Путин «жаман үйдің қонағы билейтінін» айтып жүр

3
1245

Биылғы жылдың қыркүйек айында көрші мемлекет Ресейдің Новгород облысында «Валдай» атты халықаралық пікірсайыс клубының он жылдығына арналған мерейтойлық мәжіліс болып өтті. Бұл клубтың осылай аталуы Великий Новгород қаласының жанындағы Валдай көлімен тікелей байланысты. Ресей тарихшыларының пікірінше, нақ осы жерде Ресей мемлекеттілігінің негізі қаланған екен. Клуб 2004 жылдың қыркүйегінде «РИА Новости» агенттігі, сыртқы және қорғаныс саясаты жөніндегі Кеңес («СВОП»), «The Moscow Times» газеті, «Россия в глобальной политике» және «Russia Profile» журналдарының бастамашылдығымен құрылды. Бүгінде ол ресейлік және халықаралық интеллектуалдық және саяси элитаның бас қосатын ерекше бір пікірсайыс алаңына айналып отыр. Клуб мәртебесінің жоғары болуының бір себебі оған әр жыл сайын Ресей Президентінің өзі дәстүрлі түрде қатысады.

Мемлекетті құрту үшін құндылықтарын өзгерту керек

Үстіміздегі жылдың 16-19 қыркүйек аралығында өткен мерейтойлық мәжіліске де Ресей Президенті Владимир Путин қатысып сөз сөйледі. «Қазіргі әлем үшін Ресейдің әр алуандығы» тақырыбы аясында өткен пікірталас барысындағы Путиннің сөзі тыңдаушыларға күшті әсер етті. Кейбір шетелдік саясаттанушылар Путиннің бұл сөзін тіпті тарихқа қалады деп бағалауда. Сонымен, клуб мәжілісінде Ресей Президенті не айтты?
В.Путин өз сөзінде бұрындары талқыланатын аясы тар тақырыптар шеңберінен шығып мемлекет пен ұлтқа қатысты іргелі мәселелерді қозғады. Ресейдің ХХІ ғасырдағы болашақ стратегиясы, ел дамуындағы негізгі ұстанар құндылықтар қандай болу керектігі, ашық әрі өткір түрде ұлттық сәйкестілік проблемасы сөз болды. Жаһандану үрдісі Ресейге қалай әсер етеді? Мынау толқыған дүниеде оны қалай сақтаймыз? Әлемнің барлық халықтарының алдында тұрған бұл мәселені ресейліктер қалай шешу керек? Путин міне, осы сауалдардың жауабына тоқталды. Даму бағытын анықтайтын басты құндылықтарды анықтап алмаса, кез келген ұлттың дағдарысқа ұшырайтыны, рухани-моральдық жағынан құлдырайтыны белгілі болды. Ресей Президентінің сөзіндегі негізгі лейтмотив: Ресейге ұлттық мәселе тұрғысында өзін-өзі айқындау қажет! Жаһандық бәсекелестік жағдайында сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін мемлекет рухани, мәдени және ұлттық тұрғыда өзін-өзі нақты анықтамай ілгері жүре алмайды. Путин өз сөзінде 1917 жылға дейінгі Ресейді дәріптеуші, түп негізділік консерватизмді ұстанушылар мен батыстық ультралиберализмді жақтаушылар позициясын сынай отыра, олардың бүгінгі шынайы болмыстан ауылдары алыс екендігіне назар аудартты. Бүгінгі таңдағы бәсекелестіктің негізгі бағыттары экономикалық-технологиялық фактормен қатар идеялық-ақпараттық тараптан туындап отыр. Расында да мемлекетті шайқалту үшін оны мекендейтін халықтың санасын, құндылықтарын өзгертсе жетіп жатыр екен. Дәстүр мен тарихтан ажырау кез келген халыққа қауіпті құбылыс. Ал Ресей мемлекеті ХХ ғасырда екі рет өз мемлекеттілігін ыдыратып алды. Ол орыс санасы мен сәйкестілігі үшін үлкен соққы болды. Алып империялардың ыдырауы тарихи заңдылық десек те, қармағындағы елдер мен жерлерден айырылу ешкімге оңай соқпайтыны анық. Тіпті қазақтар өзімізде отар болғанға дейін 4,2 млн.шаршы км. аумақты алып жатқан Қазақ даласының бүгінде 2,7 млн.шаршы км.-ге дейін сығылып қысқарғанын өкінішпен еске аламыз. Қазақтар тек бір ХХ ғасырдың барысында қаншама ата-баба қонысынан, құнарлы жерлерінен айырылып қалып отыр! Ағылшын және неміс тілді ғылыми әдебиеттерде (ағыл. rump state, нем. Reststaat, Rumpfstaat) «кесінді-мемлекет» деген термин қолданады. Бұл тұрғыда Қазақстан «рамп стэйт», яғни кесінді-мемлекетпіз. Біздің ғалымдар болса «ирредент» сөзін, грекше – «қайта бірікпеген» деген терминді қолданғанды тәуір көреді. Ирреденттер – соғыс не аннекция, даулы шекара сызықтары немесе отарлау саясаты нәтижесінде қайта бірікпей өз елінің шегінен тыс, тарихи автохтонды ұлттың шекаралас өлкелерде қалып қойған бөлшектері болып табылады. Өз ата-бабасының мұраға қалдырған жерінде отырған қазақтарды ирредентер деуге болады. Ғалымдар ирредент қазақтарға Ресейдің Астрахан, Орынбор, Қорған, Омбы, Таулы-Алтай автономды облыстарын, Қытайдағы Алтай, Тарбағатай, Іле, Құлжа, Еренқабырға, Баркөл-Құмыла, Моңғолиядағы Баян-Өлгий аймақтары, Өзбекстандағы Сырдария, Шыршық, Қызылқұм мен Мырзашөлді мекен ететін қазақтарды жатқызып жүр.

Қоғамды құрудың дайын үлгісі компьютерлік бағдарлама емес

Владимир Путиннің «Валдай» форумындағы сөзін саяси оппонеттері жаңа курсқа бетбұруды, оны өзгертуді саяси және идеологиялық тұрғыда негіздеу деп бағалауда. Ресей Президенті сөзінің кей жерінен түпнұсқада үзінді келтіріп кетейік : «Нужно быть сильным в военном, технологическом, экономическом отношении, но все-таки главное, что будет определять успех, – это качество людей, качество общества интеллектуальное, духовное, моральное. Ведь, в конце концов, и экономический рост, и благосостояние, и геополитическое влияние – это производные от состояния самого общества, от того, насколько граждане той или иной страны чувствуют себя единым народом, насколько ониукоренены в этой своей истории, в ценностях и в традициях, объединяют ли их общие цели и ответственность. В этом смысле вопрос обретения и укрепления национальной идентичности действительно носит для России фундаментальный характер».
Путин ХХ ғ. 90-жылдары жіберліген қателіктерден сабақ алу керектігіне мән береді. Бізде жаңа ұлттық идеология, даму идеологиясы өздігінен туындайды деген жаңсақ түсінік, иллюзия болды дейді ол . Мемлекет, билік, интеллектуалды және саяси класс өз еркімен бұл істен сырт қалды. Идеологиялық жұмыстан бас тарту мен шеттелу, оны өз бетімен жіберудің салдары ауыр болды. Ұлттық біртектестілікке, сәйкестілікке негізделген ұлттық идеяның жоқтығы капиталды ұрлап шетке шығарғанды жөн көретін, өз тағдырын, болашағын капитал тапқан елімен байланыстырғы келмейтін элитаның бір бөлігіне (квазиколониалды азғантай топ) пайдалы болып шықты.
Практика көрсеткендей, жаңа ұлттық идея нарық заңы ережесіне сай өз бетінше туындамайды әрі дамымайды. Қоғамның, мемлекеттің идеологиялық жұмыстан бойын аулақ ұстап сырт қалуы және бөгде тәжірибені механикалық түрде көшіруі қате болып шықты. Ресейді сырттан танып өркениетті елге айналдыру талпыныстарын халықтың басым бөлігі қабылдамады. Өйткені, рухани, идеологиялық суверенитеттікке, сыртқы саясаттағы дербестікке ұмтылу – орыс ұлттық мінезінің ажырамас бір бөлігі. Владимир Путин, «өмірді құрудың дайын үлгісін компьютерлік бағдарлама сияқты басқа мемлекетке орната салудың уақыты өтті» деді.

Мультикультурализм. Бұл – утопия

Ресей Президенті патриотизм мәселесіне де тоқталып өтті: «Суверенитет, самостоятельность, целостность России – безусловны. Это те «красные линии», за которые нельзя никому заходить. При всей разнице наших взглядов, дискуссия об идентичности, о национальном будущем невозможна без патриотизма всех ее участников. Патриотизма, конечно, в самом чистом значении этого слова. Слишком часто в национальной истории вместо оппозиции власти мы сталкиваемся с оппозицией самой России». Рас, билікпен күресудің мемлекетпен күресуге айналмауы маңызды, саяси жүйені қиратамыз деп мемлекетті құртып алмауды ойлау – кез келген оппозицияның кемелділігін көрсетеді.
Путин өз сөзінде тағы бір принципті мәселеге назар аудартты. Ол мультикультурализм идеологиясының, моделінің Еуропа елдерінде сәтсіздікке ұшырағанына тоқталды. Мультикультурализм – бұл жеке бір мемлекетте мәдени айырмашылықтарды сақтау мен дамытуға бағытталған саясат. Алғаш рет «мультикультурализм» ұғымы 1957 жылы Швейцарияның жүргізген саясатын сипаттау үшін қолданылды. Ал ғылыми-саяси айналымға бұл термин 1971 жылы Канада үкіметінің премьер-министрі Пьера Э. Трюдо мультикультурализм туралы ресми акт қабылдауымен байланысты енді. Бұл саясаттың басты мақсаты басқа елдерден қоныс аударып келген иммигранттардың ұлттық ерекшеліктерін сақтауы, жергілікті автохтон халықтан тілдік, мәдени, діни бөлектенуі мен оқшаулануын қолдау. Әр түрлі мәдениеттер бірікпей-ақ параллель түрде тіршілік етеді. Алайда бұл практика мәдени сеграгацияға әкеледі және жергілікті халықтың ұлттық-мәдени сәйкестілігіне қатер төндіретінін көрсетті. Мультикультурализм идеологиясы сипаты жағынан әр түрлі мәдениеттердің еш жанжал, қақтығыссыз қатар өмір сүре береді деген утопиялық түсінікке негізделеді. Мультикультурализм саясатының міндетті бір белгісі (атрибуты) байырғы халық арасында толеранттылық пен тензофобияны тегеуірінді әрі үздіксіз насихаттау. Бұл жерде тензофобия (лат. tendo, «тарту», «созу», «сүйреу», «күресу» + грекше «фобия»-үрейлену) деп жеке немесе топтық қатынаста қақтығыс пен шиеленістен қорқу, одан кез келген тәсілмен қашуды айтады. Тензофобия капитулянттікке (қиыншылықтан, күрделі мәселелерді шешуден қашатын су жүректілікке) әкеледі, қақтығыс болмасын деп өз мүддесінен бас тарту, жол берушілік пен үркектік мінез қалыптастырады. Тензофоб егер мәселені көтеремей немесе атын атап, түсін түстемесек, онда проблема жоқ деп санайды. Ақиқат шындыққа тура қараудан қорқады. Қылығы құмға басын тыққан түйеқұсқа ұқсайды. Тензофобия асқынған кезде ксеномания мен кириофобия синдромдарына айналады. Ксеномания (грекше- «бөгде» и мания- «құмарлық») – басқаныкіне көзсіз табыну, өзгенікіне шамадан тыс ұмтылу. Біреудің қаңсығын керемет көру әдетін айтады. Ал кириофобия (грекше кириос – «мырза», «ие, қожа», «қожайын» және фобос – «қорқыныш») – қонақтардың қожайындарға дұшпандық қатынасы. Үй егесіне, яғни қожайындарға үнемі талап қою, өз құқықтарын баса көрсетіп, ал міндеттері мен жауапкершіліктерін мойындамаудан көрінеді. Кирофобия деп қожайындардың заңдары мен әдет-ғұрыптарын көрінеу сыйламаушылық, қыр көрсетіп құрметтемеуден және қожайынға қонақ алдында жалған кінәлілік сезімін таңудан тұратын іс-әрекетті айтады. Қазақ мұндайды «жаман үйді қонағы билейді» деген мақалмен түйіндеген. Еуропада мультикультурализм – тығырыққа апаратын жол деп саналуда. Мемлекетте негізігі бір үстем мәдениет болуы тиіс, қалғандары мүмкіндігінше соның маңайында шоғырлануы керектін ұғыну орын алуда.
Ресей президенті евроатланттық елдердің өз түп-тамырларынан бас тарту жолына түскенін қынжыла айтады. Нәтижесінде кез келген дәстүрлі біртектестілік, сәйкестілік жоққа шығарылады: ұлттық, мәдени, діни және тіпті жыныстық. Бір жынысты некеге рұқсат беру Еуропаны демографиялық және адамгершілік тұрғысынан дағдарысқа әкелді. Әлемдік діндерде негізі қаланған құндылықтардан, мыңжылдықтар бойы қалыптасқан мораль нормалары мен имандылықтан, адамгершіліктен бас тарту салдарынан адамдар адами қадір-қасиетінен айырылады. Сондықтан бұл құндылықтар сақталынуы тиіс. Кез келген азшылықтың өзгеше болу құқығын құрметтеуге тиіспіз, алайда көпшіліктің де құқығы барын ұмытпауымыз керек.

Ресейдің зиялы қауымына, әсіресе, Путиннің орыс мәдениеті мен әдебиетінің рөлін қалпына келтіру жайында айтқаны айырықша ұнаған сияқты. Отанын сүйетін тұлғаны тәрбиелеу міндетін осылардан артық еш нәрсе орындаған емес. Ұлттық идеяны ұғынудың негізі, төл тумалықтың қайнар көзі ана тіліндегі көркем шығармаларда жатқанын қазақ зиялылары да үнемі айтып келе жатыр. Алайда өздерін уақытша биліктеміз деп есептейтін еліміздің басқарушы табы оған құлақ түре қоймады. Ал ел алдына енді шыға бастаған басқарушы жаңа корпустың ұлттың төл мәдениеті мен әдебиетінен қаншалықты хабардарлығы белгісіз. Ресейдегі сияқты қақ жарылу бізге де тән дүние. Жазушыларымыз «жармақ тұлға» феноменін бекер суреттеп жүрген жоқ қой. Ұлттың негізгі құндылықтары мен саяси курстың сәйкес келуі бізде мүлде мүмкін емес сияқты көрінеді. Өйткені, «қазақтық» түсінігі элита санасында артта қалушылық пен өрлеудің тежегіші сияқты қабылдануда. Бұл алшақтықты жақындату үшін мемлекеттің кадр таңдау мен іріктеу саясатын күрт өзгерту қажет. Нағыз ұлттық бағыттағы элита қалыптастыру бағдарламасын жасау керек. Біз әзірге ұлттық тамырдан ажыраған технократтар даярлауды дұрыс көріп отырмыз. Қоғамның барлық салаларында ойланушылардан көрі орындаушыларды тәуір көретініміз еш құпия емес қой. Әсіресе, біздің шенеуніктердің қазақ ұлтына қарсы бағытталған бұйрықтар мен тапсырмаларды еш күдіксіз бас шұлғи орындауы салдарының зардабын тартып жүрміз. Бір сәт оларда ойланып көру деген жоқ қой. Бұл не, аңғалдық пен сенгіштік пе әлде мұрын астыдағыдан арыны көрмейтін келте ойлаушылық па? Әлде параның құдіреті ме? Кейде осындай антиқазақтық шешімнің артында белгілі бір күштердің бар екенін білсек те, оған қарсы тұруға талпынбайтын құлдық мінезімізге де қайран қаламын. Қазақтың мүддесін жеке мүддемізге жығып бере саламыз. Ұлтқа тиер зардабына мән беріп жатпаймыз. Талай жерде қазақ мүддесі аяққа тапталып жатыр. Ең өкініштісі, оны өзге емес, өзіміз жасайтынымызды айтсайшы?! Виктимология ілімі бойынша қазақтар өзін құрбандыққа шалуға даяр ұлт тәрізді ұстайды екен. Не экономикамызды, не қазба байлықтарымызды, не ұлтшыл-патриот тұлғаларымызды, не тіліміз бен мәдениетімізді қорғай алмауымыз соның көрністері болып табылады.
Орыс журналистері Путиннің «Валдайдағы» сөзін медиа құралдары мен стратегиялық құжаттарды әзірлеуге қолдары жетпейтін көпшілік қауымның ойындағысын білдірген орыс үні деп бағалауда. Міне, ақыры, орыс дауысы мемлекет басшысының аузынан шықты деп ризашылықтарын білдіруде. Ал сарапшылар, аналитиктер тобы болса шынайы қоғам сұранысы мен талабынан үмітсіз артта қалып қойды делінуде. Көпшілік үшін Президенттің сөзі экспертократтарға қарағанда анағұрлым жақын әрі түсінікті болып шықты. Сонымен, Ресей үшін ұлттық мәселені тура айтатын уақыт келіпті, ал біз –қазақтар қашаңғы жабуды жаба тоқып жүре береміз?..

Abai.kz

3 ПІКІРЛЕР

  1. Ұлтын сүйетін, сол үшін жанын беруге даяр басшыларды қайдан табамыз, ағайын! Қазақ ішінде ондай тұлға, саяси қайраткер бар ма? Бар болса аты-жөнін айтыңдаршы, тура жолында өлейін…Әйтпесе, сеніп жүрген адамдарымыз астыртын билікпен ауыз жаласып қазағын сатып кетіп жүр…

  2. өиткені қазақ қәзір ең қарқақ халыққа аиналып баратр байлығнда өз мүддесін бересалатн жалтақ ұлтқа аиналған

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз