Қазақ Ұлттық Кеңесі «Қазақ Республикасы» деген атауды қолдайды!

ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ КЕҢЕСІНІҢ  

«ҚАЗАҚ ЕЛІ» ТУРАЛЫ

МӘЛІМДЕМЕСІ

qazaq respublikasy

280 миллионнан астам халқы бар бұрынғы Кеңестер Одағында біздің еліміз «Қазақ Республикасы» деп аталды. Егемендік алғаннан кейін  бұл атау «Қазақстан Республикасы» болып өзгертілді. Өкінішке орай, сол жылдары Конституциядан қазақтың мемлекет құраушы ұлт ретіндегі мәртебесі де алынып тасталды. Енді  Қазақстан Республикасы деген атауды «Қазақ елі» деп өзгерткеннен ұтарымыз қайсы? «Республика» деген сөздің «мемлекеттік құрылыс, мемлекеттік басқару» деген ұғымды білдіретіні айқын. Республика сөзінен ажырасақ мемлекеттік рухымыз құлдырамай ма? Әдетте, қырық-елу үйден құралған шағын ауыл да «елді-мекен» деп аталады. Әлде, билік «Қазақстан Республикасын» «Қазақ елі» деп өзгерту арқылы елімізді монархиялық билеуге апарғысы келе ме? Немесе Ресейге бодандыққа қайта бейімделеміз бе? Осының бәрін ескере келе, Халық өкілдерінің Құрылтайы құрған Қазақ Ұлттық Кеңесі «Қазақ Республикасы» деген атауды ғана қолдайтынын мәлімдейді.