Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы: «Қазаққа шынайы ұлттық идея қажет!»

11
2596

– Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 20 жылдан асты. Алайда, әлі күнге дейін ұлттық идея төңірегінде дау көп, нақты шешім жоқ сияқты. Осы жөнінде пікіріңіз қандай?

– Әрине, әрбір мемлекет үшін ұлттық идеяның маңызы орасан зор. Біз жиырма үш жыл бойы алдымен экономика, сосын саясат деген саяси ұстанымда болдық. Осының себебінен, ұлттық құндылық, ұлттық идея, руханият, адамгершілік деген маңызды дүниелер шетте қалып қойған секілді. Аға буын мен кіші буынның арасындағы жақындық алшақтап, көбіне материалдық құндылықтар алға шығып, тұтынушылық қоғам пайда болып кетті десек артық айтқандық емес. Менің ойымша, мемлекеттің болашағын құрайтын аса қажетті құндылықтардың жоқтығы, елімізді осал етіп отыр. Әрине, билік жақтан да ұлттық идеяны жасақтауға байланысты біраз ұсыныстардың болғаны рас. Олардың қатарында, «қазақстандық ұлт», немесе «үштілділік», «қазақ алфавитын латынға көшіреміз» деген бастамалар көбіне, жалаң идея ретінде нақты мазмұнмен толықпаған науқаншылдықпен аяқталғаны белгілі. Жалпы, әлемдік тәжірибеге назар аударатын болсақ, дамыған мемлекеттер, алға шыққан өркениетті қоғамдарды айтсақ, олардың дамуының бірден-бір негізі оның идеологиясында жатыр. Тіпті экономикасында емес, саясаткерлігінде де емес. Ең алдымен, идеологиясы мықты Америка Құрама Штаттары, Жапония сияқты мемлекеттерде ұлттық идея маңызды роль атқарды. Мысалы, АҚШ-тағы негізгі идея ол – «америкалық өмір салты», «америкалық арман-мұрат». Барак Обама сияқты кедей отбасынан шыққан адамдар президентікке қол жеткізуі мүмкін, немесе, Форд сияқты өте кедей отбасынан шыққан жігіт жүре келе, америкалық демократияның, мұрат-мақсаттың негізінде, жоғары нәтижелерге жетіп отыр. Жапонияны алайық, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін күйреп жатқан мемлекет еді. Алайда, осы мемлекеттердің алға қойған ұлттық идеясы бұл – білім, бәсекелестікке қабілетті болу, технологияларды дамыту еді. Бүгінгі таңда, олардың жеткен жетістігін көріп отырмыз. Демек, бұл жердегі ең негізгі мәселе экономикада емес, идеологияда жатыр. Ал, белгілі бір топтың билікке келіп немесе басқа да біреудің кез-келген идеологияны ұсына салуы ол – қателік. Ол – идеология бола алмайды. Идеология ол – белгілі бір уақытта пісіп жетілетін, тек қана билік емес, интеллектуалды көзі ашық азаматтар, зиялылары бірігіп жасақтайтын, халықтың көңілінен шығатын, жалпыға бірдей идея. Өкінішке орай, бізде ондай идея жоқ. Кезінде қазақстандық режиссер Болат Атабаев «бізде ұлттық идея бар, ол – жемқорлық» деген болатын. «Жас баладан, еңгейген кәріге дейін бар болса, қуана пара аламыз, мүмкіндік болмаса, куана-қуана пара береміз» деген еді. Әрине, бұл келеңсіз жағдай.

– Ал нарық заманында, ұлттық идеологияның игі тұстарын іске асыру қиын болмас па екен?

– Әрине, біз бүгінгі таңда, ұлттық идеяның игі тұстарын іске асыра алмай отырмыз. Бәлкім, қазіргі саясатымыздың көрінісі осындай болар, бәлкім, нарық заманында ақша мен пұлға басымдық берген қазіргі қоғамның қажеттілігі осындай шығар. Алайда, зиялы, ағартушылардың нарық заманында тың ойларды ортаға сала алмауы, зиялыларды жасақтайтын өнер, әдебиет мәртебесінің тым төмендеп кетуі руханиятты да әлсіретіп жіберді. Айталық, біз Кеңес заманын көп сынаймыз, алайда, оның игі тұстарын көбіне, айтпаймыз. Мысалы, Кеңес заманында профессорлар, ұстаздар, ғылым өкілдері жоғары мәртебеге ие болып, ықпалы күшті болды. Тіпті ол кездегі Жазушылар одағының өзі ой салушы органдардың бірі болып, биліктің соңынан жүрмеген, өзінің дербес тәуелсіз ойын білдіретін ұжым ретінде есте қалды. Бірақ, кеш те болса, осы келеңсіз мәселелерді қолға алуымыз керек. Ол үшін азаматтық белсенділігін танытпай отырған, биліктен сескеніп немесе биліктен жеке қарабасының қамы үшін белгілі бір мүмкіндіктерді күтіп отыру секілді ұстанымдардан қол үзуіміз керек. Егер осындай жағдайлар жалғаса беретін болса, ұлтқа, мемлекетке зиян келтіретін, оның түбіне жететін осал идеология болуы мүмкін.

– Осындай бай өркениетіміз бар екен. Онда неге ол жарамай отыр?

– Шын мәнісінде, бізде көп дүние биліктің қолына қарап қалған. Өйткені, барлық мүмкіндік биліктің қолында. Бізде ерекше, балама ойлар жоқ. Оларды шығаратын орталарды басып, жаншып тастаған. Саяси оппозиция болсын, зиялы қоғам өкілдерінде болсын, балама, жаңаша ойлар жоқ. Көбісі биліктің аузына қарап қалған. Бүкіл қаржы, ұйымдастырушылық жұмыстары, БАҚ мемлекеттің қолында. Демек, барлық іс-әрекет биліктің өзіне байланысты. Шын мәнінде, жоғарыдағылардың ұлттық идея жасақтауға ұмтылысы бар ма, әлде жалаң дүниелермен шектеліп қала ма? Ұлттық идеяны жасақтауға қазақтың маңдайына біткен тарихы, жүріп өткен жолы, өркениеті, мәдениеті, әдебиеті соған азық болмақ. Бірақ өзіміздің бай тарихымызды, өркениетімізді әлі күнге дейін кәдеге асыра алмай отырмыз. Қайтадан әлемдік тәжірибеге үңілетін болсақ, кейбір мемлекеттердің екі жүзжылдық, бес жүзжылдық, ары кетсе, мың жылдық тарихы бар. Әрқайсысы мүмкіндігінше сол тарихының жарқын парақтарының негізінде жаңа идея жасақтауға ұмтылды. Тіпті алысқа бармай, мына Ресейді алсақ, олар Александр Невский, Иван Грозный, Петр I тарихының жақсы дәуірлерін жаңаша ойлау, түсіндіру арқылы жаңа идеологияны қалыптастыруға ұмтылды. Мысалы, ұлтшылдық, патриоттық сезімді жасақтауға әрекеттенді. Ал, біздің жиырма үш жылдық тәуелсіздігімізде, Абылайхан, Әбілқайыр, оның алдындағы қазақ хандары, оның алдындағы түрік қағанаты, тіпті, Алтын Орда, Ақ орда тарихының өзі соңғы он бес жылда ұмытылды емес пе? Кейбір зерттеушілер, қазақтың тарихы 1991 жылдан басталады-мыс деген ой айтуда. Оған дейін бізде мемлекет те болмапты, өркениет те, шекара да болмапты. 1991 жылы аспаннан аяғымыз салбырап, түсе қалыппыз. Өзіміз сол бай, көптеген басқа халықтардың қолында жоқ, XV ғасырлық байлығымыз бола тұра, пайдаға асыра алмай отырмыз. Менің ойымша, қазақтың бай тарихы қазақ хандығын жариялаған уақытынан емес, түрік қағанатының тұсынан басталуы керек деп ойлаймын. Алайда, осындай бай дүниеміз бола тұра, одан қол үзу бүгінгі буын алдында, тарих алдында үлкен қылмыс. Қайталап айтам, тарихқа тек қана биліктің тапсырмасы ретінде ғана емес, оған ғылыми көзбен жаңаша қарайтын кез жетті. Оған біздің ғалымдарымыз да жетерлік.

– Расул Берекетұлы, өзіңіз дип­ломатиялық қызметте болдыңыз. Қазақстан сыртқы саясатта белсенді емес, тіпті ұстанымы да түсініксіз деген пікірлер бар. Осы сөз рас па?

– Мұның себептері өте көп. Бірнеше себеппен шектелу қиын. Рас, тарихқа үңілсек, біздің геосаяси ортамыз басқа мемлекеттерге қарағанда, күрделі болды. Осыдан тіпті, бірнеше ғасыр бұрын да қиын еді. Өйткені, жеріміз кең болса да, халқымыздың саны аз, экономикалық-шаруашылық, әскери әлеуетіміз осал еді. Ресейден он, Қытайдан жетпіс есе кішіміз. Қазақстанның сыртқы саясатында көп векторлық саясат бар. Бір мемлекетпен ғана емес, бірнеше мемлекетпен мәмілеге келу, қарым-қатынас жасау, біреуімен байланысты тым асырып жібермеу, асып бара жатса, басқалардың ықпалын қолдану, сол арқылы өзіміздің мүддемізді екі ортада іске асыру болып табылады. Бұл енді тарихи шындық. Уақыт өте келе, сол көп векторлықты іске асыра алмай келеміз. Ресеймен тым жақын болып кеттік. Осы арқылы мүмкіндігіміз шектеліп отыр. Екінші жағынан, қаржы, экономикалық тұрғыдан Қытайға тәуелді болып қалдық. Орталық Азиядағы көршілерімізбен, түркі әлемімен, батыс Еуропа, АҚШ, мұсылман әлемі, Азияның басқа да ірі мемлекеттері, Оңтүстік Корея, Жапония секілді елдермен қарым-қатынасты әлсіретіп алдық. Мұның ең негізгі себебі, «бәрін тастап», Ресеймен тым жақын болуымыз деп ойлаймын. Ресеймен интеграцияда тәуелсіздігімізді шектейтін уағдаластықтарға көп ойланбастан тым тез қол қою арқылы еріп кетуіміз дұрыс емес. Ал, біздің сыртқы саясатты жүргізетін мамандарымыздың біліктілігі жайлы айтатын болсақ, ол екінші мәселе. Мысалы үшін, егер бізде саяси ұстаным болатын болса, ол Қазақстанның егемендігі, мемлекетіміздің мүддесі болуы тиіс. Қазақстан Кедендік Одақтан көрген қысымнан сабақ алудан гөрі, қайта одан әрі қораға кіріп бара жатқан сияқты. Ал, алдымыздағы мамыр айында асығыс-үсігіс дайындалып жатқан Еуразиялық Одақ жайлы келісімге қол қою мәселесі тағы бар. Егер әлемдік тәжірибеге жүгінетін болсақ, бұл халық шешетін мәселе, тіпті ата заңымыздың да талабы. Кез келген халықаралық келісімге қол қоймастан бұрын, парламентте мақұлданбастан бұрын, міндетті түрде ол ресми ақпарат орындарында жариялануы керек, қоғамның талқысынан өтуі арқылы ғана қабылданады. Сонымен қатар егер қарама-қайшылықтар туындап жатса, жалпыхалықтық референдум арқылы шешілетін жолы бар. Мысалы, Еуропалық Одақты алайық, жиырма сегіз мемлекет қатарына енген. Осы жиырма сегіз мемлекеттің барлығы да Еуропалық Одаққа кіруден бұрын, жалпыхалықтық рефе­рендум өткізген. Халқы қол­дап шығатын болса, шешім қабылданады.

– Ал бізде референдум өткізбеуінің себебі неде?

– Бәлкім, халық қолдамай қояды деп сескенетін шығар. Бәлкім, Ресейдің ықпалы болуы да мүмкін. Олар «тез арада осы астыртын мәселеге қол қойып жіберейік, тез арада осыны қолға алайық» деп құлық көрсеткісі келетін де шығар. Бұл жерде біздің ұлттық мүдделерімізден гөрі, Ресейдің мүддесі басым болып тұр. Егер халық пен биліктің ойы бір жерден шығатын болса, тұтастығына нұқсан келмеген болса, ол мықты мемлекет деген сөз. Биліктің өз халқымен санасатындығы ең негізгі алғышарт. Егер билік, саяси элита басқа елдің жетегінде жүретін болса, жағдай ерте ме, кеш пе, насырға шабатыны анық. Мысалы, кешегі Украина президенті Янукович басымдықты Ресейге берді. Орыстың жетегінде жүрді, айтқанын істеуге тырысты. Өзінің уәдесінен, антынан айнып, басқаша шешімдерге барды. Аяғы не болғаны белгілі.

– Путин Қырымды алды, енді аяғы қалай болар екен?

– Путинның Қырымды алуы ол – бастамасы ғана. Оның басқа да аумақтарға көз салуы мүмкін, дәмесі зор. Бұған дейін де Грузияның бір бөлігін, Молдавияның бір бөлігін меншіктеп алған еді. Оның түпкі мақсаты, бұрыңғы Кеңес Одағын қалпына келтіру. Кейде осылай ашық күш қолдану, араңдату арқылы, интеграциялық құрылымдарды үдете түсу арқылы Кеңес Одағын қайта жаңғыртуға талпынып отыр. Путин бұған дейін «Кедендік Одақ бұл Кеңес Одағын қалпына келтіру емес» деп мәлімдеген болатын. Алайда, кешегі Украинадағы жағдайдан соң, оның сөзіне сену қиын болып отыр.

– Кремль Қырымды заңсыз басып алуы арқылы Қазақстанға да сес көрсетіп отыр деуге негіз бар ма?

– Қоғамда «Ресей солтүстік аймақтарға тиіспейтін шығар, келе қоймайтын шығар» деген пікірлер бар. Менің ойымша, бұл құлдық сана сезімнің көрінісі. Ерте ме, кеш пе, дәл осындай сана-сезім қала беретін болса, жағдай шын мәнісінде, Ресей қалағандай болуы ықтимал. Мәселен, оны күтіп отырмай, оны болдырмайтын алғышарттарды қолға алу керек. Яғни, ақты ақ, қараны қара деп атауға біздің батылдығымыз жету керек. Басқа мемлекеттермен, басқа да ықпалды орталармен мәмілеге келуіміз шарт. Өзіміздің аймақтағы, көрші мемлекеттермен байланысымызды күшейтуіміз қажет. Халықпен биліктің арасындағы алшақтықты жойған жөн. Неғұрлым іштей мықты болсақ, сырттан келетін қауіп азая түседі деп ойлаймын.

– Көрші мемлекеттермен байланысты күшейту керек деп айтып қалдыңыз, алайда су, шекара, энергетика мәселесіне келгенде алтау ала емес пе?

– Әрине, сөз жүзінде, көрші мемлекеттермен байланысымыз керемет. 1991 жылы тәуелсіздік алғалы бері, рухани, саяси-экономикалық байланыстарымыз ажырап кетті. Бұған көптеген себептерді келтіруге болады. Орталық Азиядағы мемлекеттердің өз амбициялары, мүдделері, менменшілдігі, өзара бәсекелестігі бар болғандығынан, оның ішінде су-энергетика, шекара мәселелері де ушығып тұр. Бұл жерде айтатын ең негізгі мәселе, аймақтағы мемлекеттер сыртқы күштердің, ықпалдың жетегінде жүр. Мысалы, Қазақстан Ресейдің жетегінде жүрсе, Өзбекстан соңғы жылдары АҚШ-тың жетегінде жүр. Әрине, сыртқы күштерге, өзара келісе алмай отырған, бытыраңқы мемлекеттердің бар болғандығы қуантса керек. Бұл баяғы отарлау заманының ұстанымы ғой. Сонымен ерте ме, кеш пе, Орталық Азия бірікпейтін болса, ірі проб­лемалардың пайда болары анық. – Әңгімеңізге үлкен рахмет!

Сұхбаттасқан

Сейілбек АСАН

11 ПІКІРЛЕР

  1. расул мырза бізде шындық аитылмаған аитылса я ескертеді я биліктен аиырады я көзін жояды сол біздің билік не аитса сол болады шындықты аитқан адамды жау ретінде көреді тек мақтау керек сонда жағасың одан киін билік басындағылардың барін саясаттың салқыны ұрып кеткен екі жүзді жағымпаздар көп орнынан аилып қалмаиық деген ои бәрінікі елді оилап жан күидіріп жатқан ешкім жоқ не болса болар тыныш отыр бірдеңке десек назарбаев орнымыздан ап тастар деп одан киін қазақ құрып қалғандаи масимовті министерлікке тағы қоиды қазақ өліп қалған ба билмим кеудесінде жаны бар ұлтын оилаитын іскер азаматтың шықпағаны ма қазағым ау осынша бишара жуас болғандарың қалаи бул орыс пен қытаи түбіңе жеткенде жылағанды мазар басында көр боп қалмасын жағыдаиың қазақ оян оилан тұр орныңнан бабаларың бұлаи бұғып қалмаған әділдік үшін ынтымағының арқасында осы кең баитақ қазағымның жерін алып бермеппеді жігіттер сырттағы іштегі қазақтың жиналатын кезі келді ауыз бірлікті сақтаиы ар намысты сақтаиық хасен қожа ахмет жасарал серик сапарғали сияқты ағалардың көбиуі керек елім халқым деп шырылдаитын журналис қасым сияқты кісілердің көбиуін сұраим бабалар аманатын орындау киінгі ұрпаққа парыз қазағым бас кеспек болса да тілкеспек жоқ деген емес пе бабаларымыз

  2. Ресейдің бізді талап тастауы таянып келе жатыр. Мұстафа Шоқайдың идеясымен үндес, Расул ЖҰМАЛЫ мырзаның мына пікірінің жаны бар:«Сонымен ерте ме, кеш пе, Орталық Азия бірікпейтін болса, ірі проб¬лемалардың пайда болары анық». Ресеймен де дос болайық,бірақ, бір замандарда түркілердің басы біріккенде мықты болғанымыздан сабақ алайық.Өткенді еске алайықшы: Мурад Аджидің «Қыпшақтар. Түркілер мен Ұлы Даланың көне тарихы» кітабынан: Біздің заманымыздың II-ғасырында Алтайдың ең мықты деген тайпаларының Батысқа қарай қоныс аударуы басталған. Елсіз жатқан ен дала – Дешті Қыпшақ даласын игеру басталған. Бұл қоныс аудару – адамзат тарихындағы Ұлы зор көші-қон болды. Қоныс аудару 300 жыл бойы жүрді. Алғашқы қоныс тебуге кеткендерді қыпшақтар деп атаған.
    Түріктер құр қол барған жоқ,. олар темір балқыту ісін, жер жыртып егін егу, арбамен жүк тасу (арбаны «телеган»- дөңгелек деп атаған), пошта тасу. ағаштан үй салу, киіз үй тігу, қорған салу, қала салуды білген.
    Көшкен жұртында салынған қалалар, өзендерде салынған өткелдер қалдырып отырған.
    Қорғандарына атақты адамдарды жерлеген. Қорғандар –инженерлік құрылыстар;
    Сол кездегі Ұлы Даланың астанасы Бірінші атанған кала болды (V ғасыр). Аты ғасырлар өткен сайын өзгеріп Брнечьск, қазір өндірісті қала Брянск болды.
    Қалада мың жыл бойы қыпшақ тілі сайрап тұрды. Таяу жерлердегі темір кендері игеріліп болат қорытылды. Тула («толым»-қару-жарақ) қаласында қару-жасақ жасалынды. Көптеген қалалар мен өзендердің аттарында, осы күнге дейін, түрік тіліндегі жұрнақтары сайрап тұр. Курск («курсыка»-соғысқа дайын деген мағынада), Кипензай (Пемза), Бурунинеж (Воронеж), Шапашкар (Чебоксары), Шелябі (Челябинск), Бұлғар, Балтабар (Полтава), Кобяков қорымы (Ақсай қаласы). Өзен аттары-Дөң, Дөңепр, Дөңестр, Дөңай т.т…
    Қыпшақтардан кейінірек келген ғұн – түріктердің ұлы патшасы Атилланың (Әділ) тұсында түріктер Альпі тауларына жетіп тоқтаған. Алып Әділдің атымен Альпі деп аталып кеткен.
    Ұлы далада 50 шақты әскери аймақтар болған.
    435 жылы Атилла Орталық Европаға келіп, түрік елі Бургундияны құрды. Олардың руникалық жазуы, мемлекеттік тілі түрікше болды.
    Атилла тұсында Алтайда – Тулун, Шығыс Европада – Тула, Францияда – Тулуза қалалары салынды. Оларда қару-жарақ шеберлері, металлургтер, ұсталар тұрды. 419-508 жылдары Тулуза батыс европалық түріктердің астанасы болды.
    Түріктер V ғасырда Европаның жартысын, Орта Азияны түгел жайлады. Түріктер дүниедегі ең көп санды халық болды
    Қазіргі заманда түрік халықтары негізінен мұсылмандар.
    Түрік мәдениеті , діні Батыс пен Шығысқа күшті ықпал етті, олардың халық санын көбейтіп, оларға жан бітірді.

  3. Қайда біздің интеллигенциямыз? Ресейлік интеллигенция бізге қарағанда анақұрлым белсенді.Оқып көріңіз:Москвалық «Новая газета» 20.03-27.03.2014 ж.№11 санында, «Соғысқа, Ресейдің оқшаулануына, тоталитарлығына қарсымыз»атты, интеллигенция Конгресін өткізудің ынталы тобының айтқаны: «Біздің еліміз өте қауіпті авантюраға шалдықты. «Қырымдағы орыстарды қорғаймыз,Украинадағы барлық украиндықтарды қауқарсыз фашистік жаңа биліктен құтқарамыз» деген желеумен Қырымды басып алды.Халықаралық құқық ,еуропалық қауіпсіздік пен тұрақтылық қағидалары бұзылды.Ресей, болжауға келмейтін өте ауыр салдары бар, Еуропамен қырғи қабақ соғысқа ентелеп келе жатыр. Ресейдің барлық БАҚтары тоқтаусыз өтірік пен жалған ақпарат таратып, естен тандырарлық насихат науқанына кірісті…»

  4. «Идеология» – өте қажет. Әйтпесе европалықтар европалық екендіктерін жоғары санап, саналы түрде бірігу процессін бастап кетсе, біздің қазекең 10-19 ғасырлардағыдай руға, тайпаға кейбірі жүзге бөліну идеологиясын(Жүз деген ел болған емес, бұл түсінік Ресей империясының ХАНдықты үшке бөліп, біртіндеп отарлап басып алу саясатымен пайда болған түсінік екенін бәріміз білетін болармыз) дендеп енгізіп жіберді. Мен әркімнің өз шығу тегін білуіне қарсы емеспін, бірақ елге бөліну саналы адам үшін бір мақалмен қажеттілігі аз екенін айтқым келеді(«Бөлінгенді бөрі жейді»).

  5. Саясат былай түрсын,біздегі жаңа бастамалар тек қана Ел басының айтуымен басталады?!Неліктен? Билік басындағылардың
    ойлау қабілеті төменбе? Маған соны түсіндіріңдерші!

  6. Ұлттық идея
    Тойларда,мерекеде қазақтарға тұрсаң қарап
    Шапан,бөрік,тақия зиялы деп,жатса сыйлап
    Болса қазақ,болатындай саналары көпке мазақ
    Кимей жатып,тездетіп жатады,шешіп тастап

  7. Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы: “Қазаққа шынайы ұлттық идея қажет!”Қазақстан Кедендік Одақтан көрген қысымнан сабақ алудан гөрі, қайта одан әрі қораға кіріп бара жатқан сияқты. Ал, алдымыздағы мамыр айында асығыс-үсігіс дайындалып жатқан Еуразиялық Одақ жайлы келісімге қол қою мәселесі тағы бар. Егер әлемдік тәжірибеге жүгінетін болсақ, бұл халық шешетін мәселе, тіпті ата заңымыздың да талабы.

  8. «Шын мәнісінде, бізде көп дүние биліктің қолына қарап қалған. Өйткені, барлық мүмкіндік биліктің қолында. Бізде ерекше, тың ойлар жоқ. Оларды шығаратын орталарды басып, жаншып тастаған. Саяси оппозиция болсын, зиялы қоғам өкілдерінде болсын, балама, жаңаша ойлар жоқ. Көбісі биліктің аузына қарап қалған. Бүкіл қаржы, ұйымдастырушылық жұмыстары, БАҚ мемлекеттің қолында…»

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз