МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ ҚАРСЫ ШЫҚҚАН ПАРЛАМЕНТ ТАРАТЫЛУЫ ТИІС!

25
55955

Ең болмағанда ана тілін аяққа басқан депутаттар кері шақырылып алынуы керек!

 

«ҚАЗАҚ ҮНІ» көтерген мәселеге 10 жыл!

парламент

Осыдан он жыл бұрын  Қазақстан Парламенті  қазақ тіліне қарсы шығып, масқара болды! Парламенттің  дауыс беру стенограммасын жариялаған  «Қазақ үні» газетінің елді дүр сілкіндіріп,  сең  бұзған сенсацияға айналған «Мемлекеттік тілді таптаған Парламент таратылуы тиіс» мақаласына да  10 жыл толып отыр.  Шерхан Мұртазаның «Егемен Қазақстанда»  «Кімнің кім екенін білгің келсе, кімнің қазақ тіліне қарсы, кімнің жақ екенін білгің келсе, тек «Жас қазақ үні» газетінен оқи аласыңдар» дегені,  «Қазақ әдебиеті» газеті : «Жас қазақ үні»  бір-ақ мақаласымен ұйқыдағы жұртты оятты» –  деп жазатыны  осы кез.  Елдің бүкіл зиялысы  Қазақстан Жазушылар одағына жиналып, Сенат пен Мәжіліске ашулы Ашық хат жолдады.

Ұлт мүддесі жолында ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайтынын мәлімдеп, біз бүгін сол мақаланы қайта жариялап отырмыз.  Келесі жылы «Қазақ үні» газетіне 15 жыл толатындықтан, біз бүгіннен бастап, мұрағаттағы ел мүддесін қорғаған ерекше мақалаларды жариялап отыратын боламыз.

Сонымен, осыдан он жыл бұрын мемлекеттік тілге қарсы шыққан депутаттармен тағы да таныс болыңыздар! 

 

Мемлекеттік қызметкерлері мен мемлекеттік тілде сөйлемейтін әлемдегі жалғыз елдің енді Парламенті де халықты жерге қаратты. Иә, Тәуелсіздіктің 13-інші жылы! Мамыражай жағдайдамыз деп мақтанатын мемлекет маймыл жылы маймылдай күлкіге қалып, малайлық психологиядан әлі арыла алмағанын көрсетті. Мәжіліс депутаты Амангелді Айталының «Сайлау туралы» заң жобасындағы «Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу» (73-бап), «Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды тіркеу» (89-бап) және «Мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу» (104-бап) атты баптарға «ұлты қазақ үміткерлер үшін мемлекеттік тілді білуі міндетті» деген түзетуіне Парламенттің 70 пайызы мемлекеттік тілге қарсы шығып, мемлекеттік мүддені табанға таптады!..

Бізден одан арғыны күтпейтін өзімшіл өзекеңдердің кесіп түсер кекесіні мен ойыны қатты орекеңдердің: «әрине, осылай болуы тиіс» деген үстем пиғылды ащы мысқылына жеткізген Парламент партасындағылардың парасат таныта алмағандығы ұлтым деген әрбір азаматтың жүрегінде қара дақ болып қалды. Шырылдап жүрген сол баяғы Амангелді Айталы. Алашқа арман болып келе жатқан тіл теңдігін сұрап Парламент мінбесіне шыққан атпал азаматтың атасына мың рахмет. Ал, мемлекеттік тілдің арқасында үлкен дәрежеге жетіп, жайлы жерге жайғасқан біздің қалам ұстаған қайраткерлеріміз неге үнсіз? Кезінде «Елшілік қызметкерлеріне мемлекеттік тілді білу міндетті» деген бапты алғызып тастаған Ерлан Ыдырысовтың Парламентте неге еркінситінін енді түсіндік. Шет тілінде ойлайтын шекесі тар шенеуніктерге кең маңдайлы Кекілбаевтар мен шешен тілді Шерхандар отырған Парламент депутаттары қосылған соң не қайран?.. «Самарқанда бір әпкем бар, бұдан да өткен сорақы» деген мақалдың кері келіп тұр. Әрине, Әбекеңдер мен Шерағаңдар мемлекеттік тілге қарсы «атамын» десе де, аттап баспаса керек. Бірақ, айналасындағыларға ықпал ету деген болмайды ма? Әлде қазіргі Парламентте ықпалды тұлғалар жоққа тән бе?.. Мұндайда аты-жөнін халық түгіл өзінің сайлаушылары да білмейтін бейуайым, бейғам, белгісіз депутаттардан елеулі ешнәрсе де күтуге болмайтыны белгілі. Ал, серкелерсіз Сенат та, Мәжіліс те олқы көрініп қалатыны осындайда екен ғой. Бұдан бұрынғы таратылған екі Парламенттің әйгілі тұлғалары ұлт пен мемлекет мүддесіне келгенде айналасындағыларға анағұрлым ықпалды болып, ел тағдыры таразыға түсер шақта нәтижелікке қол жеткізіп жататын.

Әділет министрінің орынбасары Меркель мырза: «Депутаттарды мемлекеттік тілді білуге мәжбүрлеу – Адам құқын шектеуді білдіреді», – деп жіберіпті… Яғни, соның ішінде қазақтарға да өз ана тілін білуге мәжбүрлеу – Адам құқын шектеу болса, Тәуелсіз Қазақстанның Әділет вице-министріне не деуге болады?! Иә, мұндай «сөздерді» Қазақстанның ғана мемлекеттік шенеуніктері еш ойланбастан мемлекеттік тілді аяққа басып тұрып айта береді… Бірақ, біздің Меркельге еш ренжитін жөніміз жоқ. Ренжи алмаймыз да… Өйткені, алдымызда өзіміздің Ерлан Ыдырысовтар мен билік айтса билеп беруге дайын депутаттарымыз тұр емес пе..?

– Сізден басқа тіл үшін тіресіп жүргендер бар ма? – деген сұрағымызға Амангелді Айталы: «Әрине, бар. Әбіш пен Шерағаңдар, Фариза мен Уәлихан Қалижан, Серік Әбдірахмановтарды атай аламын», – деп жауап берді. Ал, «Қарсы шыққандарды атай аласыз ба?» деген сұраққа депутат мырза жауап бермеді. Олардың тізімін беруден де бас тартуын түсіне алмадық… Оның себебін «ана тіліне қарсы шыққан әріптестерінің өкпелейтінін» айтып ақталды. Мәжіліс аппараты жетекшісіне сілтеген соң Әнуар Түгелге хабарласуға тура келді. Аппарат басшысы іссапарда болғандықтан, біз хабарласқан оның орынбасары Мәриям Қабденова біздің өтінішімізді орындай алмайтынын бірден айтты. Себебін сұрағанымызда:

– Ол стенограмманы тек депутаттар ғана сұрап ала алады. Айталыдан сұраңыз. Депутаттар өкпелесе өзі көтереді.

– Ол кісі беруден бас тартып, сіздерге сілтеді. Депутаттар неге өкпелейді? Сонда олар өздерінің берген даусын халықтан не үшін жасырады? Ал біз, журналистер, керекті ақпаратты басқа емес, Парламент үйінің өзінен де ала алмаймыз ба? Баспасөз туралы заң бар емес пе? Заң шығарушы жоғарғы органның өзі заңды сақтамайды ма?

– Біздегі тәртіп солай. Депу­таттық этика деген бар, соларға хабарласыңыз…

Сөйтіп, демократиялық негізде құралатын негізгі орган – Парламент үйінен қажетті ақпарат ала алмадық… Дегенмен, кейбір ұзынқолды мекемелер арқылы біз дегенімізге қол жеткіздік…

Сонда қалай, Демократия мен жариялылық ордасы болып саналуы тиіс Парламентте депутаттар қалай дауыс бергендерін жасыруы нені білдіреді? Ұлт пен мемлекет мүддесіне қарсылықтарын сол халықтан жасырып, ертең ел алдында «еңіреген ер» болып көріну үшін жалған сөйлеп, күзде тағы да сайланудан дәметуі барып тұрған аярлық емес пе?

