ЕҢСЕСІ БИІК ЕЛОРДА ерекше қарқынымен елге үлгі

Tasmagambetov

ЕҢСЕСІ БИІК ЕЛОРДА

ерекше қарқынымен елге үлгі

 Ата-бабаларымыздың арманы – тәу етер Тәуелсіздігіміздің  тірегі – елордамыз Астана қаласының еліміз үшін ерекше мәнге ие екені белгілі. Сол астаналықтардың жыл сайын  алқа болып асыға күтетін, ақ жарылып, арыз-арманы мен ақ тілегін  ақтаратын жылқорытар жиыны    - Астана қалсының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың ел алдындағы есебі.  Бұл жиынға шаруасын шешу үшін әкімді іздеп келетіндермен бірге, ел алдында жүрген ерекше тұлғаның сүбелі  сөзі мен ордалы ойларын тыңдап, тыңайып қалу үшін шын мағынасындағы хакімді іздеп келетіндер де көп. Сондықтан биылғы жиында да Астананың  ауқымды Конгресс-хол сарайы аузы-мұрнынан шыға лық толып отырды.

Алаштың арқалы би-шешендеріндей шешіле де, көсіле сөйлеп, қазақ сөзінің қуатты қарқыны мен шуақты тартымын  сезіндіре білетін Иманғали Нұрғалиұлы толғауын тоқсан, тоқетерін бір етіп толғаған баяндамасына ел қатты разы болып, зор ықылас танытты. «Бұрынғылар «Адамның өскені әрбір өткен жылымен, шаһардың өскені әз-халықтың сынымен бағаланады» деген екен. Бұл қаласына қарап қоғамның ырысын, баласына қарап әлеуметтің тынысын анықтайтын осы заманның ақиқаты. Өйткені, бүгінде шаһар өмірі – ең алдымен тынымсыз тіршілік пен ауызбіршіліктің көзі, береке мен баяндылықтың өзі. Сондықтан да жыл сайын халық болып мәжіліс құру – біз үшін Елбасы белгілеген тәртіптің қалпына да, ел дәстүрінің салтына сай айнымас дағдыға айналды. Сөз жоқ, 2013 жыл Елорда үшін табысы мол толайым жыл болды. Экономика өнімді, шаруашылық сенімді дамыды. Бұл турасында әлі де болса айта жатармыз. Ең маңыздысы – бұл уақыт Астананың асқақ рухын көтере түскен белесті жыл болды. Оның өзі – Елбасының биылғы Жолдауында баса айтылып, Бас қаланың «Мәңгілік елдің» тағдырындағы талассыз орнын, жоралы жолын қайта жаңғыртты. Ендігі жерде, Астана мен Тәуелсіздік – осынау ұлттық идеяның алтын діңгегі. Айнымас тірегі. Мәңгілік соғар жүрегі. Ол да болса алыс болашаққа көз тігіп, егемен елін рухы сарқылмас ұйықты жер етуді мұрат қылған Елбасының тілегі»-деп бастады беташар сөзін Иманғали Тасмағамбетов.

