Мәжiлiсшiлерден “тошнит”
2013 ж. 23 желтоқсан
2496
2
Бiздiң мәжiлiсшiлердiң анда-санда мәу дегенiне елеңдей бермейтiнiмiз сондай, етiмiз де өлiп кеткендей. Бiрақ соңғы кездерi бiрiнен бiрi асып түсетiн сауалдарды қарша боратқан парламенттегiлер жұртты қойып, өздерiн де таңғалдырып, кейбiрiнiң жүректерiн де айныта бастаған сыңайлы.
Таяуда ғана Надежда Петухова деген мәжiлiсшiңiз қыздардың гинекологқа қаралу жасын қысқартуды сұрап ұсыныс жасады. Оның пiкiрiнше, 18 жасқа дейiн ата-анасының бақылауымен дәрiгерге қаралу мәселесiн қайта қарастыру қажет екен. Қыздардың 16 жасқа дейiн гинекологтың қабылдауына жеке бару мәселесiн шешiп, бiлiм бағдарламасына репродуктивтi денсаулық тақырыбын енгiзу жөнiнде айтқан Н.Петухова: “Қазiргi кезде кәмелеттiк жасқа толмағандар арасындағы ВИЧ iндетiне шалдығу көрсеткiшi 44 пайызға артса, ал жасанды түсiк жасатушылардың саны жылына 22 мыңнан астам”, – деген деректi алға тартты. Қысқасы, мәжiлiсшiнiң мәлiмдемесiнен ұққанымыз, жасанды түсiк пен жыныстық жолмен жұғатын аурулардың алдын алу үшiн 16 жастан бастап қыздардың гинекологқа емiн-еркiн баруына және мектепте жыныстық тәрбие сағаттарын оқытуға мүмкiндiк жасау керек екен.
Н.Петуховадан қалыссын ба, Жұматай Әлиев егер оқушының гинекологқа жеке баруына мүмкiндiк берiлсе, аборттың тым көбейетiнiн көлденең тартып, қарсы пiкiр бiлдiрген сыңай танытқан-ды. Сөзiнiң соңы сұйылғаны сондай, Ж.Әлиев елiмiздегi некеге тұру жасын 14 жасқа төмендетудi сұрап, айды аспанға бiр-ақ шығарды.
Өздерiн халық сайлады деп санайтын мәжiлiсшiлердiң мәлiмдемесiнiң сиқы осындай. Бiрiнен-бiрi асып түспесе, кем емес. Дәп бiр Қазақстанда аборт, ВИЧ тақырыбынан басқа проблемалардың бәрi шешiлiп қойғандай. Сонымен қатар оқушылардың оспадарсыз әрекетке баруын жыныстық тәрбие сағаттары түзеп тастардай күркiреген мәжiлiсшiлер Дариға Назарбаеваның сөздерiнен кейiн бас шұлғудан әрiге аспай қалды.
Президенттiң қызы, саясатта әр маусымда бас көтерiп, белсендiлiк танытатын Дариға Нұрсұлтанқызы жыныстық тәрбие беру тақырыбында екi бағыт бойынша жұмыс жасауды ұсынды. Кеңес кезеңiндегiдей мамандардың оқушылармен жеке жұмыс iстеуiн дұрыс деп санаған мәжiлiсшi Дариға: “Балаларды жиi-жиi жарымжан балалардың интернатына экскурсия жасатып апарып тұру керек. Соларға қарап, ойланбастан жасалған жыныстық қатынастың нәтижесi қандай боларын көздерiмен көрсiн”,– дей келе: “И детей этих — уродов показать, инвалидов, пусть смотрят. Это работает сильнее, чем десятки часов, потраченные на разговоры и на лекции”,– деп барып тоқтады. Д.Назарбаева айтқан сөйлемнiң бiр тыныс белгiсiн өзгертсе, мағынасы да өзгеретiнi белгiлi. Десек те, бiр елдiң президентiнiң қызы, мәжiлiсшi, кей-кейде саясаткер деген аты да аталатын оның мына сөздерiн қалай түсiнбек керек? Айтып отырған “уроды” кiм? Мүгедектер ме, әлде жастайынан жыныстық тәрбиеден мақұрым болған оқушылар ма? Қай-қайсысын болса да, Дариғаның “урод” деп атауға қақысы бар ма? Әлде, Назарбаевтың қызы аузына не түссе соны айтуға құқылы деген бап бар ма едi Конституциямызда?
Осыдан бiрер апта бұрын осы Д.Назарбаева бiлiм саласындағы реформалардан жүрегi айнып, “мазасы қашқан” болатын. Мәдениет және әлеуметтiк мәселелер жөнiндегi комитеттiң төрағасы ретiнде бiлiм саласын жайына қалдыруды сұрап, одан жүрегi айнитынын жасырмағаны жұрттың есiнде. Жалпы, қазiргi парламенттiң кез келген мәжiлiсшiсiнiң мардымды нәрсе айтып, халықтың қамын күйттегендерi шамалы. Арысын айтпағанда, осы жылдың iшiнде қай депутаттың қандай мағыналы, салиқалы ұсыныс айтып, сауал жолдағаны есiңiзде? “Бас десе, құлақты айтып” шығатын олардың беделi алдыңғы депутаттармен салыстырғанда тiптi төмендегенiн екiнiң бiрi мойындайды. Әйелдердiң зейнет жасын ұлғайтуды қос қолмен қолдаған, неше түрлi салықтарды көбейтуге ұран тастаған да, сырттан келген қандастарымызға бес жылға дейiн азаматтық бермеудi жанталаса сұраған да, сондай-ақ, ескi көлiктердi утилизациялауды ойлап тапқандар да қазiргi парламенттiң серкелерi. Қазақстандағы аутизм дертiнiң өршуiне алаңдаушылық сыңай бiлдiрген мәжiлiсшiлер нақты шешiм боларлық ұсыныс жасай алмағаны да мәлiм. Тiзе берсек, қазiргi мәжiлiсшiлердiң мұндай масқараға толы мәлiмдемесi өте көп. Алайда халықтың атын арқалағандардың бiрде-бiрi сол халыққа қарайласып, мағыналы, маңызды дүниенi сөз еткенiн шаммен iздеп таппайсыз. Мәселен, ауылдық жерлердегi медициналық қызметтiң сапасын жақсартуды сұрап жолданған сауалдың ең болмаса, он пайызы орындалмағаны ненi бiлдiредi? Елiмiздегi жасөспiрiмдер арасында белең алған суицид кеселiне қатысты да парламент қабырғасында мәселе көтерiлдi. Өкiнiшке қарай, өз өзiне қол салушы жастардың қатары күн өткен сайын артпаса, кемитiн түрi байқалмайды. Осылардың барлығы қазiргi мәжiлiсшiлердiң тiзеден төмендеп, шұлықтың деңгейiне түскенiн көрсетпей ме? Мұның алдындағы депутаттарды “қалталы” деп айдар тағып шығарып салып едi қазақстандықтар. Қазiргi марғау мәжiлiсшiлердi “шұлықтағы депутаттар” деп жерге түкiретiндер көбейген.
Халықтың қаржысынан қарнын тойдырған мәжiлiсшiлердiң мұндай әрекетiне қашанғы төзуге болады? Жұртты қара нан мен қара суға зар қылып, өздерi миллиардтаған ақшаға шекер-шәрбатын шайқап iшкендердi тарататын кез жеткен жоқ па, қалай ойлайсыз? “Сөздерiнiң дәмi жоқ, өздерiнiң сүйкiмi қашқан мәжiлiсшiлер әбден абыройдан жұрдай болғанша орындарынан қозғалмасы анық. Бiр кiсiнiң қаһарына түскен мезетте ғана таратылып, қайта жасақталатыны белгiлi ғой. Сондықтан Дариға болсын, Надеждасы бар бәрi-бәрi осылай жүйесiз сөйлегенi сөйлеген”,– дейдi Әлiмхан ата қолын бiр сiлтеп. “Уродтарды” көрсетiп, баланы қорқытқанша, жүйелi бiлiм беретiн мектеп, сауатты ұстаз, әлеуметтiк жағдай жасауға күш салса ғой сол депутаттар. Проблеманы көктен iздегенше, төмендегi жағдаймен жақын танысса, дұрыс сауал да жасар едi. Сонда жыныстық тәрбие туралы сабақ оқытуды айтып, сандырақтамас та едi”,– дейдi тағы бiр оқырманымыз.
Осы екi пiкiрдiң өзi мәжiлiсшiлердiң бет-бейнесiн көрсетсе керек-тi...
Меруерт Хусаинова, "Жас Алаш" газеті