Алтынбек Сәрсенбайұлына жасалған қастандық – саяси террор!

0
1136

Жақында бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко 2006 жылдың ақпанындағы саяси террорға (!) қатысты АҚШ-тың Қазақстандағы елшiлiгiмен бiрiгiп мәлiмдеме жасады. Кравченконың ебiл-дебiлi шыға ентiгiп жеткiзген “жаңалығы” мынау болды: “Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серiктерiне қастандық жасауға Рахат Әлиев тапсырыс берген. Ол мұны мемлекеттi төңкерудiң бiр бөлшегi ретiнде қарастырған”.

Осы да жаңалық па?! Мемлекет қайраткерi А.Сәрсенбайұлына серiктерiмен бiрге қастандық жасалғаны туралы естiгенде-ақ жұрт Рахат Әлиевтi көзге шұқыған. Мұны саяси террор деп бағалаған. Талдықорғандағы сорақы сотта жәбiр­ленушiлер Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваны және басқа да бiр­қатар шендiлердi тергеудi сұраған. Мұның бiрде-бiрiн сот құлаққа iлген жоқ.
Дариға Назарбаева демекшi, оның 2006 жылдың 10 наурызында “Караванға” жазған “Дежа вю” дейтiн мақаласы естерiңiзде шығар.
“2006 жылдың ақпаны. Жүрек айнытарлық қатыгез қылмыс: соңғы жылдары менiң саяси қарсыласым болған Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтiрiп кеттi. Онымен бiрге көмек­шiлерi де өлтiрiлдi.
Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы генерал Дүтбаев бiрден мемлекет басшысына өз болжамын жеткiзген: бұл қылмыстың артында президент отбасы мүшелерiнiң бiрi тұр – не Рахат Әлиев, не Тимур Құ­лыбаев, не Қайрат Сатыбалды. Айқайшыл “тәуелсiз басылымдар” мен жасырын комментаторлар жалпақ жұртқа белгiлi фактiлерге қа­рама-қайшы бұл ақымақшылықты iлiп әкетiп, гуiлдетiп жатыр. Дежа вю!”.
Дариға Назарбаева мемлекет­тiң қарамағындағы арамтамақ басылымның “саусағын сорып” отыратын сарыауыз тiлшiсi емес. Дәл сол кезде “Дежа вю ханым” не жазарын бiлдi. Бәлкiм, сол кездегi күйеуi Рахат Әлиевпен ақылдасқан да шағар. Ендеше, Дариға Назарбаеваның әрекетiн не деп бағалаймыз? Бас прокуратура өкiлi айтқандай, Рахат Әлиевтiң Алтынбек Сәрсенбайұлына қастандық жасатуын мемлекеттiк төңкерiстiң бiр бөлшегi деп қарасақ, Дариғаның да тiрлiгi Рахаттiкiнен бiр мысқал кем емес болып шықпай ма?! Олай болса, президент Нұрсұлтан Назарбаев қызы Дариғаны да жауапқа тартуы тиiс. “Бұрынғы күйеубалам екеуi бiрiгiп, билiгiмдi тартып алмақ болды” деп. Атышулы iс қа­ралып жатқан кезде Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваны қорғаштап баққан тергеушiлер де, прокурорлар да, соттар да солай жауап­қа тартылуы керек. Мемлекеттiк төңкерiс жасалуына мүдделiлiк танытқаны үшiн!
Мұндай айыптаудан прези­денттiң өзi де аман қалмайды. “Де­жа вю ханымның” сөзiне қарағанда, А.Сәрсенбайұлына қастандық жасалған соң генерал Дүтбаев кiмнен күдiктенетiнiн президент­ке айтты ғой. Неге сол күдiктi­лердi бiрден тергеуге алмады? Неден қорықты? Онсыз да керегесi шайқалып тұр­ған шаңырағым ортасына түседi дедi ме? Әлде мұның өзге бiр кiл­типаны бар ма?..
Қанiшер Рустам Ибрагимов Жоғарғы сотқа 2012 жылдың 16 сәуi­рiнде арыз түсiрiптi. “Қастандық жасауға тапсырыс берген Ержан Өтембаев емес, Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев” деп. Бұл неге ендi ғана айтылды? Осыншама уақыттан берi тараптар саудаласқан ба?
Бұған қатысты Кравченконың айтқан сөзi сөз емес. Өзiн қанша сенiмдi көрсеткiсi келсе де. Рустам Ибрагимов қастандық жасауға тапсырыс берген Рахат Әлиев екенiн АҚШ-тың федералдық тергеу бюросына (ФТБ) 2006 жылы мәлiмдеп, өзiнiң және туған-туыстарының қауiпсiздiгi үшiн Әлиев пен Мұсаев туралы мәлiметтi жария етпеудi өтiнiптi-мыс. Осы ақылға сыя ма? Қанқұйлы қылмыскердiң отбасы қорғауға алынып, қайрат­кердiң отбасы мен жақындары қан жұтуы керек пе сонда?! Қылмыс­кердi қорғайтын бұл қандай мемлекет, қандай заң?!
Бiр нәрсенi ескеру керек. Кравченко айтқан “жаңалықты” Н.Назарбаев сол кезде-ақ бiлдi. Бiле тұра жетi жыл бойы неге жасырды? Әзiрге жауырынға қарап бал ашу ғана қалып тұр.
Рахат Әлиевтi айыптап отырып “Өтембаев та тапсырыс берушi” де­генi қисынға келмейдi. Өтембаев – сойылдың жуан басы тиген сорлы. Бұл – әуелден-ақ белгiлi жайт.
Бұл iске АҚШ-тың араласуы мүлдем басқа тақырып болуы мүм­кiн. АҚШ-тың Қазақстандағы елшiсi Джон Ордвейдi прокурор кейпiнде жетi жылдан кейiн жұрт алдына жетектеп шыққан нендей күш екенiн зерделеудi сарапшыларға қалдырайық.
Мұндай оқыс шабуылды күтпесе керек, Рахат Әлиев екi тәулiк үн-түнсiз жатып, 21 желтоқсанда Туиттердегi парақшасына бiр-екi ауыз сөз жазыпты. “Алтынбектiң қазасынан аз уақыт бұрын телефон арқылы арамызда жағымсыз әңгiме болғаны рас. Бiрақ ол үшiн оны өлтiрмес едiм”.
“Суперхан әдеттегiдей өз қылмысын өзгелердiң мойнына жүкте­гiсi келедi. Бiрақ мұнысы iске аспайды. Шындық жеңедi!”.
“Жуық арада менiң кiнәсiз­дiгiмдi дәлелдейтiн материалдар жарияланады. Алтынбектi өлтiрген нағыз қанiшерлердiң атын әлемге әшкере етемiн”.
Мiне, Әлиевтiң Туиттердегi кезектi “әләулайы” осы. Мынадан кейiн оның дақпырты көп “Өкiл қайын ата” кiтабының мүлдем құны қалмады. Әлi де саудаласқысы келетiндей. Әлиевтiң қарсыластары “бас жаққа” барыса бастады. Ендiгi кезек Әлиевтiкi.
Алтынбек Сәрсенбайұлының сөзiмен айтсақ, жыртқыштар “бiрi­нiң етiн бiрi жей бастады”. Бұл жерде мәселе қай тараптың кiнә­сiз­дiгiнде емес, кiм кiмдi бұрын тамақтап үлгеретiнiнде болмақ…
Е.Биеке.
СIЗ НЕ ДЕЙСIЗ?
Гүлжан ЕРҒАЛИЕВА, тәуелсiз журналист:
– Әу баста-ақ А.Сәрсенбайұлына жасалған қастандықтың артында кiмдер тұрғанын билiктегiлер жақсы бiлдi.Алайда дәл қазiр Р.Әлиевтi осы қылмыстың негiзгi тапсырыс берушiсi етiп көрсету – оны экстрадициялау үшiн жасалған қадамдардың бiрi деп санаймын. Қазақстанның iшкi жағдайына үлкен әсер етуi мүмкiн, сондай-ақ “отқа май құятын” әрекеттерi сыртқы жағдайды шиеленiстiруi мүмкiн саналатын Р.Әлиевтi тырп еткiзбеу үшiн жасалып отырған амал да сияқты. Сонымен қатар, екiншi жағынан алып қарасақ, Ходорковскийге рақымшылық жасаған Путиннiң әрекетiн байқауға болады. Саяси имиджiн сақтау мақсатында Ходорковскийдi бостандыққа шығарған Путинге елiктеп, бiздiң президент те осындай қадамға баруы мүмкiн.
Десек те, билiктiң қазiргi жанталасы халықаралық қауымдастықтың бiздегi билiктi сын тезiне алып, елдегi саяси жағдайға берген бағасы, авторитарлы билiктi аяусыз сынауынан кейiн елдегi ең ауыр қылмыстарды Р.Әлиев жасаған деп, бар кiнәнi соған аударғысы келетiн­дей көрiнедi маған. “Бөрiнiң аузы жесе де қан, жемесе де қан” дегендей, Р.Әлиевтi қылмыскер ету арқылы қазақ билiгi өзiнiң халықаралық қауымдастық алдындағы имиджiн түзегiсi келедi. Қысқасы, мұның астарында тек әлдекiмдердiң саудаласуы жатқаны анық. Егер А.Сәрсенбайұлына жасалған қастандықтың ақиқатын ашқысы келсе, бас прокуратураға да, Жоғарғы сотқа да жетi жыл бұрын мүмкiндiк болды емес пе?
Ермұрат БАПИ, тәуелсiз журналист:
– Әрине, бұл да кезектi саяси ойын екенi даусыз. Дегенмен, АҚШ ФТБ-нiң жетi жыл бойы қанды оқиғаға қатысты дәлелдердi сары майдай сақтап отыруының астарында көптеген жайттардың жатуы әбден мүмкiн. Менiңше, елдегi саяси өзгерiс үшiн қазiргi прокуратураның жасаған мәлiмдемесi әдейi сақталған сияқты. АҚШ ФТБ-iн қазақстандық бас прокуроры орынбасарының қатарына қосып, мәлiмдеме жасау тегiн емес. Елшi дегенiмiз белгiлi бiр мемлекеттiң беткеұстар тұлғасы десек, Джон Ордвейдiң бiздiң бас прокуратураның мәлiмде­месiн қатар тұрып қолдауы да бекер емес. Осыларды сараптай келе, АҚШ осы әрекетi арқылы қазiргi президентке қауiпсiздiк, соның iшiнде президенттiктен кеткеннен кейiнгi қауiпсiздiгiне кепiлдiк бере отырып алдағы саяси өзгерiске қадам басқандай көрiнедi. Екiншiден, елдегi басты фигура күнi ертең билiктен кете қалса, А.Сәрсенбайұлына жасалған қастандық туралы мәселе алдынан көлденең шықпауы үшiн алдын ала қамдану әрекетi де сияқты. Әйтпесе, осы уақытқа дейiн қаншама рет АҚШ ФТБ-нiң тексеру қорытындысына сұрау салынды емес пе? Сол кезде неге қылмыскердiң аты аталмады?