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назар­баев­тың өзі әрбір келелі кеңістерде мемлекеттік тілде сөйлеп, мемле­кеттік тілдің мерейін өз дәрежесіне көтеру жайлы үнемі айтып жүргені белгілі. Өткен күзде ғана Пар­ла­менттегі дәстүрлі кездесуінде бастан-аяқ тек қазақ тілінде сөйлеуі де білгенге өнеге емес пе?! Шайнап бергенді жөндеп жұта алмай жүргендерге күйініп кетіп: «Ымды білмеген – дымды білмейді», – дегенге дейін барып жатады. Тіпті, «Қазақ пен қазақша сөйлессін!» – деп ашығын да айтты. Бұдан артық не деу керек?

Ал, Президент сайлауында кандидаттар мемлекеттік тілден емтихан тапсырады. Кешегі күзде ғана Мемлекеттік хатшы И.Тасмағамбетов өткізген тіл туралы үлкен кеңесте: «Мемлекеттік тілді білуі тиіс лауазымдар тізбесін жасап, оны Парламентке тапсыру керек», – деген қорытынды жасал­ғаны белгілі. Мемлекеттік тілдің тағдырын қарайтын Парла­мен­тіміздің түрі мынау болса, онда «қойды қасқырға бақтырғанмен» бірдей тірлік болайын деп тұр екен ғой…

Қазақша ойлауға хақысы бар кез-келген азаматтың ғана емес, озық ойлы өзге ұлт өкілдерінің де түсінбейтіні – еліміздегі ең бірінші тұлға Елбасымыз мемлекеттік тілді қолдап келе жатқанда, екінші, үшінші тұлғалар О.Әбдікәрімов пен Ж.Тұяқбай мырзалар өздері бас болып қарсы дауыс беріп жатуы қалай? Бұны қандай саясатқа сыйғызуға болады?!.

Әншейінде әр нәрсеге үн қос­қыш партиялар бұған не дер екен? Ормандай көппіз деген «Отан», аспандағы айды алатын «Асар», қызуы басылмаған қызылдар, мем­лекетшіл «Ақ жол» партиялары мемлекеттік тіл Парламент боса­ғасынан аса алмай далада қалғанда қандай үн қатар екен? Ең үлкен фракция мүшелері елеулі ештеңе істемек түгілі, қайта қарсы шығып жатса, асарлап болса да әрекет жасалмаса, азаматпыз деп жүргендерден азаматтық күту бос тірлік болса керек. Несіптерге немкетті қарағанмен, Бендицкийлер үшін белсеніп шыққандар тіліміз үшін қандай тірілік көрсетпек?..

Партия дейміз-ау, «Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Қайролла Ережепов бастаған «отандық» депутаттар Мақтай Сағдиев, Серік Қонақбаевтар, «Асар» партиясы фракциясының жетекшісі Рашид Ахметов бастаған Фарит Галимов, Светлана Жалма­ған­бетова мен Нұрлыайым Жолдас­баева, Аграрлық партия жетек­шілері Роман Мәдинов пен Еркін Рамазановтар, «Ауыл» партия­сы­ның жетекшісі Ғани Қалиевтер мем­ле­кеттік тілге қарсы дауыс берді.

Қазақшаға қарсы Парламент тізімі   Ана тілін аяққа басқан қазақтардың мемлекеттік тілді жақтап дауыс берген, азаматтық позицияларын айқын білдіріп, өз ұстанымдарынан таймаған Ә.Кекілбайұлы мен Ш. Мұртазадан, Қ.Сұлтанов пен С.Әбділдиннен, А.Айталы мен Ж.Қалиұлынан және т.б. елжанды депутаттардан саяси Һәм рухани көрегендігі артық па сонда? Әрине, керісінше… Тәуелсіз елдің еркін депутаттарының жандарына соншалықты не зор келді екен?.. Қазақ тіліне қарсы шыққан қазақтардың ең болмаса өзге ұлт өкілі Ю.А.Кубайчук секілді 73-бап бойынша жақтап, 89-бап бойынша қалыс қалуға да қауқары жетпегені ме?.. Ал, жалпы өзге ұлт өкілдері мен ұлты орыс депутаттардың «қа­зақтарға ана тілін білу міндетті» деген түзетуге не үшін қарсы шық­қандарын түсінбедік. Қазақтардың өздері қарсы болып жатқан соң, оларды ұялтпайын деген болуы керек… Мүмкін, ертең кезек өзімізге де келіп қалар деген қауіптің алдын алғаны шығар…

