Қажылық сапарын жасыру керек пе?

nan_kajylyk29 қазан күнi YouTube сайтында “Нұрсұлтан Назарбаев қажылық кезiнде мiнәжат еттi, 2013 жыл” деп аталатын видео пайда болды. Онда Қазақстан президентiне ұқсайтын адам қарулы жасақтың ортасында Қағбаны айналып жүр. Бейнежазбаны жария еткен SunnaPress.com сайты бұл видеоның биыл түсiрiлгенiн мәлiмдедi. Өйткенi Назарбаевқа ұқсайтын адам мен қарулы жасақтың артындағы темiр қоршау биылғы жылы ғана салыныпты. SunnaPress.com сайтының жазуынша, Қазақстан президентiнiң қажылықта жүргенiн бiрнеше адам көрген және “президенттiң төңiрегiндегi адамдар” мұны растаған.
 Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Меккеге сапары жө­нiнде Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары ештеңе айт­пады. Есесiне, түрiктiң TRT телеарнасы 16 қазанда былай деп ақпарат таратты: “Президент Абдолла Гүл Меккеге барды. Ол қасиеттi жерге Сауд Ара­бия­­сының королi Абдолла ибн Әбдел Әзиз әл Сауданың шақыртуымен барды. Гүл Пакистанның президентi Мамұн Құсейiнмен кездестi.
Сондай-ақ, Гүл Меккеге қа­жылыққа барған Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назар­баевпен және Иорданияның премьер-министрi Абдолла Енсұрмен жүздестi”.
Президент Н.Назарбаевтың Меккеге қажылыққа барғаны анық. Мұны Түркияның телеарнасы растады. Ендеше, отандық БАҚ неге үнсiз? Әлде “бұл сапар жө­нiнде жақ ашпайсыңдар” деген тапсырма түстi ме? Егер сондай тапсырма түссе, не үшiн? Қажылыққа бару қашаннан берi құпия едi?
Қазақстан прези­дентi ешкiмнен жасырынбай-ақ бұған де­йiн де барған Меккеге. Бұл туралы түсi­рiлген деректi фильм де бар. Фильм ресми телеарналардан бiр­неше мәр­те көр­се­тiлген. Мемлекет бас­­­шысы Сауд Арабиясына алғаш рет ресми сапармен бар­ғанында король Фатх ас Сауд қонағына ерекше сый жасапты. Оны Н.Назар­баев­тың өзi былай деп тү­сiндiредi: “Мен корольге өзiм­нiң қажылық жасағым келе­тiнiн айттым. Осы кезде керемет оқиға болды. Король менi Қағбаға кiргiзуге тап­сырма бердi. Мұ­ны естiген дiн жө­нiндегi министр орнынан тұрып кеттi. “Тақсыр, қазiр Қағ­баны жөндеп жатыр ғой. Бiз ол жерге тiптi ислам мемлекет­терiнiң басшыларын да кiргiз­бедiк”, – дедi ол.
Король оған былай дедi: “Мен саған айттым ғой”. Министр басын идi. Король Фатх менi көлiкке дейiн шығарып салды. Қоштасып тұрып ол менi толық қажылыққа шақырды. Бiз үшiн арнайы мешiт ашқызды. Денемдi сөзбен айтып жеткiзе алмайтын керемет толқын биледi. Қағбаның iшiн және сыртын жөндеп жатыр екен. Маған Қағбаның iшiнде қалағанымша болуға рұқсат еттi...”.
Бiр кездерi Қағбаға бас сұққанын жасырмаған президент бұл жолғы Меккеге сапарын не үшiн құпия ұстағысы келдi екен? Әлде бұл жолғысы бiр кездерi Фатх король шақырған толық қажылық па? Толық қажылық болған күнде де оның несi құпия? Бәлкiм, президент Н.Назарбаев Меккеге алғаш барып, Қағбаға бас сұққалы берi аумалы-төкпелi заман төңкерiлiп түсiп, саясаттың арнасы өзгерген шығар?
Әсiлi, солай болса керек. Әйтпесе, сауапты iстi жасырып қайтедi.
Жалпы, Меккеге адам тәубасына келу үшiн, күнәсiнен арылу үшiн, бұ дүниенiң жалған екенiне көзi жеткен соң бақи дүние үшiн барады. Ал ендi пайғамбар жасынан әлдеқашан асқан президент Нұрсұлтан Назар­баев Меккеге кезектi рет не үшiн барғанын не өзi айтпаса, не төңiрегi айтпаса, бiзге қалатыны “қу жауырынға” қарап бал ашу ғана.
Мемлекет басшысының Меккеге барғаны туралы ақпарат жылт ете қалып едi, iле-шала өзге де деректер “су бетiне” шықты. Президенттiң күйеубаласы һәм мил­лиардер Тимур Құлыбаев пен Астана әкiмiнiң күйеубаласы әрi мультимиллионер Кеңес Рақышевтың Меккеде түскен суреттерi ғаламторда жарияланды. Бұған қоса К.Рақышевтың Шешенстанның президентi Рамзан Қадыровпен бiрге түскен тағы бiр суретi жария болды. Бұл да Меккеде түсiрiлген болса керек. Күйеубалалардың қымбат кәстөм-шалбарына көз үйренгендiктен бе, олардың ихрам киiп жүргенi көпшiлiкке таңсық көрiндi. Қызу талқыланып жатқаны да содан болса керек.
nan_kajylyk_1
nan_kajylyk_2
Басқалар туралы әңгiме бөлек, ал мемлекет басшысының әр басқан қадамы халықтың көз алдында болуы керек. Әсiресе, шетелге сапары. Мейлi, президент бүгiн – Меккеде, ертең – Ватиканда, арғы күнi – Иерусалимде жүрсе де. Егер де мемлекет басшысы мен оның төңiрегiндегiлер қайда жүргенiн жасырса, күндi көлегейлей “қу жауырынға” бiр қарап алып, “мұның бәрi саясат қой” дей салудан оңайы жоқ.
"Жас Алаш" газетінен