Серiкқали МУСИН, адвокат:
– Сол кезде-ақ Е.Өтембаевтың А.Сәрсенбайұлына жасал­ған қастандыққа оның ешқандай тапсырыс беруi мүмкiн емесi айтылған-ды. Адвокаттар да, Алтекеңнiң туыстары да қылмыстық iстi қайта қарау жөнiнде, нақты қылмыскердi табу туралы талаптарын Жоғар­ғы сотқа дейiн жолдады. АҚШ ФТБ-нiң полиграф көшiрмесiн, шешiмiн көрсетудi де талап еттiк. Өкiнiшке қарай, қылмыс­қа қатысты деректер мен дәйектердi бас прокуратура ендi “тауып”, барлық кiнәнi Р.Әлиевке арта салмақ. Жеке ойым, бұл қылмыстық iсте Р.Әлиевтiң қатысы барына 100 пайыз сенiмдiмiн. Сонымен қатар сол кездерi Рахаттың кiнәсiздiгiн айтып, бұл қылмыс­қа қатысы жоғын мәлiмдеген тұлғалар болды. Қазақстанның заңнамасында қылмыстың ашылуына септiгi бар ақпараттарды жеткiзбеу, ашпау – қылмыскерлермен сыбайласу болып саналады. Олай болса, кезiнде Р.Әлиевтiң қылмыстық оқиғаға қатысы жоқ деп жарияға жар салғандардың жауапқа тартылуы әбден мүмкiн. Әрине, егер сот процесi әдiл өтер болса. Бiрақ соттың өз деңгейiнде өтетiнiне күмәнiм басым…
Әмiржан ҚОСАНОВ,  саясаткер:
– Бас прокуратураның мәлiмдемесiнен кейiн “Нұрбанк” қызметкерлерiне, жас журналист қызға жасалған қастандықтар мен Ә.Қажыгелдиннiң күзетшiсiне жасалған қысымға және 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдың басында оппозицияға қарсы қитұрқы әрекеттер болғаны туралы айыптар айқындала түскендей. Сондай-ақ, қазақстандық прокуратураның А.Сәрсенбайұлы мен оның серiктерiне жасалған қастандыққа қатысты мәлiмдемесiнен кейiн Рахат Әлиевтiң тарапынан әлдебiр әрекеттiң болары сөзсiз. Ауыр қылмысты мойнына артпау үшiн прокуратураның айтқандарын терiске шығаруға барынша тырысады. Бұрынғы ҰҚК-нiң басшысы ретiнде, президенттiң сенiмдi өкiлi ретiнде Р.Әлиевте де нақты ақпараттар болуы әбден мүмкiн. Бұл саяси ойынның кезектi сценариi деп санаймын. Десек те, Р.Әлиевтен жәбiр көргендердiң Қазақстанда аз емесiн ескерсек, қандай жағдайда да оған салынар сұраудың қатары аз болмайды.
Айдос САРЫМ, саясаттанушы:
– Қайғылы оқиғаның бiрiншi күнiнде-ақ Алтекеңе жасалған қастандыққа оның әрiптестерi мен достары, туыстары Р.Әлиевтiң қатысы болуы мүмкiн деп болжам жасағаны рас. Әлi күнге дейiн бұл болжамнан көп адам бас тартқан жоқ. Кез келген әрекеттiң өзiндiк себеп-салдары болатынын ескерсек, Алтекеңе жасалған қастандықтан кейiн сол себеп-салдарды таппай бастарын қатырғандар аз емес. Сондай-ақ, тергеу амалдарынан кейiн, сот процесiнде Алтекеңнiң туыстары мен жақындарының жолдаған сауалдарына мардымды жауап болмағаны да есте. Сол сауалдардардың жауабын бас прокуратураның жетi жылдан кейiн берiп отырғанын қалай түсiнесiз?
Қазiр менде прокуратураның мәлiмдемесiне қатысты пiкiрден бөлек, сұрақтарым бар. 2006 жылы қылмыскерлердi жасырған билiктiң ұшар басындағылардан бастап, шенеунiк, полицей, прокурор, судьялар жауапқа тартыла ма? Сот процесiне осы қылмысқа қатысы барлардың бәрi қатыстырылады ма? Сот қаншалықты ашық және әдiл өтедi? Осы сұрақтарға нақты жа­уап алмайынша, прокуратураның бұл мәлiмдемесiне сенiм арту қисынсыз.
«Жас Алаш» газеті

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз