Мәжiлiсшiлерден “тошнит”

2
1955
Бiздiң мәжiлiсшiлер­дiң анда-санда мәу дегенiне елеңдей бермейтiнiмiз сондай, етiмiз де өлiп кеткендей. Бiрақ соңғы кездерi бiрiнен бiрi асып түсетiн сауалдарды қарша боратқан парламентте­гiлер жұртты қойып, өздерiн де таңғалдырып, кейбiрiнiң жүректерiн де айныта бастаған сыңайлы.
Таяуда ғана Надежда Петухова деген мәжiлiсшiңiз қыздардың гинекологқа қа­ралу жасын қысқартуды сұ­рап ұсыныс жасады. Оның пiкiрiнше, 18 жасқа дейiн ата-анасының бақылауымен дәрi­герге қаралу мәселесiн қай­та қарастыру қажет екен. Қыздардың 16 жас­қа дейiн гинекологтың қа­былдауына жеке бару мәселе­сiн шешiп, бiлiм бағдарламасына ре­про­дуктивтi денсаулық тақырыбын енгiзу жөнiнде айт­қан Н.Петухова: “Қазiргi кезде кәмелеттiк жасқа толмағандар арасындағы ВИЧ iндетiне шалдығу көрсеткiшi 44 пайыз­ға артса, ал жасанды түсiк жасатушылардың саны жылына 22 мыңнан астам”, – деген де­ректi алға тартты. Қысқасы, мә­жiлiсшiнiң мәлiмдемесiнен ұққанымыз, жасанды түсiк пен жыныстық жолмен жұғатын аурулардың алдын алу үшiн 16 жастан бастап қыздардың гинекологқа емiн-еркiн баруына және мектепте жыныстық тәр­бие сағаттарын оқытуға мүм­кiндiк жасау керек екен.
Н.Петуховадан қалыссын ба, Жұматай Әлиев егер оқу­шының гинекологқа жеке ба­руына мүмкiндiк берiлсе, аборттың тым көбейетiнiн көлденең тартып, қарсы пiкiр бiлдiрген сыңай танытқан-ды. Сөзiнiң соңы сұйылғаны сондай, Ж.Әли­ев елiмiздегi некеге тұру жасын 14 жасқа төмендетудi сұрап, айды аспанға бiр-ақ шығарды.
Өздерiн халық сайлады деп санайтын мәжiлiсшi­лердiң мә­лiмдемесiнiң сиқы осындай. Бiрiнен-бiрi асып түспесе, кем емес. Дәп бiр Қазақстанда аборт, ВИЧ тақырыбынан бас­қа проблемалардың бәрi шешi­лiп қойғандай. Сонымен қатар оқушылардың оспадарсыз әрекетке баруын жыныстық тәрбие сағаттары түзеп тастардай күркiреген мәжiлiсшi­лер Дариға Назарбаеваның сөзде­рiнен кейiн бас шұлғудан әрiге аспай қалды.
Прези­денттiң қызы, саясатта әр маусымда бас кө­терiп, белсендiлiк танытатын Дариға Нұрсұлтанқызы жыныс­тық тәрбие беру тақырыбында екi бағыт бойынша жұмыс жасауды ұсынды. Кеңес кезеңiн­дегiдей мамандардың оқу­шылармен жеке жұмыс iстеуiн дұрыс деп санаған мәжiлiсшi Дариға: “Балаларды жиi-жиi жарымжан балалардың интернатына экскурсия жасатып апарып тұру керек. Соларға қарап, ойланбастан жасалған жыныстық қатынастың нәтиже­сi қандай боларын көздерi­мен көр­сiн”,– дей келе: “И детей этих — уродов показать, инвалидов, пусть смо­трят. Это работает сильнее, чем десятки часов, потраченные на разговоры и на лекции”,– деп барып тоқтады. Д.Назарбаева айтқан сөйлемнiң бiр тыныс белгiсiн өзгертсе, мағынасы да өзгеретiнi белгiлi. Десек те, бiр елдiң президентiнiң қызы, мәжiлiсшi, кей-кейде саясаткер деген аты да аталатын оның мына сөз­дерiн қалай түсiнбек керек? Айтып отырған “уроды” кiм? Мүгедектер ме, әлде жастайынан жыныстық тәрбиеден мақұрым болған оқушылар ма? Қай-қайсысын болса да, Дариғаның “урод” деп атау­ға қақысы бар ма? Әлде, Назарбаевтың қызы аузына не түссе соны айтуға құқылы деген бап бар ма едi Конституциямызда?
Осыдан бiрер апта бұ­рын осы Д.Назарбаева бiлiм саласындағы реформалардан жүрегi айнып, “мазасы қаш­қан” болатын. Мәдениет және әлеуметтiк мәселелер жөнiн­дегi комитеттiң төрағасы ретiнде бiлiм саласын жайына қалдыруды сұрап, одан жүрегi айнитынын жасырмағаны жұрттың есiнде. Жалпы, қазiргi парламенттiң кез келген мәжiлiсшiсiнiң мардымды нәрсе айтып, халықтың қамын күйттегендерi шамалы. Арысын айтпағанда, осы жылдың iшiнде қай депутаттың қандай мағыналы, салиқалы ұсыныс айтып, сауал жолдағаны есiңiзде? “Бас десе, құлақты айтып” шығатын олардың беделi алдыңғы депутаттармен салыстырғанда тiптi төмен­дегенiн екiнiң бiрi мо­йындайды. Әйелдердiң зейнет жасын ұлғайтуды қос қолмен қолдаған, неше түрлi салықтарды көбейтуге ұран тас­таған да, сырттан келген қандастарымызға бес жылға дейiн азаматтық бер­меу­дi жанталаса сұраған да, сондай-ақ, ескi көлiк­тердi утилизациялауды ойлап тапқандар да қазiргi парламенттiң сер­келерi. Қазақстандағы     ау­т­изм дер­тiнiң өршуiне алаңдаушылық сыңай бiлдiрген мәжiлiс­шiлер нақты шешiм боларлық ұсыныс жасай алмағаны да мәлiм. Тiзе берсек, қа­зiргi мәжiлiсшiлердiң мұн­дай масқараға толы мәлiм­демесi өте көп. Алайда халықтың атын арқалағандардың бiрде-бiрi сол халыққа қарайласып, мағыналы, маңызды дүниенi сөз еткенiн шаммен iздеп таппайсыз. Мәселен, ауылдық жер­лердегi медициналық қыз­меттiң сапасын жақсартуды сұрап жолданған сауалдың ең болмаса, он пайызы орындалмағаны ненi бiл­дiредi? Елi­мiздегi жасөс­пiрiмдер арасында белең алған суицид кеселiне қатысты да парламент қабырғасында мәселе көтерiлдi. Өкiнiшке қарай, өз өзiне қол салушы жастардың қатары күн өткен сайын артпаса, кемитiн түрi байқалмайды. Осылардың барлығы қа­зiргi мәжiлiсшiлердiң тiзеден төмендеп, шұлықтың дең­гейiне түскенiн көрсетпей ме? Мұның алдындағы депутаттарды “қалталы” деп айдар тағып шығарып салып едi қазақстандықтар. Қа­зiргi мар­ғау мәжiлiсшiлердi “шұ­лықтағы депутаттар” деп жерге түкiретiндер кө­бейген.
Халықтың қаржысынан қарнын тойдырған мәжiлiс­шiлердiң мұндай әрекетiне қашанғы төзуге болады? Жұртты қара нан мен қара суға зар қылып, өздерi мил­лиардтаған ақшаға шекер-шәрбатын шайқап iшкен­дердi тарататын кез жеткен жоқ па, қалай ойлайсыз? “Сөздерiнiң дәмi жоқ, өз­дерiнiң сүйкiмi қашқан мәжiлiсшiлер әбден абыройдан жұрдай болғанша орындарынан қозғалмасы анық. Бiр кiсiнiң қаһарына түскен мезетте ғана таратылып, қайта жасақталатыны белгiлi ғой. Сондықтан Дариға болсын, Надеждасы бар бәрi-бәрi осылай жүйе­сiз сөйлегенi сөйлеген”,– дейдi Әлiмхан ата қолын бiр сiлтеп. “Уродтарды” көр­сетiп, баланы қорқытқанша, жүйелi бiлiм беретiн мектеп, сауатты ұстаз, әлеуметтiк жағдай жасауға күш салса ғой сол депутаттар. Проблеманы көктен iздегенше, төмендегi жағдаймен жақын танысса, дұрыс сауал да жасар едi. Сонда жыныстық тәрбие туралы сабақ оқытуды айтып, сандырақтамас та едi”,– дейдi тағы бiр оқырманымыз.
Осы екi пiкiрдiң өзi мә­жiлiсшiлердiң бет-бей­несiн көрсетсе керек-тi…
Меруерт Хусаинова, «Жас Алаш» газеті

2 ПІКІРЛЕР

  1. мектептерде жыныстык тарбие беру дегенимиз не ози окушылардын аулие валентин куни деген ойнасшылар мейрамын мектеп кабыргасында журип устаздардын колдауымен жаппай тойлауы немесе мектепте тарбиелик мани бар ис шаралар уйымдастырудын орнына мугалимдер искотека жасатып бозбала окушылардын сыныптас кыздарынын боксесинен устап билегенин кызыктап онан сон тосек катынасындагы сактык маселесин айтып мугалимнин емес сексологтын миндетин аткарып жургенин калай тусинемиз имандылык тарбиесин неге бермейди бирак ондай мугалимдер имандылык дегенди кайдан билсин имандылык маселесин айткан адамар олар ушин нагыз вахаббиттин ози надандык деп осыны айт

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз