Қазақстан парламентаризмі және Елбасы

6e45690ab21754771f10777d99c52de5Кеше қазақстандық пар­ламентшілердің баста­масы­мен Тұңғыш Президент күнімен орайластырылған халықара­лық конференция болып өтті. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назар­­баев­тың Қазақстанда пар­ламентаризмнің қа­лып­тасуындағы рөлі» атты тақырыпты қамтыған алқалы басқосуға Венгриядан, Германиядан, Қырғызстаннан, Ресейден және Түркиядан сарапшылар мен ғалымдар, мемлекеттік орган жетекші­лері, дипломатиялық корпус өкіл­дері қатысып, өз пікірлері­мен бөлісті.  Ұлт тарихындағы заң шығару билігінің, парламентаризмнің қалып­та­суына сіңірген Елбасының ерен еңбегін көпшілік жұрт 1995 жылғы Президент пәрменімен қолға алынған Конституциямен байла­ныс­тырады. Бұған дейінгі жағдайға кел­сек, Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рын­да Жо­ғарғы Кеңес таптаурын қағи­даттан ары­ла алмай, қоғам дамуына тұсау бол­ғаны да белгілі. Сөйткен Жоғарғы Кеңес кейін­нен өзін-өзі таратып тынды. Ал мем­лекеттілікті нығайту, жаңа конс­ти­ту­ция­лық құрылымды қалыптастыру, нарық­тық экономикаға көшу, барлық бағытта кең ауқымды реформа өткізудің кезек күттір­мес шаралары, шындығында да, Елбасы Н.Назар­баев­тың жаңа Конституцияны әзірлеу бастамасымен өмірге келгені анық. Сондықтан да бүгінгі сарапшылар «Қазақ­стандағы кәсіби парла­мен­та­ризмнің қалыптасуы және оның даму барысы Тұңғыш Президент тарапынан жасалған стра­тегиялық басшылық саяси үйлесім­ділік пен төрелік арқа­сында жүзеге асты» дегенді ұдайы алға тартады. Осыған байланысты болса керек, ме­рей­лі мерекеге орайластырыла ұйымдас­ты­рылған алқалы жиында Тұңғыш Пре­зи­денттің тұлғалық қасиеттеріне барынша мән берілді. Мәселен, Мәжіліс спи­кері Нұрлан Нығмату­лин кіріспе сөзін Тұңғыш Прези­дент кү­ніне қатысты пікірі­мен бас­тады. «Біздің егемен еліміздің әрбір жетіс­тіктері, ең алдымен, Тұңғыш Президент Нұр­с­ұлтан Назарбаевтың атымен тікелей бай­ланысты. Себебі Елбасының батыл қадамдары мен ерен ерліктерінің арқа­сын­да Қазақстан барлық қиындықты жеңіп, бүкіл әлем таныған абыройлы мемле­кет­ке айналды», – деді спикер. Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы Елбасының идеялары мен мақсаттарының қазақстан­дық өмір салтының негізін қалап, барлық қазақстандықтар үшін жалпыұлттық құндылықтарға айналғанын тілге тиек етті. «Сондықтан да Тұңғыш Президент күні барша қазақстандықтарды Елбасының қасына біріктіретін тағы бір бүкілхалықтық мәртебелі мереке болып табылады», – деді Мәжіліс төрағасы. Со­ны­мен қатар Нұрлан Зайроллаұлы Елба­сы­ның осы жыл­дар ішінде әлем назарын аударған түбегейлі реформаларды жүзеге асыр­ға­нын, үлкен жеңістері арқылы халық­аралық саяси және тарихи тұлғаға айнал­ғанына ерекше тоқталды. Оның пайымынша, Нұр­сұлтан Әбішұлы жасаған саяси маңызды оқиғаның бірі – Қазақ­стан­да парламен­та­ризм институтын қа­лып­тастыру. Қазақ­стан­дық парламентаризм тарихындағы ма­ңызды кезеңдерге тоқталған спикер Елбасы бастамасымен дайындалып, 1995 жылы референдум нәтижесінде қабыл­дан­ған жаңа Конституцияға назар аудар­ды. Оның айтуынша, дәл осы негізгі заңда алғаш рет «парламент» түсінігі ресми бекі­тіліп, оның заңнамалық қызметтерді жүзеге асыратын еліміздің жоғарғы заң шығарушы органы болып табылатындығы анық айтылды. «Шын мәнінде Қазақстан екі палаталы парламенттік жүйеге таңдау жасаған кеңестік кезеңнен кейінгі алғашқы унитарлы мемлекет болды. Ал осы қос палаталы парламенттік жүйеге өту заң шығармашылық үдерісінің тиімділігі мен ықпалдылығын арттырып қана қоймай, сондай-ақ Қазақстанда демократия ор­нату­дың тағы бір қадамына айналды», – деді Н.Нығматулин. Оның айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болып табылатын 2007 жылғы конститу­ция­лық реформа Қазақстанда парла­мента­ризмді дамытудың заңды жалғасы болып табылады. Бұл реформа нәтиже­сінде сайлаушылар жекелеген үміткер­лерге емес, партиялық бағдарламаларға дауыс беру мүмкіндігіне ие болғаны бел­гілі. Сонымен қатар конституциялық рефор­ма аясындағы басты жаңалықтары­ның бірі Қазақстан халқы Ассамблеясына еліміздің қоғам­дық-саяси өмірінде түрлі этностар­дың өкілдіктерін қамтамасыз ететін ұйым ретінде конституциялық мәртебе берілуі болды. «Қазақстан Парла­менті Жоғарғы Кеңестен екі палаталы кәсіби заңнамалық органға дейінгі күрделі жолдан өтті. Парламентаризмнің қазақ­стан­дық үлгісі өзінің тиімді заң шығарма­шылық қызметі арқылы мемлекеттің эко­номикалық өркен­деуіне, қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтуға, ұлттық келісім мен бейбітшілікті сақтауға қабілетті екенін дәлелдеді», – деді Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин. Тоқтала кететін жайт, екі палаталы кә­сіби Парламент өзінің қызметі бары­сын­да 2132 заң қабылдапты. Яғни орташа есеп­пен алғанда, бір шақырылымда шамамен 500-ге тарта заң жобасы қа­ралған. Ал бүгінгі күні Парламент Елбасы айқындаған «Қазақстан-2050» стратегиясын заңдық тұрғыдан қамтамасыз ету ісіне де бекем кірісіп кеткен. Жиын барысында шетелдік сарапшылар мен саясаткерлер де пікір білдірген болатын. Карин ШТРЕНЦ, Германия Бундестагының депутаты: – Қазақстан туралы әңгіме еткенде осы елдің соңғы жылдары қол жет­кізген жетістіктерін айналып өту мүмкін емес. Қазақстанның мұндай жетістік­теріне тіпті әлемнiң ешбір елінде қол жеткен жоқ десе де болады. Бұл ел қазiр аса қарқынды дамып келедi. Сонымен қатар Қазақстан – халықара­лық қауымдастықтың жауапкершілікті мүшесі, әлемдiк аренада сенiмге ие болған мемлекет. Мұндай деңгейде Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың көреген саясаты арқасында қол жет­кенін де ұмытпауымыз керек. Қазақстан – Орталық Азия өңiрiндегi басым рөл атқаратын, сонымен қатар осы өңірдегі тұрақтылықтың зәкiрi саналатын ел.  Олег САВЧЕНКО, Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты: – Мемлекет өмірінде айрықша орын алатын қазақстандық саяси және конституциялық институттардың қалыптасуына Елбасы Н.Назарбаев айрықша еңбек сіңірді. Жалпы, Н.Назарбаев – өзінің бүкіл саяси карь­ера­сында өзіне тән дара даму даңғылымен жүру құқығын сатылап әрі тиімді жүзеге асырып келе жатқан бүгінгі заманның санаулы мемлекет қайраткерлерінің бірі. Дәл осы жолда мемлекеттік құрылыс формуласы, тиімді экономика мен демократия құндылықтары секілді дүниелер ұлттық келісім, бірлік пен тұрақтылық форму­ласымен біте қайнасып, сәтті даму үстінде деп санаймын. Сафи ИСМАИЛ, Түркия Республикасы парламенті – Ұлы ұлттық жиынының депутаты: – Н.Назарбаевтың озық көшбас­шы­лығының арқасында бүгінде Қазақстан халықаралық аренада маңызды саяси-мәдени рөлге ие. Қа­зақ­­стан түркінің ғана емес, бүкіл әлемнің жарқын жұлдызы боп қалыптасуға сенімді қадамдар жасап жатыр. Ал бұл тұрғыда Елбасы Н.Назарбаев өз елінде ғана емес, бүкіл әлемде бейбітшілік пен келісім болғанын қалайтын көшбасшылыққа тән жетістіктерін көрсетіп, ең алдымен ұлттық тұтастықты қамтамасыз етті және әлдеқайда дамушы Қазақстанды құру үшін мемлекеттік қорларды мобилизациялады. Қазақ мемлекет­тігінің архитекторы Нұрсұлтан Назар­баев – Қазақстанның ғана емес, бүкіл түр­кі әлемінің көшбасшысы және ақса­қалы.

Қанат Қазы

"Алаш айнасы"