Нұрлан Жазылбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: Маңызды шешімдер қабылдауда саяси партиялардың ықпалы арта түсті
2013 ж. 27 желтоқсан
3172
0
Парламент Мәжілісінің ұйымдастыруымен Астана қаласында өткен «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә Назарбаевтың Қазақстандағы парламентаризмді дамытудағы рөлі» халықаралық конференцияда Мәжіліс депутаты Нұрлан Жазылбеков сөз сөйледі.
Депутаттың сөзін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Біздің еліміздің Парламенті өкілді билік институты ретінде қалыптасып келеді және Қазақстандағы парламентаризм даму үстінде. Әрине бұған Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қосқан үлесі орасан зор. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының өзінде-ақ Президенттің ерік-жігерінің, көрегендігінің арқасында қажетті заңнамалық негіз жедел түрде қалыптастырылды, нарықтық экономиканың құқықтық негіздері жасалды, қоғам тіршілігінің маңызды салаларын реттейтін заңдар қабылданды.
Қазақстан Президенттік билік жүйесіндегі республика болғандықтан, ондағы Парламенттің рөлі мен орнын, оның мәртебесін Елбасы тікелей белгілеп берді. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірген Президентімізді Қазақстан Парламентаризмінің де негізін қалаушы деп толық айта аламыз. Елбасының салиқалы саясатының арқасында Қазақстан қоғамын жаңғыртып, маңызды шешімдер қабылдауда саяси партиялардың ықпалы арта түсті. Соның нәтижесінде Парламент көп партиялы сипат алып, Қазақстан одан әрі демократияландыру бағытына қарай кезекті қадамын жасады. Бүгінгі таңда Парламент Мәжілісінің құрамында үш саяси партия бар. Соның бірі – Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы. Соңғы сайлау қорытындысымен Мәжіліске өткен «Ақ жол» демократиялық партиясының парламенттік фракциясы құрылып, қазіргі таңда партиямыз еліміздің саяси сахнасында өзінің айшықты орнын алып та үлгерді.
Парламенттік оппозициялық партия ретінде, сайлаушыларымыздың стратегиялық мүдделері мен базалық құндылықтарының ортақтығын ескере отырып, біз ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын түбегейлі қолдаймыз және өз тарапымыздан оны іске асыру үшін белсенді түрде атсалысудамыз. Елбасы тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылғанымызды жариялады. Және оның ең басты шартын да атады: «Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз».
Қазақстан тәуелсіздігін алып, қалыптасқан мемлекетке айналып, енді 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға ұмтылып отыр. Президент Жолдауында осындай ұлы міндет қойылып, оған қол жеткізудің басымдықтары белгіленді. Олар: жаңа бағыттың экономикалық саясаты; ұлттық экономикамыздың жетекші күші – кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау; әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері; білім мен кәсіби біліктілік; мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту; дәйекті де болжамды сыртқы саясат; жаңа қазақстандық патриотизм.
Осы жеті басымдықты орындау бізді межелі отыз елдің қатарына қосады. Бұл басымдықтардың қай-қайсысына болса да үлесін қосуға ұмтылып отырған «Ақ жол» партиясы, оның парламенттік фракциясы аталған басымдықтардың ішіндегі, әсіресе, кәсіпкерлер мүддесін қорғаудың барлық тетіктерін қолдануды жақтайды. Оның ең бастысы – Кеден одағындағы үш мемлекеттің арасындағы құжаттардың бірізділенуі үшін заң шығарушылық қызметті де, депутаттық құқықтар аясында депутаттық сауалдар арқылы да күш жұмсауда. Қазақстанның заң шығарушы да, атқарушы да биліктері бүгінде әлемдік талаптарға сай келіп, өзін-өзі кез келген одақтарға да мойындатуы қажет.
Стратегияда бизнеске жасалатын жасанды бөгеттерді жойып, бизнес-бастамаларды көтермелейтін отандық кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін жетілдіру және олардың мүдделерін қорғау мен ілгерілету үшін қажетті барлық шаралардың қабылдануы көзделген. Бізге «мықты бизнес – мықты мемлекет» қағидасын іс жүзіне асыратын кез келді. Демократиялық құндылықтардың, оның ішінде парламентаризмнің де алғышарттарын жасауға ұмтылған Алаш қозғалысының идеялары да кезінде қазақ мемлекетінің қуаттылығын, оның жасампаздығын қолдаған болатын. Ендеше, «Ақ жол» партиясы ұлт мүддесіне қатысты басқа да өзекті мәселелермен қатар, мемлекет қуаттылығының басты көрсеткіштері болып саналатын, ұлттық экономиканың, ұлттық бизнестің мүддесін қорғауға өздерінің бар күш-жігерін, тәжірибесі мен білімін жұмсап жатыр және бұл бағыттағы жұмысын жалғастыра береді.
«Нұр Отан» партиясының айқын басымдылығындағы қос Палаталы Парламент құрамына кіріп, осы уақыт аралығында мыңдаған заң қабылдап, қоғамдық мәселелерді шешіп жатқан Парламенттің заң шығарушылық қызметіне біз де әл-қадірімізше үлес қосып келеміз. Еліміздің дамуына, қоғамдық қатынастарды реттеуге септігі тиіп жатқан әрбір заңда «Ақ жолдың» да өзіндік қолтаңбасы бар. Мұның бәрі – Қазақстанда эволюциялық жолмен қол жеткізілген Парламенттің көп партиялық жүйесі тиімділікпен жұмыс істей бастағанының дәлелі.
Парламент тәжрибе жинақтап, кемелдену үстінде. Дегенмен, жұмыстың тиімділігін арттыруда әлі де жетілдіре түсетін тұстар аз емес. «Ақ жол» партиясының фракциясы ҚР Парламенті депутаттарының заң шығарушылық бастамасының мүмкiндiктерiн күшейтудiң қажеттiлiгi туралы бірнеше мәрте мәлiмдегенiн атап айтуға тұрады. Байқалып отырған беталыс Парламенттің Үкiметпен қарым-қатынастарындағы өкiлеттiктерiн кеңейтудiң және сонымен қатар парламенттiк фракциялардың мәртебесін күшейтудiң қажеттiлiгiн көрсетеді.
Елбасымыз негізін қалаған Қазақстан парламентаризмін одан әрі дамытып, биліктің тепе-теңдік жүйесінен берік орын алып, нығая беруі үшін оның, Президентіміз айтқандай, демократия мектебі ретіндегі рөлін арттыра беру үшін жұмылып жұмыс істей беруіміз қажет деп есептеймін.