Кезінде Т.Квятковскаяның (бүгінде ол мемлекеттік тілге қарсы шығып отыр) жарты беттік арызы үшін Парламентті таратқанда / ол мықты Парламент еді…/, енді мемлекеттік тілімізді аяққа басқан Парламентті неге таратып жібермеске?! Осындай оқиға оңтүстіктегі көршілерімізде бола қалған жағдайда/ оларда болуы да мүмкін емес/ қарсы дауыс берген депутаттарға / өз ұлты болсын, өзге ұлт болсын / не болатынын едестетудің өзі қорқынышты. Ал, жалпақшешейлігі жаһанға мәлім болған Қазақстандағы жағдай қазаққа келгенде үнемі осы. Бұл жерде өзге ұлт өкілдерін түсінуге болатын шығар. Онда да енді ары кетсе, төрт-бес жыл көлемінде. Ал, өзіміздің «өгейлерге» мемлекеттік тілмен бірге ана тілдеріне де қарсы шыққандары үшін ешқандай кешірім жоқ. Жерін сатып жіберіп, желпініп жүргендер енді тілін де сатып жіберіп, тісін шұқылап, тоқ басып отыр. Ертең елін де сатып жіберетіндер осылардың ішінен шықпасына кім кепіл?..

Мүмкін, депутаттарымызға ашы­­нып отырған біздікі де артық­тық шығар. Өйткені, оларды өзіміз сай­ладық қой… Халқы қандай бол­са, парламенті де сондай емес пе?

Біз бүгін бес жыл бұрын жарыл­қаймын деген уәделерімен сайланып кетіп… енді бүгін мемлекеттік және ана тілдеріне қарсы шығып отырған нигилист депутаттардың есімдерін беріп отырмыз. Ендігісін көзіқарақты, көңілі ояу, сауатты сайлаушылар өздері шешер…

 Қазыбек ИСА

  №8 (174), 27.02.2004 жыл.

*Тақырыпқа тұздық

 Парламентті әшкерелеп, елді дүр сілкіндірген оқиға

немесе ҚАЗАҚ десе ҚАНЫ ҚЫЗАТЫН ҚАЗЫБЕК

Қазыбек-фото-18

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі ұлты қа­зақ депутаттарының орыс­тілдігі, орысқолдығы ұлттық нигилизмнің ерекше көрінісі, оған қазақ халқының наразы­лығы да белгілі. Неге екені тү­сініксіз, сол депутаттарды сайлаған халқының өзі. Бүгін де сол кесел жалғасып келеді, бірақ депутаттарды енді халық емес, партия көсемдері тізімінен таңдап алады, олар орыс­тілділерге аса зор артықшылық береді.
2004 жыл Мәжілісте «Сайлау заңы» талқыланып жат­қан кезде заң жобасына «ұлты қазақ депутаттыққа кандидаттар президент сияқты мемлекеттік тілді меңгергені туралы сынақтан өтсін» деген ұсыныс енгіздім. Енгізуге ешкім қар­сы болған жоқ, бірақ дауысқа салғанда депуттардың басым көпшілігі, әсіресе, қазақтар қарсы шығып, ұсынысты қа­былдатпады. Сол бойда инженерлік орталықтан кімнің қар­сы, кімнің қолдағаны туралы ақпаратты алдым. Ол қазақты­ғымызға тест, рентген сәуле­сімен көкіректегі жасырын сырды ашқандай болды. Шы­нымды айтсам, мен кімнің қалай дауыс бергені туралы деректерді өзім үшін сұрат­тым, жариялауға әлі шешім қабылдаған жоқпын. Осы тұс­та маған бұрын жақын танып білмейтін «Жас қазақ үні» атты газеттің бас редакторы Қазыбек Иса хабарласты. Бай­қаймын, ұлт десе қаны қы­зып кететін жігіт екен. Мен қинала-қинала, бір жағынан, депутат әріптестерімді аяп, екінші жағынан, ұлтымыз үшін халық қолдаған депу­тат­тардың ішкі сырын жасыр­майын деген екіұдай оймен жүргенде, Қазыбек інім дауыс беру қорытындысын, қолда­ғандар мен қарсыластардың тізімін «Жас қазақ үні» газетінде жарқ еткізіп, жариялап жіберді. Сөйтіп, кімнің кім екенін, барлық депутаттар­дың жамылғы бет перделерін ашып берді. Басқа газеттер «Жас қазақ үнінен» көшіріп басып, ел түгел депутаттардың ұлттық ұстанымдарынан хабардар болды. Маған, «Жас қа­зақ үні» газеті мен «Ана
тілінен» жастардан, әсіресе, студенттерден ашуға толы, де­путаттарға ызаланған көп­теген хаттар түсті. Егер Қа­зыбек Исаның елді дүр сілкіндірген жақсы мағынасын­да­-
ғы ұлтшылдығы болмаса, мүм­кін бұл ақпарат Парламент құпиясы болып қалар ма еді? Осылай «Жас қазақ үні» талай көкірегі соқыр ұйқы­сы­рап кеткен депутаттарды шо­шындырып қана қоймай, жал­пы қазақ қауымына ой салды. Шалажансар Парламент ұлты­мыздың, тілінің әлсіздігін, қа­зақтардың өздерінің ұлтына деген қырсыздығының айна­сы болды.
Айта кетейін, осыдан кейін елде, әсіресе депутаттар ара­сында «Жас қазақ үні» газетіне ықылас айтарлықтай өсті. Менің сол кездегі әріптестерім ол газеттен сескенетін болды, ал парламенттің инженерлік орталығына енді қай мәселе болсын, депутаттардың қалай дауыс бергені туралы ақпарат беруге жоғарыдан үзілді-ке­сілді тыйым салынды.
Қазақ тіліне қарсылардың біразы ұялудың орнына маған шабуылға шықты, сол кезде Казыбек қолдарына түссе, кім білсін, аямас еді. Маған айта­тын уәждері: «Бүгінгі қа­зақ­тың ең асылдары, интелекті жоғарылары бұл орыстілді­-
лер. Сіз қазақ тілділерді Парламентке жинап, заң шығару­шы органның беделін кетіресіз, неге соны ойламайсыз. Мы –соль, казахоязычные – ноль»,–демесі бар ма?» Қазақ интелегенциясы арасында екі тіл, тіпті үш тілді меңгерген азаматтар барлығын, олар­дың ой-пікірінің кеңдігін, өмірге қазақтың да, орыстың да көзі­мен қарай алатындығынан нигилистер бүгін де хабарсыз. Осы­лай Қазыбек Иса 2004 жы­лы Парламентті әшкере­леп, елді бір сілкіндіріп таста­ды. Қазыбектің осы сынынан кейін, қоғам қазақ депутат­та­рының қазақ тілін меңгер­ге­ніне аса назар аударатын бол­ды.
