"Мұрагерлік" туралы мақалаға тапсырыс берген кім?!

20120209135300Осыдан бірер күн бұрын мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин "мұрагерлікке үміткер" емес екендігін хабарлаған болатын. Көппартиялы парламенттің екі тізгін бір шылбырын қолына ұстаған Нұрлан Нығматулин "мен Президенттің ізбасары емеспін" деп, басылым тілшісінің атына ашық хат жариялапты. Саясаткер журналистің "Мұрагерлікке үміткерлер" тақырыбына арналған мақаласында "басты кейіпкерге" айналғанына таңданыспен қарапты. Әрі мұндай ой қорытуды жауапсыз қалдыруды жөн көрмепті.Ол жуырда ғана "Central Asia Monitor" басылымында шыққан мақала Нығматулиннің шымбайына тиген еді. Ол газет тілшісіне ашық хат жазып, Парламент Мәжілісінің ресми сайтына жариялады. Ал саясаттанушылар, бұл арнайы тапсырыспен жазылған мақала болуы әбден мүмкін деп отыр. Себебі Мәжіліс төрағасы былтырғы жылы біраз адамның алдын кескен еді - деп отыр. Жалпы мәжіліс төрағасы өткен жылы біраз шенеуніктің шымбайына тиіп, көптің алдында лауазымды тұлғаларды ұятқа қалдырған болатын. Солардың бірі Сыртқы істер вице-министрі Самат Ордабаев еді. "Алдымызға дайындықсыз келіп, міңгірлеп тұрсың" деп мінез көрсеткен Нығматулин Ордабаевты жиын залынан қуып шыққан болатын. Қағаздарын шала-пұла жиып, сыртқа шығуға асыққан шенеунік, алды артына қарамай қашып, тілшілерге жеткізбей кетіп, күлкіге қалған еді. Ал премьер Серік Ахметовтың өзі бастап қатысқан төменгі палатаның бір отырысында мәжіліс төрағасы Уәлихан Бишімбаевтың сұрағына жауап беріп жатып, "Уәке" деп қалғаны үшін Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаевты қатаң сынға алған болатын. Тосыннан мінез танытқан Нығматулин Досаевқа мәжіліс мінберіне шығып алып, дастархан басында отырғандай "Бәке, Мәке" деп бір-біріңді еркелетуді доғарыңдар деп қатаң ескерту жасаған болатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау экс-министрі Серік Әбденов те, алғашқы рет парламентте сөз алып, көпшілік алдына шыққанда да Нығматулиннің ашуын шақырған еді. Мәжіліс спикері Қайрат Мәмиге алыс емес Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевті де сөзінен сүріндіріп, "қойылған сауалға жауап бере алмай, жаттанды анықтама айтып тұрудың қажеті жоқ" - деп министрдің білместігін көзіне басқан болатын.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев: "Мәжіліс төрағасы кімнің жолын кескенін жақсылып еске түсірсін. Себебі "Президенттің ізбасарлары" турасында жазылған мақала Нұрлан Нығматулинге қарсы тапсырыс болуы да әбден мүмкін"-деді.

Ал саясатта "Әлде біреудің  жүйкесін жұқартқың келсе, оны мұрагерге теңе" -деген қағида жақсы жұмыс істейді - дейді ол. Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, осы уақытта қазақстандық саяси элитада қандай да бір саясаткердің титығына тию керек болса, оны мұрагер деп ата деген қызық жағдай қалыптасқан. Мұндай "жүйкеге тию" әдісінің артында кейбір мүдделі топтар тұруы мүмкін дейді сарапшы. Осыдан бұрын басылым беттері Тимур Құлыбаев пен Иманғали Тасмағанбетовті де мұрагерлер қатарына қосқан еді. Алайда сол кезде де шенділер Нығматулин сынды "ізбасарлықтан" ат тондарын ала қашқан болатын. Төраға мен депутаттар арасында болып тұратын мұндай жік астарында саяси мәселе жоқ десек те, өзгелер ренішін оңайлықпен ұмытпайтын сияқты.

31 арна