Путин - "қиял әлемінде жүрген адам"

defaultРесейдің Қырымды қол астына алуы жөніндегі өткізген референдумы мен келісіміне байланысты белгілі саясаттанушы Айдос Сарым өз пікірін білдірді. Референдумды дайындау, қаржыландыру, саяси-ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету, тіпті "қажетті" белгісі алдын-ала қойылған бюллетендерді жасату – барлығы да Ресей тарапынан қаржыландырылған, десуде сарапшылар.Қырымдағы референдум Ресейдің қысымымен, Кремльдің тікелей араласуымен, саяси, ақпараттық, қаржылық және технологиялық көмегімен, қарулы әскерінің қысымымен арнайы түрде, асқан асығыстықпен, белден басу, қорқыту-үркіту, жаппай сатып алу арқылы апыл-ғұпыл ұйымдастырылған шара. Тіпті сайлаушылардың арасында Қырымға еш қатысы жоқ 85 мың "артық" адам сырттан "импортталған" көрінеді. Әлем жұртшылығы, өркениетті елдердің бірі де бұндай референдумды мойындай алмайды. Ешқашан да мойындамайды, осыған ашық та, жабық та қарсы саясат жүргізеді. Әзірге бұл шараны тек Солтүстік Корея мен Никарагуа ғана мойындаған сияқты, деп жазады Түркістан басылымы. Ресейдің стратегиялық серіктестері болып табылатын Белоруссия, Қытай сияқты мемлекеттер де ләм-мим деп аузын ашпайды. Қазақстанның да саясаты солай болмақ. Басқаша әрекет ететін лажымыз да жоқ, ашығын айтайық. Бүгінгі күннің басты талабы – Ресеймен қарым-қатынастарды сақтай отырып, оның Қырымдағы қылмыстық авантюрасын мойындамау, өркениетті әлемнің алдында қарабет болмау. Ресей ірі-ірі елдермен текетіреске барып, оқшауланып, экономикалық және басқа да санкцияларға душар болып жатқан кезде өз мүддемізді сақтай білу, экономикамызға, экономикалық мүдделерімізге нұқсан келтірмеу. Мықты болсақ, қалыптасқан жағдайды өз мүддемізге жарата білу қажет. Бірақ басты міндетіміз – сабақ алу. Қырымдағы жағдайды қазақ қауымы, қазақ зиялысы путиндік Ресейдің "Украина, саған айтам, Қазақстан, сен тыңда" деп айтқаны деп қабылдағанымыз абзал. 18 наурыз күні Путин парламент алдына шығып, болған жағдайды айтып, Қырымды өз қатарына алатынын мәлімдеді. Тіпті осының өзінде бір гәп бар. Путиннің Қырым туралы мәлімдемені 18 наурыз күніне шақтағанын кеше Қырым тарихы туралы дүниелерді оқып отырып түсіндім. Ескі санау бойынша, 1856 жылдың 18 наурыз күні (қазіргіше 30 наурыз) еуропалық мемлекеттер мен Ресей арасындағы Париж келісіміне қол қойылған екен. Бұл келісімдер бойынша Ресей өзінің Қырым соғысында жеңіліс тапқанын мойындап, Түркияға қоқан-лоқы көрсетуден бас тартып, Еуропа істеріне араласудан аластатылып, "Еуропа жандармы" болудан қалған. Ангела Меркель ханымның Путин туралы "қиял әлемінде жүрген адам" деуі бекер емес. Путин орыстың жадында қалай да Ресейдің кегін алушы, тарихи "әділеттілікті" орнатушы ретінде қалғысы келеді. Осыған жан-тәнін салып жатыр. Орысты "орыссың" деп айыптаудың өзі орынсыз. Ресей билігі өз халқының көңілінен шығатын саясатты жүргізіп жатыр. Осы үшін ештеңеден тайынбайтын секілді. Ресей билігі Олимпиаданың буынан айығар емес. "Батыс қайда барады дейсің, бірер жыл тулап, сабасына түсер" деген сенімде. Біздің мұнайымызды, газымызды тұтынып отыр, бәрібір дегеніміз болады деп ойлауда. Бірақ, бүгінгі Батыс – кешегі Батыс емес. Ресейдің қандай мемлекет екенін, оның шынайы бет-бейнесін әбден аңғарған сияқты. "Қажет болса, біздер өз мүддемізді аяққа бассақ та, Ресейге қысым көрсетуіміз керек. Себебі I және II дүниежүзілік соғыстан сабақ алатын кез келді", – деді Ангела Меркель. Бұдан артық қандай ескерту қажет? АҚШ Еуропаны Ресей газы мен мұнайынан тәуелсіз ету мақсатында жаңа бағыттарды ашып, өзінің ата-жауы Ираннан мұнай сатып алуға мүмкіндік ашты. Еуропаның ақылды мемлекеттері баяғыда-ақ Ресей газы мен мұнайынан бас тартқан болатын. Алдағы уақытта осындай тәуелділіктен мүлдем құтылуға тырысатыны анық. Ендігі кезекте Ресеймен жасалып жатқан көптеген жобалар мен келісімдердің күші жойылады. Бүгіннің өзінде ондаған Ресей шекпендісіне өз елдеріне келуге тыйым салынды, олардың қаржылары, мүліктері тәркіленуі де ғажап емес. Ресейге баратын барлық инвестициялар, жеңілдетілген банкілік несиелер тоқтатылады. Бұл Ресей экономикасына орасан зор нұқсан тигізеді. Ресей осы күнге дейін айналасының барлығына "сепаратистік бомба" қойып тастады. Әзірбайжанды – Таулы Қарабақпен, Молдованы – Приднестровьемен, Грузияны – Абхазия және Оңтүстік Осетиямен байлап-матап тастады. Балтық елдерін сол жақтағы "орыстілділердің құқықтарымен" қорқытып-үркітуде. Осы шантаж саясатқа бола жыл сайын миллиардтап шығынданды. Енді, міне, Қырым мәселесі туындады. Қисынға салсақ, Орта Азиядағы Ресейдің амбициясы тек Қазақстанға тіреліп отыр. Мәселе тіпті Путинде емес. Ресей халқының басым көпшілігі еліміздің солтүстік аймақтарын "орыс қалалары, қазақта қала болмаған, біздің жеріміз" деп ұғынады. Кешегі Солженициндердің, бүгінгі соның ізбасарлары Дугин, Лимонов, Жириновскийлердің талап-тілектері – осы жерлерді қайтсе де Ресейге қосып алу. Бұған біздің сол аймақтарда тұратын орысы түгілі, кейбір қазақтары да кетәрі емес. Ел боламыз, ұлт боламыз десек, тәуелсіз қалпымызды, тұтастығымызды сақтаймыз десек бірінші кезекте қолға алатын шарамыз – толық ақпараттық тәуелсіздікке қол жеткізу. Жаңадан құрылған Ақпарат агенттігі күні-түні осы мәселемен айналысуы керек сияқты. Бұл нақты заман талабы, шынайы тәуелсіздігіміздің алғышарты.

nur.kz