Бәрiне көне беретiн халық жемқор билiктiң, пайдакүнем қытайдың тауқыметiн тартады

0
1080

Қазақстан зейнетақы қорлары қауымдастығының төрағасы Айдар ӘЛIБАЕВ «қазақ елi Қытайдан алған қарыздың қауiп-қатерi мен тәуекелдерiн жете түсiнген жоқ, түсiнсе де жеткiлiктi түрде мән бермей отыр» дейдi. Сарапшы бiзге берген сұхбатында Қытай несиелерiнiң бiзге қалайша қамыт кигiзетiнiн жiлiктеп талдап бердi. Сондай-ақ, әңгiме орайы келiп тұрғанда, бiрыңғай зейнетақы қоры мен салымшылардың қаржысы жұмсалатын тетiктердi де сөз еттiк. Жемқорлық, пара беру, ақша жеу мен майлы шелпектi бөлiске салу тыйылмайынша, халық жиған зейнетақы салымдарынан пайда түспейдi, керiсiнше, одан да айырылып қалуымыз ғажап емес. Ал бұлай болмауы үшiн саяси жүйенi тұтас өзгерту керек. Әйтпегенде, триллиондап құйылған ақшаның өзi де жұғын болмай, құмға сiңген судай жоғала бермек.

Аузындағысынан айырылса да үндемейдi
– Бастапқыда бiр­ыңғай ұлт­тық зейнетақы қоры биыл­ғы жыл­­дың ортасында құрылып бiтедi деп мәлiм­дел­се де, кейiн оның мер­зiмi келесi жылдың ортасына дейiн ысырылды. Григорий Марченко Ұлт­тық банк­тiң төра­ғасы болып тұрған кезiнде бұл кешеуiлдеудi кей­бiр қорларға иелiк ететiн iрi банктер мен “Самұрық‑Қазына” қоры арасындағы ке­лiс­пеушi­лiктермен түсiн­дiр­ген едi. Ал күнi кеше ғана Қайрат Ке­лiмбе­тов мұның себе­бiн “активтер трансфе­рiнiң тиiмдi механизмiн жасақтаумен” байланыстырды. Айдар Байдәулетұлы, сiздiң ойыңызша, негiзгi себеп неде?
– Менiңше, Марченко да, Келiм­бетов те келтiр­ген се­бептердiң негiзi бар. Әуелi Марченко айтқан себептен бастасақ. Келiссөздер­дiң өзi жа­бық, ол жайлы нақты ақпарат қолымызда жоқ бол­ғандықтан, әр‑әр жерде айтылып қалатын үзiк‑үзiк әңгiмелерден болжам жасауға мәжбүрмiз. Барлық зейнетақы қорларының иелерiне деген қарым‑қатынас әртүрлi, тең емес. Артында iрi банктер тұр­ған кейбiр зейнетақы қорлары акцио­нер­лерiнiң мүддесi ескерiлiп жатса, шағын қорлардың мүддесi аз еске­рiледi, немесе мүл­дем есепке алынбайды. Шағын қор­лар­ға өтемақы төлене ме, тартып алынып жатқан биз­нестiң орнына өзге кәсiп берiле ме, ол жағын нақты айта алмаймын. Бұған дейiн iрi банктерге зейнетақы қорының орнына акциялар берiледi деген ақпарат тараған. Бұл жөнiн­де келiс­сөздер жүр­гiзiлiп жатыр, бiрақ әзiрге нақты шешiмге келген жоқ. Менiңше, екi жақ әлi де сау­даласып жатыр. Және мұның базардағы саудадан еш айырмасы жоқ. Бiр жақ қымбатқа сатқысы келсе, екiншi тарап арзан­ға сатып алғысы келедi. Про­цестiң немен аяқталатынын болжау қиын.
Ал Келiмбетов айтқан активтер­дiң тиiмдi транс­фе­рiне келсек, активтердi аударуда техникалық мә­селенiң бар екенi рас. 11 зейнетақы қорының стратегиясы, мақ­сат‑мiндетi, бағдарламасы, технология­сы әртүрлi болды ғой. Ендi осыларды бiр қорға бiрiк­тiргенде, қанша нәрсенi үйлестiрiп, реттеу керек­тiгiн ойлай берiңiз. Сондықтан “биылғы жазда бiрiктiрiп бiтемiз” деу миға қонымсыз едi. Тiптi бұған дейiн екi қор бiрiктi­рiл­генде, бұл бiр‑екi жылға созылғанын тәжiрибе көр­сеттi. Бұл – ұзақ, қиын процесс.
– Ал зейнетақы қорларынан айырылған акционерлер не iстейдi?
– Бұл жағы өзiме де қызық. Егер сiз айтып тұрғандай, қорларды тартып алып қойса, мұны рейдерлiк, кәмпеске, ұлттық мен­шiкке алу деуге болады. Бiрақ олай болмайтын шығар. Қанша дегенмен акционерлер мен үкi­мет ортақ мәмiлеге келуi тиiс.
– Үкiмет жекеменшiк зейнетақы қорларымен келiссөз жүргiзiп жатыр, бiрақ халықтан бiрыңғай зейнетақы қо­рына кiрудi қалайсың ба, салымдарды мемлекеттiң қо­лына сенiп тапсырасың ба деп сұраған ешкiм жоқ.
– Өйткенi халықтың өзi үнсiз. Бәрiне көне беретiн халықпен санасудың қажетi не? Жұрт бұған мойынұсынып, бұға берген сайын сұға бередi. Бастапқыда халық бұл идеяға өре түрегелiп, өз мүддесiн қорғайтын шығар деп ойладым. Себебi бұл – елдiң жиған‑терген қаржысы ғой. Халықтың үнсiз қалғанына өзiмнiң де таңым бар.
ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОТАРЛАУ САЯСАТЫ
– Ұлттық банктiң Ұлттық қор активтерiн қалай басқарып отырғанынан халық хабарсыз. Сол тәрiздi зейнетақы салымдарын қалай басқарып, неге бағыттайтынын бiлмей қаламыз ба деген күдiк туындайды.
– Демократиялық емес мемлекеттерде халық көп нәрседен бейхабар. Саяси, маңызды экономикалық шешiмдердiң қабылдану механизмiн бiлмейдi. Мәселен, мұнай‑газ саласында шет­ел­дiк инвесторлармен жасасқан келiсiмшарттарды бiлесiз бе? Ал тау‑кен саласындағы келiсiм­дердi ше? Ұлттық қор активтерi қайда бағытталатынын бiлесiз бе? Бiрiн де бiлмейсiз. Бәсеке­лестiк жоқ саяси жүйе үшiн бұл – қалыпты нәрсе. Әрине, Ұлттық қор қаржысы қайда жатқанын қаузап бiлуге болады. Бiрақ анық-қанығына жеткенде, ондағы шынайы ахуал екi есе нашар екенiне көз жеткiзесiң.
– Неге?
– Мұнайдан түкен табыстың басым бөлiгi шетелге кетедi. Қазақстанға мұнайдан түскен табыстың небәрi 15-20 пайызы ғана бұйырады. Мұнайдан түскен табыс Ұлттық қорға түседi. Мұнайдан түскен пайда елдiң дамуына жұмсалуы тиiс қой. Бiрақ Ұлттық қорда жатқан қаржы АҚШ‑тың қазынашылық мiндеттемелерiне бағытталады. Сөйтiп, өзi де аз табысты ұқсатып ұстаудың орнына АҚШ-тың құнды қағаздарын алып жатырмыз. Яғни, мұнайдан түк пайда түспейдi деген сөз. Көп бөлiгi шетелге кетедi, ал өзiмiзде қалған аздаған бөлiгi АҚШ‑тың қағаздарына бағытталады. Ол өзге елдiң экономикасына жұмыс iстейдi. Бұл – бiр. Екiншiден, ол қағаздардың пайызы да түкке тұрғысыз: асып кетсе 1,5‑2 па­йыз ғана. Үшiншiден, ол қаржыны шетелдiк инвестициялық компаниялар басқарады. Осы компаниялар бұл ақшаны қайда салу керектiгiн нұсқап, кеңес бередi. Сөйтiп, оператор қызметiн атқаратын инвестициялық компаниялар бiздiң ақшаның есебiнен пайда тауып отыр.
Марченко Ұлттық банктiң төрағасы болып тұрған кезiнде, былтырғы жылы “барлық зейнет­ақы қорын бiр қорға бiрiктiрiп, шетелдiк компанияның басқаруы­на берейiк” деген әңгiме шықты. Бұл – ақылға қонымсыз әң­гiме, тiптi отарлау саясатының жаңа түрi. Мұнай мен одан түс­кен табысты қолдан бергенi былай тұрсын, ендi халықтың салымдарын бөтенге ұстатайық дедi. Тiптi Занзибардың өзi азаматтарының зейнетақы салымдарын ешкiмге бермейдi. Қандай да бiр ел халықтың салымдарын шет­елдiң басқаруына өткiзiптi де­гендi еш уақытта естiген емес­пiн. Бұл – ақылынан алжасқандық. Ал бiзде бұл идея кәдiм­гiдей тал­қыланды. Осы бастамаға бiр­ден қарсы шықтым. Қоғам да бұл идеяны қабылдай алмады. Осыдан кейiн бұл идеяны құрдым­ға жiберiп, ұмытқандай болды. Десек те зейнетақы қорлары бiрiктiрiлiп жатыр. Таяу­да Марченко зейнетақы актив­терiнiң 20 пайызын шетелдiң құнды қағаздарына салайық дедi. Демек, әуелгi идея бәрiбiр iске асып жатыр. Бастапқыда жоспарлағандай, бiрден орындалмаса да, бiртiндеп, кезең­-кезеңiмен iске асуда. Бүгiн активтердiң 20 па­йызын алса, ертең тағы 10 пайызын бередi. Сөйтiп, бiр күнi есiңдi жиып жан-жағыңа қарасаң, қалтаңды үп­теп кеткенiн көресiң. Бұл – дамушы мем­ле­кеттердi экономикалық отарлаудың жаңа тетiгi. Әрi бұл тетiк өзiнiң тиiмдiлiгiн дәлелдедi. Шетелдiң экономикалық отарлауына оңайлықпен елдi байлап бере салатын шенеунiктердiң арасында Қазақстанның болашағы, мемлекеттiң мүддесi, ұрпақ қамы туралы ойланатындары аз.
– Ал ендi елде ақша жоқ болса, iшкi қажеттiлiктерге қаржыны қайдан таптық?
– Оның екi жолы бар. Бi­рiншiсi – қылбырауды қыса түсiп, халықтың қаржысын жинап алу. Қазiр билiк осыған кiрiстi. Бiрде көлiк салығы мен жылжымайтын мүлiк салығын өсiремiз десе, ендi бiрде темекi мен арақ‑шарап акцизiн көтеремiз дейдi, бұл аздай, жол ережесiн бұзғандар­ға айыппұлды көбей­темiз дей­дi, тұрғын‑үй коммуналдық шару­ашылықтың ақысын қымбаттатамыз дегенi тағы бар.
Ақша табудың тағы бiр жолы – халықаралық несиелер. Бiрақ Батыс елдерi бұрынғыдай көл-көсiр несие бере салатын кезең артта қалды. Ендi түбiмiздегi көршi – Қытай көп сөзге келмес­тен оп‑оңай қарыз таратып отыр.
Көктемде президент Н.Назарбаев аспанасты елiне сапар жасағанда, тағы 10 миллиард доллар несиеге қол жеткiзiп қайт­ты. Қытайлар бiзге қарызды қуана‑қуана бередi. Өйткенi бұл жерде таза экономикалық пайдадан бөлек, саяси мүдде басым. Қытайлар кез келген салаға қарыз беруге дайын. Дегенмен стратегиялық салаға баса мән бередi. Оның iшiнде шикiзат өндiрушi, энергетика, темiржол тәрiздi маңызды салалар алдыңғы кезекте. Олар келiсiм­шарт жасасқанда есесiн жiбер­мейдi, бәрiн алдын ала келiсiп, кесiп­-пiшiп қояды. Бiз бұл мәмiле, келiсiмшарттардың анық­-­қанығын бiлмеймiз, олар қоғамнан жабық.
Әлемдегi екiншi экономика саналатын Қытай бүкiл әлемдегi активтердi сатып алу үшiн ақшасын аямай жұмсауда. Оңтүстiк Америка мен Африкадан және Азиядан көптеп активтер сатып алған. Мәселен, Латын Америкасындағы Қытайдың инвестициясы 45 миллиард долларға жеткен. Африкадағысы – 40 миллиард доллар. Кiшiгiрiм құрлық – Австралия елiне құйған қаржысы – 15 миллиард доллар. Ресейге 25 миллиард доллар инвестиция сал­ған. Канадаға жұмсаған инвестициясы – 40 миллиард доллар. Қытайға мұның бәрi не үшiн қажет деген заңды сұрақ туындайды. Бiле бiлсеңiз, Қытай халықтың еңбекқорлығы мен дұрыс саясатының арқасында бүкiл әлем елдерiн өз тауарымен толтырып тастаған. АҚШ‑қа тауарын үйiп‑төгiп бердi де, ақысына көк қағазын алды. АҚШ‑тағы баспа станогы көк қағазды күнi‑түнi басып жатқаны белгiлi. Осы ақшаны Қытай негiзiнен екi нәрсеге жұмсайды. Бiр бөлiгiне АҚШ‑тың облигацияларын сатып алады. Қытай мұны саяси жағынан маңызды қадам деп бағалайды. Ал қалған қаржыны әлемдегi елдердiң стратегиялық салаларын сатып алуға бағыттайды. Яғни, АҚШ‑тан алған көк қа­ғазға нақты кен орындарын сатып алып отыр. Олар мыңдаған қашықтықта жатқан Африка мен Латын Америкасына ақша салып жатса, түбiндегi пайдалы қазба мен мұнайға бай көршiсi – Қа­зақстанға қалайша бас сұқпайды? Бiздiң елдiң маңызды нысандарын сатып алу Қытайға түкке тұрмайтыны түсiнiктi. Есесiне, қарыз арқылы бiздiң экономиканы өздерiне байлап отыр.
“ҚАРЫЗЫН АЛЫП, ҚАМЫТЫН КИДIК”
– Қандай жолмен байлап отыр?
– Аспанасты елiнiң бiздi қалай тәуелдi ететiнiн түсiндi­рейiн. Бiзге несие түрiнде берген 10 миллиард доллардың 5 миллиарды Қытайға дейiн созылатын газ құбырын салуға жұмсалады. Жоғары технологиялық жобаға құрал‑жабдық, қондырғы керек. Ал осы жабдықтар бiзде бар ма? Әрине, жоқ! Бiзде жер мен жер астындағы газдан басқа түк жоқ. Материалдар, жабдықтар, тiптi мамандар Қытайдан әкелiнедi. Олар өз жұмысшыларына квота алып бередi, жоғары жалақы белгiлейдi, оның бәрiн келiсiмшартта алдын ала реттеп, кесiп‑пiшiп қояды. Сонда қараңыз, қарыз алған бiз, бiрақ оның қызығын көрiп отырған – Қытай. Себебi газ құбырын салатын қытайларға жалақы төлеймiз, сол елдiң жабдығы мен материалын сатып аламыз. Олар бiзге берген қарыздың есебiнен күн көрiп, құрал‑жабдық шығаратын Қы­тайдағы зауыттарды жұмыспен қамтып отыр.
Газ құбырының құрылысын бастаған екенсiң, қаласаң да, қаламасаң да оның айналасында тұрмыс‑тiршiлiк басталмақ. Әуе­лi материалдарды жеткiзу үшiн жол салынады. Бүгiн жұмысшылар тұрып жатқан вагондар ер­тең елдiмекенге айналады. Дү­кен, базар, басқасы ашылады. Бұл Қытайға тиесiлi болмаса да, қытай тауарларын, өнiм­дерiн сатады. Ертеңгi күнi газ құбыры салынып бiткен соң да оған техникалық қызмет көрсету тоқтамайды. Ал оған техникалық қызмет көрсететiн кiмдер? Бiзде маман тапшы. Оның үстiне қытай жабдықтары мен материалдарына салынғандықтан, оны пайдалануға берiп, қызмет көр­сететiн де – қытай мамандары екенi екiбастан. Яғни, газ құ­быры бiр реттiк пайдаға кенелу­дiң жолы ғана емес, ұзақ мер­зiмге арнал­ған жоба. Қытайлар газ құбыры арқылы елге ұзақ мерзiмге кiредi деген сөз. Газ құбырын пайдалануға беремiз, техникалық қызмет көрсетемiз, жөндей­мiз деген сылтауды жамылған қытайлар қазақ жерiнде ары қарай да өмiр сүре бермек. Әрi олардың саны арта бередi. Алысқа бармай‑ақ Ақтөбе облысын мысалға алайық. Бұл процестер Ақтөбеде әлдеқашан басталып кеткен. Сосын осы қытайларды елден қалай шығарамыз? Әсiре­се, бiздегi жемқорлықты есепке алсақ. Оның үстiне қы­тайлар тұрмысты талғай бер­мейдi. Көпшiлiгi Қытайдың кедей ауылдарынан келген. Бiздiң жұмысшыға тозақтай болып көрiнетiн жұмыс жағдайы қытай үшiн жұмаққа түскенмен тең. Бұған дейiн үш ұйықтаса да түсiне кiрмейтiн жалақы алып жүр. Одан басқа не керек? Әрине, мұндай өмiрден айырылмаудың қамын жейдi. Ертең өзiне тұр­мыс­қа шығуға келiсетiн қазақ қызына үйленедi. Сосын азаматтық алады. Артынша осын­да туыстары қаптайды. Мiне, қарызды пайызбен қайтаратынын былай қойғанда, Қытай экономикалық ықпалын арттырады, бұл саяси ықпалға ұласады. “Зауыт, газ құбырын салып берейiк” деген­нiң салдары экономикалық, саяси тәуелсiздiктен айырылуға дейiн соқтырмақ.
– Қытай экспансиясы туралы мәселе қозғала қалса, билiк лезде ешқандай қауiп­-қатер жоқ екенiн ресми түр­де мәлiмдейдi.
– Ендi одан басқа не айтады? Тиiмсiз келiсiмшарттарға қол қойған өздерi. Сондықтан ақталмай қайтсiн? Оның үстiне осы келiсiмшарттарға қол қойып отырған адамдардың жеке бас мүддесi бар екенiн ұмытпаған жөн. Қытай бюрократиялық аппаратының мыңдаған жылдық тарихы бар. Мемлекет мүддесi үшiн өзге елдiң шенеунiгiн сатып алу, өз дегенiне көндiру iсiнде ғасырлар бойы тәжiрибе жинаған. Жем­қорлық, пара беру, сатып алу тәрiздi қулықты қытайлардан артық ешкiм меңгермеген. Сондықтан бiздегi Мырқымбай да өз пайдасын күйттеп қытаймен келiсiмшартқа қолын сүйкей салады. Ал келiсiмшарттың тиiмдi­лiгiн қағаз жүзiнде негiздеп көрсету қиын шаруа емес. АҚШ, Еуропа, тiптi iргемiздегi Ресей­дiң өзi Қытай келiскен шарттар­ға газ құбырын салып бермей­дi. Сондықтан Қытай ең алдымен өз мүддесiн алдыңғы орынға қойса да, әйтеуiр елiмiзде құрылыс салынып, бой көтерiп жатқанын мойындау керек. Мәселен, Павлодарда бiрiншi реттiк алюминий өндiретiн зауыт салынып жатыр. Жобаны iске асырып жат­қандар – Қазақстанның даму банкi мен Қытайдың Эксимбанкi. Жоба құны – 1 миллиард доллар. Немесе Мойнақ су электр стансасын алайық. Қытайдың мемле­кеттiк даму банкi – жобаға қатысушылардың бiрi. Бейнеу – Бозой – Ақбұлақ газ құбырын “ҚазТранс­Газ” бен Қытайдың Tapline компаниясы салып жатыр. Жоба құны – 319 миллион доллар.
2009-10 жылдары Қытайдың даму банкi мен Қытайдың экспорттық‑импорттық даму банкi дамушы елдердiң үкiметi мен мемлекеттiк компанияларына 110 миллиард доллар несие беремiз деген мәмiлеге келдi. Ал бұл – екi банк қана берген несие. Ендi Қытайдың әлемге қандай экспансия жүргiзiп жатқанын елестете берiңiз. Бұл – Бүкiләлемдiк банктiң әлем елдерiне жұмсап жатқан сомасынан да көп. Мұны iске асырғанда да, қытайлар үн‑түнсiз, артық айғай‑шусыз, кеудесiн қақпай, бос мақтанға берiлмей ың‑шыңсыз жасап жатыр. Ең қызығы, келiсiмшарт жасасқанда көп саудаласпайды, несие пайызын төмендет десе, кемiтедi. Себебi бәрiбiр пайдаға кенелетiнiн бiледi. Бiр қарағанда, несие арзан болып көрiне­дi. Бiрақ келiсiмшарттан ұтылмайды. “Мәселен, құбырды қайдан аламыз? – дейдi. – Сiздерде жоқ қой, олай болса Қытайдан әкелемiз”. Сөйтiп, Қытай зауыттарын жұмыспен қамтып, тапсырыс бередi. Экскаватор, трактор, техниканың бәрi солардiкi. Осындай жанама жолдар арқылы халқын жұмыс орынмен, салықпен, қосымша өнiммен қамтиды. Бұл – бiр. Екiншiден, елге экспансия жүргiзедi. Қытайда осындай шешiм қабылдап, саясатын жүргiзетiн арнайы зерттеу институттары бар. Ал бiзде болса, маңызды шешiмдi бiр‑екi адам, я болмаса мұнай компанияларының бiлiм‑бiлiгi төмен жетекшi­лерi қабылдайды. Қытайлар пайда қумайды, бiрақ елдiң мүд­десiн алдыңғы орынға қояды. Бiздiң елiмiздегi 500-ден астам заңды тұлғаның акционерлiк үлесiнде қытай капиталы бар. Яғни, қытайлар барлық салаға дендеп енiп жатыр деген сөз.
Кен орындарына иелiк еткендер әке‑көкелерi арқылы осыдан 10-15 жыл бұрын кен орнын сат­қанға малданып мәз. “Бiр миллионға саттық, ал ол жақта кен болмауы да мүмкiн, болса да аз шығар” деп бөркiн аспанға атып қуанады. Бiрақ олар бәрiбiр қытайлардың ұтқанын түсiнбей­дi. Қытай ол жақта пайдалы қазба болмай қалса да келiсiм­шарттан ұтылдық деп есепте­мейдi. Бiрiн­шiден, осындай жолмен шетел­дiң жерiне кiрiп алды. Екiншiден, сол пайдалы қазбаны iздеймiз деген желеумен қанша қытайды, техниканы әкелдi. Ендi ол жақтан кете қоюы неғайбыл. Аумақты игеру деген осы. Ең қауiптiсi де – сол. Мұны бiле тұра, жете мән бермеймiз, жеңiл‑желпi қараймыз.
– Қазақ ұлт патриоттары Ресеймен интеграцияға қар­сы шығып, мұның тәуел­сiздiкке қауiп төндiретiнiн айтып жүр. Сiз айтқандай, Қы­тай экспансиясы қауiптi болса, неге бұл мәселенi кө­термейдi?
– Кедендiк одақ көзге күйiк болып бiттi. Онда барлық позициялар бойынша ұтылатынымызды президенттiң өзi Минскiде мойындады. Салыстырар болсақ, Қазақстанның сатып алатын және сататын тауар айырмасы Ресейден бес есе аз, ал Беларусьтен он екi есе кем. Экономикалық тиiмсiздiгiне көз жұма қараса, саяси мүддеге тiкелей қауiп төнгендiктен ұлт патриоттары өре түрегеледi. Қытаймен арада ондай нәрсе жоқ қой. Се­бебi аспанасты елi қулық, сұм­дық, ақыл‑айлаға салып, жасырын түрде қимылдайды. Онымен салыстырғанда әлдеқайда дө­рекi қимылдайтын Ресейдiң әре­кетi терiс реакция тудыратыны заңды. Ал Қытай сақ қимылдайды, жылы‑жұмсақ қабақ танытады, қолтығына қалай кiргiзiп алғаныңды байқамай қаласың. Алайда бұл ретте Қы­тай әрекетi өздерi үшiн Ресей­дiкiнен анағұрлым тиiмдi.
“ПАЙДАДАН БҰРЫН ЖИҒАН АҚШАДАН АЙЫРЫЛЫП ЖҮРМЕСЕК”
– Қайрат Келiмбетовтiң жақында жасаған мәлiм­демесiне тоқталсақ. Ұлттық банк төрағасы зейнетақы активтерi бiрiншi кезекте ел iшiндегi инфрақұрылымдық жобаларға бағытталатынын айтты. Бiрақ әу бастан‑ақ жинақтаушы зейнетақы жүйесi құрылған 1998 жылдың өзiн­де активтер осындай жобаларға жұмсалады деген мақсат қойылды емес пе. Десек те бұл орындалмаған күйi қалды. Ендi осы мiндет жаңадан құрылатын қорда орындалады дегенге кепiл­дiк бар ма?
– Активтер инфрақұрылымдық жобаларға бағытталсын деген бастаманы қос қолмен қолдайтынымды бiлесiз. Қор порт­фелiнiң жартысы мемлекеттiк құнды қағаздарға, я болмаса шетелдiң құнды қағаздарына жұмсалуына қарсымын. Әрине, активтердi онда бағыттауға болады, бiрақ аздаған бөлiгiн ғана, онда да портфельдi әртараптандыру үшiн. Жинақтаушы зейнетақы жүйесiнiң оң тұсы – салымдар нақты секторға – зауыт, фабрика салуға жұмсалуы керек. Келiмбетовтiң мұны түсiн­генi жақсы. Бiрақ ертеңгi күнi оның сөзi iске аса ма, ол жағын дөп басып айта алмаймын.
Инфрақұрылымдық жобаларды iске асыруда тәуекелдер өте көп. Бұл – ең алдымен жемқорлық. Мәселен, зауыт салынады десек, ол iске асырылатын әр кезеңде жемқорлыққа тап болады. Жоба, жер таңдау, жер бө­лу, мердiгерлердi таңдау тен­дерiнде пара беру мен жемқорлықтан қашып құтылмайды. Сатып алу кезеңiнде шенеунiктер бармақ басты, көз қыстыға салып, майлы шелпектi бөлiске салады. Атырауда көпiр құлағаны, Бесобада үйдiң күл‑талқаны шыққаны сондықтан. Мұның бәрi пара беру, жемқорлық пен ақша жеудiң кесiрi.
Ал ендi Келiмбетов айтқан идеяға бүкiл азаматтардың зейнетақы салымдары жұмсалмақ. Жобадан табыс тауып, салымшылардың шотына теңдей бөлiп салудан бұрын осы ақшадан айы­рылып қалмасақ дейiк. Сол себептi жобаны iске асыруда қатаң тәртiп пен заң жұмыс iстеуi керек. Мiне, бұдан бұрын­ғы сұхбаттарда айтылған идея­ға қайтып оралдық. Заң жұмыс iстемей, дұрыс сот жүйесi орнамайынша, прокуратура жұмысы жолға қойылмайынша, денi дұрыс парламент келмейiнше, бұл бассыздық жалғаса бередi. Мұның бәрi жұмыс iстеуi үшiн бәсекеге қабiлеттi саяси жүйе керек. Ал мұндай саяси жүйе болуы үшiн үлкен саяси өзге­рiстер жасалуы тиiс. Әйтпегенде, триллиондар әкелсең де – жұғын болмайды, қыруар қаржы құмға сiңген судай жоғалады.
ТҮК БIТIРМЕГЕН МИНИСТРЛЕР
– Соңғы уақытта үкiмет бюджет қаржысы дұрыс игерiлме­гендiктен, индус­триалды-инновациялық жобалар iске аспайжатқандықтан, президенттен сын естiдi. Артынша премьер-министр кейбiр үкiмет мүше­лерiне сөгiс жариялады. Мұның бәрiнеге ендi ғана қолға алынып жатыр? Сонда бұған дейiнгi жағдай дұрыс болды да, кем-кетiктер ендi көрiне бастады ма?
– Көп ақпарат бiзге қолже­тiмсiз. Елдiң басшылығы ахуалды бiзден гөрi жақсы бiлетiн шығар. Соған қарағанда, мемлекет басындағы адамдардың өзi ахуалдың асқынғанына көзi жетiп, шыдамы таусылды, өз­дерi де үндемей отыра алмайтын халге жеттi. Жоғарыда айтылған жайттар мен үкiметтiң сынға ұшырауы бiздегi ахуалдың қатты асқынғанын, жетер шегiне жет­кенiн айғақтайды. Салақтық пен салғырттық кесiрiнен экономика ауыр халге тап болды. Ал бiздiң министрлерге келсек, көпiрме, лепiр­ме сөзден басқа ешқандай iс бiтiрген жоқ. Мысалға Е.Досаев пен Ә.Исекешевтi алсақ та жеткiлiктi. Бюджет қаржысы игерiлмейдi, ештеңе салынбайды, жаңадан пайдалануға берiл­ген жолдың бiр жылдан кейiн тоз-тозы шығады. Президенттiң де, премьердiң де ашуланып жүргенi содан. Бұдан жазықсыз вице‑министрлер таяқ жедi. Бiрақ бұл жерде министрлердiң орынбасарларын ғана емес, бүкiл үкiметтi ауыстыру керек. Ең алдымен саяси жүйенi модернизациялаудан бастаған жөн.
– Қаржы министрлiгiне жаңа басшы болып келген Бақыт Сұлтановтың қарым-қабiлетiн қалай бағалайсыз?
– Ешқалай бағаламаймын. Үкiметтегi жiгiттердiң бәрiнiң түр‑әлпетi жақсы, дипломдары бар, қызыл сөзге бай. Бiрақ одан не пайда?
– Ал Аймақтық даму ми­нис­трлiгiне кеткен Жәмiшев шаруаны атқара ала ма?
– Жоқ, атқара алмайды. Оның бiтiм-болмысы, менталитетi, жан дүниесi – есепшiнiкi. Есепшiнi аймақтық даму министрлiгiне жiбергенi ақылға қонымсыз. Аймақтық даму – iрi басқарушының, шаруақордың атқаратын iсi. Жәмiшевтi онда апарып қойғаннан бiр ғана нәтиже шығады. Ол – абырой-беделiнен айырылады.
Екiншiден, Аймақтық даму министрлiгiнiң түкке қажетi жоқ. Өңiрлерде президент белгiлеген басшы бар. Ол аймақтың дамуы­на жауап бередi, оған тетiктерi де жеткiлiктi. Оның аты – әкiм. Ал мына министрлiктiң басы артық, қолдан жасалған. Әрi-берiден соң бұл жерде мүдделер тартысы тууы мүмкiн. Облыс­ты 10-15 жыл бойы басқарған әкiмдер бар. Қолына калькулятор ұстаған Жәмiшев оларға қалай билiк жүргiзбек? Оның бұйрығы орындалмайды.
– Бәлкiм, Жәмiшевтi аймақтардағы бюджет игерiл­мегендiктен осы орынға жi­берген болар?
– Ол оған қалай септiгiн тигiзбек? Бюджет ұрлық-қарлық, жемқорлық, кәсiби бiлiктiң тө­мендiгiнен игерiлмейдi. Бiлдей бiр облысты Абай ұлттық педагогикалық университетi тарих факультетiнiң түлегi басқарса, бюджет қалай игерiлмек? Ол шегенi бұрандадан ажырата алмайды ғой.
Расын айтқанда, Жәмiшевке жаным ашиды. Бұл есепшiнi соғыс алаңына жiбергенмен тең. Бұл бiзде мақсатты түрде, жете ойластырылған дұрыс кадрлық саясаттың жоқтығын көрсетедi.
– Иә, мәселен, бұған дейiн денсаулық сақтау минис­трлiгiн басқарған Ерболат Досаев бiрнеше жылдан кейiн Экономика және бю­джеттi жоспарлау министрi болып шыға келдi. Ақпарат және байланыс министрi болған Асқар Жұмағалиев ендi Көлiк және коммуникация министрлiгiн басқарып отыр. Банк жүйесiнде өмiрi жұмыс iстеп көрмеген Қайрат Келiм­бетов Ұлттық банкке барды.
– Иә, ондай мысалдар көп.
– Әңгiмеңiзге көп рахмет!
Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.
«Жас Алаш» газеті

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз