысына сіңірген түрлі пәтуәлерін бір көсемсөзшінің игере алмасы хаһи. Алайда социализмнен дарыған кереғар сандырақтармен «тамақтанып», бәрін біреу үшін жасайтындай «аурудың сөзін сөйлеп, саудың асын жейтін» керітартпалар мен күллі дүниені көкке көтерердей сыбанып жүретін көзбояушы шолақ белсенділер бүтін бір ел, қалың жұрттың айбарын жасқап, жігерін құм ететін кез де сонда, солай болғанын сезетін-ді... Ел көкірегі ақиқатында киелі тәуелсіздік қуанышына көмулі еді!
Тез арада елдің етек-жеңін жиғызу шарасы қолданылды. Сол арқылы инновация, тете құрылым, жол, құрылыс, сауда даяшылық орындарының ұлғая түсуінің нәтижесінде шенеуніктердің қатты «консервленген» ми қатпарларына ептеп таза ауа ене бастаған-ды.
Тек қана Алматыға, соңынан Астана секілді алып мегаполис қалаға бақаның долбарын керектену, керектенбеу, дамыс үшінгі түрлі мағыналы ұғымның мән-мағынасын ұқтыру «мұрнының суын сүртуге» де мұршасы келмейтін әр басшыға ауыр салмақ-ты. Сол зіл жүкті көтеріп өтудің өте күрделі жұмбағын Имекең шешті, көтерді. Басқаның менежменттік қисаптарын есептеу, межелеу, еркін дидарласу мен тіптен кейде нақты сөйлесудің көнбіс үлгілерін немесе басшылықтың менежменттік өлшемдерін игере алмай етпеттеген, жұтаңданған ауыл, кенттерге апару қияметін кешті ол.
Әсіре, салиқалы өркениеттенген қалалардағы бай, манап (олигархия) үстем, төбел топтың бипаздығындай емес-ау, мүлдемгі коммунизмшіл көрсоқырдың шикілігі мен кінәратты әрекеттілерден аттап өтудің өзі қиынға соққаны аян.
Ел ризығын мейлінше өз баспайдасына жаратудың «озық үлгілері» белең алатыны да байқалған. Мемлекет қазынасын,қоғам мүлкі тышқаншылап талан-таражыға салуға құныққандарды құрықтау, реттеу я болмаса олармен «уақытша істес болу» қауіпі де туындаған-ды. Шынында да ескі сүрлеу - жол болмас, ескі дәстүрді дәріптеп, мадақтаудың өзі дамуға өлтіре кедергі жасады. Бұған бұрынғы посткоммунистік елдердің саяси дүрдараздығы мен кері ықпалы тимеді деуге болмайды. Айталық Балтық жағалауы елдері мен Қырғызстандағы қырғиқабақ әсірерадикалдық әрекеттер Өзбекстан, Тәжікстандағы ескіні жақтаушы «жаңартушылардың салқыны» Қазақ елін айналып өтпеді. Әсіресе 1992 жылдан етек алған Тәжікстандағы қантөгіс секуляристлер мен руаралық жүгенсіздік, Ауғанстанның қаруланған топтарының Душанбедегі қимылы біртүрлі «жұқпалы» -тын. Бұдан кейінгі яғни 1994 жылғы желтоқсанда көтерілген Шешенстандағы дағдарыс тағы да өз ұшқынын тастауға жақын еді. Себебі, қазақ қашаннан жел өтінде болды...
Басқа бір елдерде жеке кәсіпкерлер мен жеке меншік тауар өндірушілерді «етпетінен түсіретін» тіптен төрткүл әлемдегі күллі қоғам күйреп жатқан тұста Қазақ елінің ескі жаңа екі ірі шаһарындағы жағдай тіптен салыстырмалы қалыпта қоңырқалталау болса да тұрақты еді. Жазушылар әуелі өз басынан кейін «нанды» жазатын! Сол сәттегі ірі шаһардың тізгіні Махамбетте туып-өсіп, Пушкинде оқыған, Пол Самуэлсонның «Экономика: Мәре һәм зерт» (1947), Жеймс Тобиннің «Бір дорбаға барлық жұмыртқаны салуға болмайды» деген күрделі қисындарын ежіктей білген Тасмағамбеттің баласының тастай уысындағы нарық өзіндік, кәсіби нарықтық заңдылықтары бойынша жүргізіле берді. Кеңестік үлгідегі мейірбан кейіптегі өкіметтің жылы көрпесіне әбден бұйыққан, ертегіге ғана сенгіш қаймана жұрт жеке кәсіп жүргізу еркіндігінен гөрі идеологиялық жасанды мүсіркетуді ересен жақтыра беретін кезеңде ол, ешкімнен ықпайтындығын көрсетті және бүгінгі нарық заңы кешегі «социализмшіл» қисынгерлердің түсінігінен мүлдемге бөлекше сілемнің бар екенін түсінді, түсіндіре білді. Коммунизмнің ғылыми теориясы оқығанға «дәмді» болғанымен іс жүзінде жүзеге аспайтындығын меңзеуі де осыдан басталды.
Өтпелі қоғам өз жүгін көтере алмай бір тізерлеп мықшыңдаған тұста теңнің екі жағына бірдей «демеу» көрсету Иманғалиға жеңіл тимеген сыңайлы. Алайда Тасмағамбетовтың үкіметі экспорт өнімдерінің көзі болған табиғи байлық, кен орындарына барынша жанашырлықпен назар аударуды қарастырды, болашақты болжады, ұтымды саясат жүргізе алды...
Алып биліктің ақаулы генераторы немесе Ресейдің ғана жағармайын аңсайтын, құрлықтан соң құрлық жалғасатынына көзі жетпейтін кемтар құрылымның кемшіндері мен механизмінің ауыртпалығы әрине біріншінің жон арқасына ең алдымен бататыны хаһи. Ресей жалған кемсеңдесе жалп етіп көңілі босай салатын бұрынғы ақ көңіл «қазақы мінез» осыдан кейін біртіндеп барып әптігін әрең басты. Бірақ сыртқы жағдаят аса күрделі еді. Қауға май құйып, өрт қоюдай оңай болған!?
Имекеңнің ең салмақты кезеңі – жаһанды қамтыған «Қырғи қабақ соғыстың» соңғы мәресі 1991-1993 ж.ж. Босния дағдарысы, Балқан түбегіндегі сойқандар, Македонияның аумалы-төкпелі дүрбелеңімен тетелес келген. Шегіну мен ілгерілеудің өліарасындағы Жас Қазаққа алдыңғы мезетті болжау, оған сәйкес саяси әрекет жүргізудің сәті түскенде ол соншама жас, әрі аса қуатты еді.
Қазақтың байлығы шексіз деген атүсті кекесін мадақ, несібенің ысырабына да қанағат ету қадіреті дәл осы кезеңде өтті. Сонымен жаңа өмірге Тәуелсіз Қазақ елінің жаңа ұлттық валютасы келді де Тасмағамбетов өкіметінің дүниежүзілік мәндегі кейнсианствалық ізденісі тартымды сәтке бет бұрды.
Меніңше түрлі тәсілдердің ізіне түсу Азия елдерінің озық үлгілеріне үңілу, зерделеу мүмкіндігі де осы бір оңтайлы сәттер енді ғана туды.
Азия елдерінің сыртқы сыпатынан орын алатын әсіре іссіздік, ақша дересінің тізгінсіз шалықтауы, қоғамның дегбірінің кетуі, өндірістердің құлдырауы тежелуге жақындады. Иә...
Әйтпегенде бұрынғы Кеңестік үзінді-жұлынды елдерді қамти жөнелген дағдарыс, дінаралық араздық, тәуелсіздіктің құнын сезінбейтін кейбір асқазаны алападай келімсек басшылардың түрлі іс-қимылдары дағдарыстың апанына қарай итермелейтін де еді. Қазақ елінің геосаяси табандылығы осы сәтте айқын көрінді. Саяси демократиялық желпіністер, адам құқына қатысты оңды шаруалар, нарықтың еркін қатынасындағы өзгешеліктерді де тәптіштеу ерсі, тілге тиек ету де ләзім.
Демократияны ерсі бұрмалау, ескі-құсқыны бықсыту, ауыларалық популистік шер мен зар... Тіптен кейбір оқиғаларға бұрынғы коммунистік ындынмен қарау секілді мәселелердің бәрінен аман өткен Қазақ елі осындай!!! Тәңірі жар болып, «Интеграция» атты жалаудың түбінде тығылып жатқан «дезинтеграция»-дан аман қалды қайран Қазақ!
Өтпелі кезеңдегі Өкіметке өткел табу оңайға түспейтін іс. Үкіметбасшысы болған жылдарда еркін нарықты есіктің қақпасын дұрыс ашуға оң ниет білдірген Имекең Мемлекет қалтасына түскен соманың белгілі бір бөлігін жол, инфрақұрылымды дамытуға, денсаулық саласы мен білім беруге жұмсауы бүгінгі жетістікке жетудің алғысатысы болғандай. Кедергімен бетпе-бет келу реттелмелі нарықтың нақты кемшіліктерін електеп, екшеу, шеттен келетін инвестицияны саралау, олардың қызығушылығын үдете түсудің небір қисынды сәттері осы тұстарда жасалды деуге болады. Ұлттық табысты нығайту, шеттен келетін қаржыға сенімді «қалта» тігу, ол үшін «бәзбір жолбикелердің» пиғылдары мен жұлынтұтасындағы селкеулі әрекетіне аса қырағылық көрсету де керек болған да.
Макроэкономикадағы мәйектену, мән-мағыналы ауқаттану, әлеуметтік өнімдерді өзгешелеу, тұтыным мен ұсыным жолдарындағы ақауларға талдау жасау үшін ұлтшыл ұстанымды азамат қажет еді. Иә, Нобель сыйлығының иегері Роберт Лукастың (1995) макроэкономикалық жүйелеудің оңтайлы пайымдарына өте ұқсас саясаттар жас Қазақ үкіметі бұдан кейін де жалғаса беруі қуантады. Экономикалық азаттықты және мемлекеттің «қожалық» әкіреңдеуін азайтуды, кәсіпкерлікті қолдауды ең бастысы шеттен енгізілетін арзанқол тауарлар мен азық-түлік қауіпсіздігінен Қазақ нарық әлемін қорғай білудің нақты құлшыныстары жүргізіле бастағанын кеш те болса бүгін сезінуге болады. Ең тиімді өндіріс көзін табу, оны ұлғайту, мүлік егелерін зорайту, ең ұтымды, нәзік «сезініс игерілді». Солайша «Империализм капитализмнің соңғы сатысы» - деген Лениндік қағиданың үрейлі құрсауынан құтыла бастаудың өзі керемет-ті. Қазақ Үкіметбасшысы бәрін жоғалтып алмауға тырмысты. Егер келе жатқан саяси, экономикалық тәуелсіздікті жоғалтса тұтам «шынжырды» емес тұтас ұлтты жоғалту деп ұқты. Қазақ экономикасы өзін-өзі реттейтін, өтпелі кезеңнен ептеп өтіп келе жатты. Ура! Тоқсаныншы жылдың қоғамын бастапқы құтқаруы мінеки осылай басталды.
Расында Қазақ елінің тағдыры Жапониямен өте ұқсас болған. Соғыстан кейінгі мезетте Жапонияның жағдайы қандай күйде еді? Халқының 2 миллионы қырғындалған, күллі қалаларының 40 пайызы күйреген, кәсіпорындар мен өңдеу салалары жоққа тән, құрыш құйып нәпақа табатын өндірістің сілті тынып, сілікпесі ғана қалған деседі. Инфляцияны тежеу, бюджет шығынын азайту, басты өндірістерді жүйелеу, экспорт-импортты қолдаушы даму қаржы-банклерін құру, қаржы енгізу, несие жүйесін пәрмендендірудің нәтижесінде ең тиімді үнем, ең ұтымды инвестиция, ең ұрымтал ғылыми техникалық технологияны өндіріске енгізу, ең бастысы жаңа экономикалық мүмкіндіктерді «мекендендіру» мен биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етті. Жапония бұл науқанға 30-40 жылғы уақытын арнады. Мінеки бұл ел 60 жылдары ұлттық кірісті екі есе өсіруге құлшынды. Экспорт үздіксіз өсті, техникалық жаңғыртулар келді өмірге. 1970 ж.ж. осы елдің экономикалық қарқыны ең жоғарғы шегіне яғни 10 пайыздан өрледі. 1946 жылғымен салыстырғанда әр жан санына шаққандағы нақты кіріс 844 долларға, 1960 жылы 1000 долларға жетті. 1962 жылы Жапония Үкіметбасшысы Хаято Икэда (1899-1965) «Трилатеризм» (Trilaterism) қисынын жариялады, соңынан «Nihonjinron» (Нихонжинрон) /1980/ өмірге келді. Ұлт көшбасшылары қалайда сол ұлттың жаршысы болатынын осыдан көруге болады. Ұлтшылдық, ұлтжандылықтың осы көрінісі Қазақстанда да болды. Шынтуайтында ұлтжандылық тұрақтылықтың да бір ересен тұғыры болғанға ұқсайды. Меніңше біздің Имекең де одан кем түспепті. Ол 1990 жылы «Дүниетану аспектілерінің экологиялық мәселелері» тақырыбы бойынша кандидаттық, 1997 жылы «Транзиттік саяси жүйелеріндегі әлеуметтік саясат» ғылыми зерттеу жұмысы бойынша саясаттану ғылымдарының докторы атағына ие болды. Сол кезден әлемдік державалар қағидасына (Weltmahce) үңіліп, Шведтік Юхан Рудольф Челленнің (Johan Rudolf Kjellen 1864-1922) Төрт неологизмі, яғни экополитика немесе мемлекет пен экономика, социополитика немесе мемлекет тарихын қоғаммен байланыстырып зерделеуі және Германиялық Фридрих Ратцелдің (Friedrich Ratzel 1844-1904) «Антропогеографдағы» (1882) демополитикасы һәм халық пен жан санының өсімі жағырафиялық байланысы жөніндегі пайымдарына анализ жасағандығы нақты көрінеді. Оның тікелей басқаруымен Моңғолия, Батыс Қазақстан, Ресейге халықаралық мәдениеттанушылық экспедицияларын ұйымдастыруы аса қызықты еді. Әсіресе «Каспий: Мұнай және мәдениет» тақырыбындағы жасаған шаруасы болашақта үлкен геосаяси істердің темірқазығы бола алатынына сенуге болады.
Үкіметбасшысының лауазымына келген сәтте әсіре шырақты геосаясат жүргізуімен дараланған тұлғалар әлем тарихында көп емес. Сонау бір Италияндық Бенито Муссолини (1883-1945)-дің қабілеті мен іскерлігін әлем саясаткерлері мойындайды. Бірақ темірдей қатаң тәртіп, әлеуметтік күшті реформалары оны халықтың қолдауына жеткізсе де, оның саяси есерсоқтығы мен әсіре алғырттығы жаза бастырғаны бар. Демек Қазақ елінің мемлекеттік дәстүрі бірден «нөлден» басталуы аса күрделі жағдаяттарды әкелді. Тура Америкадағыдай елдіктің дәстүр сабақтастығы болмағандықтан бастабында жағдай оңала қоймаған. Мысалы, Билл Клинтон өзінен бұрынғы Франклин Делано Рузвельт /1882-1945/ (Franklin Roosevelt)-тің «ұлттық экономиканы қайта жаңғыртудың ережесін» қатаң ұластыра ұстануындай немесе Жеймс Картер (James Karter)-дің «адам құқығын қорғау жөніндегі дипломатиялық» ұстанымы, Рональд Рейган, Жорж Буштардың «Қуатты Америкасы» секілді дәстүрлі сабақтастықтың болмауы Қазақстанның саяси экономикалық өмірін аса қинай түскенін байқаймыз. Шеттен үйренбейтін, қарыз несие алмайтын жұмақты ел дәл қазір жұмыр жер бетінде бірен-саран ғана...
Дәлірек айтсақ елуінші жылдардың басындағы Германияның басынан кешкен ахуалына ұқсас әрекеттерді Қазақ үкіметі де қолдана бастады. Әуелі экспорт импорттың салмағын жеңілдетуге жекеліктерді тарту, жұмылдыруға құлшыныс жасалды. Өкіметтің тікелей бақылауындағы шикізаттарды сәл босатуды қолданумен қатар экспортқа қатаң бақылау қоюға әрекет етілді - бір, баға және жалақыны босатудың ұтымды тәсілдері жіктелді - екі. Бұл іс-шара арқылы баға тұрақтылығына, жұмыс күшін жұмыспен қанымдауға, сыртқы экономикалық тепе-теңдікті сақтауға, экономиканы үздіксіз өсіре түсуге жағдай жасайды деп көрілді. Өкініштісі парламенттегі мәжіліскерлер һәм халық қалаулылары Германияның Бундестагі мен Бундестратындай нақты нәтижелерге жете алмауы жасырын емес. Орта есеппен әр жылда 12.5 млн тонна бидай егіп 5 миллион тоннасын экспортқа шығаратын Қазақ елі үшін экспортты бақылау шарасын керісінше жақсы жүргізді. Осындай ауқымды нарықты су жаңа мемлекетті күллі батысты еңсеріп отырған алпауыт елдер әсте ұмыт қалдырмасы белгілі-тін. АҚШ қазаққа әуелі күмәнмен, соңынан сеніммен қарайтын болды. Мінеки...
СНГ немесе ТМД жаңадан аяғынан тұра бастаған тұста АҚШ-ның қаржысы біршама «шашылды». Сол бір 1992-93 жылдары мысалы, Американың «алақаны ашық» еді. 1992 жылы 225 млн, 1993 жылдары 417 млн долларды ТМД-ға жұмсады. Ресей, Армения, Грузия, Молдавия, Белоруссия, Қырғызстан, Түркменстанға тек азық-түлік көмегі ретінде 412 млн доллары берілді. Әсіресе ТМД)ның ақша дересін қалыпты етуге халықаралық валюта қоры 6 млрд доллардың көмегін ұсынды. Жаңа елдердің өмірін өксітпейін деген жоқ. Бұл көмек жомарттықпен берілетін кәде емес еді. Дамуға арналған жол жора да жаңа тәуелсіз елдерге берген ерулік тағы да емес... Ендеше ол келешекте бірқанша бөлігі өтелетін жағдаймен ұсынылған болуы да мүмкін. Әсіресе Қазақстан үкіметінің экономикалық реформалары АҚШ-ның назарын ерекше тарта түсті. Өндірістендіру маркетингісі, қаржы, жекешелендіру, жаңа кәсіпті ілгерілеудің ең ұтымды тұсы да осы кезде жасалып жатты.
АҚШ әскери стратегиялық, экономикалық мүмкіндіктердің болашағын, табиғи байлықты игерудің жаңа нарықтық қадамдарына төте есеп жасады. Әрине, алғашында Балтық жағалауындағы елдермен қоса Қырғызстан мен Арменияның ахуалына батыспен қоса көп назар салғаны бар. Әсіресе Армяндардың саяси тұрақтылығы, экономикадағы радикалшыл өзгерістер өз тұсында АҚШ қатарлы елдердің назарын тартқаны рас. Қырғызстанның «тәжірибе алаңына» айналуы мен Тәжікстанның ішкі тұрақсыздығы, іріткілі толқуларының ұшқыны Қазақстанға да келіп жетуі әбден мүмкін еді. Осы тұстағы Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасындағы түйткілді мәселелерді Қазақ Үкіметі дипломатиялық өте нәзік, шебер тәсілмен шеше білді.
Тоқсаныншы жылдар тоғысында жас Қазақстанның қарқынды экономикалық реформасы әлі де Иманғалилардың локамативімен жалғасып келеді. Әлемде сұранысқа ие вольфрам қоры жағымен әзірге бұл елдің алдына түсетін ешбір ел жоқ деуге болады. Үстірті малға сай, астырты кенге бай. Шығыс Қайрақты, Бұғытыдағы кең жатқан байлықтар мен Көктіңкөл, Қараоба айналасындағы қорларға түгелдей экономикалық зерттеулер мен түйіндемелі сараптар жасала қоймаған да болуы мүмкін. Қазақ алтын қоры жағынан әлемде 14-ші, өндіру бойынша 15-ші орында «қақырығы құйма алтын, түкірігі түйме алтын». Жылына 36-40 тн алтын алады. Қазіргі статистикалық мәліметтердің кейбір ғаламторлық жүйелеріне сенер болсақ Қазақ елінің жер қойнауындағы алтын қоры да аз емес. Алтынның нақтыланған қоры бойынша әлем елдерінің бірінші ондығына, ал өндірісі бойынша үшінші ондыққа енеді. Жолымбет, Бестөбе, Ақсу, Ақбейіт, Бақыршық, Ақбақай т.с.с 196 алтын кені өнім береді. Ұлттық қордың активтері 72,8 миллиард долларға дейін өсуде. Жаңадан барлау жасалған һәм жасалмаған 1800-ден астам алтын кендері нақты бір үміт дүниесінің беташары ретінде көрініс береді!
Ләйім, құдайым Қазаққа осыншама байлықты берген болса «даму» деген ауылдың аса алыста емес екендігіне сенуге болады. Жақын арада Қазақтың алтын валюталық қоры 100 млрд долларға жетеді. «Алтынтау», «Қазақ алтын», «Қазмырыш», «Қазақмыс», «Алтын алмас» компаниялары осы кәсіпті меңгереді.
Сонымен қатар әлемдік экономиканың кейіпін танытатын өнім – мыс. «Мыс» дегенде өткен шақ еске түспегей...
Бергісі құрылыстарға, сантехникалық, электр жіптерін жасауға қат дүние. Машина өндірісінде және электрлі құрылғыларға мыстың қажеттілігі ерекше.
Әлемде бір тонна мыс бағамы 6800 америка долларына тең. Мыстың 32 пайызына еге Чилидің орталық банкісінің мәліметі бойынша бір тонна мыс 6784 АҚШ долларына сатылады. Ал үстіміздегі жылы мыс тоннасының құны 7050 долларға жетеді. Дүниежүзінде өндірілетін мыс өнімдерінің 21 пайызын Қытай керектенеді. Қалғаны АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Германия, Ресейге тиесілі. Халықаралық Валюта қорының есебі бойынша 2016 жылға дейін 1 тн мыс 7336.2 долларға шарықтап бағаланбақ. Көршілес Қытайда 2015-2020 жылға дейін өнеркәсіп өндірісінің қарқынды даму кезеңі басталады. Алдын-ала алынған сараптамалық ақпар бойынша Қытайдың жылдық қажеттілігі 7,2 млн тоннаға жетеді. Ұлыбританияның «CHR Economics» сараптау орталығы таратқан мәліметке сүйенсек әлемдік мыс өндірісінің жалпы мөлшері 20.3 млн тоннаға аяқ басты. Бұның 80-ге жуық пайызын Қытай, Чили, Жапония, Ресей, АҚШ, Германия, Замбия, Үндістан, Оңтүстік Корея, Польша қатарлы елдер толтырады. Ендеше әлемдік Codelco, Phehps Dodge, Rio Tinto, BHP Billiton қатарлы 10 ірі компаниялар мыстың 50 пайызын игеріп өндіреді.
Мыс кен орны Қазақ даласында 10 мыңнан асып жығылады. Молибден қоры жағынан Азияда бірінші орында болса әлемде алғы 4-5 орынды бөліседі. Әуелі Жезқазған немесе Жаманайбаттағы мыс қоры 10 млн тоннадан әлдеқайда артық дейді. Ғалымдардың дәлелдеуінше Қазақ елінде дүниежүзінде ең сұранысы мол порфирлі, мыс аралас құм тас, колчеданды сирек мысты цеолит, тіптен мысты никельдің қанша ауқымды һәм түсімді екенін таяу болашақта жете айқындала жатар.
Ал полиметал жағынан қорғасын мен қалайы, күміс, сынап, кобальт (cobalt), кадмии (cadmium) т.с.с байлықтардың келешектегі берешегі мен стратегиялық экономикалық есеп-қисабы саналы түрде пысықталып келеді. Мұғалжардағы Кемпірсай күлгін (ultra) баритті плутон қоры шамамен 430 млн тонна. Тіптен Атасу мен Жездінің өңделген марганеці, сондай-ақ Қазақтың ең сапалы хромиттің экспортына бәсекелесе алатын елдер саны он саусақтың ішіне ғана сиысады десек не дейсіз? Батыс және Солтүстік Қазақстан өлкелерінде жер бетіне өте жақын титан қорлары бар. Өскемендегі титан (titanium) өндірісі ешқашан шикізаттан кенде болмайтынының айғағы осы.
Энергетика, қуат көзі мәселесі сол бір тоқсаншы жылдардан бері үнемі қолға алынып келе жатқан игілікті іс еді. Мінеки ендігі кезекте «Ехро-2017» арқылы баламалы энергетика мәселесі кешенді түрде қолға алына бастады. Дұрыс, әрине жылына тек қана 50-100, тіптен кейбір мағлұматтарда 120-240 млн тоннаға дейін мұнай конденсат өндіре алатын мүмкіндік бар. Мұны айтып отыруымыздың себебі - Имекеңнің тұсында түзік жолға қойылған мұнай жобасының игілігін келешекте тіптен анық тұтынатын боламыз.
Қазақстан үшін электр энергетикалық тәуелсіздік қажет. Жуық жылдары электр энергетикалық импорттан толық бас тартуы қажет. Мұнайдың жалпы қоры емес-ау, тек Маңғыстау мен Ембіге дейінгі кеңістікке қарайық!? Алайда мұнайды өңдеу мен газды тасымалдау, оған деген сұранысты күшейту саясатына Қазақ үкіметі барынша назар аударудың нәтижесі енді-енді шыға бастады. Енді осы заманауи инфрақұрылымды жедел қолға алу керек секілді.
Қазақстандағы көмір қоры шамамен 185 млрд тоннамен есептеледі. Ал мұндағы Қаратау, Байқоңыр, Кіндіктас өңірлеріндегі көмір-кремнийлі (шақпақты) банадий кенін осы заманауи нәзік технология арқылы нәзік шикізат ретінде пайдалануға қызығушы, зәру елдер саны да аз емес.
Қазақстандағы көмір қоры 250 жылға жетеді деген ақпарат бар. Екі түрлі көмір шығаруға болады. Мысалы, тас көмір және құба көмір. Орта есеппен 400-ден астам кен орындарында баланстық қор 34.5 млрд тонна. Біз тілге тиек еткен ТМД-ның алдында тұрған Қазақ, әлемде Қытай, АҚШ, Үндістан, Австралия, Ресей, Индонезия, Африка, Германия, Польшадан кейінгі 10-орынға ие. Әлемдегі оннан астам елге көмір экспортын жасайды. Қазірдің өзінде 100-ден астам нақтыланған кеніштердегі 476,7 млрд тонна көмірге сұқтана қарайтындар жетеді. Көмір өндірумен айналысатын 33 ірі компаниялар жұмыс істейді. Олардың көрсеткіштерін тәптіштеуге қайран уақытты ысыраптамайық.
Таяу кезеңдерде Қытай көмірмен өзін-өзі қанымдай алатын мүмкіндікке ие болады-мыс. Бұл Қазақстанға да, Ресейге де тиімсіз. Көмір сатып алуға ең алпауыт нарық қазірде Қытайда ғана.
Көршінің аты көрші. Оларға «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалау» тиімді. Бұл елде қазір қалаландыру қимылы ересен. Соңғы 20 жылда 120 қала жаңадан орнады. Орта дәулетке ие болу үшінгі Қытай қимылы да керемет. Таяу жылда немесе 2020 жылда орташа дәулеттілер саны 700 млн-ға жетеді! Ең бергісі жалақысы 1500-2000 американ долларына тең келетін орташа байлар келеді өмірге. Қытайда қазір ғана бәрі «арзан». Олар түтін мен ыстан құтылудың жолын да үздіксіз іздестіруде. Келешекте бұлай болмайды. Қазірдің өзінде осы елдің көмір өнеркәсібі біршама шығынға ұшырап отыр. Қытай мәліметтеріне қарағанда 2013 жылы 40.554 млрд юань немесе 5 млрд евроның шығынына шалдыққан алпауыт елдің келешектегі саясатына сараптама жасау дұрыс сияқты.
Демек, Ресейде жан саны баяу өсімде болғандықтан тұтыну жағы баяу дамуы мүмкін. Қытайдағы электр қуатын өндіру ісі тау кен саласымен тығыз байланыста. Баламалы электр көздері яки атом электр станцияларының қажеттілігі бар әрине. Бірақ көмірдің қажеттілігі одан да аса түседі. Әлемдік деңгейдегі көмірдің қажеттілігі 2035 жылға дейін 35 пайыз өседі деген ақпарат бар. Электр қуатына қажет көмір мөлшері Қытайда жылына үш пайызбен қосыла береді. Ендеше Қазақстандағы көмір экспортын одан сайын қарқындата түсу керек!?
Автокөлік өндіру үшін аса көп мөлшердегі қаржы керек. Қалайы, мыс қорына тікелей қатысты «Балқаш мыс» (1998) өнімдері негізінен Қытайға экспортталады. Жалпы «Қазақмыс»-тың жыл сайынғы өнімі 350-400 мың тонна. Таяу жылдары Қытайда өндірілетін машиналар үдерісіне сай Қазақстан осы саланың тұтынушысы болып қалуы әбден мүмкін. Соңғы мәлімет бойынша жаңадан 30 машина өндірісі іске жегілген Қытайдағы металл сұранысы күшейе түсері белгілі. Үлкен алпауыт нарық іргеде тұр. Германия, Италия, Англия қатарлы батыс Еуропа түгелдей артта қалатын түрі бар. Тіптен әлемдегі ірі-ірі автокөлік өндірушілердің өзі Қытайға қарай өндірістерін нығайтып салуға қаржы аударуы мүмкін.
Қазақстанның түсті металына сұраныс молаяды әлі. Әсіресе мырыш пен құрышқа. Теміртаудағы болат балқыту ісіне де технологиялық реформалар қажет болады. Бір машина өндіру үшін ең бергісі 700-800 келі құрыш қажет. Ресей Қырым дағдарысынан кейн экономикалық стратегиясын Сібірге қарай топтап Қиыр Шығысқа қарай бағыттай бастады. Қиыр Шығыс Ресейдің «сауын сиыры» болады деп есептейді. Барлық кеннің 70 пайызы осы аймақты алып жатыр. Ресейдегі газ мөлшері 44,4 триллион текше метр алаңға тең болса, темір кені 100 млрд тонна, қалайы 8 млн тонна, алтын 700 мың, көмір 190 млрд тонна, мыс 85 млн тонна. Ендеше Ресей таяу жылдарда табиғи байлығы жағынан әлемде 2-3 орынды бере қоймайды. Көршінің түсімі осылай болса да, оны Қытайдың сіңіруі мүмкін болса да қорытуы жағынан не болар екен?!
Біздің назар аударған тұсымыз жас Қазақ мемлекетінің 90-жылдардан кейінгі ұрымтал тұстары болды. Осы кезеңдерде ел басқарған барлық үкіметбасшыларына риза болуға тиіс секілдіміз. Алайда, сол ел серкелерінің ең арқалыларының бірі Иманғали Нұрғалиұлының жаңа мемлекет жасау қарсаңындағы біршама оқшау саясатынан сөз қозғауға құлшынып көрдік. Әлемдік геосаяси ахуал ешкімнің арқансыз өз дегенін жасай алатын негізгі елдердің (gore states) ғадетті іс-шаруасы болса керек. Осы бір өтпелі тұста ең дейекті саясаттың жүрілуі Қазақтың болашағын аша түсетіндей. Бүгіндері Қытай, Үндістан, Жапония, Оңтүстік Азия елдері Қазақстанмен тең дәрежеде қатыса бастауы қуантады! Бір кездері Тайвань Азия құрлығында алғы шепке шығу үшін біршама кедергілерден өткен. Мысалы, 1986 жылға дейін жалпы экспорт 8 пайызда ғана тұратын бұл ел 1-2 жылдың ішінде 35 пайызға дейін экспорттық мүмкіндіктерді қисапсыз өсірді. Самуэль П.Хантингтонның (Samuel P.Huntington) «Өркениетаралық қақтығыс, жаңартыла бастаған ғаламдық тәртіп» атты еңбекте Мюррей Уайденбаум (Murrey L.Waidenbaum): «Бұл аймақта /Тайвань/ Жапонияның үстемдігі тұғырда тұрса да, Қытайға негізделген Азияның жаңа экономикасы, кәсіптік өндірісі, сауда қаржылық орталықтары аса қарқынды дамудың жолына түсті» деп қорытынды жасаған. Қазақ мемлекетін де осындай болашақ күтіп тұр. Иә, Ұлы Қытайдың «саяси сәулетшісі» Дэн Сяопиннің 1984 жылы көтерген бір мәселесінде төрт түрлі ерекшелікті тілге тиек еткендігі бар. Онда:
«...Қытай ірі және майда мемлекет. Қытай кішкентай ел болса да халықаралық деңгейдегі иеленетін орны бәкене де шәкене де емес, Қытай дамушы ел бола тұра онысы социализмнің алғашқы сатысына қатысты, Қытайдың ірілі-ұсақты мемлекет сыпаты өзара сіңісуде. Нәтижесінде осы ел қарқынды дамып, ең келелі технологиялы мәдениетті, алпауыт ел болудың жолында тұр...» деген еді. Осы бір ұлы қисынды қайта-қайта оқи бергіңіз келеді. Ләйім қайта-қайта...
Сұраған Рахметұлы, ақын
Моңғолия, Баян-Өлгий қаласы
2014 жыл, мамырдың 1 жаңасы.
Abai kz