Қайрат Келімбетов Марченконың сойылын соқпасын

427998_1385712263_300_0_0Соңғы кездері жұрттың аузына жиі оралатын әңгіменің бірі зейнеткерлік, оның ішінде әйелдердің неше жаста зейнеткерлікке шығатындығы жайында болып кеткенін баршаңыз жақсы білесіздер. Біздікі осы бір әлеуметтік тұрмыстың ең өзекті мәселесі жайында көзқарас білдіріп, ой айту еді. Сонымен... Қазақстанның Ұлттық Банкінің бұрынғы басшысы  Григорий Марченко зейнеткерлік жасты ұлғайту бюджет проблемасын шешуге мүмкіндік береді деген сенімінен қайтпайтын көрінеді.  Ол таяуда  «Деловой Қазахстан» газетіне  берген сұхбатында  2014 жылдан бастап 2028 жылға дейін  әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын біртіндеп ұлғайтып отырса, осы 15 жыл ішінде мемлекеттік бюджет шығыны 30 млрд. долларға қысқарады депті. - Мен зейнеткерлік жасты теңестіруді 2014 жылдан 2018 жылға ауыстыру мемлекеттік бюджет  теңгерімсіздігі проблемасын шешуге ықпал ете алмайтындығына сенімдімін, - деп ашығын айтыпты банкир. Естеріңізде болса, бұл ұсыныс, яғни әйелдердің зейнеткерлік жасын теңестіруді 2014 жылдан 2018 жылға ауыстыру Президент тарапынан жасалған болатын. Сөйтіп, Марченко мырза мақамына қайтадан басты. Жалпы бұл әңгімені бастаған осы кісі екенін барша жұрт біледі. Сол үшін ол көпшілік тарапынан, әсіресе әйелдерден неше түрлі сөздер естіді, тіпті оның сақалына дейін тисіп, ғайбат сөз айтқандар да болды. Сонда да мызғымай келеді. «Мықты» екен Григорий Александрович. Банкирдың айтуы бойынша, соңғы жылдары еліміздегі демографиялық жағдай ұлттың қартайып бара жатқандығымен ерекшеленуде. Былайша айтқанда, қартайғандар көбейіп, жұмыс істейтін жастағылар азайып барады. Балалардың туу өсімі әлі де болса төмен, ал өлімі жоғары деңгейде қалуда. Ал жалпы халықтың  жасының өсуі нәтижесінде зейнеткерлер көбейіп барады. Кейбір болжамға қарағанда, Қазақстанда 65 жастан асатындардың саны 2050 жылға дейін екі есе өспек. Міне сондықтан жұмыс істендер саны мен зейнеткерлер санының арақатынасы төмендеп, көлеңкелі экономика мен бюджетке салық түсімдерінің азаюы жағдайды күрделілендіре түсуде. Енді не істеу керек? Марченко мырзаның пайымдауынша, зейнеткерлік жасты ұлғайту қажет.  Әйтпеген күнде  салықтар мөлшері өседі, мұнымен қоймай әлеуметтік мақсаттағы бюджет шығыны мейілінше қысқартылады. Яғни, денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау салалары, тағысын тағылар мемлекеттік бюджеттен қажет мөлшерде қаржы ала алмайды. Әрине,  Григорий Александровичтың пікірі мүлде дұрыс емес деу әбестік болар.  Бәлкім, оның мемлекеттік бюджет шығыны жөніндегі есебінің негізі бар шығар. Бірақ бізге түсініксіздігі, неге осындай  зейнеткерлікке қатысты «есеп-қисаптарын» Марченко болсын, Парламент депутаттары болсын, тағы басқа «қайраткерлер» Елбасына жеткізіп айтпады? Президент өзінің ұсынысын айтқан кезде,  бір жылға жуық  жандарын жегідей еткен зейнеткерлік жас төңірегінде  айтыс, таласқа түскен Үкімет мүшелері де, депутаттар  мен қоғам қайраткерлері де ауыздарына құм құйылғандай үндей алмай қалды. Қазіргі уақытта кейбір саясаткерлер мен қоғамдық пікірді зерттеушілердің айтуынша, зейнеткерлікке қатысты күрделі жағдай көптеген дамыған және дамып келе жатқан елдерде де қалыптаса бастаған. Еуропаның Латвия, Польша, Румыния, Венгрия, Украина сияқты елдері зейнеткерлік жасты біртіндеп өсіруге шешім қабылдапты.  Ал Грекияда ерлер мен әйелдердің зейнеткерлік жасын 67-ге дейін көтермек екен. Дегенмен бұл жөнінде де көзқарас білдіріп, қарсы пікір айтуға болады. Қалай десек те, біздегі қарапайым халықтың әлеуметтік тұрмыс деңгейі еуропалықтармен теңесе алмайды. Мен осыдан бірнеше жыл бұрын Германияның  Гамбург қаласында тұратын қазақпен әңгімелескен едім.  Қандасымыз осындағы аталас ағайындарына қонақтап келіпті. Рас, өтірігін кім біледі, әңгіме үстінде сол мейманымыз өзі мекендеп жатқан елде жоғары категориядағы дәрігерлердің, инженерлердің, технологтардың айлық жалақылары 20-22 мың евроға дейін  баратындығын айтқан еді. Әрине, мұндай табыспен қарттықты жеке зейнетақы қоры арқылы қамтамасыз етуге әбден болады ғой. Ал аталмыш елдерде проблеманың туындауы бір жағынан жоғарыда сөз болғандай халықтың «қартайып», табиғи өсімінің төмендеуі, екінші жағынан шикізат қорларының азайып,  өндіріс  көлемінің өсуіне кері әсер етуінен болса керек. Грекия бұған нақты мысал. Өздеріңіз білетіндей, қазба байлықтардан жұрдай бұл ел соңғы жылдары үлкен экономикалық дағдарыстың зардабын тартуда. Мемлекет дефолт жағдайында өмір сүруде. Осындай жағдайда зейнеткерлік жасты ұлғайтпағанда қайтсын?! Жалпы әңгімеге арқау болған мәселе Марченко мырзаны неге соншама мазасыздандырады? Неге ол бүткіл мемлекеттік өміріне қатысты зейнеткерлік жасты реформалау жөнінде өршелене айта береді? Кейде бізге бұл айтылғандар Григорий Александровичтің өзінің сөзі емес, оның артында саяси технологтар, әлдеқандай мүдделі адамдар тұрған сияқты көрінеді. Енді өз қөзқарасымызды білдіріп, ойымызды айтып көрелік. Жалпы зейнеткерлік проблемасын әйелдердің зейнеткерлік жасын өсіру арқылы  шешу бірден бір жол болмаса керек. Марченко айтқан 2028 жылға дейін кімнің бар, кімнің жоқ болары бір Аллаға аян.   Шындығы керек, казіргі зейнеткерлер қатары он бес жылға дейін сақталып қалмайды ғой. Небәрі 16 миллионнан астам халқы бар, тұнған байлықтың үстінде отырған біздің елде абзал ана, сүйкімді қарындас, сүйікті жар болып табылатын әйелдердің зейнеткерлік жасын ұзарту туралы айта берудің өзі әбестік сияқты. Оның есесіне мемлекеттің бюджетін толтыруға тікелей ықпал ететін өндірісті өркендету тиімді жолға қойылса, бұл орайда Елбасының өзі қатаң сынға алған Үкімет мүшелері мен министрлер өздерінің міндеттерін жауапкершілікпен атқарса өмірдің басқаша болатына бәс тігер едік. Әсіресе, қоғамымызды аяусыз сорған жемір құрттай сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қойылса деп тілейді жұрт.  Ойлап қараңыздаршы! Бір Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев бастаған қылмыстық топтың өзі 72 млрд. теңге мемлекет қаржысын қымқырды. Сұмдық қой! Ал осындай халықтың ақшасын  талан-таражға салып жатқан жалмауыз жемқорлардан бүгінде шалынып жығылардай болып жүрміз. Міне, мемлекет қаржыны  халықтың зейнеткерлік несібесінен үнемдемей, осындай кертартпалар мен құлқынсыздардан сақтап, қорғаса әлдеқайда  әділ әрекет болар еді. Тағы бір айтарымыз, Қазақстанның Ұлттық Банкінің басшылығын «мұрагерлік»  ретінде қабылдап алған Қайрат Келімбетов Марченконың сойылын соқпай, әйелдердің зейнеткерлік жасын ұлғайту жөніндегі әңгімені әрі қарай мақамдамайтын шығар деген ойдамыз. Өйткені Григорий Александровичтен гөрі Келімбетов мырзаға онсыз да тірлік тауқыметін  тартып жүрген әйелдердің өмірі, әсіресе, ауылдық жерлердегі, жақсы таныс қой.

Болат Салықбаев

"Ұлт" порталы