Тағы да ұлтшылдар, дәлірек айтқанда, оппозиция өкілдерінің құрылтайы өтеді
2013 ж. 07 желтоқсан
3511
7
Ұлт патриоттары өткiзген құрылтайдың iзi суымай жатып, тағы бiр топ жалпыхалықтық құрылтай өткiзетiнiн жария еттi. Бұл жолғы құрылтай бастамасын көптен берi көрiнбей кеткен Жармахан Тұяқбай бастаған ЖСДП өкiлдерi мен оларға қолдау бiлдiрген кейбiр саясаткерлер мен зиялылар көтерiп отыр.
Ж.Тұяқбайдың айтуынша, ақпан айына жоспарланған жалпыхалықтық құрылтай “Қазақстанның болашағы үшiн” атты тақырыпта өтпек. “Құрылтай өткiзетiн уақыт пiсiп жеттi, елдегi ахуал соны талап етiп отыр. Барлық экономикалық-әлеуметтiк процестер тығырыққа тiрелдi. Бiз, азаматтардың тобы бүкiл азаматтық қоғам мен қоғамдық-саяси күштердi осы құрылтайға бiрiгуге шақырамыз. Барлық қарама-қайшылық пен жеке бас мүддесiн ысырып тастап, Қазақстан халқының атынан саяси реформа жүргiзудi талап етейiк”, – дедi ЖСДП-ның төрағасы сейсенбi күнi өткен баспасөз мәслихатында.
Қызығы, дәл осы тақылеттес мәлiмдеменi Ж.Айтбайұлы 2012 жылдың 27 қаңтарында айтқан едi. Ол уақытта “Азат” ЖСДП бөлiнбегенiмен, ЖСДП-ның төрағасы ретiнде сөйлеген Ж.Тұяқбай баспасөз мәслихатына жалғыз өзi шығып, құрылтай шақыратынын жария еткен. Одан кейiн құрылтай алдындағы бiрнеше жиналыс өткенiмен, құрылтайдың өзi ұйымдастырылмай орта жолда қалды. Оның арасында Тұяқбай мен Әбiлев тең төраға болған “Азат” ЖСДП-сы екiге айырылып тынды. Ендi мiне, Жармахан Айтбайұлы өзi баяғыда бастаған бастаманы екi жылдан кейiн қайта қолға алмақ.
Ж.Тұяқбайдың пiкiрiнше, ел мұндай ахуалға мүмкiндiгiн тауысқан авторитарлық билiк пен президенттiң шексiз өкiлетi кесiрiнен тап болды. “Президенттiң шексiз өкiлетi билiктiң өзге тармақтарын фикцияға айналдырды”, – дейдi ол. Сөйте тұра, саясаткер елдегi демократиялық өзгерiстердi президент Н.Назарбаевтың өзi iске асыруы тиiс деп есептейдi. “Бiз қазiргi жағдайда өзгерiстердi жасаудың ең дұрыс, ауырға соқпайтын жолы – оны президенттiң iске асыруы деп түсiнемiз. Сондықтан президенттi елдегi қиын ахуалды түсiнiп, тарих пен азаматтардың алдындағы жауапкершiлiгiн сезiне отырып, нақты демократиялық реформалар мен экономикалық-әлеуметтiк модернизация жасауға шақырамыз”, – дейдi ол.
Ж.Тұяқбайдың құрылтай өткiзу жөнiндегi бастамасын қолдаушылардың арасында Әмiрбек Төгiсов, Балташ Тұрсымбаев, Петр Своик, Болат Әбiшев сынды партияластарынан бөлек Қазақстан Коммунистiк партиясының құрметтi жетекшiсi Серiкболсын Әбдiлдин, Коммунистiк партияның хатшысы Ғазиз Алдамжаров, жазушы Қабдеш Жұмадiлов бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл құрылтай ұлт патриоттары өткiзген жиынға кереғар емес, керiсiнше, мақсат-мiндетi бiр. Ұлт патриоттары өткiзген құрылтайды қолдаған Қабдеш Жұмадiлов бұл жолғы құрылтайға да қатысатынын айтты. “Бiз, өз отанымыздың патриоттары қазақ халқы жақсырақ өмiр сүрсе, бұдан ешкiмге зиян келмейтiнiн түсiнуiмiз керек. Құрылтай қазақты бөлiп-жармай, бiрiктiруi керек”, – дедi ол.
Ал Серiкболсын Әбдiлдиннiң пiкiрiнше, екi құрылтай ортақ мiндет үшiн бiрiге алады. “Өткен құрылтай мен өтетiн құрылтай екi компартия немесе екi “Ақ жол” партиясының оқиғаларын еске түсiредi. Халық шатасып, кiмнiң артынан еретiнiн бiлмей қалуы мүмкiн. Бiрақ бұл жерде бiз бiр майданға бiрiге аламыз. Бiздiң талап-тiлегiмiз бiр – өзгерiстер қантөгiссiз жасалса деймiз”, – дедi С.Әбдiлдин.
Ж.Тұяқбай мен оның серiктерi ұрандатып тастаған “Елдегi барлық саяси күштер құрылтайға бiрiгiңдер!” деген бастамаға өзге саясаткерлер қалай қарайды? Кезектi құрылтайға қатысып, қолдау бiлдiре ме? Бiз осы сұрақтарды бiрнеше саясаткерге қойып көрген едiк.
“ПАРТИЯНЫ ТӘРК ЕТКЕН АДАМНЫҢ БIРIГУ ТУРАЛЫ ҰРАН ТАСТАУҒА МОРАЛЬДЫҚ ҚҰҚЫҒЫ ЖОҚ”
Әмiржан ҚОСАНОВ, ЖСДП төрағасының бұрынғы бiрiншi орынбасары:
– Ел алдындағы басты проблемаларды шешуде қоғамдағы әртүрлi күштердiң бiрлесе қимылдағаны дұрыс, ондай жақсы идеяны ешкiм де жоққа шығара алмайды.
Бiрақ өмiрде де, саясатта да “моральдық құқық” деген түсiнiк бар. Бiрiккен ЖСДП “Азат” партиясын тапа-тал түсте қақ жарып, 2009 жылы екi партия делегаттары қабылдаған маңызды саяси шешiмдi 2013 жылы бiр жақ болып жиналып алып, жоққа шығарған адамның қоғамға қайтадан бiрiгу туралы ұран тастауға моральдық құқығы бар ма? Гәп сонда! Ертең ел аралағанда сол делегаттардың бетiне қалай қарай алады екен? Әрiптестерiмiз оппозиция бiрлiгi үшiн өмiрiн, бас бостандығын құрбандыққа шалды емес пе?! Ең болмаса, солардың рухының алдында ұялмай ма екен?!
Тұяқбай мырза шын ниетiмен бiрлiктi қаласа, ЖСДП “Азат” секiлдi ортақ та бiрегей партияның қатарында-ақ жүрiп, сол бiрлiктi көздiң қарашығындай сақтап, өз амбициясын ысырып тастап, сол мықты ұйым негiзiнде бiрлiктi нығайта түспедi ме кезiнде?!
Өз басым осы жылдың 20 наурызында бiрiккен ЖСДП “Азат” партиясын тәрк етiп, елден жасырын саяси путч жасап, мен секiлдi әрiптесiн съезге кiргiзбегенiнен кейiн Тұяқбай және оның ЖСДП-дағы қазiргi әрiптестерi “шын мәнiнде халық қамын ойлап жатыр және осы күнге дейiн билiкке қарсы сын айтып жүрген күштердi топтастыра алады” дегенге сенбеймiн! Халықтың көзi ашық. Елдегi ағайын бәрiн де түсiнедi, саяси алаңда кiмнiң кiм екенiн баяғыда-ақ бiлiп, өз бағасын берiп қойған.
Оның үстiне соңғы кезде қазiргi ЖСДП саяси белсендiктен тiптi ада. Нағыз оппозициялық мiнез, қимыл-тiрлiк көрсете алмай қалды. Ешкiм де елемейтiн бiр “домалақ” үстелдер өткiздi деп естiп жатамыз... Жаңаөзен қырғыны кезiнде үнсiз қалды, барлық демократтар құрамына енген Қоғамдық комиссияға кiруге жарамады. Өткен жолы барша жұрт қолдаған Еуразиялық Одаққа қарсы референдум шаруасына да араласпады. Маңызды науқандардан бойын аулақ ұстайтын саяси ұйымның ел iшiнде шынайы беделi қандай болмақ?! “Осының бәрiнiң ар жағында билiк тұрған жоқ па?” деген сауалдың да қылаң беретiнi рас.
Көңiлге күмән қондыратын тағы бiр жайт бар. Кеше ғана ұлттық тұрғыдағы азаматтар мен күштер өз құрылтайын, өз жиынын өткiздi. Жақсы ма, жаман ба, жиналыс өттi, белгiлi бiр құжаттар қабылданды. Ендi, мiне, iле-шала тұяқбайшылар тағы да бiр құрылтай өткiземiз деп жатыр. Ұлтшылдармен жарысып, олардың құрылтайына балама не бәсеке болғысы да келетiн сияқты. Ең болмаса, жиынның атын басқаша атамай ма?!
“ЖЫЛЫ ЖЕРГЕ ЖИНАЛЫП АЛЫП СӨЙЛЕГЕНШЕ, НАҚТЫ КӨМЕК КӨРСЕТСIН”
Мұхтар ТАЙЖАН, саясаткер:
– Ай сайын құрылтай өткiзудiң өзi күлкiлi. Өткен құрылтайға қатысқан жоқпын, бұл құрылтайға да қатыспаймын. Себебi жұмыс нақты болуы керек, жиын-отырыстарға өз басым тойдым. Мәселен, ұлт патриоттарын алайық. Жаңаөзен оқиғасы болғанда, олар қайда жүрдi? Немесе биылғы жылдың жазында Шеңгелдiде шешен азаматтары екi қазақ жiгiтiн атып кеткенде қайда қарап отырды? Халыққа нақты көмек, қамқорлық көрсету керек. Ал ғимараттың iшiнде топтасып алып иланғандарды нандырып, ақылды сөздер айтудың қажетi шамалы. Одан да Шеңгелдiде оқ тиiп жараланған Бекмұқа Ерсайынға адвокат қажет, қорғаушы жалдауға көмектессiн. Немесе Жаңаөзенде жараланған, қайтыс болған азаматтардың отбасына көмектессiн. Жиын өткiземiз деп желге ақша шашқанша, қазаққа осындай жолмен қол ұшын созғаны әлдеқайда тиiмдi болар едi.
Содан кейiн мына жиынды ұйымдастырушылардың ортасында Петр Своик отыр. Қазақ тiлiне қарсы пiкiр бiлдiрген онымен не құрылтай өткiземiн? Қандай мәселе талқылаймын?
Саясатта сенiм деген ұғым бар. Ж.Тұяқбай өмiрде жақсы адам болуы мүмкiн, бiрақ оның ақша алғаны туралы роликтi интернеттен көрдiк. Осыдан кейiн онымен бiрге қалай саясат құрамын? Онда мен де соның деңгейiне түстiм деген сөз ғой.
Әрi-берiден соң құрылтай – ынтымақтасудың, нақты iстiң соңғы қадамы болуы тиiс. Яғни, iстiң басы емес, нәтижесi болуы шарт. Ал нәтиже болмай тұрып, құрылтайдан бастаймыз деу – қате.
“ЖИЫННЫҢ БӘРIН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕЙ БЕРМЕСIН”
Жасарал ҚУАНЫШӘЛI, саясаткер:
– Тұяқбай басқаратын ЖСДП партиясын оппозиция деп есептемеймiн, сондықтан құрылтайды оппозиция өткiзедi дегенмен де келiспеймiн. Бұл құрылтай өтедi дегелi қанша уақыт өттi, одан берi тып-тыныш жатты, не iстегендерi белгiсiз.
Мұндай жиындар құрылтай деген сөздiң мәнiн кетiрiп бiттi. Өткенде Дос Көшiмдер өткiздi, ақыры түк болған жоқ, ұлт патриоттары шулатып құрылтай өткiздi, одан да түк өнбедi. Ендi мына құрылтайдың да ақыры не болары белгiсiз.
Жеке басым Тұяқбайға сенбегеннен кейiн, олардың құрылтайы да дұрыс болатынына сенбеймiн.
Соңғы кездерi жиын өткiзсе бiттi, оны құрылтай деп атайды. Ал ол жиын сол мiндеттi атқарып отыр ма, мән-маңызы соған сай ма, ауқымы мен ұйымдастыруы жағынан, қоғамдық ұйымдар мен саяси күштердi жұмылдыру жағынан құрылтай деген атқа лайық па, онымен iсi жоқ. Құрылтай деген – қазақ тарихында үлкен, күрделi жиын болған. Ал мына құрылтайды олай деп атай алмаймын.
Олай болса, бұлардың мақсаты мен көздегенi не? Қай-қайсының не көздегенiн болжау қиын. Бiреулер болашақта өтетiн үлкен құрылтайдың мәнiн кетiрiп, ел сенбейтiндей ету үшiн жасалып жатқан әрекет десе, ендi бiрi өзге бiреулер өткiзiп жiбермесiн деген мақсатпен билiктiң тапсырмасын орындап жүрген бағынышты адамдардың пиғылы дейдi. Құрылтай өтсе, өз деңгейiнде болсын. Олай болмаса, жүртты да, өздерiн де әуреге салудың қажетi жоқ.
Елнұр Бақытқызы