Кәсіп түбі - нәсіп

 Ең бастысы қала әлеуетінің 60 пайызын қордалап отырған шағын және орта кәсіпкерліктің шаруасын түзеліп, нәтижесінде қала бойынша: - ішкі өңірлік өнім 2 трлн 700 млрд теңгені құрап, макроэкономикалық өсім 6,5 (алты бүтін оннан бес) пайызға жетті; - өнеркәсіп өнімі 263 млрд теңгені құрады; -  мемлекеттік бюджетке қаламыздан 610 млрд теңге түсті; - шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың нәтижесінде, өткен жылы олардың саны 55 мыңға жетіп, 1 трлн 200 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бүгінде бұл сала 190 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. «Біз үшін бұл көрсеткіштердің қағазға түскен саны емес, әрбір астаналықтың әл-ауқатына тигізер сапасы маңызды»-деп атап өтті Астана әкімі. «Айталық, жыл басына қарай елордалықтардың орташа жалақысы өткен жылға қарағанда 11 пайызға өсіп, 159 мың теңгені құраса, тіркелген жұмыссыздық деңгейі 5,5 (бес бүтін оннан бес) пайыз ғана. Бұдан бөлек, елордада 2013 жылы 8 балабақша, 4 мектеп, 2 емхана, 1 миллион 100 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Мұның өзін жәй ғана игілікті іс емес, тұрғындарымыздың денсаулығы мен біліміне, рухани дамуы мен мәдениетіне салынған зор салым деп білген жөн. Мұның барлығы келер жылдары жалғасын табатын үлкен жұмыстардың басы ғана. Әрине, кемшіліктер де жоқ емес. Маған қала тұрғындарын толғандырып отырған мәселелер жақсы мәлім. Оларды дер кезінде шешуге тырысудамыз. Әрине, мақсатты істің бәрін бір уақытта тындырып тастау мүмкін емес. Ол да болса өз жалғасын табатын жұмыс. Десе де, Елбасы белгілеген міндеттер, межелі уақытқа жоспарланған жұмыстар бар. Барлығы да кезең-кезеңімен орындалып келеді. Осылай өткенді өлшеп, есеп беріп отырсақ қана болашақтың бағдарын баянды қыламыз. Ең бастысы – сіз бен біздің осы қалаға деген азаматтық жанашырлығымыз.»-деді Иманғали Нұрғалиұлы.

Сегіз серпінді жетістік

Өткен 2013 жыл Астана үшін баға жетпес тағлымды кез болды. Елорда әкімі И.Тасмағамбетов  жылдың сегіз серпінді жетістігін санамалап берді. Бірінші. 2013 жылы Астананың өнеркәсіптік қарымы «Индустриялық парк» аумағындағы Мемлекет басшысы ашқан сегіз жаңа өндіріс орнымен молықты. Соның арқасында қаланың өнеркәсіп өндірісінің көлемі соңғы үш жыл ішінде екі еседен артты. Екінші.  Өткен жылы апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді сүріп тастау жөнінде бағдарлама қабылдап, біз тұңғыш рет нарықтық негізде қаражатты мемлекеттік бюджетке толықтай қайтару шарты бар жобаны бастадық. Он бір апатты жағдайдағы үй тұрғындары жайлы жаңа пәтерлерге кіріп, 139 отбасы қоныстойларын атап өтті. Үшінші. 2013 жылы үш ірі тұрғын алап – «Күйгенжар», «Қазақауыл» және «Пригородный» мекеніндегі жұмыстар толықтай аяқталып, «Қала шетін дамыту бағдарламасы» көрінеу нәтижелерін бере бастады. 2020 жылға дейін осы сала бойынша іс жүзінде қалаға қосылған кенттердің барлығы абаттандырылады. Төртінші. Өткен жылы біз қаланың тіршілік әрекетін кешенді қамтамасыз ету жүйесінің (ТКҚЖ) қауіпсіздігі аясында аса ауқымды жобаны жүзеге асыруға кірістік. Енді, Астана қауіпсіздіктің жоғары технологиялық, ақпараттық, инфрақұрылымдық жүйесі қалыптасқан әлемдік үздік қалалар қатарына кіреді. Бесінші, 2013 жылы елорда экологиясын сақтауға мұғдарлы әлеуметтік мәні зор жоба – барлық автобус паркін газ жабдығына жоспарлы түрде көшіру басталды. Алтыншы. Өткен жылы қала үшін өте маңызды нысан – Есіл өзені арқылы өтетін жаңа көпір пайдалануға беріліп, Батыс жартылай айналма жол салу жобасы тәмамдалды да, Сарыарқа және Тұран даңғылдарындағы көлік ағыны тәулігіне 30 мың автомобильге дейін азайды. Жетінші. 2013 жылы қала тұрғындары мен қонақтарының ең сүйікті орны – «Нұржол»  сулы-нулы бульварын қайта жөндеу бойынша ауқымды архитектуралық жоба жүзеге асырыла бастады. Ол осы жылы аяқталып, елордаға ерекше бітім мен көрік бермекші. Сегізінші. Өткен жылы 408 аула аумағын жөндеп, абаттандырдық. Біз төрт жыл бұрын қабылданған бағдарлама аса қажет, мейлінше тиімді екенін білеміз, алдағы уақытта да жұмысты жалғастыра береміз»- деді Иманғали Нұрғалиұлы. Сонымен Астанада : – жалпы өңірлік өнім 2 трлн 700 млрд теңгені құрады; – макроэкономикалық өсім 6,5%-ға жетті; – қаланың өнеркәсіптік кәсіпорындары 263 млрд теңгеден асатын сомаға өнім шығарып, қызмет түрлерін көрсетті; – экономиканың нақты секторында 18 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылды; – орташа айлық кесімді еңбекақы 159 мың теңгеге жетті; – жұмыссыздық деңгейі 5,5,%-ға кеміді. Келтірілген сандық мәліметтер есепті кезең ішіндегі қала экономикасының нақты жай-ахуалын бейнелейді. Сонымен, Астананы өзін-өзі қамтамасыз ете алатын кемелдік деңгейіне көтеру жөніндегі Мемлекет басшысы берген тапсырма орындалды.

Astana 1a

Баспана – басты назарда

«Астана сияқты жас қала үшін құрылыс факторы стратегиялық басым бағыт болып табылады, бұл салада бізде әжептәуір жоғары қарқын сақталып отыр. Елорданың қалыптасу жылдарының ұзын-ырғасында мұнда 12 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді.»- деді Астана әкімі И.Тасмағамбетов. Жалпы алғанда былтыр Астана қаласында тек көп пәтерлі үйлерден жеке тұрғын үй құрылысын есептемегенде, 110 мың отбасы немесе 370 мың адам меншікті баспана алды. Бұл соңғы 15 жыл ішінде тұрғындарға арналған жайлы тұрмыс кеңістігінің деңгейін әр адамға шаққанда 15-тен 25 шаршы метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Астана жыл сайын біз бір миллион шаршы метрден аса тұрғын үйді пайдалануға береді, ал 2013 жылдың қорытындысы бойынша 1 млн.  100 мың шаршы метрден асатын тұрғын жай іске қосылды. Қазіргі кезеңде қаладағы тұрғын үй құрылысы екі мемлекеттік бағдарлама бойынша жүзеге асырылуда. Олар – «Қолжетімді баспана – 2020» атты жаңа бағдарлама мен 2008-2010 жылдарға арналған тұрғындарды бас­панамен қамтамасыз ету жөніндегі бұрын қабылданған бағдарлама. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша 2013 жылы «Тұрғын үйқұрылысжинақбанкінің» желісі бойынша жалпы алаңы 25,5 мың шаршы метр 477 пәтерлік 3 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталады. Қазіргі кезде осы бағдарлама аясында жалпы алаңы 168 мың шаршы метр 4180 пәтерлік 11 тұрғын үй салынып жатыр. Ағымдағы жылы олардың арас­ынан 2258 пәтерлік 8 тұрғын кешенін пайдалануға беру жоспарланған. 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру бойынша  жалпы алаңы 261,5 мың шаршы метр 5674 пәтердің құрылысы аяқталған. « Жалпы алаңы 152 мың шаршы метр 2384 пәтер бітпей тұр. Оларды биыл пайдалануға беріп, атқарылған жұмыс ретінде аталған бағдарламаны жаба аламыз.»-деді Иманғали Нұрғалиұлы. «Алайда, орындалу мерзімі неге кешіктірілді? Оған әр шаршы метрді салуға төмен баға белгіленгені себеп болды, ол дағдарысқа байланыс­ты қымбаттап кетіп, құрылысқа қолбайлау жасады. Ол әр шаршы метр үшін шамамен 370 АҚШ долларын құрады, ал оның нарықтағы нақты өзіндік құны 800 АҚШ доллары шамасында еді. Соған сәйкес, қосымша қаражат іздеуге мәжбүр болдық, бұл құрылыс мерзіміне кесірін тигізді. Әйтсе де, тағы қайталап айтамын, Мемлекеттік бағдарламалар бойынша нысандар биыл салынып бітеді.» Astana akimi esebi

Белес асар бес белдеу

"Мемлекет басшысы бекіткен қаланы дамытудың Бас жоспары бойынша бес маңызды бағыт бар".-деді Астана қаласы әкімі И.Тасмағамбетов. Біріншісі – «Қазақ елі» алаңы маңындағы Тәуелсіздік сарайының артқы жағында орналасқан «Мыңжылдықтар» аллеясы. Мұндағы игерілетін аумақтың жалпы ауданы 360 га-ны құрайды, мұнда жұмыс істеуге ынталы 63 құрылыс ұйымы анықталды. Қазіргі кезде 21 телімде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, ал 33 телім жобалау сатысында тұр. Тұтастай алғанда, 2020 жылға дейін мұнда 25 тұрғын кешенді пайдалануға беру жоспарлануда. Екіншісі – Орынбор көшесінің бойында, «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы маңында. Келешекте осы аумақта елорданың ең көрікті ауданы бой көтереді. Қазіргі шақта құрылыс алаңы 567  га-ны құрайды, оған 135 құрылыс ұйымы белгіленген.  61 телімде белсенді құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Тағы 59 телім жобалау сатысында. Үшіншісі – Тұран даңғылының бойында. Бұл, өздеріңіз білесіздер, қаланың ең басты күре жолдарының бірі, болашақта оның төңірегіне ірі нысандар тұрғызылады. Аумақтың жалпы ауданы 566 га-ны құрайды, оны игеруге 77 құрылыс ұйымы дайын отыр. Бүгіннің өзінде 26 телімде құрылыс жұмыстары жүргізіліп, тағы 51 телім жобалануда. 2016 жылға дейін мұнда 8 тұрғын үй кешенін тұрғызу жоспарланған. Ірі құрылыс жобаларының арасынан мүлдем жаңа, Мемлекет басшысы бастамашы болған жобаны – «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында жүзеге асырылатын «Жасыл орамды» бөле-жара айтқым келеді. Бұл жоба энергия үнемдеу технологияларын қолданатын жәй ғана құрылыс нысаны емес, ең алдымен, ол әлеуметтік байланыстардың, оның тұрғындарына тән сәйкестіктің, өздері тұратын мекеннің ерекше қасиетін түйсініп, өздерін соған ұқсатудың кеңістігі болмақшы. Осылардың барлығы ғимараттар мен тұрғын кешендер салу өрісі қаланың бүкіл аумағын қамтитын Астана құрылысын жүргізудің ауқымдылығын тағы да айқын көрсетіп отыр. Сөйте тұра, кез келген қала ендігі тәрізді Астананың да өз даму қисыны бар. Егер қалыптасу кезеңінің басында әкімшілік ғимараттарды, тұрғын кешендерді, кеңселер мен сауда орындарын салу мәселесі көлденең тартылса, енді инфрақұрылымды дамытуға байланысты тақырып алға озды. Инженерлік желілердің тұтас кешенін, көлік жүйесін салудан бас­тап қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы тұрмыстық ортаны қалыптастыруға дейінгі мәселелердің маңызы арта түсті. Қаланың одан әрі тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін энергия ресурстарының стратегиялық қорын жасақтау ісі басты мұрат саналады. Бұл – жұмыс істеп тұрған «ЖЭО-1», «ЖЭО-2» қазандықтарын жаңғырту, сондай-ақ жаңа энергия көзі – «ЖЭО-3» нысанын салу ісі.

Алда алар асу көп

«Алдағы бес жылға белгіленген, бұған дейінгі бастамалардың қисынды жалғасындай болатын бірқатар міндеттер мен межелер бар»-деді елорда әкімі. Бірінші. Негізгі  кілті кәсіпкерлік нысандары болып табылатын Астана экономикасының тұрақты өрлеуімен тікелей байланыста қарастырылатын қолайлы бизнес-орта қалыптастыру. Бұл орайда  біздің басты міндетіміз  – қала экономикасындағы қызмет көрсету үлесін  60%-дан 80%-ға дейін арттыру. Екінші. 2017 жылдың аяғына дейін Индустриялдық паркте 30 кәсіпорынды іске қосу арқылы индустриялдық секторды сенімді инновациялық негіздермен қамтамасыз ету. Үшінші. Автобус парктерінің толықтай жаңартылуын, бағыттардың қолайлығын және БРТ – жүрдек автобустар жүйесін іске қосуды қарастыратын орнықты қоғамдық көлік жүйесін  құру. Сонымен бірге, 2017 жылы  «Мыңжылдық аллеясына» таяу жерде орналасатын жаңа теміржол вокзалы және қалааралық көлік қатынасын қамтамасыз ететін екі  автовокзал  салынады. 2017 жылға қарай Астана халықаралық әуежайы жаңғыртылады. Техникалық, өндірістік қуатын арттырудан бөлек, жолаушылар терминалын 30 000 шаршы метрге кеңейту көзделіп отыр. Төртінші. 2016 жылы жаңа қуат көзі – 3-ЖЭС-ті  және 80 шақырымдай магистральды жылу құбырын пайдалануға беріп,  энергетикалық кешендегі ірі жобаға нүкте қою. Бесінші. 2017 жылға дейін 5 млн ш. м. тұрғын үйді пайдалануға беру, ал, 2020 жылға дейін апатты жағдайдағы тұрғын үйлер мәселесін толықтай шешу. Алтыншы. Әлеуметтік сала бойынша 2020 жылға дейін балабақшалар мен мектептердегі орын тапшылығын күн тәртібінен түсіріп, қалалық денсаулық сақтау жүйесін жаңа сапалық сатыға көтеру. Жетінші. «ЭКСПО-2017»  көрмесіне қатысты барлық инфрақұрылымдық жобаларды, оның ішінде қуат үнемдеу және жасыл экономика жобаларын межелі мерзімінде аяқтау. Сонымен бірге Иманғали Нұрғалиұлы кешегі елді дүрліктірген девальвацияға да кәсіби түсінік беріп, Астанада азық-түлік пен жанармай бағаларының қымбаттамай, қалып ты тұруына жеткілікті жағдай жасалғанын мәлімдеді. Әдеттегідей Астана әкіміне сауал қоюшылар мен арыз айтушылар қарасы да қалың болды. Әкім әр сұраққа  жауабын көпке созбай,  бірден мәселенің мәнісін тауып, кесімін айтып, шешімін шегелеп беріп отырды. Төрт жылдан бері үй кезегінде тұрып, әлі баспанаға қолы жетпей келе жатқан Ұлы отан соғысы ардагеріне бір айдың ішінде үй берілетін болып уәде берілді. Қалабасы қойылған сұраққа байланысты күніне 12-14 сағат демалыссыз жұмыс істейтінін де айтты. - Мен мұны еңбекқорлығымды білдіру үшін айтып жатқаным жоқ, мәселелер  өте көп, оларды шешуге тура келеді, - деді ол.  Бұл  күні Иманғали Нұрғалиұлының күнделікті интернет ақпараттарына шолу жасап  отыратыны да белгілі болды. Қорыта айтқанда,  жылдық  жиында көптеген күрделі мәселелер  шешімін тауып, елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың есебіне жиналған халық сан сауалдан қайнаған  көңілдерін бір демдеп қайтты.

 Қ. ЖАРЫЛҚАСЫНҰЛЫ

Астана қаласы

www.qazaquni.kz