"ҚАЗАҚ ЕЛІ" атауы- КЕЗЕК КҮТТІРМЕС ТАРИХИ ТАҢДАУ

   QAZAQ ELI Бүгінде ел құлағын елеңдетіп отырған ең үлкен жаңалық - Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев ел атауын "Қазақ елі" деп өзгерту туралы өз ойын білдірді. Елбасының бұл өте маңызды ойы кейбіреулер айтқандай, аяқ астынан шыққан жоқ. Ел күткен атау 2012 жылы Тәуелсіздік мерекесіне орай жасалған Жолдауында жарияланған  "Қазақстан Стратегиясы"-2050 бағдарламасында алғаш айтылған еді. «Біз, болашақта елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» - деген еді сонда Нұрсұлтан Назарбаев.         Ұлттық мүддеге келгенде жұмған аузын ашпай қойғандарының өзі біз үшін жақсылық болып табылатын "Мегаполист" секілді орыстілді  баспасөз құралдары  шыжбалаңдай бастады. Қазақтың қаржысын қарпып алып  жатса да, қазаққа келгенде қазынаның қамын ойлағыш болып қалатын олар енді шығынды есептеп, тиын санай бастапты...  Тіпті, Телибековтей теріспиғылдылар мұсылмандар ұйымының атын жамылып жүріп иманды бастамаға "ивандық"күмәнмен қарауды шығарыпты...  Өзіміздің құлдық психологиядан арылмаған кейбір бейбақтар үшін "Қазақ елі" деген атауға өзгелердің тілі келмей қиынсынады-мыс... Тап бір өзге мемлекеттер атауларын қойғанда "Осыған қазақтардың тілі келе ме?"-деп бас қатырған секілді... Енді біреулер еліміздегі ұлыстарды санауға көшіпті... Не деген бейшаралық десеңші... Ең бастысы - еліміз үшін өте маңызды ой енді өрісін тауып, «Қазақ елі» деген атау Елбасының ұсынысымен  ел талқысына түсіп отыр. Сонау бағзы замандағы  көк түрік бабаларымыздың көк тасқа қашап қалдырған арманы  «Мәңгілік ел»  идеясын да Елбасымыз жақында Қазақстан Халқына жасаған  биылғы Жолдауында жариялады. Енді мемлекет басшысының ел атауын  «Қазақ елі» деп өзгерту туралы ұсынысын «Мәңгілік ел» идеясының жарқын қадамы ретінде бағалаймыз. Сондықтан да бұл ұсынысты тар жол-тайғақ кешуден өткен Тәуелсіз еліміздің шерлі шежіресін жақсы білетін озық ойлы азаматтардың бәрі, жалпы халықтың басым көпшілігі қолдауда.    Тіпті,  билікке қатаң оппозия болып табылатын, сондықтан да,  қандай жағдайда да қарсылық танытуды қағидаға айналдырып алған партиялар мен түрлі  қоғамдық  ұйымдардың  өздері де қолдап, мысалы Балташ Тұрсынбаев бастаған бірқатар саясаткерлердің  "Қазақ  елі" атауын тарихқа түзету ретінде қабылдауы – бұл ұсыныстың  ұлттық негізділігі мен елдік маңыздылығын білдірсе керек. Ұлттық идеясы мен арманы бүгінгі Тәуелсіз Қазақ мемлекеті болған Алашорда үкіметі де осыдан жүз жылдай бұрын: «Арғы атам ер түрік, Біз Қазақ еліміз» - деп ұрандаған болса, енді  біз өз тізгінімізге өзіміз ие болғанда неге мемлекетімізді «Қазақ елі» деп атауды кешеуілдетуіміз керек?  Ал «Алаш» партиясының  бүгінгі ізбасары болып табылатын «Ақ жол» демократиялық партиясы  да,  барлық саяси партиялардың  ішінде ең бірінші болып қабылдаған   «Қазақстан Республикасының  2011-2020 жылдарға арналған жаңа Ұлттық саясат тұжырымдамасында» да   ел атынан «станды» алып тастап,  «Қазақ Республикасы» деп атау керектігін атап көрсеткен болатын. Кешегі кеңес империясы кезінде де, ел атында «стан» жалғауы болған жоқ. «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы» деп аталды. 1991 жылы «Советтік Социалистік» атауы тарихтан өшкенде  «Қазақ Республикасы» болып қалуы керек еді... Кейбір жалынан айрылып, жанын күйттеп қалған әсіреинтернационалшылдар  "стан" кимесек жалаңаш өліп қалатындай жанталасып, "Қазақстан" атандырып тынды... Кеткен қателікті жөндеу енді біздің еншімізде. Бұндай ел атын өзгерту әлемдік тарихта талайдан орын алып келе жатқан жайт деуге болады. Жалпы ел кемелденіп, келешегін айқындаған сайын жаңарып, өзгеріп отыратыны табиғи да, тарихи да заңдылық. Бүгінге дейін әлемде 55 мемлекет атауын өзгерткені белгілі болып отыр.   Кеше ғана бірге тәуелсіздік алған, төскейде малы, төсекте басы қосылған туыс көршіміз қырғыздардың өзінің  «стан» жалғауынан құтылғанына талай болды. Ертеде қазақ елін картада "Қазақия" деп жазғаны да бар.  "Қазақ мемлекеті" деп Елбасы да айтқан болатын. Мысалы, Израиль елі ресми түрде  "Израиль мемлекеті" деп аталады. "Республика"  деген атау қосылмаса,  монархияның аулына жақындап кетеміз дейтіндерді ойласақ, "Қазақ Елі Республикасы" деп атауымыз керек шығар. "Мары Эл Республикасы"  деген ел Ресей құрамында бар. Алашорда атауы да айтылып қалуда. Ел аты түзелгесін, оның халықаралық аренада тура жазылуына да баса назар аудару керек. Осы уақытқа дейін жазылып жүргендей,  мемлекеттің атауы тікелей шет тілі - орыс тілінен - «Казахстан» деген сөзден аударылып- "Kazakhstan" емес, «Qazaq eli»" деп немесе "Republic of Qazaq " деп жазылуы керек.  Өйткені қазақтың "Қ" әрпі ағылшын тіліне аударылғанда "Q" әрпімен  жазылатыны анық. Бұл ұлттық мәселелерді  біз, ұлтшылдар, талайдан бері айтып-ақ келеміз.  "Қазақстан Республикасы емес, Қазақ Республикасы болуы тиіс. Кешегі кеңес империясы кезінің өзінде Қазақ (Советтік Социалистік) Республикасы атанғанда, Тәуелсіз кезімізде қайдағы бір «станға» жабысып қалдық… Сонымен бірге менің айтарым, осы шет тіліне, мысалы халықаралық ортақ тіл ағылшын тіліне біздің елдің аты неге қазақ тілінен емес, өзімізді кеше отарлап келген Ресей тілінен аударылады? Неге «Kazakhstan» деп орыстың «Казахстан» сөзінен аударылады? Неге «Қазақстан» деген өзіміздің қазақ тілінен  «Qazaqstan» деп тәржімаланбайды? Міне, құлдық психологияның басы қайда жатыр? Бас атауымызда, БҰҰ-да жатыр…  Сонда оны аударып, жазып беретіндер қазақ емес, Тәуелсіз Қазақстан Азаматы емес, Ресей азаматтары болғаны ма? Ал Сыртқы істер министрі болып, екінші рет тағайындалып отырған, өзі айтпақшы « миын ауыстырмаса, қазақ тілін үйрене алмайтын» Ерлан Ыдырысовтың бұған қауқары жете ме?.. Баяғы да Балтық елдері әр әріптерінің ұлттық,төл тұрғыға негізделуі үшін күресті. Мысалы, Эстонияның астанасы Таллин қаласының атына тағы бір «н» қосылып, Таллинн болып өзгертілді. Не деген ұлттық мінез, не деген сауатылық пен жауаптылық десеңізші… Сол секілді  тәуелсіз қазақ елінің азаматтары да өз есімдерінен «ов», «ова», «ев», «ева»-деген құлдық жалғауларды алып тастайтын уақыт жетті!" деп жаздық соңғы рет 2012 жылы.  http://www.qazaquni.kz/13905.html Иә, ел атымен бірге ер аты да түзелуі керек. Ел "стан" жалғауынан құтылса, "Қазақ елінің"азаматтары «ов», «ова», «ев», «ева»-деген құлдық жалғаулардан құтылуы тиіс!.. Бұны да Елбасымыз өзі бастап, үлгі-өнеге көрсетсе, тіпті қатып кетер еді... Қорыта айтқанда, халық Елбасы ұсынысын бірауыздан қолдап,  "Қазақ елі"  мен  "Қазақ Республикасы"  атауының бірін таңдауы  керек деп ойлаймыз.

Қазыбек ИСА