2013 жылдың маңызды оқиғалары

photo_30796Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, өткен жылдың негізгі деген бес саяси оқиғасы мынадай болды:
«Ең бірінші айтулы саяси оқиға – президенттің қазан айындағы мәлімдемесі. Елбасы онда денсаулығының жақсы екенін және 2016 жылға дейін жұмыс істей алатынын мәлімдеген болатын. Бірақ, президент кейінгі сайлауға қатысатын-қатыспайтынын ашып айтқан жоқ. Бұл мәлімдеме жайдан-жай жасалып отырған жоқ. Ол мемлекет басшысының билікті беруге әзірленіп жатқаны туралы (...) қаптап кеткен қауесеттерге берілген жауап болатын. Парламенттің жоғарғы палатасындағы өзгерістер де халықтың ерекше назарына ілікті. Президенттің «бұрынғы гвардиясына» кіретін Қасым-Жомарт Тоқаев сенат төрағасы болып елге оралды. Жалпы, 2013 жылы мемлекет басшысы негізгі деген қызметтердің тұтқасын сенімді, ескі кадрлардың қолына ұстатты. Конституция бойынша сенат спикері президенттен кейінгі екінші адам болып саналатынын ескерсек, саяси форс-мажор бола қалған жағдайда мемлекет басшысының орнына сол спикер отырады. Бұл назар аудартпай қоятын нәрсе емес. Биылғы жылы Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы және Бірыңғай зинетақы жинақтау қорының құрылуын да атап өтпесек болмайды. Бұл оқиғалар елде саяси және экономикалық жүйелерді басқаратын құрылымдарды құру тренді қалыптасқанын дәлелдейді. Бір кезде партиялық жүйені бақылау үшін «Нұр Отан» партиясы құрылған болатын. Ұлттық компанияларды «Самұрық-Қазына» қоры басқарады. «Нұр Медиа» холдингі елдегі ақпарат майданының бір бөлігі үшін, ал Азаматтық альянс үкіметтік емес ұйымдардщың басым бөлігінің қызметін үйлестіріп отыр. Дін істері жөніндегі агенттіктің құрылғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп, дін саласын ретке келтіріп жатыр. Өздерін оппозиция деп атайтын саяси партиялардың арасына тағы да жік түсті. Мұны да биылғы жылдың айтулы оқиғасы деуге болады. ЖСДП-ның «Азат» партиясымен бірігуден бас тартуы (...) «ескі оппозицияның» атына дақ түсірді. (...) Сирияда Қазақстан азаматтарынан құралған топтың пайда болуы жекелеген қылмыстық топтардың радикалдана түскенін ғана емес, олардың қызмет аясының, әрекет ететін көкжиегінің кеңейе бастағанын білдіреді. Ауғанстан, Пәкістан немесе Сирияда террорлық қызметтің әскери мектебінен өткен азаматтардың елге оралуы Қазақстанға төнетін қауіпті күшейте түспек».

Интерфакс