Мұхит АСАНБАЕВ, cаясаттанушы: "ТӘУЕЛСІЗДІКТІ САУДАЛАУҒА ЖОЛ БЕРМЕУ ҚАЖЕТ..."
2014 ж. 02 сәуір
2894
1
– Қазақстан соңғы уақытта популистік бастамаларды жиі көтеріп кеткен сияқты. Ол жобалардың тым тез жоғалып кетіп жатқанын да көріп жүрміз. Сіз менің пікіріме қосыласыз ба?
– Жалпы, сіздің пікіріңізге қосыламын. Популизм жоқ емес, бар, оны мойындау керек. Өкінішке орай, қағаз беттерінде қалып отырған жобалар баршылық. «Үдемелі даму» сияқты көптеген жобалардан тіпті шатасатын болдық. Шын мәнінде, билікке келген министр, әкім болсын орынтағынан тез ауысады. Белгілі бір жобаны аяғына дейін жеткізу үшін тағайындалған шенеунік көп жағдайларда қызметінде аяғына дейін отырмайды. Олар үнемі ауысып отырады. Сондықтан да бұл жоба аяқталмаған кезде, оған жауапты тұлғаны таппай қаламыз. Менің ойымша, бұл жерде де бір сыр жатыр. Мысалы, белгілі бір «команданың» жұмысты соңына дейін апаруына билік мүмкіндік беруі керек. Соңында оның есебін тыңдап, өз нәтижесін шығаруы тиіс. Әйтпесе мұның аяғы популизммен аяқталуы ықтимал. Кей жағдайда популизмнің өзі де ішкі саясаттағы күн тәртібінің орнын толтырып жүр. Ол не үшін керек? Халықтың назарын өзіне аудару, үміт ұялату, халықтың саяси салаға араласпауына мүмкіндік жасау секілді дүниелермен тікелей байланысты.
– Ресей жақтан Қазақстанға қандай да бір қысым бар деп ойлайсыз ба?
– Әрине, бар. Ресейдің біздің елімізде бірнеше полигоны бар. Елімізде Ресей банктері күшейіп жатыр. Ресейдің мүддесін қорғап жатқан БАҚ, жекелеген саяси тұлғалар да жетеді. Біздің ақпараттық кеңістіктің барлығы Ресейдің қолында тұр десек қателеспейміз. Жиырма жылдан аса уақыт Ресейдің телеарналарын көрген халық әлемге қандай дербес көзқараспен қарай алады? Көбісі «зомби» боп кетті емес пе? Жалпы, біз Ресейден ешқашан тәуелсіз болған да емеспіз деген пікірлер жиі айтылып жатыр, бұл да шындыққа жақын. Көптеген мәселелеріміз, мысалы тарихты жаңадан қарастыру, ашаршылықты мойындау, латын әрпіне көшу секілді мәселелер Ресейдің қас-қабағына қарау арқылы шешілмей жатыр. Ал, бұл не? Бұл тәуелділік пе? Әрине, тәуелділік. Ал, Еуразиялық экономикалық Одаққа қол қойсақ, онда одан қайта шығу мүмкіндігіне күмәнім бар. Нео-империялық ауруы асқынған Ресейдің жобасына тағы бір рет ілінсек, енді қайта шыға алмай қаламыз. Бұрыңғы кеңес республикаларынан біржолата айрылған Ресей қолындағы Қазақстанды жібермеуге бар күшін салады.
– Билік пен ұлтшылдардың арасында қандай да бір байланыс бар ма? Ұлт жанашырларының үні жоғары жаққа жете ме?
– Ұлт жанашырлары қанша жерден үн қатса да, ресми билік оларды тыңдап жүргені шамалы. Қазіргі таңда биліктен қудалау көріп жүрген де сол ұлтшылдар ғана. Мұхтар Тайжанды саясаттан кетірген билік деген сөздің де жаны бар. Оның жеке бизнесіне қысым көрсету арқылы, тағы да басқа жолдармен билік осындай қадамдарға барып отыр емес пе? Билік осы жерде бір нәрсені түсінбей отыр. Ұлт жанашырларымен ымыраға келмей біздің билік өз мақсатына толыққанды қол жеткізе алмайды. Өйткені, біздің билікпен Ресей билігі көп жағдайда санаспай отыр. Егер біздің билік ұлтжанды азаматтардың уәждерін алға тартып, кей жағдайда пікірлес болып жатса ғана Ресей жағы біздің биліктің сыртқы және ішкі саясатына ықпал жасауын азайтар еді. Соны түсіне алмай дал боп отырған сияқты.
– Менің ойымша, Ресеймен болған интеграция жайлы халыққа жеткілікті дәрежеде ақпарат таратылмай отырған сияқты...
– Егер оңтайлы қадамдар, жақсы бір нәтижелер болып жатқанда, халық оны өз көзімен көруші еді. Экспорттық-импорттық айналымдар халықтың мүддесі үшін қолайлы болған жағдайда бәрі де басқаша болушы еді. Ал, бұқара көпшілік тек қана экономикалық шығын ғана көріп отыр. Осының арқасында қымбатшылық жайлады, теңгенің құнсыздануының өзі Ресеймен байланысты. Сондықтан, Кедендік Одақ біздің экономикаға қаншалықты тиімсіз екендігін қарапайым халық ресми деректерсіз де жақсы біліп отыр. Кедендік Одақ ірі-ірі монополистерге ғана тиімді шығар, ал халықтың қалтасы жұқарғаны сөзсіз.
– Сіздің пікіріңізше, Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатындағы ең негізгі мәселе не болуы мүмкін?
– Сыртқы және ішкі саясаттың проблемасы біреу. Ол біздің ұлттық мүдденің көп жағдайда жоқтығы. Ұлттық мүдденің орнын толық дәрежеде толтыра алмай жүрміз. Мысалы, Ресейдің басқыншылық іс-әрекетін Өзбекстан мойындаған жоқ. Ал, біз неге мойындаймыз мұны? Бұл біздің осалдығымыз ба? Менің ойымша, бұл біздің ұлттық мүддемізге қарама-қайшы іс-әрекет. Ресейдің бұл саясатын мойындау, Сыртқы істер министрлігі тарапынан басқыншылық саясатты қолдау деген сөз. Демек, Ресейдің ертеңгі басқа да жағымсыз іс-әрекеттерін қолдау деген сөз. Бұл жерде мен ұлттық мүддені көріп тұрған жоқпын.
– Ресей Қырымды аннексиялау арқылы не көздейді деп ойлайсыз?
– Жалпы, Ресей үшін Қырым әскери маңызы зор аумақ, бұл жерде ресейлік әскери базасы мен теңіз флоты бұрыннан бері бар, Мәскеу бұл әскери базаны 1990-жылдардан бері Украинадан жалға алып отырған еді. Қырымды аннексиялаудың бір себебі де сол. Ал Қырымды басып алу арқылы Ресей халықаралық қауымдастықтың үлкен сынына ие болды. Ақырындап, Ресейге санкция салынады. Енді Ресей өз болашағына балта шауып отыр. Мәскеу өзінің жаһандық ойыншы болудан қалғанын мойындағысы келмейді, проблеманың бәрі содан ғой. Ресейдің экономикасына сараптама жасасаңыз, бұл елдің әлемдік держава түгіл, аймақтық дәрежеден де айырылып қалуы ықтимал екендігіне көзіңіз жетеді. Мысалы Кедендік Одақты батыс елдерінің ешқайсысы мойындаған жоқ. Ал ертең Ресейге батыс мемлекеттері тарапынан санкция күшейсе, жағдай одан әрі ушығады. Осының өзінен Ресейдің бұрынғы Кеңес заманына бара жатқандығын аңғарамыз. Өйткені, ол жабық қоғам мен оқшаулы мемлекетке айналу үстінде. Ресейдің әріптесі болып қала берсек, біз де болашақта осының сазайын тартатын боламыз. Егер Қазақстан Ресейден кішкене болса да оқшауланбаса, ертең біздің шенеуніктер де жапа шегіп қалады. Өйткені, Қазақстанның да көптеген қалталы азаматтары активтерін батыста ұстап отыр немесе батыспен байланысты. Бұларға қарап, «әй, ең құрымаса батыста дәріс алып, жұмыс істеп жүрген балаларыңды, өз қалтаңды ойламайсың ба?» дегім келеді кейде. Ертең оларға да таяқтың бір ұшы тиеді ғой.
– Қазір заман аумалы-төкпелі ғой. Қазақ халқы да әлемдік талас-тартыстардың құрбанына айналып кетпес үшін не істеу қажет?
– Ең алдымен, қазақ арасында бірлік керек. Содан кейін қоғам ішіндегі ынтымақ, ауызбіршілік керек. Бұл енді сөзсіз, бірлігінен айырылғандардан береке кетеді. Сонымен қатар, біздің халықтың өз құқықтары мен талабын қоя алмауы да жетістік емес. Қазақ халқы әлі күнге дейін ұйқыдан оянбаған секілді, сол ұйқыдан оянуымыз керек. Ұйықтап отырған халықтан не сұрайсыз? Осы қалпында тұрған халық ертең идеологиялық ортадағы бәсекеге қабілетті бола алмайды. Осылай қала берсек, ұлттық мүдденің не екендігін де түсінбей жүре береміз. Кез-келген мәселені көкейімен сезініп отырған адамдардың азшылығы да сондықтан.
– Алайда, болашақ бағдарламасымен мыңдаған жастарды шетелде оқыттық емес пе?
– Рас, болашақ бағдарламасының игі тұстары көп. Бұны мен мойындайтын болдым, себебі сол түлектермен әріптес болып жүрмін, жетістіктерін көріп, біліп жүрмін. Дегенмен қазіргі кезде солардың көбісі бастапқыдағыдай бірдеңкені өзгерткісі келмейтін сияқты, көп жағдайда бар ойлары шетел асу болып отыр ма деп қалдым. Бұның себептері бар ғой.
– Жақында қол қойылмақшы болған Еуразиялық Одақ жайлы не айтасыз? Соған қарсы үлкен жиын болатын сияқты?
– Халық болып, ел болып осыған қарсы тұруымыз қажет. Қазір нақты қандай форматта өтетіндігін білмеймін. Алайда, өзінің болашағына алаңдайтын, бей-жай қарамайтын адамдар міндетті түрде үн қосу керек. Өйткені, ол біздің азаматтық парызымыз. Ертең кеш болады. Үлкен экономиканың қасында жүрген, елміздің қалталы азаматтары нақты қадамға көшуі қажет. Өйткені, ертең олардың ауқаты Ресейге тәуелді болып қалуы ықтимал. Сондықтан да өзінің активтеріне бей-жай қарай алмайтын бай-қуатты азаматтар осыны ескеруі керек.
– Қазақстанда лаңкестік бар ма?
– Бізде құзырлы органдарға адресатты түрде шабуыл болмады емес, болды. Алайда, халыққа шабуыл болған жоқ. Сондықтан Қазақстанда лаңкестік жоқ десек болады. Бұл жерде саяси технология орын алып отыр.
– Халық пен биліктің арасында дәнекер болып жүргендер халықтың талабын билікке дұрыс жеткізіп жүр ме, сіз қалай ойлайсыз?
– Билік жиырма жыл ішінде жүйелі саяси оппозицияны масқаралауға көп күш салды. Былай қарасаңыз, ол өзінің мақсатына жетті. Өзіне кәсіби оппозиция бола алатын адамдарды кетірген соң орнына не келеді? Мысалы үшін Ораз Жандосов кәсіби, білімі жоғары азамат. Ол қазіргі билікке керемет оппонент бола алады, тең дәрежеде сөйлесе алады. Алайда оны қажет етіп отырған билік жоқ. Өзіңізге белгілі, Батыс елдерінде оппозицияны мемлекеттің өзі қаржыландырады. Мемлекеттің бюджетінен ақша бөледі. Ал, бізде солармен бірге болу-сатқындық жасағанмен бірдей. Одан қорқатын ештеңе жоқ. Ендігі жерде оппозиция басқа түрде болады. Ол ашық түрде өзін көрсетпейтін болады. Ол билік ішінен жұмыс істейтін болады. Биліктің бір тармағы ретінде қалыптасатын болады. Біздің билік өкінішке орай, оппозицияны саяси институт ретінде қабылдай алмады және оның игілігін пайдалана алмады. Кез-келген билікте жүйелі оппозиция болуы керек.
– Әңгімеңізге үлкен рахмет!
Сұхбаттасқан,
Сейілбек АСАН