Кейіннен, мен «Ақ жол» пар­тиясына келгеннен соң, Қазыбекпен жиі араласып, оның саяси публицистикалық мақалаларын зор ынтамен оқитын болдым. Ұлт, тіл мәсе­лелеріне келгенде Қазыбек аянбайды, шайқасқа шыққан батырлардай. Себебі ұлт мә­селесі – идеологиялық күрес алаңы, сондықтан ол палуандай белді буып күреске шы­ғады, ешкімді кешірмейді. «Ата заңды өзгертпей, тілді үйрену –суға түспей жүзуді үйрен дегенмен бірдей…» атты мақаласында Қазыбек пре­зиденттің кеңесшісі тек Ер­тісбаевқа ғана емес, шын­ды­ғында, ертісбаевтарға, себебі бұлар ұлтқа қарсы белгілі бір нигилистер тобы, шүйіледі. Тіл жанашырлары «Ежікте­сең де, ережені түсінбейтін ке­ңесші Ертісбаевпен «ке­ңесуі» керек екен де» деп, оны сынап қана қоймай, «Ия, Президент мемлекеттік мүддеге қарсы шығып, арандатушылық әрекет жасағандарды жазаласа, ең алдымен өзінің ке­ңес­шісі Ертісбаевтен бастау керек» деп салмақты жоғары билікке аударады. «Дамбалсыз «демократ» Ергалиева, ұлт­тық мүддеге келгенде үн жоқ «Нұр Отан», жетекке ерер емес «Азат» партиясының жетекшілері Болат, Жар­махан, «Не надо лезть в Конституцию» деген Орал Мұхам­бетжанов, қазақ тілін қолдау­ды орыс тіліне қиянат деп есептейтін Қайрат Мәми, 80 жыл жинаған абыройдан 8 минутта айырылған Бибігүл Төлегенова, тағы басқалар Қа­зыбектен өз сыбағаларын ал­ды. «Если вы мне не поменяете мозги, мне казахский язык не выучить!» деген қазіргі Сырт­­қы істер министрі Е.Ыды­рысовтың сөздеріне байла­нысты «Ана тіліне, мемлекеттік тілге миы жетпегендер қалай министр болады? – деген қисынды сауал қояды. «Біз­де мисыз министр, мисыз әкім, мисыз депутат, мисыз шенеуніктер болуы заңдылық болса, онда біз қандай ел­міз? – деп қиналады ол.
Қазыбектің мазалануының, өткір сөзбен кейбіреулерді түйреуінің астарында терең сыр жатыр.
Ұлтты кемсіту – жаһандық үрдіс. Ұлтшылдыққа қарсы жаһандану идеологы Э.Гидденс ұлттық сана-сезім, ұлттық “Мен” игілікке емес, дауға, жанжалға апарады деп есептейді өзінше. «Ұлттық идея, ұлт­тық ниет жанжал, қастан­дық­пен бір жүреді. Ұлттық болмыс бүлікпен бірдей»-деп сыңаржақ сілтейді. Ол өзара бай­ланысқа, алыс-беріске, тұ­рақ­тылыққа қарсы, тежегіш күш деп біржақты ойлаған автор осыдан келіп  космополиттік ұлт жасау ойын алға тартады. «Оны кім жа­сай­ды?»– деген сауалға, оны тілін, мәдениетін, тарихын білмейтін билік басындағы космо­политтік элита жасайды деп болжайды. Бірте-бірте мемлекет ұлттық сипатынан айыры­лып, космополиттік мемлекетке ұласады. Автордың пікірінше, ұлттық қауымдастық жасанды бірлестік, тіл, мәде­ниет, дәстүр ортақ құндылықтар, сондықтан бір ұлттың екінші ұлтқа сіңісуі қиын емес, түптің түбінде басым тілмен, мәде­ниет­пен келісуге тура келеді деп санайды.
Иә, Э.Гидденс айт­қан­дай, шовинистермен қатар нигилистер де Қазақстанда да қазақ ұлтына үзбей қарсыласуда.
Қазаққа өзінің арам пиғы­лымен бұрыннан белгілі Своик дейтіннің «…государствен­ным языком в Казахстане является русский. В том числе, благодаря необратимо состоявшемуся русскоязычию казахских элит. Казахский же язык, исходя из тех же реалий, рано или поздно придется превращать во второй» деген сөз­дерін жеке адамның пікіріне саюға болар еді. Өкініштісі, олар­дың астарында тарихи, саяси, әлеуметтік құбылыстар, тамыры терең індеттің көрі­нісі жатыр.
Ойланатын ең үлкен мәсе­ленің бәрі – бүгін жаппай ағылшын тілін енгізу болып отыр. ҚР Республикасының Конституциясының 19-бабы­ның III-тармағы «Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайда­лануға, қарым-қатынас, тәр­бие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құ­қы­ғы бар» делінеді. Мектеп оқу­шыларына ағылшын тілін оқытпас бұрын ата-аналары­ның келісімі қажет. Үш тілді оқытудың психологиялық, пе­дагогикалық жағынан әлі те­рең пайымдауды қажет ете­ді. Мамандар да тапшы. Осы орай­­да Н.Хрущевтың ауа райы­­на қарамай, жүгеріні насихаттағаны ойға оралады.

Осындайларға тойтарыс беретін Қазыбек сияқты орақ тілді, өткір мінезді азаматтар керек-ақ! Ұлттың ұлылығы оның са­нында емес, әр ұлының ұлы­лы­­ғында!


Амангелді АЙТАЛЫ,
профессор

«Қазақ үні» газеті

2012 жыл

25 ПІКІРЛЕР

  1. Сайлауға түсетін партия тізіміндегі ЖСДП партиясы төрағасы Жармахан Тұяқбайдан бастап, Уәлихан Қайсар, Своиктер, т.б. көптеген мүшелері кезінде қазақ тіліне қарсы шыққандар болғасын, тіл қорғаушысы Мұхтар Шаханов қалай олармен бірге болсын? Дұрыс істеген бірге отырмай шығып кеткені… http://www.qazaquni.kz/?p=21922

  2. қазақ депутат орысша көсіле жөнелді,аудармашы аудара жөнелді,бетім ай бұны көріп естудің өзі қандай ұят,әрі жиіркенішті.

  3. “ҚАЗАҚ ҮНІ” көтерген мәселеге 10 жыл! Қазақ тіліне қарсы депутаттар тізімі!
    МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ ҚАРСЫ ШЫҚҚАН ПАРЛАМЕНТ ТАРАТЫЛУЫ ТИІС!
    Ең болмағанда ана тілін аяққа басқан депутаттар кері шақырылып алынуы керек!
    http://www.qazaquni.kz/21922.html

  4. Жарайсың Қазыбек елді, тілді, ұлтты қорғаған еңбегіңе береке берсін. Кешегі сілімтіктер Лимонов пен Жириктің, 5 колоннаның тілін қорғаған қараниет опасыз адамдарды қазақтар ешбір лауазымға сайламауы керек шығар. Түрлері қандай сүйкімсіз еді тіл сатқыштардың. Өзімізді тәрбиелемесек, тілімізді, жерімізді, елімізді, ұлтымызды осындай баспасөз беттерінде де қорғамасақ болмайтын шығар. Осы адамдар Қазақ Елінде қызметке лайық емес деп білемін,

  5. «Ауыруын жасырған өледі»-дейді атам қазақ, әрқайсысымыздың тамшымызды көлге айналдырсақ, Ұлт болмысына қауіпті дерттен арыламыз.

  6. ана тилин колдамайтын адамдарды тусинбегем тусинбеймин де.ен коркыныштысы оз ана тилин колдамаган адамдар кимнин сойылын согып жургенин былу.

  7. «Молчание знак согласия» дейтін бе еді орысша? Парламенттің осы ноқырлығына бір ауыз сөз шығындамаған Президент не ойлап жүр? Не Парламентттікі, не Қазыбектікі дұрыс деп кесіп айтса ауызы қисайып қала ма? «Үр, ит, соқ! Қай жеңгенің менікі!» деп отыра беруге ұялмай ма?

  8. жарайсыз, Қазеке! кімнің кім екенін, кімнің кім болып жүргенін ашып айтатын уақыт болмақ түгіл өтіп барады. сондықтан осы беттен қайтпай, өзіміздің газет арқылы ел білуге тиіс мәліметтерді жариялауыңызды мақұлдап қолдаймын. тек ұрынып қалмаңыздар, оларға сенуге болмайды

  9. Еске салғандарыңыз қандай дұрыс болған! Басқа БАҚ-тар да жарияласа, жұрт беттеріне түкіріп болмаса да, жирене қарап жүруші еді. Өзінен жиренгеннен кім жиренбейді дейсің?

  10. Әй, рахмет, Қазыбек аға! Кезінде елді шулатқан осы қара тізімді қайдан аламын деп жүруші едім… Өтірік халықшылдарға сауап болыпты! Олардың ішінде әлі депутат болып жүргендер бар, солар отставкаға кетсін!

  11. “ҚАЗАҚ ҮНІ” көтерген мәселеге 10 жыл!
    Осыдан он жыл бұрын Қазақстан Парламенті қазақ тіліне қарсы шығып, масқара болды! Парламенттің дауыс беру стенограммасын жариялаған «Қазақ үні» газетінің елді дүр сілкіндіріп, сең бұзған сенсацияға айналған «Мемлекеттік тілді таптаған Парламент таратылуы тиіс» мақаласына да 10 жыл толып отыр. Шерхан Мұртазаның «Егемен Қазақстанда» «Кімнің кім екенін білгің келсе, кімнің қазақ тіліне қарсы, кімнің жақ екенін білгің келсе, тек «Жас қазақ үні» газетінен оқи аласыңдар» дегені, «Қазақ әдебиеті» газеті : «Жас қазақ үні» бір-ақ мақаласымен ұйқыдағы жұртты оятты» – деп жазатыны осы кез. Елдің бүкіл зиялысы Қазақстан Жазушылар одағына жиналып, Сенат пен Мәжіліске ашулы Ашық хат жолдады.
    Ұлт мүддесі жолында ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайтынын мәлімдеп, біз бүгін сол мақаланы қайта жариялап отырмыз. Келесі жылы «Қазақ үні» газетіне 15 жыл толатындықтан, біз бүгіннен бастап, мұрағаттағы ел мүддесін қорғаған ерекше мақалаларды жариялап отыратын боламыз.
    Сонымен, осыдан он жыл бұрын мемлекеттік тілге қарсы шыққан депутаттармен тағы да таныс болыңыздар!

  12. МАҚАЛАНЫҢ 10 жылдығын АТАП ӨТУДІ барлық ҚАЗАҚ ГАЗЕТ,ЖОРНАЛДАРЫ жұмыла ҚОЛҒА АЛСА,ұлтымыздың ауыз бірлігінің БАР ЕКЕНДІГІН танытқан ҮЛКЕН бір ІС БОЛАР еді.

  13. Қуатбек, осы әрекет-әрекет деп ышқырынасыңдар, қандай әрекет болуы мүмкін. Көшеге шыға алмайсын, шықсаң Жаңаөзендегідей атып тастайды. Өлесің де қаласың. Алматыдағыдай митингіге шықсаң, сені не голубой, не лезбиянка, не басқа діннің өкілі, не наркоман ғып шыгарады билік. Енді тек айту ғана қалды, «Тамшы тас жарады» дейді. Мүмкін, бір күні болмаса, бір күні тас жарар. Ал, әрекет-әрекет деп қақсаудың еш реті жоқ.

  14. «Айта- айта Алтайды,Жамал апа қартайды» -дегендей, осы Тіл туралы мәселені сол кезде ктнрген азаматтардың алды сексенге соңы жетпіске жетті. Енді сөзден іске көшу керек.Ана кекілді-орыстар «Біз Кедендік Одаққа кірмейміз» деп тұрып алды.Сөйтіп халықтың,ұлттың мүддесін қорғап, орысқа сатылған Януковичті Биліктен тайдырды. Ал біз болсақ өз жерімізде,өз тілімізді өзіміз қорғай алмай жүрміз! не деген ынжық, сорлы ұлтпыз.Мынадай ұлтын сатқан Парламентті тарату керек. Жаңадан «Сайлау туралы» заңды жасау керек. Сонан кейін жаңа сайлау өткізу керек!

  15. “ҚАЗАҚ ҮНІ” көтерген мәселеге 10 жыл! Қазақ тіліне қарсы депутаттар тізімі!
    МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ ҚАРСЫ ШЫҚҚАН ПАРЛАМЕНТ ТАРАТЫЛУЫ ТИІС!
    Ең болмағанда ана тілін аяққа басқан депутаттар кері шақырылып алынуы керек!
    http://www.qazaquni.kz/21922.html

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз