Украина қасіретке тап болды
2013 ж. 05 желтоқсан
1651
1

Украина билiгiнiң сенбi күнгi алаңды тазалауын Еуроодақ елдерi қатаң сынға алды. “Бүркiт” жасағы адамдарды таяқпен сабап, соққыға жықты. Зардап шеккендер туралы дерек әртүрлi. Денсаулық сақтау департаментiнiң дерегiнше, екi күннен берi жалғасып жатқан қақтығыстар кезiнде 169 адам медициналық көмекке жүгiнген. Ал Украина iшкi iстер министрлiгiнiң мәлiметiнше, 75 құқық қорғаушы зардап шектi.
Бұл – 2004 жылғы сарғылт-қызыл революциядан кейiнгi ең iрi наразылық акциясы. Бұрнағы күнi Еуроинтеграцияны қолдайтын жүздеген наразы адам үкiмет үйi мен ұлттық банктiң кiреберiс есiктерiн жауып, жолды бөгеп тастады. Олар үкiмет пен президенттiң отставкасын талап етуде.

Ақпарат агенттiктерiнiң дерегiнше, зардап шеккендердiң саны 170 адамға жеттi, 140 милиция өкiлi мен 40 журналист жарақат алған. Сенбiден берi билiк төтенше жағдай енгiзу туралы сөз қозғаса, кеше бұл мәселенi қарастырмаймыз деп қайырды.
Киевтегi митингiнi Украинаның өзге аймақтары да қолдап жатыр. Митингiге Львов, Ивано-Франковск және Тернополь облыстары қосылды.
Жексенбi күнi кешкiлiк шерушiлер Украина президентi әкiмшiлiгiнiң ғимаратын басып алмақ болды. Оларды құқық қорғаушылар әрең дегенде тоқтатты. Соған қарамастан, наразылық бiлдiрушiлердiң бiр тобы милиция қоршауын бұзып өтуге әрекет жасады. Тiптi файерлер лақтырып, экскаватор қолданбақ болды. Бұдан сескенген “Бүркiт” жасағы шулы гранаталар мен көзден жас ағызатын газ қолданды.

Киев соты 1 желтоқсан мен 7 қаңтар аралығында Тәуелсiздiк және Еуропа алаңында жиын өткiзуге тыйым салғанына қарамастан, ондаған мың адам жексенбi күнi милиция қоршауын бұзып өтiп, алаңға қайта келдi. Милиция олармен қақтығысқа бармай, алаңнан кетiп қалды.
Наразылық жиындарында сөз сөйлеген оппозиционерлер – Арсений Яценюк, Виталий Кличко мен Олег Тягнибок елде кезектен тыс президент және парламент сайлауларын өткiзу жөнiндегi талаптарын қойды. Оппозицияның мәлiметiнше, көшеге 1 миллионға жуық адам шыққан. 1 желтоқсан күнi алаңға жиналған ондаған мың адам “Революция!” деп ұрандады.
Алайда Украина үкiметi отставкаға кетпейтiнiн мәлiмдедi. Бiрақ кейбiр министрлер оны үкiметтiң өзi емес, Жоғарғы рада шешетiнiн айтты. Жоғарғы рада бұл мәселенi бүгiн қарамақ.
Сарапшылар Украинадағы наразылықтың арты бiрте-бiрте үкiмет пен президенттiң отставкаға кетуiне әкеп соқтырады деп есептейдi. Себебi В.Януковичке қарсы ақпараттық соғыс басталды. Әлеуметтiк желiлерде Киев әуежайынан үкiмет мүшелерiнiң отбасылары чартерлiк рейстерге дүние-мүлкiн тиеп алып, қашып жатыр деген ақпарат гулеп тұр.
"Жас Алаш"