Дос Көшім. Қан сасыған «Отандастар» ұғымы...

DOS

 Украина төңкерісіне қазақ даласынан көзқарас

Украина төңкерісі талай шындықты ашып берді. Біріншісі – Ресейдің империялық пиғылының өзгерместен сол күйінде қалғандығы. Өзімізді өзіміз алдап қайтеміз, біздер Тәуелсіздік деп той жасап жүрміз, ал империялық басымдығынан айрылып қалған сыртқы көршіміз әлі де  Кеңес өкіметін аңсайды, көршілерін уысынан шығарғысы келмейді. Ресей үшін Кеңес одағының ыдырауы – қапыда кеткен кешірілмес қателік. Сондықтан болуы керек, Горбачевтің атын естісе, ресейлік саясаткерлер тыржың ете қалады, ал кейбіреулері Тәуелсіздіктерін жеңіп алған бұрынғы республикаларды әлі де өзіміздікі деп түсінеді. Империялық бағытты ұстанатындар үшін қоғамның түрі де ешқандай рөл атқармайды, ол  капиталистік не  социалистік болсын, әйтеуір орыс тілі басым болып, басқалар бұлардың айтқанына көніп, айдағанына жүріп отырса болғаны. Бірінші Петрдің Ресейге тастап кеткен империялық менмендігі – аты жаман ауру сияқты, жазылмайтын дерт болып шықты. Екінші шындық -  Кеңес жүйесін аңсайтын адамдардың, орыс мәдениеті мен тілі, тәрбиесі мен ділі қандарына сіңіп кеткен жандардың бұрынғы Кеңес одағының республикаларында жетерлік екендігі. Олар, шынын айту керек, өз елінің тәуелсіздігі үшін күреспеген, егемендікті іштей күңкілдеп, сырттай күліп жүріп зорға қабылдаған жандар. Өкінішке орай, олардың басым көпшілігі кезінде Мәскеуге қызмет еткен, белсенді коммунист болған, сол идеологияның таратушысы, қорғаушысы болған, ал халықтың Тәуелсіздік туралы ұраны көтерілген уақытта, көптің екпінен қорқып, бұғып қалған, кейін шапандарын (партияларын) ауыстырып киіп, басшы орындарға қайта қонжыйған қулар.  Оларды екіжүзді деуге болмайды, өмірдің өзгеруіне байланысты өтірік көлгірсігенмен, тоталитарлық тәрбие терең сіңіп, орыстың империялық басымдығы қандарына тарап, құлдық психологияға толық берілген жандар. Бұлар Ресейді бастарына көтереді, білім мен ғылым да, озат ой мен озық мәдениет те солардан келеді деп қызылкеңірдек болудан таймайды. (Олар үшін Пушкиннен асатын ақын, Толстойдан асатын жазушы жоқ, ал радионы ойлап тапқан – Попов). Үшінші шындық – Кеңес өкіметі тараған уақытта басқа республикаларда қалған орыс ұлтының басым көпшілігі – ұлы державалық шовинистік аурумен уланғандар болып шықты. Меніңше, олардың орыстығы – Ресейдегі орыстардан да басым. Себебі, жаңа елдердің барлығы өздерінің ұлттық тілін, діні мен ділін дамыта бастады да, орыстар, орыс тілділер өзерінің бұрынғы артықшылықтарынан айрыла бастады. Сондықтан да сырттай күліп жүргенмен «ертеңіміз не болар екен» деген оймен іштерінің алай-дүлей болатыны анық. Әрине, сол елдің тілін үйреніп, кірігіп кетуге де болады, бірақ ұлы державалық шовинизм оған жіберер емес... Бұлардың көпшілігі – кешегі Украинаның орыс тілді аймақтарында тұратын украиндықтар (ресейліктер деп жаза жаздағанымды қарашы). Бұлардың барлығы – Украинаның әнұранына құрмет көрсетіп, тік тұрып тыңдайтын, талай «Тәуелсіздік төсбелгісін» алып, жиналыстарда «біздің егеменді Украина» деп сөз бастайтын азаматтар. Өзім ұлтшыл болған соң, мен бұларды жақсы түсінемін!  Бірақ өтірік күліп, дос болып жүріп, ертеңіне қару алып, Ресейдің жалауын көтеріп шыға келгендеріне түсіне алмаймын. Демек, бұлар – «бесінші колонна» деп аталатын, басқа мемлекеттің жасырын жауынгерлері. Төртінші шындық – Украина төңкерісі - қайта жаңғырып келе жатқан Кеңестік жүйеге, әлі нүктесі қойылмаған Ресей отаршылдығына деген қарсылық.  Ресейдің қолдауымен келген Януковичтің үкіметі мен партиясының талқандалуы да, Украинаның көптеген елді мекендерде жиырма жылдан астам сақталып келген Лениннің ескерткіштерінің қиратылуы да, т.т. – украин халқының Еуроазиялық одаққа және Кедендік одаққа берген нақты жауабы болып табылады. Әрине, оларға елді жайлап алған билік иелерінің коорупциясына деген қарсылық, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың құлдырауы, Тимошенконың мәселесі, Еуропамен іскерлік қатынасты қолдайтын ақшалы кәсіпкерлердің мүдделері, т.т. қосылды. Бірақ алдыңғы шепте ұлтшылдардың болғаны талассыз. Осы жерде Украинаның қолдан шығып бара жатқанына (Януковичке Ресейдің 2004, 2005, 2011 жылдары қанша қаржы салғанын құдай білсін, осының барлығы құрдымға кеткеннен соң, Ресейдің басқа амалы қалмағаны анық) көздері жеткен Ресей билігі ғасырлар бойы көрші болған туысқан елге әскер кіргізуді қолға алды. Бұл Ресей мемлекетінің сынақтан өткен, бірнеше жерде өзінің тиімді тәсіл екендігін дәлелдеген әдісі болатын. Молдовадағы орыстардың өздері тұрған жерді басып алып, Ресейдің қарулы күші арқасында  тапжылмай отырғандарына талай жыл болса, Грузия республикасына қарасты Оңтүстік Осетия мен Абхазияның «жеке мемлекет» болғандары кеше ғана... Оларға таратылған Ресей паспорттары кеше ғана Қырым мен Севастопольдің орыс тұрғындарына да таратыла бастады. (Айта кету керек, көптеген тәуелсіз зерттеушілер 1991 жылы Орал қаласындағы казактар мен «Азат» қозғалысының өкілдерінің арасындағы қақтығыстың астарында да Ресейдің осы жоспары жатыр дейді. Казактар мен ұлтшылдардың арасындағы қақтығысты басу үшін, кіргізетін Кеңес өкіметінің әскері де Оралдың маңына жақындап келгенге ұқсайды. Бірақ қазақ ұлтшылдары казактардың мейрамын да тоқтатып, халықты да арандату жібермей ұстап қалды. Сондықтан Қазақ елінің шетінен «Орал казактарының автономиялық мемлекетін» құру жоспары жүзеге аспай қалған). «Бесінші колонна» орыстар басым тұратын барлық қалаларда республиканың туын алып тастап, Ресей туын көтеруге кірісті. Ешбір ақылға симайтын, бірақ орыс шовинистерінен күтуге болатын төңкерістің көкесі енді басталды. Ең бастысы,  Ресейдің басқа елге – Украинаға әскер кіргізу туралы шешімді негіздеулері деп білемін. Бұл - заңсыздық пен басқыншылықтың, шарасыздық пен озбырлықтың, доңайбат пен надандықтың үлгісі. Әскер қолдануға рұқсат берген Ресейдің Федерациялық Кеңесінің және басқа да лауазымды мемлекет қызметкерлерінің уәждерін тыңдағанда, барлығының айтқандары бес-алты мәселеге тіреледі екен. Олар: бірінші сылтаулары – «Қырым автономиясы  біздерден көмек сұрайды, шақырады». Бұл ешқандай агрессияға негіз бола алмайтын сылтау. Бір мемлекеттің ішіндегі автономиялық республиканың сыртқы саясатын республикалық билік жүргізеді. (Қазақ елінде автономиялық облыс не республика болмағанына құдайға шүкір). Ертең Ресейдің орыстық саясатынан шаршаған Татар автономиялық республикасы АҚШ –тың әскерін шақырып жатса, не болар екен? Ертең көрші мемлекеттің бір ауданы көмек сұрады деп, Ресей әскерлерінің Ақжайық ауданына кіріп баруы да ғажап емес. Екінші сылтаулары – «Ол жақта бір миллиондай отандастарымыз бар.Соларды қорғауымыз керек». Бұл жерде «отандастар» деген сөзге біршама тоқталуымыз қажет деп білемін. Ресей мемлекеті ұстауға келмейтін сынап сияқты бұл терминді қазақ жерінде де жиі пайдаланады. Барлық елде, барлық жерде «отандастар» сөзі бір мемлекетте тұратын адамдарға арналып айтылса, Ресей саясаткерлері оның мазмұнын кеңейтіп, өздерінің болашақ басқыншылық әрекеттерін ақтауға арнап, ешкімнің ойына кіріп шықпайтын мағына берген. Сөзіміз дәлелді болу үшін сол ұғымды орыс тілінде   толық берелік: Бірінші анықтама бәрімізге белгілі, халықаралық деңгейде қолданылады. Соотечественниками являются лица, родившиеся в одном государстве, проживающие либо проживавшие в нем и обладающие признаками общности языка, религии, культурного наследия, традиций и обычаев, а также потомки указанных лиц по прямой нисходящей линии. Енді Ресейдің «шетелдердегі отандастар» деген жасанды анықтамасына көңіл аударыңыздар: Закон определяет также понятие «соотечественники за рубежом»: Под понятием «соотечественники за рубежом» (далее — соотечественники) подразумеваются:
  1. — граждане Российской Федерации, постоянно проживающие за пределами Российской Федерации (далее — граждане Российской Федерации, проживающие за рубежом);
  2. — лица и их потомки, проживающие за пределами территории Российской Федерации и относящиеся, как правило, к народам, исторически проживающим на территории Российской Федерации, а также сделавшие свободный выбор в пользу духовной, культурной и правовой связи с Российской Федерацией лица, чьи родственники по прямой восходящей линии ранее проживали на территории Российской Федерации, в том числе:
  3. — лица, состоявшие в гражданстве СССР, проживающие в государствах, входивших в состав СССР, получившие гражданство этих государств или ставшие лицами без гражданства (далее — лица, состоявшие в гражданстве СССР);
  4.  — выходцы (эмигранты) из Российского государства, Российской республики, РСФСР, СССР и Российской Федерации, имевшие соответствующую гражданскую принадлежность и ставшие гражданами иностранного государства либо имеющие вид на жительство или ставшие лицами без гражданства (далее -выходцы (эмигранты
Бұл жердегі бірінші тармақ – бәрімізге де түсінікті,  Ресейден басқа жерде тұратын Ресей азаматтарының барлығы отандастар ұғымына кіреді. Ал екінші тармаққа көз жүгіртсеңіз, батпаққа түскендей боласыз. «Ресей Федерациясының жерінде тарихи тұрып жатқан ұлттар», «Ресеймен ерікті түрде рухани, мәдени, құқықтық байланысты таңдап алған» деген жолдардан ештеңе түсінуге болмайды, бірақ керек кезінде бұл жолдардың да танктерге қалқан болатыны сөзсіз (бірінші актіде ілулі тұрған мылтық, әйтеуір бір атылуы керек қой). Ал үшінші тармақ біздер үшін жазылған, бірақ Сіздер үшін үлкен жаңалық болып табылатын тұжырым. Бұл тұжырым бойынша кезінде Кеңес одағының ішінде болған елдердің барлық адамдары – Ресейлік отандастар! Оның ішінде азаматтық алғандары да, азаматтық алмағандары да бар. Төртінші тармақ бойынша баяғыда Ресей мемлекетінде болған, сол жерден шыққандардың барлығы «отандастар» болып саналады. Әрине, отандастардың көп болғаны жақсы, бұған келісуге болады, бірақ басқа елдерге соғыс ашу үшін сол «отандастарды қорғау» деген сөзбен келісе алмаймын. Олар Украинаның, Қазақ елнің азаматтары емес пе, олардың құқықтарын сол ел қорғауы керек. Жоғарыдағы баптарға қарағанда (төртінші бап) АҚШ не Франция мемлекеті сол жерде тұратын, сол елдің азаматтары болып саналатын «Ресей отандастарынан» ағылшын не француз тілін білуді талап етсе,  Ресейдің әскер кіргізетіндігіне үлкен күмәнім бар. Украина мен Қазақ елі де сол АҚШ сияқты жеке мемлекет, оның өз заңы, сол заңдарға қатысты өздерінің азаматтарына деген талаптары бар. Сондықтан «отандастарды қорғау» деген сөз сын көтермейді. Айтпақшы, жоғарыдағы баптар бойынша (үшінші бап) украинада тұратындардың барлығы, оның ішінде украиндықтар да Ресейге «отандастар» болып саналады... Үшінші уәждері де екіншіге ұқсас – «Қырымда 60-70 пайыз біздің адамдар өмір сүріп жатыр». «Біздің адамдар» дегеніміз не? Бұл жерде Ресей азаматтары сөз болып отыр ма әлде орыс ұлтының өкілдері туралы әңгіме ме? Ертең Қытай халық армиясы Ресейдің Қиыр шығысында соңғы уақытта көбейіп кеткен қытайлықтарды қорғау үшін «біздің адамдар» дегенді сылтау етсе, Ресей не айтар екен? Төртінші уәждері де баланың былдыры сияқты. – «Қара теңізде тұрған Ресейдің әскери теңіз базасын қорғауымыз қажет». Қорыққан бұрын жұдырықтар дегендей, тыныш тұрған әскери базаның бұл жерде қандай қатысы бар. Украинаның жаңа үкіметі әскери база туралы ешқандай да бір ой-пікір айтқан жоқ. Оған шабуыл жасады деген ақпарат та естілген емес. Бұл сылтаудың да құйрығы бір тұтам болып шықты. Тағы бір жерде сенаторлардың бірінің аузынан «орыс әлемін қорғау» деген сөз  шығып кетті. Бұл, менің ойымша, бізге айтылған сөз. Ресей үшін, орыстар тұрған жердің барлығы – орыс әлемі. Ресей мен Украинадағы жағдайдың біздің  елге де тікелей қатысы бар: орыс тілінің мәселесі де, орыс тілді аймақтарда мұрты сынбай тұрған Ленин атамыздың ескерткіштері де, бұрынғы бодандық өміріміз де, бүгінгі ұлттық мәселелеріміз де ұқсас. Сан ғасырлар бойы бірге өмір сүрген өзінің ең жақын туысқан халыққа қару кезеніп, уысынан шығармауға күш салып, соның жолында,  қан төгуге дайын тұрған Ресей билігі түріміз басқа, дініміз бен тіліміз басқа біздерді қандай ұшпаққа шығармақ! Осындай елдің етегіне жабысып біздер қайда бармақпыз? Abai.kz