Шарасыз басшы, жауапсыз қосшы...

bilik annimachia

Жақында ел Президенті Оралға келді...

Қаланың ашық-шашық жатқан орталық көшесі Елбасының келуіне бір күн қалғанда асығыс жөнделді. Нөсерлеткен жауынның астында мемлекет басшысының келуіне бірнеше сағат қалса да, түні бойы жолдарға асфальт төселді. Елбасы пәтерлерінің кілттерін тапсыру жоспарланған жастарға берілетін жаңа үйдің ауласы тез абаттандырылып, гүлдер отырғызылып, асфальт айнадай жуылып-тазаланды... Бірақ, біраз нәрсе ойдағыдай болмай шықты... Жайық шенеуніктері үш мәселеде оңбай сүрініп, омақаса құлады... Біріншіден, аймақтағы шағын және орта бизнестің жағдайы мәз емес екен. Бұл бағдарламаларды халық білмейді, тұрғындарға түсіндірілмеген... Екіншіден, облыстағы көлік жолдарының сапасы өте нашар, ешқандай сын көтермейді. Үшіншіден,  «Еңбекпен қамту-2020» бағдарламасын облыстың 6 бірдей ауданы қолдамай қойған... Осы мәселе бойынша Президенттің сауалдарына облыс басшысының орынбасары Мұрат Кәрімовтің берген жауаптары көлемді саяси фельетонға да, қалың жұрт күнде айтатын өткір анекдотқа да азық болды... Мұрат Кәрімов: – Нақты цифрасын білмеймін, Нұрлан Асқарұлы, кім-м, Нұрсұлтан Әбішұлы... Президент: – Енді сен нақты цифрын білмейсің, осы жұмысқа жауап бересің, білмейсің қанша екенін, сен қалай жұмыс жасап жүрсің? "Занятость" деген бағдарламаға қанша адамды оқыттыңдар? Мұрат Кәрімов: – "Занятость" бойынша біздер, ым-м-м, Нұрсұлтан Әбішұлы, 4 мың 400-дей миллиард адам... кешірерсіз... 1000-1500 адамдай оқыды. Президент: – Сен "дей", "дай" дегенді қой, нақты айт білетін болсаң. Дәл осы жұмысты басқарып отырсың, қалай сен білмейсің? Сағат екіде оятқан кезде сарт еткізіп айтып тастауың керек, егер де жақсылап жұмыс істейтін болсаң. Слушай, менің нағыз берген тапсырмамды сендер орындамайсыңдар, қалай ол? Білмейсіңдер. Негізгі, ең бірінші – бағаның өсімі, екінші – халыққа жұмыс беру. Басқа шаруаларың жоқ. Қанша екенін білмейсіңдер, санын... Сөйтіп, Батыс Қазақстан облысына жасаған сапарында Елбасы әкім-қараларға кәрін төккен болды, тіпті, жұмыссыздар санын "миллардқа" жеткізген шенеунік, яғни, облыс әкімінің орынбасары өз жұмысына Елбасынан "2" деген ең төменгі баға алды, шарасыз басшы "шулады", жауапсыз қосшы "тулады", нәтижесінде, ештеңе өзгерген жоқ: "Қой да аман, қасқыр да тоқ"... Кімнің ұтқаны белгісіз... Ал, ұтылған – тағы да халық... Қажымұқан ҒАБДОЛЛА