Астана мен Тәуелсіздік – «Мәңгілік елдің» алтын діңгегі!
2014 ж. 20 ақпан
4928
1
Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қала тұрғындарымен есеп беру кездесуінде сөйлеген сөзі
Астана мен Тәуелсіздік – «Мәңгілік елдің» алтын діңгегі!
Ең бастысы – елордамызға азаматтық жанашырлығымыз!
Ардақты астаналықтар! Қадірменді қауым! Бұрынғылар «Адамның өскені әрбір өткен жылымен, шаһардың өскені әз-халықтың сынымен бағаланады» деген екен. Бұл қаласына қарап қоғамның ырысын, баласына қарап әлеуметтің тынысын анықтайтын осы заманның ақиқаты. Өйткені, бүгінде шаһар өмірі – ең алдымен тынымсыз тіршілік пен ауызбіршіліктің көзі, береке мен баяндылықтың өзі. Сондықтан да жыл сайын халық болып мәжіліс құру – біз үшін Елбасы белгілеген тәртіптің қалпына да, ел дәстүрінің салтына сай айнымас дағдыға айналды. Сөз жоқ, 2013 жыл Елорда үшін табысы мол толайым жыл болды. Экономика өнімді, шаруашылық сенімді дамыды. Бұл турасында әлі де болса айта жатармыз. Ең маңыздысы – бұл уақыт Астананың асқақ рухын көтере түскен белесті жыл болды. Оның өзі – Елбасының биылғы Жолдауында баса айтылып, Бас қаланың «Мәңгілік елдің» тағдырындағы талассыз орнын, жоралы жолын қайта жаңғыртты. Ендігі жерде, Астана мен Тәуелсіздік – осынау ұлттық идеяның алтын діңгегі. Айнымас тірегі. Мәңгілік соғар жүрегі. Ол да болса алыс болашаққа көз тігіп, егемен елін рухы сарқылмас ұйықты жер етуді мұрат қылған Елбасының тілегі. Бұл кейбіреулер көтерген «бір мемлекеттің өмір-бақи созылған дәуірін орната салу» деген сөз емес. Ең алдымен «сол елдің таусылмайтын рухани мирасын, еркін де таза санасын, өркениеттен таласын қалдырсам» деген көреген ойдан шыққан тілек. Сонау баба түркінің жолымен «аспанда алтын күн, астында қара жер барында» туған елді тәуелсіздікті бағалап – ұзаққа шабуға, танымын ардақтап – мәңгілік қалуға шақырған нақты да өміршең Жоба. Сондықтан да Елбасы 2050 жылға дейінгі межені жеті бесжылдыққа бөліп, осынау Ұлы мұрат жолында бірігуге үндеді. Бұл ретте, әрине, ел ордасы – Астананың алатын орны бөлек, қосары мол. Олай дейтінім, осы күннің өзінде қаламызда атқарылып жатқан шаралардың қай-қайсысы да тұтас еліміздің ертеңгі атар таңын айшықтаған қарымды қадамдар. Ал енді Елордадағы әр жаңалық пен жаңаруға барлығыңыз куәсіз. Өткен жылы өзекті мәселелердің түйінін тарқатып, бірқатар шаруаның шешімін тапқан едік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Нәтиже көз алдарыңызда. Жалпы алғанда қаламыздың өткен жылғы дамуы жаман болған жоқ. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен бір жыл ішінде бірқатар оң өзгерістерге қол жеткіздік. Өнеркәсіп, жер, жол және көлік қатынасы, энергетика мен экология, әлеуметтік саясат және тұрғындардың тұрмыс деңгейін жоғарылату сияқты аса маңызды салаларда айтарлықтай алға жылжыдық. Ең бастысы қала әлеуетінің 60 пайызын қордалап отырған шағын және орта кәсіпкерліктің шаруасын түзеуге бет бұрдық. Нәтижесінде қала бойынша: - ішкі өңірлік өнім 2 трлн 700 млрд теңгені құрап, макроэкономикалық өсім 6,5 (алты бүтін оннан бес) пайызға жетті; - өнеркәсіп өнімі 263 млрд теңгені құрады; - мемлекеттік бюджетке қаламыздан 610 млрд теңге түсті; - шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың нәтижесінде, өткен жылы олардың саны 55 мыңға жетіп, 1 трлн 200 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бүгінде бұл сала 190 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Біз үшін бұл көрсеткіштердің қағазға түскен саны емес, әрбір астаналықтың әл-ауқатына тигізер сапасы маңызды; Айталық, жыл басына қарай елордалықтардың орташа жалақысы өткен жылға қарағанда 11 пайызға өсіп, 159 мың теңгені құраса, тіркелген жұмыссыздық деңгейі 5,5 (бес бүтін оннан бес) пайыз ғана. Бұдан бөлек, елордада 2013 жылы 8 балабақша, 4 мектеп, 2 емхана, 1 миллион 100 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Мұның өзін жәй ғана игілікті іс емес, тұрғындарымыздың денсаулығы мен біліміне, рухани дамуы мен мәдениетіне салынған зор салым деп білген жөн. Мұның барлығы келер жылдары жалғасын табатын үлкен жұмыстардың басы ғана. Әрине, кемшіліктер де жоқ емес. Маған қала тұрғындарын толғандырып отырған мәселелер жақсы мәлім. Оларды дер кезінде шешуге тырысудамыз. Әрине, мақсатты істің бәрін бір уақытта тындырып тастау мүмкін емес. Ол да болса өз жалғасын табатын жұмыс. Десе де, Елбасы белгілеген міндеттер, межелі уақытқа жоспарланған жұмыстар бар. Барлығы да кезең-кезеңімен орындалып келеді. Осылай өткенді өлшеп, есеп беріп отырсақ қана болашақтың бағдарын баянды қыламыз. Ең бастысы – сіз бен біздің осы қалаға деген азаматтық жанашырлығымыз. Әр жыл сайын осындай кездесулерге алтын уақыттарыңызды бөліп, арнайы келгендеріңіздің өзі Сіздердің шынайы көңілдеріңіз бен риясыз ниеттеріңізді көрсетеді. Мұның өзі – «осынау өзіміз тұратын, бала-шағамыз өсетін ортақ мекенді қалай көркейтеміз?» деген әрбіріңіздің жүректен шыққан адал да адами болмыстарыңыздың арқасы.Жас қала жалынды дамиды!
Ардақты астаналықтар! Өздеріңізбен осындай ашық-жарқын жағдайда жүздесулеріміз біздің қаланың тірлік-тынысының ажырамас бір бөлігіне айналып үлгерді. Мемлекет басшысының мұндай кездесулерді өткізіп тұру қажеттігі туралы идеясы маңызды практикалық мәнге ие болып, елорда тұрғындарының нақты мәселелерін шешуге септесіп келеді, мұның өзі мақсаттарымыз бен міндеттерімізді екшеп-елеп отыруға, сол арқылы тұтастай қаланың жүйелі өсіп-өркендеуіне берік негіз қалауға мүмкіндік береді. Осындай кездесулерге қатысқан сайын сіздердің көпшілігіңіз көкейде жүрген сауалдарыңызға жауап алып қана қоймай, қаламыздың қалай дамып келе жатқанын, оның мүмкіндіктері, стратегиясы, таланы мен әлеуеті қандай екенін білгілеріңіз келеді. Алайда, бұл жөнінде айтпас бұрын, әуелі «Өзге қала атаулыдан Астананың ерекшелігі не?» деген сұрақ қояйыншы. Біреу айтар: «Астана – жүзеге асқан армандардың қаласы» деп. Біреу ойлар: «бұл – үзілмес үміт пен шалқар шабыттың мекені» деп. Біреу толғар: «бұл – жасампаздық пен табыстың ордасы» деп. Ал, енді бәз біреу оның болашаққа бой созған алғырлығын атап көрсетер. Сол айтылған уәждердің барлығы да елордамызды айнытпай дәл сипаттайтыны сөзсіз. Әйтсе де, осынау құндылықтардың басын құрап, болмысын тұтастыратын басты нәрсе бар, ол – жастық шақ. Біріншіден, біздің қала небәрі 15 жаста және оның тұрғындарының орташа жас шамасы 30 жаста. Екіншіден, күн сайын Астанада – 40-50, ал жылына 20 мың сәби дүниеге келеді. Үшіншіден, елордада 110 мың мектеп жасына дейінгі бала тәрбиеленіп, 95 мың бала қала мектептеріне барып жүр. Төртіншіден, Астанада 85 мыңнан аса студент білім алып, 140 мыңнан аса 29 жасқа жетпеген жастар жұмыс істейді. Осылайша, қазірдің өзінде 14 пен 29 жас аралығындағы Астана жастары қала тұрғындарының 30 %-дан аса бөлігін құрап отыр. Ал, болжам деректері бойынша олардың саны 2020 жылға таман 350 мың адамнан аспақшы. Дей тұрғанмен, қала құрылымы оның тұрғындарының жас шамасымен ғана өлшенбейді. Ол, ең алдымен, әр адамға әсер етіп, күллі қала тұрғындарын өзінің сарқылмас күш-қуатымен нәрлендіретін жастық шақтың көңіл ауаны, тегеурінді рух құдіреті арқылы да бағаланады. Шын мәнінде, жас қала дегеніміз – тұрғындары сол шаһар нәзік те бауырмал «жанымен», әрідегі әсерлі иірімімен көз шалынбас байланыс орнатып, сол арқылы даму үрдісіне дамылсыз ырғақ дарытатын тіршілік ету кеңістігі. Мысалы, әбден қалыптасып, қабырғасы қатып, шау тартқан шаһарларға қарағанда жаскелең қаланың даму қарқыны бір жылдың ішінде көп нәрсені көріп-білуге, талайды бастан өткеріп, біразға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Әсіресе, бұл Астанада айқын көрінеді, өйткені шырпы шылымдай уақыт ішінде сәулеттік кескіні зүбәржаттай құбылып, ғаламат ғимараттар бой көтергеніне, өз өміріміз алға асып, ағындап бара жатқан бүтін бой көшелердің салынып біткеніне баршамыз тәнті болып, тамсанумен келеміз ғой. Сонымен қатар, тұрғындардың күнделікті мұң-мұқтажы мен талап-тілектеріне орай қаланы дамытудың басым бағыттары да ауысып жатады. Басқаша айтқанда, қаланың буырқанған бұла қуат-күшінің өзі «жазылмаған экономикалық һәм әлеуметтік қағидаларды» алға тартады. Міне, нақ осы жәйттер қала дамуының жалпы сұлбасын белгілейтін күн сайынғы ақиқи міндеттер аясын айқындап береді. Солардың арасында айырықша уақиғалар ауқымы шоқталып тұрады, елорда ертеңі үшін олардың саяси, әлеуметтік-экономикалық, инфрақұрылымдық және инновациялық мән-мағынасы өте зор екенін айтуға тиіспіз.Жылдың сегіз серпінді жетістігі
2013 жылы Астана өзінің 15 жылдығын атап өтті. Бұл баршамыз үшін маңызды уақыт белесі болып, Мемлекет басшысының астананы ауыстырып, қалыптастыру туралы тарихи шешімі елімізге сахитек серпін беріп, дамудың жаңа деңгейіне көтергенін жете түсінуге жетеледі. Біз енді 15 жыл бойы жаңа астананы салуға жұмсалған инвестиция бұл күндері еселі экономикалық пайдаға кенелтіп, қаламызды кемел деңгейге алып келді деп нық сеніммен айта аламыз. Ең бастысы, бүгінгі Астана – жасампаз іске жігерін жаныған ұлттың рухани тірегі, сондай-ақ, халықаралық бастамаларды қанаттандырудың күллі әлем мойындаған орталығы. Ел Президентінің күш-жігерінің арқасында елордамызда ЕЫҚҰ саммиті мен Азиада өткізіліп, еліміздің абырой-беделін асқақтатқан алкеуде күндерді еске алсақ та жеткілікті болар, ал Астана экономикалық форумы жаһандық экономиканың зәру мәселелерін талқылап, тиянақты шешім қабылдау үшін алтыншы рет бүкіл әлемге белгілі ғалымдар мен сарапшылардың басын қосты. Осынау уақиғалардың бәрі қаланы ірі инвестициялар тартуға арналған алаңға айналдырды. Осылардың барлығы дүние жүзілік «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу орны үшін күресте жеңіп шығуымызға заңды негіз қалады. Аталған жетістіктерге бүкіл астаналықтардың күн сайынғы жемісті еңбегінің арқасында жеткеніміз даусыз. Осы тұрғыдан алғанда, өткен 2013 жыл Астана үшін баға жетпес тағлымды кез болды. Бірінші. 2013 жылы Астананың өнеркәсіптік қарымы «Индустриялық парк» аумағындағы Мемлекет басшысы ашқан сегіз жаңа өндіріс орнымен молықты. Соның арқасында қаланың өнеркәсіп өндірісінің көлемі соңғы үш жыл ішінде екі еседен артты. Екінші. Өткен жылы апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді сүріп тастау жөнінде бағдарлама қабылдап, біз тұңғыш рет нарықтық негізде қаражатты мемлекеттік бюджетке толықтай қайтару шарты бар жобаны бастадық. Он бір апатты жағдайдағы үй тұрғындары жайлы жаңа пәтерлерге кіріп, 139 отбасы қоныстойларын атап өтті. Үшінші. 2013 жылы үш ірі тұрғын алап – «Күйгенжар», «Қазақауыл» және «Пригородный» мекеніндегі жұмыстар толықтай аяқталып, «Қала шетін дамыту бағдарламасы» көрінеу нәтижелерін бере бастады. 2020 жылға дейін осы сала бойынша іс жүзінде қалаға қосылған кенттердің барлығы абаттандырылады. Төртінші. Өткен жылы біз қаланың тіршілік әрекетін кешенді қамтамасыз ету жүйесінің (ТКҚЖ) қауіпсіздігі аясында аса ауқымды жобаны жүзеге асыруға кірістік. Енді, Астана қауіпсіздіктің жоғары технологиялық, ақпараттық, инфрақұрылымдық жүйесі қалыптасқан әлемдік үздік қалалар қатарына кіреді. Бесінші, 2013 жылы елорда экологиясын сақтауға мұғдарлы әлеуметтік мәні зор жоба – барлық автобус паркін газ жабдығына жоспарлы түрде көшіру басталды. Алтыншы. Өткен жылы қала үшін өте маңызды нысан – Есіл өзені арқылы өтетін жаңа көпір пайдалануға беріліп, Батыс жартылай айналма жол салу жобасы тәмамдалды да, Сарыарқа және Тұран даңғылдарындағы көлік ағыны тәулігіне 30 мың автомобильге дейін азайды. Жетінші. 2013 жылы қала тұрғындары мен қонақтарының ең сүйікті орны – «Нұржол» сулы-нулы бульварын қайта жөндеу бойынша ауқымды архитектуралық жоба жүзеге асырыла бастады. Ол осы жылы аяқталып, елордаға ерекше бітім мен көрік бермекші. Сегізінші. Өткен жылы 408 аула аумағын жөндеп, абаттандырдық. Біз төрт жыл бұрын қабылданған бағдарлама аса қажет, мейлінше тиімді екенін білеміз, алдағы уақытта да жұмысты жалғастыра береміз. Өткен жылдың осынау уақиғалары мен қаланы салу, абаттандыру, мәдени және рухани орта қалыптастыру жөніндегі бірлесе атқарған жұмыстарымыздың барлығы мемлекеттің қаз басып, қалыптасу кезеңінде Президент көрегенділікпен межелеген қаланың табысты дамыту қарқынын, бүгінде Астананың жеткен деңгейін шынайы сезіне білуге мүмкіндік береді. Ал, енді Мемлекет басшысы ел алдына жаңа жаһандық міндеттер қойып отырған осы шақтың өтеуінде оның рөлі бұрынғыдан маңыздырақ бола түседі. Яғни, Елбасының «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында діттелген «Мәңгілік ел» ұлттық аңсарының жеті құндылығының бірі – Астана. 2013 жыл осынау күрделі міндетті орындау жолына берік негіз салды. Сонымен: – жалпы өңірлік өнім 2 трлн 700 млрд теңгені құрады; – макроэкономикалық өсім 6,5%-ға жетті; – қаланың өнеркәсіптік кәсіпорындары 263 млрд теңгеден асатын сомаға өнім шығарып, қызмет түрлерін көрсетті; – экономиканың нақты секторында 18 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылды; – орташа айлық кесімді еңбекақы 159 мың теңгеге жетті; – жұмыссыздық деңгейі 5,5,%-ға кеміді. Келтірілген сандық мәліметтер есепті кезең ішіндегі қала экономикасының нақты жай-ахуалын бейнелейді. Алайда, менің ойымша, оның даму қарқынына талдау жасау әлдеқайда қызықтырақ болар еді. Сонымен, Астананы өзін-өзі қамтамасыз ете алатын кемелдік деңгейіне көтеру жөніндегі Мемлекет басшысы берген тапсырма орындалды. Бұған қала экономикасындағы елеулі жүйелік өзгерістер дәлел бола алады. Енді, солардың ең негізгілеріне тоқтала кетейін. Біріншіден, түсімдердің жалпы құрылымында өзіндік табыстардың едәуір өскені байқалады. Егер 2008 жылы олар 25 %-ды құраса, 2013 жылы 45%-ға дейін өскен. Сонымен бірге, трансферттер мен кредиттердің үлесі кеми түскен. Екіншіден, тұрақты түрде мемлекеттік бюджетке түсетін кіріс мөлшері орташа есеппен жылына 20%-ға ұлғайған. 2008 жылмен салыстырғанда түсімдер 2 еседей артып, 2013 жылы 610 млрд теңгеден асқан. Үшіншіден, инвестициялардың жалпы көлеміндегі мемлекет қаржысының үлесі төмендеген. Егер 1998 жылы 62%-ы бюджеттің үлесіне тисе, 2013 жылы ол 38%-ға кеміген. Керісінше, жеке инвесторлардың үлесі 1998 жылғы 38%-дан 65%-ға ұлғайған. Соның нәтижесінде, енді 2015 жылдан бастап республикалық бюджетке – 7,5 млрд теңге, 2016 жылы 17,3 млрд теңге қаржы қаражатын алу басталады. Яғни, Астана республикалық бюджетке донор болатын төрт өңір қатарына қосылады. Тура 15 жыл бұрын, Астананың экономикалық қауқарлылығын айтпағанның өзінде, ел ордасын көшіру идеясының баянды боларына Мемлекет басшысынан басқа ешкім сене қойған жоқ. Жұрттың көбі қаржы текке жұмсалуда деп пайымдады. Ал, бүгін қайырымға келмейтін соншалықты қысқа уақыт ішінде қаланың экономикалық жетістікке жетуінің өзі керітартар күмәншілдердің бәріне иланымды жауап болды. Нақ осы кезеңдегі Астананың дамуы Елбасының стратегиялық сұңғылалығы мен алуан қырлы экономикалық үдерістерді алдын ала көре білетіндігін дәлелдеп берді. Сондықтан, елорда әкімдігі Мемлекет басшысы айқындап берген ұзақ мерзімді перспективалар мен басым бағыттарды басшылыққа ала отырып, келелі міндеттерді жүзеге асыра береді. Астана – байтақ дәулетіміздің бағаналы ордасы және өз мәртебесіне сай елдің саяси орталығы болып табылатындықтан, онда алып өнеркәсіп ошақтары салынбайды. Сондықтан, елорда экономикасының жетек күші екі құрамдас бөлік: шағын және орта бизнесті дамыту мен инновациялық индустрияландыру болуға тиіс. Кәсіпкерлік туралы сөз болған кезде біз қаланың жай экономикалық активінен де өнімділеу нәрсені ойға тұтамыз. Шын мәнісінде шағын және орта бизнес орта таптың дамуына жол ашады. Ал енді, орта тап дегеніміз не? Бұған, бәрінен бұрын, тұрақты тұрмыс-салты, оған белгілі бір меншікті иелену, өз шаруасын жүргізу қыбы, тұрақты жұмыс пен баянды табыс қамы негіз қалайды. Ел Президентінің нақ осы орта тапқа стратегиялық мән беріп, мемлекеттің тірегіне балауы әсте тегін емес. Бұл бүгінгі таңда ЖӨӨ құрылымында қызмет көрсету жүйесінің үлесі 60%-дан асатын Астана үшін өте көкейкесті мәселе саналады. Бұл – 190 мың адам немесе қаланың еңбекке қабілетті барша тұрғынының бестен екісі, 55 мың белсенді кәсіпкерлік субъектісі деген сөз. Бүгіндері қала бюджетіне құйылатын салық түсімдерінің 67%-ы ШОБ субъектілерінің үлесіне тиесілі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша олар шығарған өнімдердің көлемі 1 триллион 200 миллиард теңгеге жетті. Енді 2017 жылға таман біздегі шағын және орта бизнес субъектілерінің санын 60 мыңға дейін жеткізуге барлық мүмкіндік бар. Сондықтан, біз алдымызға соны міндет қойып, 2020 жылға таман қаланың ЖӨӨ құрылымындағы қызмет көрсету жүйесінің үлесін 80 пайызға дейін арттыруды көздейміз. Сөз жоқ, бір қарағанда қаладағы көрсетілетін қызмет түрлері көңіл көншітетін тәрізді. Бірақ, елорда қарыштай өсіп келеді, шын мәнінде, қызмет көрсету саласы осы үдеріске ілесе алмай, іркіліске ұшырауда. Бұл, әсіресе, қала шетіндегі тұрғын алаптарда айқын аңғарылады. Мысалға, қандай да бір қызмет игілігін пайдалану үшін осы мекендердің тұрғындары елорданың орталығына қарай сабылуға мәжбүр. Демек, біз үшін шағын және орта бизнестің әртараптанып, қазіргі «қарға адым жерден қол жеткізу» қағидасына сай жұмыс істеп, желілері мен бөлімшелерін көбейте түскені маңызды. Сондықтан, мемлекет бизнес бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, кәсіпкерлерді несиелендіреді. Тек 2013 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» атты мемлекеттік бағдарлама бойынша қаланың 6 мыңнан аса кәсіпкері нақты жәрдем алды. Сауда үшін өркениетті жағдай жасау жөніндегі шараларды айрықша айтқым келеді. Әңгіме «базар саудасы» деп аталатын қазіргі жүйені біртіндеп сауда-логистика кешендерінің заманауи түрлеріне көшіру жайында өрбіп отыр. Яғни, қазіргі базарларды келешекте осындай кешендер алмастырады. Сондықтан, биыл біз Астанада құрылыс гипермаркетін, қоймалары бар көп бейінді логистикалық орталық пен азық-түлік базарын қамтитын кешен жобасын қолға алдық. Бұл нысан 2017 жылға дейін толық салынып бітеді. Шағын және орта бизнес туралы айта келе, оған қолдау көрсету жайын айналып өтуге болмайды. Біріншіден, бизнестің әлдебір түріне орай ғимаратты жобалап, қайта жабдықтау үшін рұқсат беру мерзімін екі аптаға дейін қысқарттық. Екіншіден, бизнес-жобаларды жүзеге асыруға арналған жер телімдерін бөлуге байланысты рұқсатнамалар жиынтығын азайттық. Үшіншіден, кері байланыс орнату үшін елорда әкімдігі кәсіпкерлік субъектілері мен тікелей қарым-қатынас жасауды жолға қойды. Бұл бірлескен жұмысты өткен жылы құрылған Астана қаласының Өңірлік кәсіпкерлік палатасы жүргізеді. Соның нәтижесінде жоғарыда аталған әкімшілік кедергілерді кеміту мәселесі қойылды. Шағын және орта бизнес жайын жалғастыра отырып, қаланың азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін айтқым келеді. Оны іске асыруға қатысты бөлік құрылымдағы негізгі орындардың бірі саналады, әрі ең маңыздысы – даңғайыр әлеуметтік мән иеленеді. Өйткені, нақ осы азық-түлік шығыны отбасылық бюджеттің негізгі бөлігін құрайды, ал экономикалық санатта ол инфляциялық үдерістердің басты себепкері саналады. Осы орайда кез келген ірі қала сияқты Астананың да екі міндеті бар, олар: – импортқа тәуелділікті төмендету; – азық-түлік тауарларына тұрғын халықтың қол жетімділігін қамтамасыз ету. Олардың оңтайлы шешімін табу үшін қала өкіметі азық-түлік белдемінің тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасап, тамақ өнімдерін өндіру мен сақтау қуаттылығын арттыруға арналған шаралар қолданады. Азық-түлік қорын қалыптастыру жөніндегі шаралар соңғы екі жыл ішінде жақсы нәтижелерге жеткізді. Жақын аудандардан өнім жеткеру көлемі екі есеге артып, 17-ден 35 пайызға жетті. Біздің стратегиялық міндетіміз – ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткеруді 2016 жылға таман 60 пайызға дейін жеткізу. Келесі маңызды міндет қала ішінде көкөніс қоймасы мен жылыжайлар желісін дамыту болып табылады, бұл маусымаралық кезеңде баға тұрақтылығын сақтап қалады. Көкөніс сақтау үшін қалаға 60 мың тонна сыятын қойма қажет. Өткен жылы үш нысан салу арқылы біз бұл көрсеткіш деңгейін 22 мың тоннаға жеткіздік. Биыл жалпы қуаттылығы 12 мың тонна екі көкөніс қоймасын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Қаланың нақты қажеттілігі 2015 жылы жалпы сыйымдылығы 28 мың тонна болатын тағы да 4 көкөніс қоймасы тапсырылған кезде толықтай өтеледі. Жылыжайлар жөнінде айтар болсақ, маусым аралығындағы оның өнімдеріне қала сұранысы 8000 тоннаны құрайды. Қазіргі таңда қуаттылығы жылына 2500 тонна өнім өсіруге жететін 2 жылыжай жұмыс істеп тұр, қуаттылығы жылына 3650 тонна өнім өсіруге жететін 1 жылыжай салынуда. Жалпы қуаттылығы 5200 тонна 3 жылыжай жобалануда, олар 2015 жылы пайдалануға беріліп, соның нәтижесінде қала жылыжай өнімдерінің қажетті мөлшерімен қамтамасыз етілетін болады.Нақты шаралар азық-түлік бағалары арқылы қалыптасатын инфляцияны ауыздықтауға елеулі түрде жәрдемдеседі. Оның үстіне, соңғы жылдары қолға алған шаралар тіні осы көрсеткішті едәуір төмендетуге мүмкіндік берді. Егер 2012 жылы оның деңгейі 107,3 пайыз болса, 2013 жылдың қорытындысы бойынша ол 102,7 пайыз деңгейіне келіп тоқтады
Құрметті елорда тұрғындары!
Инновациялық индустрияландыру дегеніміз – қала үшін аса маңызды бағыттардың бірі. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін Астанада Индустриялық парк құрылып, онда инвесторлардың толыққанды жұмыс істеуіне қажетті техникалық жағдайдың барлығы жасалды. Бүгінгі таңда Индустриялық парк аумағында инвестицияларының жалпы көлемі 181 млрд теңге болатын 49 жоба мәлімделді, олар Парктің қаделі алаңының 90%-ын алып жатыр. 19 жоба жемісті жұмыс істеп, 30-ы іске асырылу деңгейінде. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар қызметінің нәтижесінде соңғы үш жылда 120 млрд теңгеден асатын өнімдер шығарылып, қызмет түрлері көрсетіліп, сол арқылы жалпы қалалық өндірісіндегі 45 %-дық үлесті иеленді. Сөйтіп, 2010 жылы қаланың өнеркәсіп өндірісінің көлемі 111 млрд теңгені құраса, Индустриялық парк нысандарын іске қосуға байланысты бұл көрсеткіш екі есе өсіп, өткен жылы 263 млрд теңгеге жетті. Сонымен бірге, Индустриялық парк кәсіпорындарының қызметінен түсетін салық кірістерінің көлемі 23 млрд теңгеден асып, өзінің инженерлік құрылымын жасауға кеткен шығынды толықтай жауып қана қоймай, қала экономикасына 5 млрд теңге қосымша инвестиция алып келді. Тұтастай алғанда, Индустриялық парктің барлық мәлімделген жобаларының өндірісін 2016 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарлануда. Сол арқылы елорда нақты көрсеткіштері бар елеулі әлеуметтік-экономикалық тиімділікке қол жеткізеді. Сонымен, 2017 жылға таман: – Индустриялық парк кәсіпорындары шығарған өнімдердің көлемі жыл сайын 250 млрд теңгеге жетеді; – 8 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады; – мемлекеттік қазынаға құйылатын салық түсімдері төрт есе ұлғайып, 70 млрд теңгенің шамасына жетеді; – өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердегі қазақстандық үлес 70 %-ды құрайды. Биылдың өзінде-ақ №2 Индустриялық парктің ТЭН-ін жасау аяқталып, 443 га алаңқайында 30 жаңа кәсіпорын құрылады, олар инновациялық, ғылыми қамтымдылық өлшемдеріне сәйкес келіп, 10-15 жылдан кейін де өзінің экономикалық тиімділігін сақтауға тиіс.Баспана – басты назарда
Ардақты астаналықтар!
Астана сияқты жас қала үшін құрылыс факторы стратегиялық басым бағыт болып табылады, бұл салада бізде әжептәуір жоғары қарқын сақталып отыр. Елорданың қалыптасу жылдарының ұзын-ырғасында мұнда 12 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Жалпы алғанда тек көп пәтерлі үйлерден жеке тұрғын үй құрылысын есептемегенде, 110 мың отбасы немесе 370 мың адам меншікті баспана алды. Бұл соңғы 15 жыл ішінде тұрғындарға арналған жайлы тұрмыс кеңістігінің деңгейін әр адамға шаққанда 15-тен 25 шаршы метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Жыл сайын біз бір миллион шаршы метрден аса тұрғын үйді пайдалануға береміз, ал 2013 жылдың қорытындысы бойынша 1 млн 100 мың шаршы метрден асатын тұрғын жай іске қосылды. Қазіргі кезеңде қаладағы тұрғын үй құрылысы екі мемлекеттік бағдарлама бойынша жүзеге асырылуда. Олар – «Қолжетімді баспана – 2020» атты жаңа бағдарлама мен 2008-2010 жылдарға арналған тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі бұрын қабылданған бағдарлама. Енді, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасына тоқталайық. 2013 жылы «Тұрғын үйқұрылысжинақбанкінің» желісі бойынша жалпы алаңы 25,5 мың шаршы метр 477 пәтерлік 3 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталады. Қазіргі кезде осы бағдарлама аясында жалпы алаңы 168 мың шаршы метр 4180 пәтерлік 11 тұрғын үй салынып жатыр. Ағымдағы жылы олардың арасынан 2258 пәтерлік 8 тұрғын кешенін пайдалануға беру жоспарланған. 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру жайына келейік. Қазір жалпы алаңы 261,5 мың шаршы метр 5674 пәтердің құрылысы аяқталды. Жалпы алаңы 152 мың шаршы метр 2384 пәтер бітпей тұр. Оларды биыл пайдалануға беріп, атқарылған жұмыс ретінде аталған бағдарламаны жаба аламыз. Алайда, орындалу мерзімі неге кешіктірілді? Оған әр шаршы метрді салуға төмен баға белгіленгені себеп болды, ол дағдарысқа байланысты қымбаттап кетіп, құрылысқа қолбайлау жасады. Ол әр шаршы метр үшін шамамен 370 АҚШ долларын құрады, ал оның нарықтағы нақты өзіндік құны 800 АҚШ доллары шамасында еді. Соған сәйкес, қосымша қаражат іздеуге мәжбүр болдық, бұл құрылыс мерзіміне кесірін тигізді. Әйтсе де, тағы қайталап айтамын, Мемлекеттік бағдарламалар бойынша нысандар биыл салынып бітеді. Сонымен қатар, елорданың тұрғын үй қорын жаңарту адамдарға қатер төндіріп тұрған ескі үй-жайларды сүріп тастау жұмыстарымен қоса-қабат жүргізілуге тиіс. Баяндамамның басында мен Ескі және апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзу бағдарламасының маңыздылығы мен ауқымдылығына бекер тоқталған жоқпын. Өйткені, мұндай жоба нарықтық негізде республикалық бюджетке толықтай қайтару шартымен елімізде тұңғыш рет жүзеге асырылып отыр. 2013 жылы, ілкі де айтқанымдай, 4 тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Ал, 2014 жылы тағы 4 тұрғын кешенді пайдалануға беріп, оларға 31 апатты жағдайдағы үй тұрғындарын орналастыру жоспарланып отыр. 2016 жылға дейін 3 мың отбасы осылайша қоныс аударады. Аталған бағдарлама аясында 2017 жылға дейін 228 апатты жағдайдағы үй сүріліп, тұрғындары жаңа үйлерге жайғастырылады. Көріп отырғанымыздай, қала қарқынды өсіп бара жатқан жағдайда құрылыс секторы, коммерциялық пайдасын былай қойғанда, даңғайыр әлеуметтік қызмет жүгін арқалайды. Бұл, ең алдымен, білім беру және денсаулық сақтау нысандарын салу барысында аса мәнді көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда, 2013 жыл толайым нәтижелерге толы болды. Әңгімені мектепке дейінгі білім беру саласынан бастайын. Бұл бағытта Президент 2020 жылға дейін елорданы балалар мекемелерімен 100% қамтамасыз етуді тапсырды. Осыған орай, біздің барлық күш-жігеріміз іс-әрекеттердің тиянақты алгоритміне жұмылдырылып, жаңа нысандар салу арқылы да, сондай-ақ жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс беру жолымен де орын тапшылығын біртіндеп кемітуге бағытталып отыр. Мәселен, 2013 жылы 1880 орындық 8 балабақша құрылысы аяқталды. Биыл тағы 15 мектепке дейінгі тәрбие мекемесі іске қосылады. 2020 жылға дейін 100-ге тарта балабақша салу жоспарлануда. Әлеуметтік тапсырысты жалғастыру жайын ескерер болсақ, мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен балаларды толық қамтамасыз ету жөніндегі ел Президенті алға қойған міндетті орындап шығуға осының өзі жеткілікті. Орын тапшылығы 23 мыңға жетіп жығылатын мектептердің жағдайына келер болсақ, бұл да үш ауысымда оқытуды жою туралы Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларына байланысты шешімін табады. Қаладағы үш ауысымдық оқыту жаңа құбылыс екенін айтайын. Екі жыл бұрын мұндай болған емес. Бірақ, өкінішке қарай, 2012 жылдары басталған қарқынды миграция салдарынан жыл сайын Астанаға мектеп жасындағы 5 мың бала келетіндіктен, 5 қалалық мектеп үш ауысым тәртібімен оқытуға мәжбүр болып отыр. Президент алға қойған тапсырманы орындау үшін 2013 жылы 4 орта мектеп пайдалануға берілді, ал ағымдағы жылы 9 мектепті тапсыру жоспарлануда. Бірақ, бұл ретте де қаладағы бір мектеп үш ауысымдық режимде қала береді. Аталмыш мәселе 2015 жылы 9 мектепті пайдалануға бергеннен кейін түбегейлі шешілмек. Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында біз бар күш-жігерімізді емханалар жүктемесін азайтуға жұмсадық. 2012-2013 жылдары екі аурухана мен екі емхана пайдалануға берілді. 2014 жылдың екінші жартысында Сол жағалаудағы 500 орындық амбулаториялық-емханалық кешен пен Ильинка кентіндегі және Досмұхамедов көшесіндегі емханалар пайдалануға берілгеннен кейін елордалық емханалар тізбегі нормативті режимде жұмыс істейтін болады. Бұған қоса, қала үшін қажетті мамандандырылған денсаулық сақтау мекемелері салынуда. Бұлар: – 250 орындық, 150 келгіншіге арналған емханасы бар Медициналық-әлеуметтік оңалту орталығы, 2015 жылы пайдалануға беріледі; – 250 орындық Балалардың инфекциялық ауруханасы биыл тапсырылады; – 500 орындық туберкулезге қарсы диспансер, оны 2016 жылы іске қосу жоспарланған. Осылардың барлығы бізге емдеудің жаңа әдістерін енгізу, балалар медицинасын жетілдіру, жоғары білікті кадрлар даярлап, жұмысқа тарту мәселелерін қарастыратын денсаулық сақтау саласындағы кешенді қалалық бағдарламаны сапалы жүзеге асыру мүмкіндігін туғызады. Өткен аптада қала әкімдігі мен француздардың әйгілі Густаво Руссо атындағы Онкология институтымен Стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы қаделі қадамдардың бірі болды.Белес асар бес белдеу
Қадірлі елордалықтар! Астана құрылысы тақырыбын қозғағанда көпшілікті елордамызды салудың келешегі қызықтыратыны белгілі. Мемлекет басшысы бекіткен қаланы дамытудың Бас жоспары бойынша бізде бес маңызды бағыт бар. Біріншісі – «Қазақ елі» алаңы маңындағы Тәуелсіздік сарайының артқы жағында орналасқан «Мыңжылдықтар» аллеясы. Мұндағы игерілетін аумақтың жалпы ауданы 360 га-ны құрайды, мұнда жұмыс істеуге ынталы 63 құрылыс ұйымы анықталды. Қазіргі кезде 21 телімде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, ал 33 телім жобалау сатысында тұр. Тұтастай алғанда, 2020 жылға дейін мұнда 25 тұрғын кешенді пайдалануға беру жоспарлануда. Екіншісі – Орынбор көшесінің бойында, «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы маңында. Келешекте осы аумақта елорданың ең көрікті ауданы бой көтереді. Қазіргі шақта құрылыс алаңы 567 га-ны құрайды, оған 135 құрылыс ұйымы белгіленген. 61 телімде белсенді құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Тағы 59 телім жобалау сатысында. Үшіншісі – Тұран даңғылының бойында. Бұл, өздеріңіз білесіздер, қаланың ең басты күре жолдарының бірі, болашақта оның төңірегіне ірі нысандар тұрғызылады. Аумақтың жалпы ауданы 566 га-ны құрайды, оны игеруге 77 құрылыс ұйымы дайын отыр. Бүгіннің өзінде 26 телімде құрылыс жұмыстары жүргізіліп, тағы 51 телім жобалануда. 2016 жылға дейін мұнда 8 тұрғын үй кешенін тұрғызу жоспарланған. Ірі құрылыс жобаларының арасынан мүлдем жаңа, Мемлекет басшысы бастамашы болған жобаны – «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында жүзеге асырылатын «Жасыл орамды» бөле-жара айтқым келеді. Бұл жоба энергия үнемдеу технологияларын қолданатын жәй ғана құрылыс нысаны емес, ең алдымен, ол әлеуметтік байланыстардың, оның тұрғындарына тән сәйкестіктің, өздері тұратын мекеннің ерекше қасиетін түйсініп, өздерін соған ұқсатудың кеңістігі болмақшы. Осылардың барлығы ғимараттар мен тұрғын кешендер салу өрісі қаланың бүкіл аумағын қамтитын Астана құрылысын жүргізудің ауқымдылығын тағы да айқын көрсетіп отыр. Сөйте тұра, кез келген қала ендігі тәрізді Астананың да өз даму қисыны бар. Егер қалыптасу кезеңінің басында әкімшілік ғимараттарды, тұрғын кешендерді, кеңселер мен сауда орындарын салу мәселесі көлденең тартылса, енді инфрақұрылымды дамытуға байланысты тақырып алға озды. Инженерлік желілердің тұтас кешенін, көлік жүйесін салудан бастап қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы тұрмыстық ортаны қалыптастыруға дейінгі мәселелердің маңызы арта түсті. Қаланың одан әрі тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін энергия ресурстарының стратегиялық қорын жасақтау ісі басты мұрат саналады. Бұл – жұмыс істеп тұрған «ЖЭО-1», «ЖЭО-2» қазандықтарын жаңғырту, сондай-ақ жаңа энергия көзі – «ЖЭО-3» нысанын салу ісі. Оларды жүзеге асыру жоспарлары туралы сіздерге бірнеше рет хабарладық. Бүгінгі таңда осы жобалар бойынша атқарылар жұмыстардың барлығы кестеге сәйкес жүргізілуде. Оларды іске асыру нәтижесінде қала жылумен және электр энергиясымен сенімді түрде қамтамасыз етіледі. Энергетика саласында қаланы перспективалы дамыту аудандарындағы тұтынушыларға жылу мен энергия ресурстарын жеткізуді қамтамасыз ету үшін магистралды желілерді қарқынды салу және қайта жөндеу ісіне мән беріледі. Мен осыған егжей-тегжейлі тоқталмақшымын. Бірінші. Қаланы жылумен үздіксіз қамту ету үшін 2013-2014 жылдары жалпы ұзындығы 18 км-дей магистралдық жылу желілері қайта жөнделеді, бұл: –желілердің өткізу қабілетін 859-дан 1788 Гкал-ға дейін ұлғайтуға; –желілердің тозғыштығын 15%-ға кемітуге; –жерүстіне тартылған желілерді жерастына төсеу арқылы қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға; –орталықтандырылған жылумен жабдықтау желісіне жаңа тұтынушылар қосуды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қалада жұмыс істеп тұрған ТМ-7, ТМ-2, ТМ-18 магистралды жылу желілері қайта жөнделеді. 2015 жылы ұзындығы 21,5 км-ге жететін 5-тармақтың жылу магистралын салуға кірісеміз, ол қаланың солтүстік-батыс, оңтүстік-батыс аудандарын, сондай-ақ «ЕХРО-2017»-нің құрылыс алаңдарын жылытады. 2017 жылға таман қалада барлығы 80 км магистралды желілер салынады. Екіншісі – электр энергиясына қатысты. Қалада ВЛ-220 кВ шеңбері электр энергиясын берудің тұрақты сызбасы бойынша іске қосылып, мүлтіксіз жұмыс істеп тұр. Қысқы кезеңде, ол жалпы жүктеме 560 МВт-қа жеткен кезде қалаға қосымша 120 МВт электр қуатын жеткізуге мүмкіндік береді. 2014 жылы «Шеңбердің» 2-ші соңғы бөлігі пайдалануға беріледі, соның аясында 220/100кВ «Шығыс» шағын стансасы мен «ЖЭО-2»-ге қосылған 20 км-дегі электр желісі салынды. Тасымалданатын электр қуатының тұрақтылығын одан әрі қамтамасыз ету үшін 2016 жылға дейін қаладағы ұзындығы 75 км әуелік және кабельдік желілер ауыстырылады. Энергетика қуаттылығын арттыру – қаланың энергия ресурстарын тұтынушының тұрақты өсуі тұрғысынан қарағанда өзін-өзі ақтаған әрі стратегиялық жағынан маңызды қадам. Бірақ, бұл – жалаңқат мақсат емес. Ол: – энергетикалық жүйеге менеджменттің жаңа ұстындарын енгізуді; – жыл сайын 1500 тоннадан аса шартты отын тұтынатын кәсіпорындардың мемлекеттік энергетикалық тізбесін түзуді; – жылу қуатын есептеу құралдарын, жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйесін жаппай енгізуді қамтиды. 2013 жылы қаладағы барлық әлеуметтік нысандар есептегіш құралдармен 100%-ға жабдықталғанын атап өтуге тиіспін. Тұрғын үй қорында ортақ жылу есептеу құралдары 1154 үйге орнатылды. Бұл тұрғын үй нысандары жалпы санының 75 % құрайды. 2014 жылдың соңына дейін қаланың бүкіл тұрғын үй қоры жылуды есептеу жүйесіне көшіріледі. Соның арқасында жылу энергиясын 1,6 есе үнемдеуге мүмкіндік туады. Ақшаға шаққанда жылытылған әрбір шаршы метр үшін 35 теңге төленеді. Энергетикаға байланысты әңгімені түйіндей отырып, тағы бір ірі жоба – Талдыкөл ақаба су тоспасын жою жөніндегі жұмыстарға тоқтала кеткім келеді. Негізінен, аталмыш мәселе бойынша атқарылатын шаруалар 2011-2016 жылдар аралығына есептелген. Аз ғана уақытта, 2011-ден 2013-ке дейінгі үш жылда 21 миллиард теңге игерілді. Қазіргі таңда сарқынды суды биологиялық тазарту жүйесін қайта жөндеу, жайылманың жағасын бекіту, нәжістік қалдықтардың төгілу нүктесін ретке келтіру жұмыстары жүргізілді. Биылдан бастап қаланың ақаба суларының Талдыкөлге құйылуы тоқтатылады. Тәулігіне 150 мың текше метр лас су арнайы өңдеуден өткеннен кейін тазарып, сапасы техникалық судың деңгейінен жеткізіледі де тікелей Есіл өзеніне жіберіледі. Талдыкөлдің аясын тарылтумен қатар үстіміздегі жылдың маусымынан су түбі шөгінділерін зарарсыздандыру және құрғатылған аумақтың топырақ құнарлылығын қалпына келтіру жұмыстары басталады. Бұл жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, 2016 жылы аяқталады. Нәтижесінде Талдыкөлдің орнында шекаралары шектеулі екі табиғи су көзі қалады. Сондай-ақ, 1400 гектар құрғатылған жер қайта қопсытылып, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес саябақ салу мақсатында игерілетін болады. Көліктік инфрақұрылым – қала шаруашылығындағы құрылыс пен энергетикадан кейінгі ірі сала. Қала қарқынды даму үстінде. Соның әсерінен барлық салалар бойынша қызу қарбаластық белгілері байқалады. Мұндай қат-қабат қиындықтар қоғамдық көлік жүйесіне соқпай кетпейтіні белгілі. Осы орайда қаламыздағы жолаушылар тасымалының тәуліктік көрсеткіші шамамен 750 мың адамды құрайтынын айтсақ та жеткілікті болар. Енді осыдан барып қоғамдық көлікті дамыту мәселесі өзінен-өзі басымдық берілетін бағыттардың біріне айналады. Ал, оның басты мақсаты – қала тұрғындарының жылдам әрі ыңғайлы жүріп-тұруын қамтамасыз ету. Адамдар үшін бұл тақырыптың қаншалықты актуальды екендігін ескере отырып, мына бір жайды айтып өтейін. Бәсекелестік бәйгесі қоғамдық көлік жүйесіндегі қызмет көрсету сапасын көтеруге тиіс еді. Бірақ, іс жүзінде бұрынғы экономикалық жағдайда қалыптасқан жүйе едәуір бұзылған болып шықты. Автокөлік бағыттары жөн-жосықсыз бөлініп, бекітілген қозғалыс кестесін ешкім сақтамайды, жолаушылар қауіпсіздігі үшін жүргізушілер жауап бермейді. Соның салдарынан автобустар аламаны, кондукторлар дөрекілігі, ең соңында жолаушыларды орта жолда түсіріп кету секілді келеңсіздіктер белең алады. Мұның бәрі қолайсыздықтар тудыратынын былай қойғанда, қарапайым қала тұрғындарының қалтасын қағуға әкеліп соғатынын қайтерсің. Қоғамдық көлік проблемасы тым шетін болғандықтан, оны жүйелі түрде шешуге тура келді. Көптеген жекеменшік кәсіпорындар қызмет көрсету сапасын арттыру және үлкен автобустар сатып алу мәселелерін шешуде дәрменсіздік танытады. Оның үстіне көлік кәсіпорындары өздеріне тиесілі автобустардың 70 пайызын жеке кәсіпкерлерден жалға алған. Жүргізушілер мен кондукторлар штатқа кіргізілмегендіктен мойындарына ешқандай жауапкершілік алмай, тек өздерінің қаржылық мүдделерін көздеуден аспай келген. Мұның аяғы неге әкеліп соққанын бәріңіз де жақсы білесіздер. 2008 жылы Астанада аталмыш салада қызмет ететін 14 кәсіпорын болды. Тәртіпке келтіру мақсатында жүргізілген тексерістерден соң олардың 8-і қалды. Басым бөлігі Қытайда жасалынған 500-ден аса шағын автобус ескірулеріне байланысты пайдаланудан алынып тасталынды. Олардың орнына Евро-4 стандарттарына сай 400 заманауи автобус сатып алынды. 2012 жылдан бастап қоғамдық көліктерге GPS-мониторинг спутниктік жүйесі орнатылды. Ол автобустардың кесте бойынша қозғалыс тәртібін бұзбауына жағдай жасайды. Қоғамдық көлік тақырыбын қорытындылай отырып, бұл мәселені шешуге бұдан былай да басымдық берілетінін тағы да атап көрсеткім келеді. Осы орайда біз мынандай шараларды қолға алмақпыз: Бірінші. Барлық факторларды: – көліктік бағыттардың қала тұрғындары үшін қолайлы болуын, яғни, жаңа маршруттардың ашылуын; – қозғалыс кестесін жүйелеуді; – тәуліктің әртүрлі уақытындағы көліктік жүктеме көрсеткіштерін және тағы басқаларды ескере отырып, заманауи көлік моделін енгізу. Бұл реттегі нақты қадам: – бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы көлік ағынын модельдеу; – бағдаршамдарды автоматты түрде басқару; – көлік қозғалысын бақылау және ондағы орын алған оқиғаларды анықтауды қарастыратын интеллектуалды көлік жүйесі жобасын кезең-кезеңімен жүзеге асыру болып табылады. Екінші. ТЖА жобасы – арнайы бөлінген жолақпен тез жүретін автобустар. Үстіміздегі жылдың маусым айында ТЖА-ның бірінші желісінің құрылысы басталады. Оны 2016 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жобаны қаржыландыру мәселесі толығымен шешілген. Оның маңызды логистикалық нәтижесін былай қойғанның өзінде, жаңа жұмыс орындары түріндегі тиімділігі тағы бар. Жалпы ұзындығы 63 шақырым ТЖА желісін 2019 жылға таман аяқтау тек сол жағалауды ғана қамтып қоймай, қаланың оң жағалауындағы толассыз жолаушылар ағынын азайтуға да септігін тигізеді. Солайша біз елордалықтарға логистикалық тұрғыдан жайлы қоғамдық көлік қызметін ұсынып, жол қозғалысын ұйымдастыруды жақсартуға қол жеткізетін боламыз. Үшінші. Елорданың автобус паркін газбен жүретін экологиялық автобустарға ауыстыру . Биыл біз 350 жаңа автобус сатып аламыз. Өткен аптада ИВЕКО компаниясымен келісім-шарт жасалынды. Сол бойынша үстіміздегі жылдың мамырынан біртіндеп автобустар келе бастайды. 2017 жылға дейін 850 автобус сатып алынады. Жолдарды жөндеу және салу жұмыстарына байланысты сөз қозғасақ, біз бірыңғай көлік стратегиясы шеңберінде әрекет ететінімізді айтуға тиіспіз. Мұнда да бірнеше басым бағыттарымыз бар. Біріншісі – магистральдық көшелердегі жүктемені төмендету. Жоғарыда атап өткенімдей, автокөліктердің Бейсекова көшесі бойымен Қорғалжын тас жолынан Сейфуллин көшесіне дейін, оның ішінде Есіл өзеніндегі жаңа көпір арқылы өтуін қамтамасыз ету қала өміріндегі маңызды оқиға болды. Бұл Сарыарқа және Тұран даңғылдарындағы көлік ағынын әжептәуір бәсеңдетуге оң әсерін тигізді. Біз сондай-ақ, жаңа күре жолдар салу, тұйық жолдарды ашу, оңқай бұрылыстарды ыңғайластыру жұмыстарын жалғастырамыз. Былтыр 65 шақырымнан астам жол салынды және жөнделді. Екіншісі – қаланың шет аймақтарын жол инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Бұл бағытта 12 тұрғын алабында бірқатар жұмыстар жүргізілді. Біздің жұмыла жүргізген жұмыстарымыздың жемісі ретінде кейінгі үш жылда 330 шақырымнан астам жол салынып, жөнделді. Оның 77 шақырымы тұрғын алаптарында іске қосылды. Шағын айналма жол құрылысы аясында 20,5 шақырым жол, 4 айрық жол, 3 өткелек және 2 көпір салынды.Құрметті астаналықтар!
Қаланың қызмет көрсету мекемелері қолға алған маңызды жобалардың бірі – аулалардың абаттандырылуы деп есептеймін. Өйткені, үйіміздің маңайы бейнебір Чеховтың «Шие бағы» іспеттес қым-қуыт тіршілік ортасы – ол жерде балаларымыз еш алаңсыз ойынға беріліп, үлкендер көрші-қолаңмен араласады, ал жастар таза ауада сейілдеп, бір-бірімен әңгіме-дүкен құрады. Соңғы төрт жылда 729 ауланы жөндедік. Бірақ, бұл бағдарламаны тәмамдаймыз дегенді білдірмейді. Уақыт өте келе ауланың жасау-жабдығы да тозады, тозған жерде жөндеуді қажет етеді. Сондықтан да ағымдағы жылы тағы 108 ауланы кешенді абаттандыру жоспарлануда. Әрине, егер аулалардың тазалығы мен күтіп-баптауы өз деңгейінде қадағаланбаса, олардың абаттандырылуына кеткен шығын ақталмайды. Ал, бұл – тұрғындар мен олардың өздері құрған ПИК түріндегі қоғамдық ұйымның мойнына жүктелетін жауапкершілік. Өткен жылдың желтоқсан айындағы брифинг барысында журналистер осы мәселені көтере отырып, қала тұрғындарының ПИК жұмысына қатысты көңілі толмайтындарын білдірді. Баршаңызға түсінікті болу үшін басынан бастап тарқатайық. ПИК-тердің есеп шоттарында ашықтық жоқ. Оларда қанша қаражат жиналатыны беймәлім. Сондықтан, 60%-ға жуығы немесе 204 ПИК-тің 128-і жалпы қаражат сомасын көруге мүмкіндік беретін Бірыңғай есептесу орталығынын қызметін неліктен пайдаланбайтынын түсіндіру қиын. Тіпті, олардың 24-інің есеп шоты да жоқ. Тұрғындар жиналған ақша қайда жұмсалатынын білуі тиіс. Бір ғана Сарыарқа ауданының өзінде қанша қаржы шоғырланатыны жөнінде мысал келтірейін. Әр шаршы метріне орташа тарифпен 35 теңгеден алғанда ПИК жылына 1 миллиард 630 мың теңге жинайды. Ал олардың қайда, қалай жұмсалатыны, мердігерлермен жасалатын келісімшарт сияқты жасырын-жабық күйінде ұсталады. Күні кеше ғана біздер Тұтынушылардың құқығын қорғау қауымдастығы және ПИК қауымдастығы жетекшілерімен кездесу өткізіп, өзара ынтымақтаса жұмыс істеу жөнінде үш жақты Меморандумға қол қойылды. Осыған орай, бірнеше нақты, кезек күттірмейтін шараларды қолданамыз: Біріншіден, барлық ПИК-терді бір айдың ішінде есеп шот ашып, Бірыңғай есептесу орталығы жүйесіне өтуге міндеттейміз. Ол үшін әуелі салық органдары олардың қаржылық есеп-қисабын егжей-тегжейлі тексеретін болады. Екіншіден, биылдан бастап үстінен арыз-шағым жиі түскен ПИК-терді арнаулы органдардың жоспарлы тексеру мәселесіне қатаң талап қойып отырмыз. Үшіншіден, аудан әкімдері тұрғын үй инспекциясымен бірлесе отырып, бір айдың ішінде ПИК-тердің типтік құрылыммен, штаттық кестесін бекітітіп, яғни бүкіл қызметкерді штатқа ауыстыртқызып, жалақы мөлшерін анықтауы керек. Осынау шаралар ПИК қызметін едәуір жақсартуы тиіс. Осы жиынға қатысып отырған Парламент және мәслихат депутаттары мұны толықтай қолдайды деп сенемін. Аталмыш шараларды жүзеге асыруды аудан әкімдері мен Тұрғын үй инспекциясы басқармасына тапсырамын.Девальвация дегеніміз не?
Құрметті қала тұрғындары! Соңғы күндері экономикамызға белгілі бір өзгерістер әкелген тағы бір мәселені қозғай кеткім келеді. Бұл қаламыздың кез келген тұрғынын алаңдатындықтан, тоқталмай кетуге болмас. Айтпағым – теңге девальвациясы. Бұл тақырып бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты талқыланды. Сол себепті, негізгі мәселелер бойынша ойымда қысқаша, ұғынықты жеткізейін. Девальвация дегеніміз не? Әлемдік нарықтағы экономикалық жағдайға қарай ұлттық валютаның шетелдік валютаға шаққандағы бағамының төмендеуі. Таза экономикалық көзқарас тұрғысынан алып қарағанда, ол не үшін жасалады? Біріншіден, ішкі нарықты жандандырып, отандық өндірушіні демеп жіберу үшін. Ол шетелдерден келетін импорт өнімді тежейді. Екіншіден, девальвациядан көретін пайда сол – экспорттаушылар мен бюджеттің табысы молаяды. Бұл – біздің экономикамызға қажетті қаржы көздерін тартудың жақсы мүмкіндігі. Өз кезегінде экспорттан тапқан қаржысын мемлекет ішкі нарыққа, мысалы кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасына, т.б. мақсаттарға жұмсайды. Үшіншіден, девальвация мемлекеттің алтын-валюта қорын сақтап қалады. Ашық нарық жағдайында мұндай күтпеген үдерістер әлеуметтік саланы айналып өтпейтіні түсінікті. Бірақ, Президент бұл мәселені тереңнен біледі және туындаған мәселеге сергек баға беріп отыр. Өздеріңіз көргендей, Үкіметтің кеңейтілген отырысында ол жағдайды ырықтандырып, халықты қолдауға арналған бірқатар нақты тапсырмалар берді: Әуелі: - 2014 жылдың 1 сәуірінен бастап мемлекеттік мекемелердегі барлық азаматтық сала қызметкерлерінің еңбекақысы 10%-ға артады. Олардың саны 24 мыңнан асып жығылады; - сондай-ақ, жыл басындағы жоғарылауды есепке алғанда, зейнетақы 14%-ға, ал, мемлекеттік әлеуметтік төлемдер 12%-ға өседі; - атаулы әлеуметтік көмек 12%-ға дейін, шәкіртақы 10%-ға дейін көтеріледі. - бұдан басқа 2014 жылдың 1 сәуірінен бастап, өндірісте қызмет ететін жұмысшылардың еңбекақысы 10%-ға өсіріледі. Аталмыш шараларды елорда деңгейінде тағы да біреуімен қуаттай түсеміз. 1 сәуірден бастап, балаға берілетін және әлеуметтік жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек орта есеппен 16%-ға көбейтіледі. Қалада мұндай қаржылай қолдауды 3999 жанға көрсетіледі. Шағын және орта бизнес субьектілерінің қаржыландыруға қол жетімділігін оңтайландыра түсу – нәтижесі нәпақалы маңызды тетіктердің бірі болмақ. Мемлекет басшысы экономиканың нақты салаларын, ең алдымен шағын және орта бизнесті кредиттік ресурстармен қамтамасыз ету үшін 2014-2015 жылдары Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлуді тапсырды. Қаржының қомақты бөлігі біздің қаламыздың үлесіне тиеді деп ойлаймын. Елордаға қатысты нақты шараларға оралсақ, жағдайдың тұрақтығылын қамтамасыз ету – бүгінгі күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі боп қала береді. Біріншіден, әрнені сылтауратып базарлар мен сауда нүктелеріндегі жалдау құнын көтеруге тыйым салдық. Екіншіден, тұрақтандыру қорын ұстап тұру үшін қосымша азық-түлік сатып алу ұйымдастырылды. Үшіншіден, қаладағы жанар-жағармай құю стансалары ұзақмерзімді бақылауға алынды. Төртіншіден, дәріханалар желісі ерекше қадағалауда. Шынтуайтына келгенде, олар денсаулық сақтау жүйесінен тым тысқары қалған. Біріншіден, әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектерге бағаның өсуін болдырмаймыз. Бұл тұрғыда жағдай тұрақты. Екіншіден, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмектерді сатқызбаймыз. Әзірге бұл тұрғыда тәртіпбұзушылық анықталған жоқ. Үшіншіден, дәріханаларда қажетті дәрі-дәрмектердің барлық түрі болуы тиіс. Меніңше, ел билігі осындай қадамдарға дер кезінде барып, теңгенің одан әрі құнсыздануының алдын алды. Қалаға қатысты айтар болсам, жағдай тұрақты, бағаның күрт көтерілуі байқалмайды, барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалады, Астана үшін өмірлік мәні бар жобалар жалғаса береді. Ардақты астаналықтар! Күнделікті тіршілік қамымен елорда өмірінің тағы бір парағы өткен күннің еншісіне айналды. Өзіміз үшін, балаларымыздың болашағы үшін мақсат еткен бағытты бетке алып ілгерілеп келе жатқанымыз бұл сөзімді дәйектей түседі. Оған айғақ – алдағы бес жылға белгіленген, бұған дейінгі бастамалардың қисынды жалғасындай болатын бірқатар міндеттер мен межелер. Бірінші. Негізгі кілті кәсіпкерлік нысандары болып табылатын Астана экономикасының тұрақты өрлеуімен тікелей байланыста қарастырылатын қолайлы бизнес-орта қалыптастыру. Бұл орайда біздің басты міндетіміз – қала экономикасындағы қызмет көрсету үлесін 60%-дан 80%-ға дейін арттыру. Екінші. 2017 жылдың аяғына дейін Индустриялдық паркте 30 кәсіпорынды іске қосу арқылы индустриялдық секторды сенімді инновациялық негіздермен қамтамасыз ету. Үшінші. Автобус парктерінің толықтай жаңартылуын, бағыттардың қолайлығын және БРТ – жүрдек автобустар жүйесін іске қосуды қарастыратын орнықты қоғамдық көлік жүйесін құру. Сонымен бірге, 2017 жылы «Мыңжылдық аллеясына» таяу жерде орналасатын жаңа теміржол вокзалы және қалааралық көлік қатынасын қамтамасыз ететін екі автовокзал салынады. 2017 жылға қарай Астана халықаралық әуежайы жаңғыртылады. Техникалық, өндірістік қуатын арттырудан бөлек, жолаушылар терминалын 30 000 шаршы метрге кеңейту көзделіп отыр. Төртінші. 2016 жылы жаңа қуат көзі – 3-ЖЭС-ті және 80 шақырымдай магистральды жылу құбырын пайдалануға беріп, энергетикалық кешендегі ірі жобаға нүкте қою. Бесінші. 2017 жылға дейін 5 млн ш. м. тұрғын үйді пайдалануға беру, ал, 2020 жылға дейін апатты жағдайдағы тұрғын үйлер мәселесін толықтай шешу. Алтыншы. Әлеуметтік сала бойынша 2020 жылға дейін балабақшалар мен мектептердегі орын тапшылығын күн тәртібінен түсіріп, қалалық денсаулық сақтау жүйесін жаңа сапалық сатыға көтеру. Жетінші. «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысты барлық инфрақұрылымдық жобаларды, оның ішінде қуат үнемдеу және жасыл экономика жобаларын межелі мерзімінде аяқтау. Сегізінші. Бүгінгі таңда қалада салынып жатқан барлық ірі әлеуметтік нысандарды санамалап шығайын. Биыл мына ғимараттар пайдалануға беріледі: - Сауда-логистикалық кешенінің бірінші кезеңі. - «Мэриот» және «Хилтон» мейманханалары; - Мұз сарайы; - 2 президенттік зияткерлік мектебі; - кәсіптік-техникалық колледж; - 15 балабақша; - 9 мектеп; Мынадай нысандардың құрылыстары басталып, жалғасады: - «Абу Даби Плаза» көпбейінді кешені; - «Жастар» сарайы; - Би және балет жоғары мектебі; - Ботаникалық бақ; - Жекпе-жек сарайы; - «Ритц Карлтон» және «Фор Сизонс» мейманханалары; Әлеуметтік нысандардың арасынан мыналарды айрықша атай кетейін: - Кәсіптік-техникалық колледж; - Туберкулез диспансері; - Балалар жұқпалы аурулары ауруханасы; Аталмыш жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде қала заманауи урбанистік орталық ретінде бір саты көтеріледі. Олардың қатарында тағы да аса маңызды екі жоба бар. Қысқаша таныстыра кетейін. Олар – қала тіршілігін кешенді қамтамасыз ету жүйесі және интеллектуалды көлік жүйесі. Оларды жүзеге асыру қандай оң нәтиже беретінін арнайы роликтен біле аласыздар. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл бағдарламалардың қай-қайсысы да ауқымды және біртіндеп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Жоба іске қосылған сәттен қала түрлі жағдайлар мен оқыс оқиғалар кезінде едел-жедел қарекет ететін жоғары технологияға ие болады. Құрметті қала тұрғындары! Мен тек басқа да айтарлықтай маңызы бар міндеттермен қоса туған қаламыздың ілгері де орнықты дамуы үшін стратегиялық мәні зор ауқымды жобаларды ғана санамалап кеттім. Елорданың бұған дейінгі жеткен жетістіктері – Президентіміздің аянбай жұмсаған күш-жігерінің арқасы. Нұрсұлтан Әбішұлының Астанаға туған перзентіндей қарап, оның дамуының стратегиялық бағыттарын анықтауға айрықша назар аударатынына ешкім шүбә келтіре қоймас. Біздің бұл кездесуіміз тек санға сүйенген есептен ғана тұрмайды, арадағы тікелей диалогты, түсіністікті жандандырады. Осынау дидарласуға жыл сайын залды лықа толтырып, тайлы-таяғымыз қалмай жиналуымыздың өзі сіздердің қаланың келешек дамуына, өмір сапасының жақсара түсуіне мүдделі екендеріңізді білдіреді. Сіздердің тараптарыңыздан қойылатын сауалдарды біз осы көзқарас тұрғысынан қабылдаймыз. Сондықтан, бүгінгі ортаға тасталған оралымды ойлар мен сын-ескертпелер алдағы жоспарымызды жүйелеп, толықтыра түсетініне сенімдімін. Құрметті астаналықтар! Шаһардың тынысы, халықтың тұрмысы бар жерде өзіне тән өзгерістері, соған сәйкес ой бөлістері болады. Жаңа баяндама басында әдейі атап өттім. Бұл ой сізден бізге сауал боп жетеді. Ал енді оның әрқайсысының түбінде, әрине, сіздердің көкейде жүрген ұсыныс-тілектеріңіз, жүректе жүрген сын-пікірлеріңіз жатыр. Біз үшін оның бәрі қымбат. Өйткені, «Дұрыс шешім қашанда – егесе жүрген елде емес, кеңесе білген жерде» деген. Баршамыз да осы жерде туған қаламыздың, айнала жүрген ортамыздың бүгіні мен келешегінің мәселесін шешу үшін жиналып отырмыз. Түбінде осы сауалдардың әрбірі біздің қолымызды ұзартса, сіздерді қала шаруасына біртабан жақын етеді. Осы арқылы ақылға ақыл қосатын, тірлікте бірлік болатын үлкен жұмысты бірге атқарамыз.www.qazaquni.kz
19 ақпан 2014 жыл