Қазақстан мен Қырымды салыстыруға болмайды
2014 ж. 27 сәуір
2690
1
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров ресейлік кейбір саясаткерледің Қазақстанның территориялық тұтастығына қатысты айтқан пікірлері үшін ұялатынын айтты.
"Басқа саясаткерлер айтқан пікірлерді, тіпті соған жақын сөздерді Ресейдің сыртқы саясатын жүргізетін және оған жауап беретін адамдардан ести алмайсыз", - деді ресейлік СІМ басшысы. Мәскеуде ТМД елдерінің жас дипломаттары форумында Қазақстан өкілінің сұрағына жауап берген Лавров "Біздің заңдарымыз бойынша, Ресейдің ұстанымын тек президент, премьер-министр және сыртқы істер министрі ғана білдіре алатынын баяндады.
Лавров Ресейдің Қырымдағы саясаты мен Қазақстанды салыстыру орынсыз екенін де атап өтті.
"Қырымдықтар торығып, үміт үзерлік жағдайға дейін жетті және олар Ресейге қосылудан басқа жолды көрген жоқ. Бұл жерден қандай да бір ұқсастық іздеу орынсыз. Біз Қазақстан басшылығының өз халқының жайын ойлап, қаншалықты парасатты, жауапты саясат жүргізіп отырғанын білеміз", - деді Сергей Лавров.
Сәуір айының басында ресейлік ақпарат құралдары Хакасия республикасы жоғары кеңесінің төрағасы Владимир Штыгашевтің Қазақстанның кейбір облыстары бұрын Ресейдің құрамдас бөлігі болғаны туралы пікірін жариялаған болатын.
Ресейлік БАҚ өкілдері Штыгашевтің Ресей Қазақстанға бес облысын бере салғаны және теориялық тұрғыдан олар референдум арқылы Ресей құрамына қайтарылуы мүмкін екені жайлы айтқан сөзін хабарлаған еді.
Ресей мемлекеттік думасы төрағасының орынбасары, ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновский ақпанның 23-і күні Мәскеуде сөйлеген сөзінде Украинадағы жағдайды айыптап, Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігіне күмән келтірген.
Жириновский Ресей Украинаны ғана емес, осы мемлекеттердің барлығын уысынан шығармауы керек еді дей келе, Ресей шекарасын оңтүстікке қарай кеңейту жайын да айтқан. Мұның алдында ресейлік оппозиционер Эдуард Лимонов Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге қосу туралы айтқан еді.
"Азаттық" радиосы